Қарға мен бүркіт (И. А. Крыловтан)

Қой жайылып жаздыгүн

Шыққан екен қияға.

Аспаннан бүркіт құйқылжып,

Сорғалап келіп ыраға¹,

Бір қозы іліп ап кетті

Құздағы қиын ұяға.

Екпіні күшті ер үшін,

Еңбек қылды жем үшін

Ұядағы балаға.

Көрді де мұны бір қарға,

Желікті бір іс бастарға:

"Қозыны да тамақ деп,

Кім ап шықсын тастарға!

Ең семізін ілейін

Қызық қылып ашарға",-

Деді-дағы, аралап,

Жабысты келіп қошқарға.

Қалшылдап, дірілдеп

Тырнағын салады,

Қанатын қайқайтып,

Әкетпек болады.

Бүркіттей емес екені

Кешікпей-ақ білінді.

Жабағыға тырнағы

Шықпастай боп ілінді.

Жалпылдап, салпылдап,

Қойшыларға көрінді.

Әддін² білмес шіркінді

Құдай әбден қарғады.

Қойшылар көріп күлісіп,

¥стап алды қарғаны.

Құрысын да шіркіннің,

Семіз қойды алғаны.

¥шпасын деп қимаған

Қанат, қүйрық қалмады.

Бір жіпті берік бек байлап,

Аяғына жалғады.

Балаларға ойын боп,

Қор болып сүйтіп қалғаны.

Азат басың болсын құл,

Қолдан келмес іске ұмтыл!