Ауыл тарихы

Әні мен дәні қатар өрлеген, құт–береке дарып, Қасиетті Сыр ана бойын Жыр елі атандырған, Сүлейлер туып өскен, бұл күндері экономикасы мен әлеуметтік жағдайы, мәдениеті қатар дамыған аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі Тұрмағамбет ауылының құрылғанына 83 жыл толады.

1928 жылы аулдағы ірі байлар конфескеленіп, олардың малы негізінде осы аймақта 5 серіктестік құрылды. Олар «Талап», «Алға», «Екпін», «Ұмтыл», «Жұлдыз» деп аталды. Оларды Өмірзақ Елібаев, Тілеу Жұбаев, Қалдыбай Тұрмаханов, Мәдір Дайрабаевтар басқарды.

Серіктестікке күш–көлік, жер ағаш соқасы жеке қожалықтардан жиналып, әр серіктестікте 100 қаралы түтін өз алдарына 60–70 гектар ақ егіс егіп, гектарына 1013 центнерден өнім жинады.

1930 жылдың қазан айында №10,11,12,13 ауылдық кеңестердің қарамағындағы серіктестіктер іріленіп, Ленин атындағы ұжымшар болып құрылды.

Міне, осы кезден бастап қазіргі Тұрмағамбет ауылының тарихы басталады. Ұжымшардың ең алғашқы төрағасы марқұм, шежіреші Үбісұлтан Аяпов, партия ұйымының хатшысы Молдабек Қалдыбеков болды. Кейін Бержікей Ешов, Жарылқасын Тайбосынов төрағалық етті. 1931 жылдан бастап тұқым қоры, соқа, шөп шабатын машиналар үкіметтен келе бастады. Осы жылы жеке қожалықтардың малы орталыққа топтастырылып, малдың басы шамамен 6 мың бас қойға, 2 мың бас түйеге, 4 жүз бас жылқыға, 3 жүз бас сиырға жеткен еді.

Алайда, 1931–1933 жылдары кезінде ұжымшар құрылысының лениндік принциптері бұзылып, асыра сілтеушілік орын алса, 1933 жылы барлық егінді шегіртке жеп, Қуаңның өзегінен су тартылып, елде жаппай ашаршылық орын алды. Осы жылдары елдің басым бөлігі жер ауып «Ақтабан шұбырындыға» ұшырады.

Осыған байланысты 1935 жылы ұжымшарлар таратылып, «ТОЗ»-дар құрыла бастады. Бұл да серіктестік секілді рулардан 30–40 үйден жасақталып, олар «Қалыңбас», «Қабанбай», «Өндіріс», «Ленин», «Шеңгелді» деп аталды. Оларды Баймырза Қауынов, Құрманай Жүсіпов, Ізтай Орысбаев, Мәдір Дайрабаев, Тілеу Ерекешовтер басқарды.

«Өндіріс» ұжымшары сол кездің өзінде Монголиядан 20 түйе алса, 1936 жылы «Қалыңбас» ұжымшарына полуторка автокөлігі келіп, ауылда Өмірзақ Елібаев алғашқы автокөлік жүргізушісі болған болатын.

1937–1938 жылдары ұжымшарлар одан әрі іріленіп, «Ленин», «Қалыңбас» ұжымшары негізінде «Ленин» ұжымшары құрылып, төрағасы Ақбала Күнтуарова, «Өндіріс», «Сайарық» ұжымшарлары негізінде «Өндіріс» ұжымшары құрылып, төрағасы Нұржан Құтышев, «Ақжар», «Шеңгелді» негізінде «Ақжар» ұжымшары құрылып, төрағасы Тілеу Ерекешов болды.

1950 жылы тиімділігі төмен, шашыраңқы болып келген 5 ұжымшарлар «Ленин», «Ақжар», «Өндіріс», «Каганович», «Томарбөгет» іріленіп, «Ленин» атындағы ұжымшар болып құрылды. Ұжымшардың төрағасы болып, 1957 жылға дейін Омар Қошманов, партия ұйымының хатшысы Әнтай Құланбаев, ауылдық кеңестің төрағасы болып Дәме Жұбаева, кейін Ысқақ Дәлібеков, Әбілдә Таңсықбаевтар сайланған еді.

1950–1955 жылдары ұжымшардағы қол жеткен табыстары үшін күрішші Бодық Шәдиев «Құрмет белгісі» орденімен, қойшы Байболатов Зәріп «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған еді.

Бұл ағалар ауылдың алғашқы орденді қарлығаштары болып саналады.

Жоғарғы органдардың нұсқауына және заман талабына сәйкес 1957 жылдың наурыз айында бұрынғы майда 10 ұжымшардың негізінде іріленген Ленин және Карл–Маркс ұжымшарлары бірігіп, Ленин атындағы қаракөл қой кеңшары болып құрылды. Кеңшардың №1 бұйрығына алғашқы кеңшар директоры Әлімбет Ардабаев қол қойған болатын.

Ауыл тарихына алғашқы партия ұйымының хатшысы болып Қаратай Қуаңбаев, ауылдық кеңес төрағасы болып Әбубәкір Салықбаевтардың есімдері жазылды.

Алғаш құрылған жылы кеңшарда 1564 гектар егіс, 27628 бас қой, 440 бас жылқы, 1 245 бас сиыр, 555 бас түйе, 14 трактор, 18 автокөлік, 700-ден астам жұмысшы, 300-дің үстінде қожалық болды.

Осы ауыл негізінде 1964 жылы қазіргі Т.Көмекбаев ауылы, 1980 жылы қазіргі Алдашбай ахун ауылы отау тігіп, бөлек шығып, бұл күнде іргелі елге айналып отыр.

Қазіргі Тұрмағамбет ауылының «Тұрмағамбет» атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін салушылар 1957–1958 жылдардағы Әлімбет Ардабаевтың, 1958–1960 жылдардағы Смайыл Ысқақовтың, 1960 – 1963 жылдардағы Мұсабек Алдамжаровтың, 1963– 1966 жылдардағы Смайыл Байболовтың, 1966–1973 жылдардағы Ертуған Байсалбаевтың, 1973–1977 жылдардағы Аяған Сералиевтың, 1977–1987 жылдардағы Жанділдә Бердімұратовтың, 1987–1996 жылдардағы Кәжденбек Қалдашбаевтың, 1996–2001 жылдардағы Болатбек Жайсаңбаевтың, 2002–2007 жылдардағы Мұратбек Құланбаевтың, 2008 жылдан бері шаруашылықты басқарып келе жатырған Нұржан Пірмантаевтың жұмсаған жігерлері, кадрларды қалыптастыру мен еңбек тәртібін нығайтудағы, ауылдың экономикасы мен әлеуметтік жағдайы, мәдениетін көтерудегі лайықты қолтаңбаларын қалдырып келгендігі сөзсіз.