Ұста-зергерлер

ТҰРМАҒАМБЕТ АУЫЛЫНАН ШЫҚҚАН БИЛЕР, ҰСТАЛАР ЖӘНЕ ЗЕРГЕРЛЕР

Билер

Бекет би Өтемісұлы (1813–1898)–Жанқожа батырдың жиені, руы Кіші жүз, Қылыс кете–Добай. Арғы атасы Әжібайдан бері қарай билік айтқан арқалы би болған. Қуаңдария жолы бойында Бекет құмы, Бекеттің мұнарасы деген жерлер бар. Патшалы Ресей кезінде старшын қызметін атқарған. Бейіті Қуаңдария жолындағы бұрыңғы «Ақтайлақ кезеңі» деген елді мекенде.. Ұрпақтары Тұрмағамбет ауылында, Қызылорда қаласында тұрады.

Аман би Өтемісұлы (1815–899)–қалың қабақты, өткір көзді, аузы дуалы би болған кісі. Тіктеп қарағанда тірі жанның өліп кететін жағдайлары болған әруақты адам. Бейіті Бекет ағасымен бірге «Ақтайлақ кезеңі» елді мекеніне қойылған, ұрпақтарынан тек тараған жиендері бар. Олар Қармақшы, Қызылорда, Тұрмағамбет ауылдарында тұрады. Айтбай деген ер баласы ұрпақсыз ерте қайтыс болған. 2003 жылы екі бидің ұрпақтары олардың бейіттерінің басына белгі көктас қойған.

Құлжан би Базарұлы–өте әділ, елге жағымды, беделді, әруақты би болған жан. Билік арғы аталары Әжібай, Өтеміс, Бекеттен бері қарай атадан балаға дарыған. Ел аузында әлі күнге дейін Құлжан бидің әділ биліктері айтылып келеді. Ұрпақтары Тұрмағамбет ауылында, Қызылорда қаласында тұрады. Бейіті Бекет, Аман билердің қасында, «Ақтайлақ кезең» елді мекенінде.

Бегім би Сарыбасұлы (1858–1924)–әділдігімен ел құрметтісі атанған би. Халықты отырықшылыққа үйретіп, сауатын ашуға көп көңіл бөліп, мешіт салып балаларды оқытуға жағдай жасаған. Қуаңдария жолында «Бегім мешіті» деген жер осы кісінің атындағы мешіттің орны. Ұрпағы Зейналадин Бегімов кезінде мектеп директоры, аудандық партия комитетінің бөлім меңгершуісі, сауда орындарында қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан. Қазір Алматы қаласында тұрады. Бегім «Ақтайлақ кезеңі» елді мекеніне жерленген.

Көшер би Таңатарұлы–ХІХ ғасырда өмір сүрген әруақты, көреген, аузы дуалы, елге сыйлы жомарт би болған кісі. Руы Кіші жүз, Кеген Кете. Иран, Пәкістан, Қытайға қатынап, сауда істеген ірі бай болған. Әруағы арқылы адам емдеп, жетімдерге көп көмек көрсетіп, қамқорлығына алып отырған. Балаларынан тараған ұрпақтары Тұрмағамбет ауылында, Қармақшы ауданында, Алматы қаласында тұрады.

Ұста – зергерлер

Ауылымызда ағаштан түйін түйіп, ұсталықпен, зергерлікпен және тігіншілікпен өнерлері көпке танылған көптеген кісілердің қолынан шыққан қазақтың ұлттық нақыштарындағы дүниелер кейбір үйлерде әлі күнге сақтаулы.

Қошқаров Омар, Самалық ұлы Томпа, Қойшыбайұлы Жанай, Дәрімбет ұлы Бодыбай, Мұратов Жанділданың соққан сырғалары мен алқалары, білезік, сақиналары, пышақ, кетпен, ат әбзелдері олардың киелі аруақты ұста екендігін көрсетіп, аттары аймаққа жайылған еді.

Сол кездегі қыз ұзату мен келін түсіру осы кісілердің соққан күмістеткен білезіктері мен сақиналарынсыз, шашбауларынсыз атқарылмағандығы белгілі.

Мұратов Жанділда Отан соғысы кезінде қару шығаратын заводта ұста болса, кейін зейнеткерлік демалысқа шыққанша шаруашылықтың қажеті үшін ұсталықпен көмек көрсетіп келді.

Жанділда әкеміз ешқандай химияны оқымай ақ шыны ыдыстарды жоғары температурада балқытып, сынған кесе–пәрнектерді желімдеп, күміс тиындардан күмісті булап ұшырып, сымға тізіп, білезік, жүзіктерге салып отыратын. Сонымен қатар, ол аңшы болатын. Қос ауыз мылтығымен қатар ұшқан екі қырғауылды, қатар қашқан екі қоянды атып алғанын көргендер бар. Атқан аңдарынан өзіне жетерлігін алып қалып, қалғанын көршілер мен ағайын–туыстарға таратып беріп отыратын сақи кісі еді.

Жанділданың ұрпақтары Қалмақан, Оңғарбай, Яхиялар елге танымал ұсталар болды.

Әби Шораев ақсақал да ұсталығымен бірге қақпаншылығымен көпке танылды. Қу тілді аңшылардың асырып айтатын әңгімелерін көп айтатын. «Мен түлкілерді ешқандай оқ шығармай, ауылдың қасынан аулаймын. Ауыл шетіндегі электр бағанасына ішіне ет салып қауау іліп қоямын. Сол қауақтың ішіндегі етті алып жеймін деп түлкі басын қауаққа тығып алып, кейін шығара алмай қаңғалақтап жүргенде оны тірілей ұстап, не соғып аламын»,-деп әңгіменің майын тамызып отыратын еді. Ол кісінің мұндай әңгімелері өте көп.

Балалары Шакарман, Қаржаубайлар да әке жолын қуып ұсталықпен айналысса, жиені Нағымет қақпаншылықпен аты шығып жүр.

Ақбаев Қожатайдың қолынан шыққан киіз үйдің кереге, уықтарын көп отбасылар әлі пайдаланып келеді. Бұлардан басқа Шораев Әби, Алдамжаров Байнаш, Шәдім ұста, ерші Қасай Орақбай, Боранбай сияқты азаматтардың өнеріне көбіміз куәміз.

Тігіншілікпен, оюшы, кілемшілікпен аты шыққан Жүркенова Әніш, Шайхы, Жүсіпова Жазық, Қауынова Ибагүлдер өз өнерлерімен халық қажетін өтеп отырған. Осы кезде Қауынова Ибагүлдің қызы Злиха Баймырзаеваның өз қолымен оюлап жасаған киіз үйі республикалық дәрежеде өтетін салтанаттарға тігіліп, лайықты бағаларын алуда.

Жанділдаға шәкірт болған Бодық Шәдиев, Жәрімбет Арыстанов, Омар ұстаның шәкірті Торта Ибрашев, ағаш ұстасы Жаппар Тасымовтар ұстаздарының жолын қуып, шебер ұсталар ретінде елге танылды.

Қазір осы өнер ауылда сәл ақсаңқырап тұрған сияқты. Сондықтан, әсіресе, мектеп бітіруші жастардан осы саладағы кәсіптік білім алуына назар аударғаны дұрыс болар еді

Ұста - Жәрімбет Арыстанов

Өткен ғасырдың ортасы және аяғында Сыр еліне есімі белгілі болған ұста Жәрімбет Арыстанов 1930 жылы сүлейлер мекені Дауылкөл табанында, яғни Тұрмағамбет ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.

Балалық шағы ашаршылық пен репрессия, содан кейін Ұлы Отан соғысымен тура келген Жәрімбет мектепті тәмамдаған соң туған ауылында ауылшаруашлығын, оның ішінде мал шаруашылығын өркендеуте өзіндік үлесін қосып, бірнеше жылдар шопан болып еңбек етеді. Кейін келе ол шопандық таяғын ұсталық балғаға айырбастап, сол кездері өздерінің ұсталық өнерлерімен өңінімізге танылған ұсталар Жанділда Мұратов пен Бодық Шәдиевтерге шәкірт болып, ұсталық өнерді үйренеді. Кейін келе Жәрімбет ұста өзі жеке ұсталық қазандықты иеленіп, ауылдағы шаруашылық техникаларын, жеке тұрғындардың күнделікті тұрмысқа қажетті құралдарын жөндеп беретін болды. Осы абыройлы жұмыста Жәрімбет ұста 1990 жылға, яғни құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін атқарып , ел құрметіне бөленді. Жәрімбет ақсақалдың алтын қолынан шыққан кейбір тұрмыстық құралдар әлі күнге дейін ауыл тұрғындардың керегіне жарауда. Оның еңбегі ел есінде қалды.

Жәрімбет ақсақалдың ауыл экономикасын нығайтудағы елеулі еңбегі жоғарғы органдармен бағаланып, ол көптеген Мадақтамалармен марапатталды. Ол «Еңбек ардагер» құрметті төсбелгісінің иегері атанған ардақты азамат 2008 жылы өмірден озды.

Әкемді мақтан етемін

Алла тағала адамды жаратқанда оның бойына бірнеше мінез қалыптарын салатын көрінеді. Табиғилық, тектілік, онымен қатар отбасы, өлкен орта ықпалы ерекше. Данышпан ақын Абай атамыз «Үш–ақ нәрсе адамның қасиеті: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат» деп жырлаған. Осындай қасиеттер өз әкемнің бойында тұнып тұрғанын анық білемін. Әркімнің өз әкесі туралы айтар сыры, жыры болады. Баласы үшін әкесі кім болып қызмет атқарса да, ол-Әке. Алладан кейінгі, анаңмен орын теңестірер құдірет иесі-Әке.

Сондықтан ол жайлы тебіренісін теңізбен шектессе, айыбы жоқ. Себебі, сенің тағдырыңа өзіңнен де гөрі ол көбірек алаңдайды. Мен сүрінген жерден ұрпағым сүрінбесін деп, мен ала алмаған асқарға тұяғым ентікпей шықсын деп жанын салады. Осындай әкелердің бірегейі ретінде өз әкем Тасымов Жаппарды мақтан етемін. Ата–анамыз бір ұл, сегіз қыз бала тәрбиелеп өсірді. Өз қатарынан қалыс қалдырмай барлығымызға ұшсақ қанат, қонсақ жұмсақ алақан бола білді.Әкем Тасымов Жаппар 1936 жылы дүниеге келген. 1956 жылы №29 Ворошилов мектебін бітірген. 1957 жылы анам Жүсіпова Күләнмен бас қосып отбасын құрды. Отбасылық өмірінде жастық жарасыммен қоғамның түрлі саласында қызмет етті.

1967 жылдан Ленин атындағы совхозда слесарь, электрик, құрылыс жұмыстарында еңбек етті. 1978 жылы атқарған еңбегі еленіп, «Социолистік жарыстың озаты» төсбелгісін алды. 1970 жылдан бастап құрылыс маманы ретінде ізіне шәкірт ерте білді. Темір мен ағаштың түйінін түйген шебер ұстаға айналды.

1989 жылы елінің қалаулы азаматы ретінде Дауылкөл ауылдық кеңесінің депутаты болды. 1985 жылы қазақ ауылшаруашылығы кәсіподақ комитетінің аудандық конференциясына қатысып, «Үздік еңбек озаты» төсбелгісін тақты. 1987 жылы «Еңбек ардагері» куәлігін алды. Суреті аудан әкімдігі алаңында озаттар қатарында ұзақ жылдар ілулі тұрды. Ленин совхозында құрылыстың дамуына үлес қосып, барлық мемлекет тарапынан салынған үйлерге өз қолтаңбасын қалдырды. Қазір әкемнің алақанының табы бар осы үйлерде отын маздатып, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған қаншама ұрпақтар өсуде. Осы кездері тұрғын үйлер жанынан өте бере, сәл кідірістеп аяулы әкемнің алақаны жаныма жылу бергендей бас иемін. Ағаштан түйін түйген шебер ұсталық қызметіне өзі зор құрметпен қарайтын, отбасылық тәрбиеге зор мән беретін.

Әке құдіреті деген ұғым санамызда биік тұратын. Жан дүниесі иман нұрына тұнып тұрған асыл әкем балаларын адалдыққа, ар намысын биік қоюға, жан баласына жақсылық жасауға, қызғаныш, қимастық сезімнен аулақ болуға, еңбекшіл болуға үйретті. Әкеммен қатар анам Жүсіпова Күлән да ПМК-30 мекемесінде жұмыс істеп, ауыл орталығында 29 мектептің ескі, және қосымша ғимаратын салуға да үлес қосты. Осындай екі бірдей еңбек адамы балаларын еңбек сүйгіштікке үйретті. Еңбекпен тапқан тәтті нанның дәмі әлі де ауыздан кетер емес. Бала тәрбиесіне зор мән бергені соншалық 1972–1980 жылдар аралығында мектепте ата–аналар комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1976 жылы «Отбасы өнегесі–ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында аудандық көлемде іс–тәжірибесі арнайы плакат болып таратылып, мектеп қабырғасында ұзақ жылдар ілулі тұрды. Қым–қуыт тірліктен уақыт тауып, балалар сабағына қатысып, мұғалімдермен жиі пікірлесіп отыратын. Кешкілік күнделіктерімізді, кітапханадан кітап оқығанымызды айғақтайтын анатациялық дәптерлерімізді тексеріп отыратын. Неткен көрегендік іс десеңізші. Ол биік мансап иегері болмаса да қарапайым еңбек адамы, көргенді іске үйреткен көсеміміз еді.

1990 жылы еңбек демалысына шығып, зейнет жасын соңғы демі біткенше Алланың ақ жолына арнады. Өн бойы иман нұрына малынған Асыл әкеден қалған адалдық қасиеттер, тек жақсы істерге үндейді. Осындай ардақты әкем 2006 жылы 28 қаңтарда дүниеден озды. Ардақты, аяулы әкем «Әкеңнің көзін көрген өлмессін» деген халық даналығында әкеміздің замандастарын, құрбы – құрдастарын көргенде төбеміз көкке жетіп, қатары сиремесе екен деп тілейміз. Өзі өмірден өтсе де еңбегімен, адалдығымен, қарапайымдылығымен өшпес із қалдырған асыл әкемді мақтан етемін. Өзімнен кейінгі бауырларыма әкем мен анамнан алған ізгі қасиеттерді айта отырып, адалдыққа, ауызбіршілікке үндеймін. «Ер болсаң, ел мақтанышы бол» дегім келеді.

Зарипа Тасымова Жаппарқызы

Жаппар ақсақалдың айтқан баталары

І

Жаратушы құдірет,

Жарылқаудың қамын ет.

Қайырлы ғұмыр кешуді,

Ұрпақтарға нәсіп ет.

Қосылған екі жастарды,

Зылиха мен Жүсіптей,

Бір – біріне ғашық ет.

Ғайып–Рем, қырық шілтен,

Назарыңды салып өт.

Тар жол тайғақ кешуде,

Жәрдемдесіп алып өт.

Бақ бер дәулет перзентке,

Аулақ кетсін қасірет.

Ықыласпен тілеген,

Тілекті Алла қабыл ет.

ІІ

Жаңа–жылда бақ болсын,

Уайым–қайғың жоқ болсын.

Елім–аман, жұрт тыныш,

Мал–мен жаның тоқ болсын.

Желі толы құлын болсын,

Елге ардақты ұлың болсын.

Қызың ажарлы болсын,

Малың базарлы болсын.

ІІІ

Айналайын дарын бол,

Сөнбейтұғын жалын бол.

Ел қамын ойлар ақын бол,

Жақсылыққа жақын бол.

ІҮ

Әуелі Құдай оңдасын,

Әруақтарың қолдасын.

Бақыт дәулет мал мен бас,

Басыңа мәңгі орнасын.

Төрт құбылаң сай болып,

Еш жамандық болмасын.

Ү

Е, Құдайым оңдасын,

Оң жолыңа қолдасын.

Қол жайған мынау пендеңді,

Жамандыққа жазбасын.

Мал иесі–Мухаммед,

Жан иесі–Хазірет,

Не тілесең әзір ет.

Әумин!

Ерекше қабілет иесі

Адам бұл пәниге пенде болып келгеннен соң өмірден өз орнын табуы, дүниеге кірпіш болып қалануы керек. Міне, осындай азаматтардың бірі, Тұрмағамбет ауылының тұрғыны – Нышан Сексенов. Нышанның өзге азаматтардан ерекшелігі екі қолының жоқтығы. Оның жаратылысы солай болды. «Мен отбасында баланың екіншісі болдым. Жасымда ата–анам Қызылдың қиясында орналасқан Т.Көмекбаев ауылына қарасты «Жалғыз құм» қыстауында мал бақты. Сол кездері әрбір фермада бір–бір радистен болатын еді. Біздің фермада Тельман Мейірханов деген жалғыз басты кісі радист болып қызмет жасады. Мен күнде сол кісіге барып, оның жұмысын қызықтап жүруші едім. Бері келе Тельман ағайға қатты үйір болдым. Ол кісіден осы өнерді үйретуді қатты өтіндім. Бастапқы кезде Тельман ағай бұл өтінішіме ойынмен қарағанымен, кейін келе ойымның шын екеніне сеніп, ризашылықпен келісті. Мен енді күнде таңертең осы кісіге айран, нанымды арқалап келіп, жанынан өзімнің орнымды сайлап алдым. Ағаның жұмыс жасап отырған әрбір қол қимылдарына зер сала қарап, көп нәрсені үйрендім. Ол кісіден керек емес заттарын сұрап алып, үйге әкеліп оны шашып тастап, қайта жинадым. Осы ермектерімнен ләззат алдым. Әрине, кейбір кісілер оның екі қолы жоқ, қолсыз қалай жұмыс жасайды деп ойлауы мүмкін, оған таң қалмаңыздар, адам лайықты өмір сүру үшін неге болса да барады. Мен ыңғайлы екі башпайымның арасына тебенді іліп алып, онымен жұмыс жасауды үйрендім. Шаршадым бірақ, өзімнің өмір сүруге деген талпынысымның арқасында барлық қиындықты жеңуге жігерлендім. Жеңдім де. Бірінші сыныпты үйде оқыдым, әріпті оқуды, жазуды үйрендім. Содан кейінгі сыныптарда мен физика пәніне ерекше ден қойып оқыдым. Нәтижесінде сол еңбегімнің жемісін көрудемін», - дейді Нышан.

Нышан Сексенов солай өмір сүруге құлшынысын арттырып, бүгінде ауыл тұрғындарының бұзылған сағат, теледидар, магнитафон және басқа да тұрмысқа қажетті заттарын жөндеп беруге өзінің қызметін ұсынып, алғысқа бөленіп отырған жайы бар. Және бір айта кетерлік жайт, Нышан ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауыл экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып, белсенділік танытып жүрген азаматтардың бірі. Ауылдағы өріске шығарылатын малдарға және олардың бағылуына жауапты. Әрине, осы қызметі үшін «Тұрмағамбет» серіктестігі Нышанға арнайы жалақы төлеп отыр.

«Нышекең ауылымыздағы белсенді азаматтардың бірі, ол күнделікті өріске шығарылатын малдардың кезекпен бағылуына, бақташылардың мал бағу тізімін жасап, реттеп отырады. Әсіресе, күзгі егіннің жиын–терімі уақытында Нышанның атқаратын еңбегі зор»,-дейді серіктестік басшысы Нұржан Пірмантаев оған алғыс сезімімен.

Нұрбай Жанәділов,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.