Өлеңдер‎ > ‎

Лай суға май бітпес қой өткенге

Лай суға май бітпес қой өткенге,

Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.

Сол қасқырша алақтап түк таппадым,

Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?

Берген бе тәңірім саған өзге туыс?

Қыласың жер-жићанды бір-ақ уыс.

Шарықтап шар тараптан көңіл сорлы

Таппаған бір тиянақ не еткен қуыс?

Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,

Өзіңе құмар қылған оның әмірі.

Халиққа махлуқ ақылы жете алмайды,

Оймен білген нәрсенің бәрі — дәћрі.

Өзгені ақыл ойға қондырады,

Біле алмай бір тәңіріні болдырады.

Талып ұйықтап, көзіңді ашсымен,

Талпынып тары да ойлап зор қылады.

Көңілге шек шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Мекен берген, халық қылған ол лә мәкан

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың, оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен? 

Өмір жолы — тар соқпақ, бір иген жақ,

Иілтіп, екі басын ұстаған хақ.

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.

Comments