Жазықсыз жапа шеккендер

1937–1938 жылдары қаптап кеткен «Сатқындар» мен «Жансыздар» ағайынды адамдар мен бір ауылдың тұрғындары арасында бірін-бірі аңду, аяқтан шалу сияқты жағымсыз қылықтар кеңінен етек алды. Оның аяғы жаппай тұтқынға алуға ұлысып, іс жүзінде болып көрмеген «Жасанды топтар» дегендер анықталып, көре көзге қиянатқа жол беріліп, колхоз құрылысының Лениндік принциптері бұзылып, асыра сілтеуге жол берілді. Малды жаппай қырғынға ұшыратып, елде ашаршылық етек алды. Көптеген ағайындар Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстанға жер ауды. Жылдар бойы жинаған дүние мүлік, тігулі үйдің орындары сол күйі бос қалды. Елдің басым бөлігі «Ақтабан шұбырындыға» ұшырады. Тұрмағамбет атамыз Алматыда Құлманбет деген кісінің үйінде бас қосуда:

- Тұреке, ел басына қиын жағдай туып жатқанын есітіп, біліп жатырмыз, сіз сол елдің ішінен келдіңіз, жағдайларын көрдіңіз, қалай екен? – деп сұрайды. Сонда Тұрмағамбет өзегін өртеген ащы шындықты тұстас азаматтарға былайша жеткізіпті:

«Мал дегеннен есек қалды,

Дүниеден қу кесек қалды.

Өтел, сүйек, құрымды есепке алды,

Ерлі – зайыптылар екі айырылып,

Құр далада төсек қалды»,-деген екен.

1938 жылы тамыз айында кеңшар құрылысына қолдан зиянкестік істеп, егін егуді мезгілінен кеш аяқтап, дұрыс суармады, мал санын азайтты, мектеп оқушыларына теріс тәрбие берді деген желеумен ауылдың көп азаматтары тұтқындалып, 15–20 жылдан құлап асты, 5 жылдай сайлау құқығынан айырған болатын.

Олардың арасында халыққа қадірменді кісілер–1890 жылы туған ел ағасы, шежіреші, ақын–жырау Үбісұлтан Аяпов, 1893 жылы туған Ленин атындағы кеңшардың төрағасы Мәдір Дайрабаев, 1897 жылы туған Ақжар кеңшарының төрағасы Тілеу Ерекешов, 1907 жылы туған Ленин мектебінің директоры Әбзәли Егізбаев, 1895 жылы туған кеңшар әкімі Бұхарбай Есбаев, 1911 жылы туған «Өндіріс» кеңшарының басқарма төрағасы Нұржан Құтышов, 1907 жылы туған мұғалім Бисары Кентібаев, 1894 жылы туған ауыл әкімі Тебеген Қожаниязов, 1902 жылы туған «Ленин» атындағы кеңшар төрағасы Ақбала Күнтуарова, 1904 жылы туған колхозшы Өмірбай Қаражанов, 1904 жылы туған №12 ауыл кеңесші төрағасы Байділда Найзабаев, 1904 жылы туған «Егінші» кеңшарының төрағасы Назар Тұрабаев, 1907 жылы туған 1937–1938 жылдар арасында ауылдың кеңес хатшысы, төрағасы, аудандық атқару комитеті қызметкері болып істеген Қ.Жүсіповтер және т.б аға-апаларымыз болды.

1939 жылы 13 тамызда ҚазССР прокуратурасы Жоғарғы сотқа облыстық соттар үкімін бұзып, қайта тексеру туралы наразылық береді.

Қайта тергеу қорытындысымен жоғарыдағы азаматтардың іс-әрекетінде қылмыстық сипат жоқ болуы себепті бәрін ақтайды. 1940 жылы 18 қарашада НКВД тергеушілері істі қысқартады.

Сондай-ақ, жазықсыз халық жауы атанған Бисенбаев Нұртай 1912 жылы Қармақшы ауданының №11 ауылында туған. 1938 жылдың 16 сәуірі күні «Халық жауы» деген жаламен НКВД Әскери трибуналының 10 – 14 қараша 1938 жылғы үкімімен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58, 78, 11 баптарымен жауапты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзеу лагеріне сотталған. 5 шілде 1941 жылы қылмыстық іс РСФСР қылмыстық істер жөніндегі кодекстің 204 бабының «б» пунктімен Нұртай Бисенбаевтың қылмысы дәлелденбегендіктен өндірістен қысқартылып, 1943 жылы 14 шілдеде қамаудан босатылған.

Нұртай Бисенбаев қарапайым еңбек адамы болып, өмірден өз орнын алған бірегей ағамыз болатын. Жұбайы атақты Көмекбай палуанның баласы Тынжібекқызы Қадиша апамызбен екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бақытты отбасын құра білді.

КСРО-ның солақай саясатының салдарынан жазықсыз халық жауы атанып, жазаланған ауылдастар, яғни Үбісұлтан Аяпов, Назар Тұрабаев, Мырзабек Байсалов, Тілеу Жұбаев, Бисары Кентібаев 1940 жылдың басында елге оралса, Ақбала Күнтуарова Қызылорда түрмесінде ауыр азапқа шыдай алмай қайтыс болды. Н.Құтышов, М.Дайрабаев, Т.Қожаниязов, Т.Ерекешов, Б.Есбаевтар азап пен аштықтан қаза болып елге орала алмады. Елдегі ақтаңдақтар туралы толық мәлімет Әбзәли Егізбаевтың ұрпағы, кезінде кеңсе қызметтерін атқарған, белгілі азамат Нағымеддин Егізбаевтың 1998 жылы шілде айында «Ақмешіт ақшамы» газетінде жан–жақты талдау жасаған «Жазықсыз жапа шеккендер» тақырыбындағы зерттеу мақаласы жарық көрді. Бұл азаматтардың ұрпақтары ауыл, аудан, облыс, республика аймақтарында аталары өмірін жалғастыруда.

Арын аттамаған азамат

КСРО-ға 70 жыл бойы үстемдеік жасаған Қызыл империяның көбесін сөккен 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісіне» биыл 27 жыл толады. Сол желтоқсанның ызғарлы күндері орталықтың солақай саясатына қазақ жастары наразылығын білдіріп, сол жастарды басуға жасанып келген сарбаздарға жалаңаш қолмен қарсы шапты. Қан төгілді, бірақ, рух жығылған жоқ. Ақыры Кеңестік империя келмеске кетіп, Тәуелсіз ел бой көтерді. Сексен алтыншы жылдың ызғарлы желтоқсанында адам тағдырын ойыншық қылған саясат Мәскеуден басқарылды. Оған жергілікті қол шоқпарлар қосылды.

Желтоқсан көтерілісі–тарих. Ұлт болып қалыптасу үшін 300-ден астам көтерілісті бастан кешкен қазақ ХХ ғ соңында өзіндік әділеттілік үшін тағы бір атқа мініп еді. Кеңестік қоғамды теңселтіп жіберген желтоқсан көтерілісі қаһармандарының бірі жерлесіміз Ерлан Берманұлы Бисенбаев еді. Ерлан әз Тәукенің қолбасшысы болған. Текей батырдың төртінші ұлы өзіне ұқсаған батыр, өжет Кегеннен тарайды. Әкесі Текей батыр оның батырлығына риза болып, өз қылышын сыйлаған деген деректер бар. Әкесі Берман ақсақал Кегеннің сегізінші ұрпағы. Арғы атасы Бисенбай ауылдың биі, ауылнайы болып өткен. Бисенбайдың ұлдары Берман мен Нұртай да елге сыйлы адамдар болса, Берман қарулы, топқа түсіп күрескен палуан кісі болған.

Анасы–Мафура Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туған қарындасы. Берман ақсақал екеуі 10 бала тәрбиелеп отырған ұлағатты жандар еді. Міне, осындай тектен шыққан Ерлан да мектеп жасынан қызу қанды, қиянат, әділетсіздік әрекетті көрсе жаны төзбейтін жас болып өсті.

Ерлан ауылдағы №29 мектептен бітірген соң, ол туған ауылда жұмыс істеуге қалады. Әскери борышын өтеп келіп, Алматы қаласындағы мал дәрігерлік институтына студент болып қабылданды. Ол институтта оқи жүріп курс бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланып, түрлі ұйымдастыру жұмыстарының басында жүрді. Желтоқсан оқиғасы басталғанда Ерлан институттың екінші курсында оқып жүрген кезі болатын.

Желтоқсан көтерілісі Қазақстан Республикасы Компартиясының бірінші хатшысы болып, ешкімге беймәлім, орыс Г.В.Колбин дейтін таққа отыруынан туындады.

Социалистік елдердің бәрінде өз азаматтары басшылық жасап отырғанда, момын қазақ ұлтын қай басынғандығы деп түйген жастар алаңға шықты. Бұл айтулы есте қалатын оқиға 1986 жылдың 15 желтоқсаны басталды. 15, 16, 17 желтоқсан күні жастар, студенттер орталық алаңға орталықтың шешіміне қарсы шығып, «Әр ұлтқа–өз көсемі», «Басқа ұлтқа артықшылық берілмесін» т.б тақырапта ұрандар көтеріп, бейбіт шеруге шығуына бүкіл әскер, полициялардың күшімен қарулы күш қолданды.

Желтоқсанның ызғарлы суық күндерінде су таситын, өрт сөндіретін автокөліктермен су атқылап, қару қолданған әскерлер аяқасты жатқан азаматтар мен азаматшалардың көпшілігін ұрып–соғып, түрмеге қамаумен болды. Бірақ, ер жүрек жастар қайта өршіп оларға қарсы тұрды. Басшылардан жағдайды түсіндіруді талап еткенімен өкінішке қарай әскери шенділер техникалардың күшімен оларға дөрекілікпен соққы бере түсті. Шеруге шыққан жастар мен студенттердің басы–қасында Ерлан жүрді.

Б. Бисенұлының «20 жыл айтылмаған ақиқат» деген естелік кітабында «Әр ұлтқа – өз көсемі» деген ұрандарды көтеріп жүрген қарулы әскерлермен жалаң қол ұрысып, жолдастарын арашалап жүргені үшін Ерлан 7 жылға бас бостандығынан айырылды»,- деп жазады.

Қаншамасы ақталамын деп жауап беріп, азаматтың арын алға салғанымен заң төрешілері Ерланға құлақ аспады. Жазықсыз темір торға қамалған баласын қалайда құтқару үшін Мафура апа Алматыға барып, барлық есіктерге кіреді. Бірақ, еш көмек болмайды. Бұл жақтан ізгілік болмаған соң апай Мәскеуге ұшқыш Валентина Терешковаға, сол кездегі ЦК КПСС мүшесі Громыкоға хат жолдап, баласын құтқаруға көмек сұрағанымен олардан еш қайыр болмайды. Содан Ерланмен кішкентайынан бірге өскен досы Бағбан Мафура апаға ақын Олжас Сүлейменовке барып, жағдайды түсіндіруге ұсыныс жасайды. Жазушылар одағына, оның төрағасы Олжас Сүлейменовке кірген кезде апайымыз өзіне-өзі ие бола алмай жылап жібереді.

- «Олжас інім, мен баламның қамалғанына қиналып тұрғаным жоқ. Осы Жазушылар одағында 1930 жылдардың соңында ағам Тұрмағамбет Ізтілеуов қызмет істеп еді, соған көңілім босап тұр. Балам жазықсыз, оны жүрегім сезеді, қолыңнан келсе көмектесерсің» -деді.

Бүкіл қағаздарды қарап шыққан ақын Олжас Сүлейменов «Апа, бара беріңіз, уайымдамаңыз, құдай қаласа екі айдан кейін балаңыз түрмеден босап шығады»,-деп сеніммен айтады.

Желтоқсан оқиғасына байланысты құрылған комиссияның зерттеу жұмыстарын жүргізген барша әлемге есімдері белгілі ақындар Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шахановтардың көп көмегі тиген болуы керек, Ерлан 7 жыл мерзімді 2 жылда өтеп шығып, 1989 жылы ақталып шыққан соң, бұрынғы оқуын қайта жалғастырады.

Жастар ісін қолдаған «Желтоқсан қозғалысы» ұйымы жұмысының нәтижесімен азаматтар соттылықтарынан ақталды.

Ерлан мал дәрігерлік институтты бітіргеннен кейін Республикалық Кеден Комитетіне қызметке тұрады. Жаркенттегі кеден қызметін жауапкершілікпен атқарып, еңбектері жоғары бағаланады.

«Мейлі батыр, мейлі ғалым, данасың,

Бәрібір сен туған жерге баласың»-дегендей, Ерлан туған жерден жырақта 20 жылдан астам ғұмырын өткізіпті. Ел ағаларының «Елге кел, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол, түтінін түтеткен туған жердің мәселесін бірге шешейік» деген ұсынысын қабыл алып, 2006 жылы ол елге оралып аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне кірісті. Ауыр да жауапкершілігі мол бөлімде қордаланған мәселелерге талдау жүргізіп, мал тұқымдарын асылдандыру, ауыл шаруашылығын техникамен жарақтандыру сияқты мәселелерді қолға алды. Еңбегі еш кеткен жоқ. Қармақшы ауданының ауыл шаруашылығы облыста алдыңғы қатарға шықты.

«Ерлікті ел әрқашан ескереді» демекші, Ерланды жазаға тартуда сол кезде сот залында сот хаттамасында «Жалпы айтқанда, Ерлан Бисенбаев және басқа да азаматтардың ықпалы және күш жұмсауымен алаңға көптеген адамдар жиналды» делінген. Демек, біздің Ерлан сол оқиға кезінде алдыңғы қатарда жүрген. Соған сәйкес желтоқсанның 20 жылдығы қарсаңында 2006 жылдың 6 қыркүйегінде Тұрмағамбет ауылының 702 адамдары қол қойған халық жиналысының №5 хаттамасында жерлестері желтоқсан оқиғасындағы жанқиярлық ерлігі үшін Ерлан Бисенбаевты еліміздің жоғары наградаларының бірі «Парасат» орденіне ұсыну туралы бастама көтерді. Онда «Тарихи оқиғаның бел ортасында жазалаудың неше түріне өзінің ерік, жігерін, намысын қарсы қоя отырып, студент жастарды ұйымдастыруда белсенділік көрсеткендердің басында жерлесіміз Ерлан Бисенбаев жүрді» делінген.

Сондай-ақ, 2006 жылы 8 қазанда есмімдері республикаға танымал бір топ белгілі азаматтар мен қоғамдық ұйымдарда желтоқсан көтерілісінде ерлік пен батырлық көрсеткен, Қазақстан халқының абыройы мен мәртебесі үшін күресіп, сол үшін заңсыз істі болған батыр азамттарды «Құрмет» орденімен марапаттау туралы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевқа хат жолдады. Олардың арасында біздің батыр кейіпкеріміз Ерлан Бисенбаев та бар еді.

Ал, өз кезегінде Қармақшы ауданы әкімшілігі Ерланға «Ерлігі үшін» медалін ұсыну туралы ел Президентіне, тиісті орындарға өз өтініштерін білдірді.

Қазіргі таңда қайсар қазақ елінің ұланы, атпал азаматы Ерлан Берманұлы Бейсенбаев өзінің бақытты отбасында өмір сүріп, өзіне міндеттелген мемлекеттік қызметтерін абыроймен атқаруда.

Ерланға сол бір жылғы қаһарлы желтоқсанның желі, ызғар тепкен күндері елес беріп есінен кетпейді.

Нұрбай Жанәділов,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Жаны жаз Жайсаң жеңге

Ардагер әже Жайсаң Мысабекова 1928 жылы таулы Кавказ жерінде дүниеге келді. Оның балалық кезеңі аштық пен тапшылықтың тауқыметімен қатар елдің апыр– топырын шығарған депортацияның зобалаңымен тұспа– тұс келді.

Жайсаң 1930–1934 жылдары қанды қырғын, ашаршылық кезінде жер ауып, 6 жасында Қазақстанға келді. Бұл бір халықтың ғана емес күллі адамзат баласының басына түскен қаралы күндер еді. Сол кездегі депортациямен жер ауып келгендердің көзін көрген үлкен кісілер олардың аянышты халдерін әлі күнге айтып отырады. Арып–ашып келгендерді қазақтар қашанғы дәстүрі бойынша жөн–жосығын сұрамай–ақ құшағын кең ашып, төрінен орын беріп, қайырымдылық пен қонақжайлығын жасаған еді.Жайсаң өзінің жер ауып келген жері Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында тұрақтап, жастайынан колхоздың барлық жұмыстарына қатысып, 17 жасында 1945 жылы ауылдың палуан денелі, озат жұмысшысы Абзал ағамен отау құрды.

Бірге жер ауып келген ағайын–туыстары бұған риза болмай «алып кетеміз» деп қарсылық білдіргендеріне Абзал аға мен Жайсаң жеңге тойтарыс беріп, өз отауларын сақтап қалды.

Абзал ағамен бірге шаруашылықтың түрлі салаларында еңбек етіп, соңғы 12 жылында күріш сушысы болып, 1982 жылы зейнеткерлікке шықты.

Қазір «Тыл ардагері» медалімен марапатталған, ағайын–туыстың абыройлы әжесі атанып отырған Жайсаң әже 1 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсіріп, бұл күнде 8 немере, 11 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.