Өлеңдер‎ > ‎

Кешегі Оспан ағасы

Кешегі Оспан ағасы

Кісінің малын жемепті.

Мал сұраған кісіге

Жоқ, қайтемін демепті.

Қуаты артық, ойы кең,

Жұрттың бәрін шенепті.

Досына дәл — жаз, жауға — аяз,

Алысқанды денепті.

Адалдық үшін алысып,

Жегішке ақы төлепті.

Бас шайқаймын дегеннің

Басына салды әлекті.

Қадыры қалың, малы көп,

Қылмаған кімге себепті?

Алақолсыз мырза еді,

Кем-кетікті елепті.

Оны да алды бұл өлім,

Сабыр қылсақ керек-ті.

Comments