Ерендігін
Қазақ дейтін халықтың
Бойыңменен
Келсе жұртқа танытқың,
Тереңдігін
Қазақ дейтін халықтың
Ойыңменен
Келсе жұртқа танытқың,
Ей, жас ұрпақ,
Құлақ түр,
Ей, жас ұрпақ,
Мұрат қыл
Тау тұлғасын Қажымұқан алыптың!
Сұстылығын
Қазақ дейтін халықтың
Айбатыңмен
Келсе жұртқа танытқың,
Күштілігін
Қазақ дейтін халықтың,
Қайратыңмен
Келсе жұртқа танытқың,
Ей, жас ұрпақ,
Құлақ түр,
Ей, жас ұрпақ,
Мұрат қыл
Тау тұлғасын Қажымұқан алыптың!