Өлеңдер‎ > ‎

Әбдiрахман өлiмiнен соң өзiне айтқан жұбатуы

Бермеген құлға, қайтесiң,

Жұлынарлық, ерiктi,

Ажал тура келген соң,

Шыдатпайды берiктi.

Ғарiптiкке көз жеттi.

Алғаннан соң серiктi.

Өмiрiн берген құдайым,

Ажалын да берiптi.

Сақта деймiз, қайтемiз,

Iлiнген жалғыз тiректi.

Тағдырына тәбдил жоқ,

Тәубе қылсақ _керектi.

Кәркиден пiлдей қуатты,

Тағы арыстан жүректi,

Аплатон, Сократ ақылды,

Қаћарман Ғали бiлектi.

Өз заңымша ұқсаттым

Берген құдай тiлектi.

Оспанды алған бұл өлiм,

Тәубе қылсақ керек-тi.

Мұсылманға қоймаған

Орынсыз жанжал шатақты,

Ерегiскен жауларын

Кiсен салып матапты.

Зекет жиып, егiн сап,

Тойдырған ғарiп, жатақты.

Ескендiр,Темiр, Шыңғыстай

Мұсылманда атақты

Мұқым қазақ баласы

Тегiс ақыл сұрапты.

Тобықтыны ел қылып,

Басын жиып құрапты,

Меккеде уақып үй салып

Пәтер қып, жаққан шырақты.

Бiр құдайдың жолына

Малды аямай бұлапты

Ажал уақыты жеткен соң,

Соның да гүлi қурапты.

Қажыны алған бұл өлiм,

Сабыр қылсақ, керек-тi.

Comments