Қарға мен түлкі (И. А. Крыловтан)

Жұрт біледі, күледі,

Сұрқия тілдің жаманын,

Қошеметшілердің амалын.

Сонда да солар қайда жоқ?

Ептеп айтса, ересің,

Артынан өкінсең де пайда жоқ.

Ірімшікті Құдайым

Кез қылды бір күн қарғаға.

Алып ұшып барды да,

Қонды бір биік ағашқа.

Үлкен олжа емес пе

Ірімшік деген қарны ашқа?

Бір жеп алып, шүкірлік

Қылайын деп аллаға,

Тұмсығында ірімшік,

Ойланып қарап тұр еді,

Бір қу түлкі сорына

Жақын жерде жүр еді,

Ішіне сақтап қулығын,

Ептеп барып барлайды,

Бұлғақтатып құйрығын,

Қарғаның көзін алдайды.

Тәтті тілмен, тәтті үнмен

Сөйлесуге айналды:

"Қарағым, не еткен сұлу ең!"-

Деп таңырқап таңданды,-

"Не еткен мойын, не еткен көз,

Осыдан артық дейсің бе

Ертегі қылып айтқан сөз?

Қалайша біткен, япырмай,

Мұрныңыз бен жүніңіз!

Періштенің үніндей

Деп ойлаймын үніңіз.

Осы көрікпен, Бұл жүнмен,

Әншілігің белгілі,

Ұялмай, қалқам, бір сайра,

Біз де алалық үлгіні.

Құс төресі біздерге

Сіз боларсыз бір күні".

Басы айналды қарғаның

Сұмның айтқан сөзіне.

Қуанғаннан бөртініп,

Бір мастық кірді өзіне.

Өзіне біткен өңешін

Аямастан қарқ етті,

Ірімшік жерге салп етті,

Іс бітті, қу кетті

Қарға мен түлкі (И. А. Крыловтан)

Боқтықта талтаңдап,

Жан-жаққа жалтаңдап,

Бір қарға жүр еді.

Бір жатқан ірімшік

Көзіне түседі,

Көңілі өседі.

Ірімшікті көрінген

Тістеп ап ұшады.

Бір ағашқа қонды да,

Асықпай жемек болды да,

Мазатсып қарады

Оңына, солына.

Ағашқа қонып, қаранып,

Қанатын, жүнін таранып,

Болмақшы еді мәз-майрам

Дейтін емес қу қайдан,

Жем іздеген бір түлкі

Кездей келді сорына.

Ағаштан төмен түспеген,

Ірімшікті тістеген

Қарға түсті көзіне.

Қу құмар ақымаққа

Алдап, арбап соқпаққа

Кеңеседі өзіне.

Жуасып, жабырқап,

Таң қалып, таңырқап,

Қарады жүзіне.

Қарашы залымның,

Бұл жұртқа мәлімнің

Алдаған сөзіне:

Есен-сау жүрсіз бе?

Ақынның төресі?

Көп жерден белгілі

Тегін құс емесі.

Жүніңіз, үніңіз,

Мұрныңыз, көзіңіз,

Құлаққа көп тиген

Мақталған кеңесі.

Басынан өзгеше

Бітіпті денесі.

Көп жерден, қалқам-ай,

Құмарым тарқамай,

Сізді іздеп келіп ем.

Сүйінсін құлағым,

Тарқасын құмарым,

Әніңе бір салшы,

Асық боп келіп ем.

Мақтауға есіріп,

Барынша көсіліп,

Ырғалып қарқ етті,

Ірімшік жерге салп етті.

Тап етті, шап етті,

Ап кетті қу түлкі.

Антұрған, сол тұрған

Жеріңде бол күлкі.