Мұртсалы баласы Қойбақ шежіресі

(Төменде "Мұртсалы баласы Қойбақ шежіресінің" Word-версиясын көшіріп алуларыңызға болады.)

Көптен бері ойымда жүрген шежірені көп ойланып, қолыма қалам аларда көне көз қариялардың, шежіре білер адамдардың жоқтығынан біраз қиындықтар туындады. Жас кезімізде көне көз кісілердің бұл туралы әңгімелеріне көңіл бөлмеуіміздің де әсері алдымнан шықты. «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер», т.б. ата-баба сөздері бекер айтылмаса керек. Жалпы кез-келген қазақ бір-бірімен кездескен жерде ата-тегін, руын сұрайтындығы анық. Қазақта «таныса келе қазақ қарын бөле болып шығады» деген де сөз бар. Жөн сұраса келе сол азаматтардың туыс, бауыр, нағашылы-жиенді, құдандалы болып шығатын жағдайлар көптеп кездеседі.

Ата-тегін білмеушіліктен немесе басқа жаққа қоныс аударған ағайындардың балаларының жеті атаға жетпей үйленіп қалу фактілері де аз кездеспейді. Өз ата-тегін білу, түгендеу, тарату әрбір перзентінің азаматтық парызы болғаны дұрыс. Бұны рушылдық немесе жікке бөлінушілік деп қараушыларды ата дәстүріне жүрдім-бардым қарау деп түсінемін.

Мен осы істі қолға аларда көптеген ағайындар арамызға жік түседі, қажеті қанша деп қарсылық білдірген еді. Алайда қазір ең болмағанда бір аталықты таратып, түгелдеп беретін азаматтар азайып бара жатқандығы немесе жоқтығы келешек ұрпақтың туыстық, ағайындық бірлік сезімдерін жоятындығына әкелері сөзсіз екендігі байқалды.

Менде аса білгір шежіреші емеспін. Бірақ өткен аталардан, көз көрген қариялардан естіген шежірені ең болмағанда өз аталығым Мұртсалы баласы Қойбақ аталығын кейінгі өз ұрпақтарымызға естелік ету мақсатында осы істі қолға алып отырмын. Оның ішінде Сәрменбет аталығынан тарайтын шал балаларына тоқтап, оны өзімнің естуімше, білгенімше таратып, әрбір шал баласындағы бір-екі белгілі азаматтарды нұсқа ретінде ұсынамын. Кейін мүмкін олардың ұрпақтары әрі қарай жалғастырып кетер деген ойдамын.

Бұл істі қолға аларда шежіреші қария Тілеу ақсақал мен өзімнің туған әпкем, құйма құлақ, естігенін, көргенін ұмытпайтын Мырзабайқызы Әлипаның естеліктерін пайдаландым.

Қорыта айтқанда тегіңді білу парызым және ата-баба алдында қарызым деп түсінетін Мұртсалы ұрпақтары, оның ішінде Қойбақ аталығы ұрпақтары! Сіздерді ата-баба аруақтары қолдап, өсіп-өніп, ағайынмен татулықта, іргелеріңнің кеңейе беруіне тілектеспін.

Сұлтанбек Мырзабаев – шежірені құрастырушы

Шежире.docx