Алдыңғы толқын ағалар

Өткен өміріме көз салсам

Менің жасым қазір 72-де. Жас кезімдегі күндер тізбектеліп, көз алдыма келіп тұрады. Әкеміз 1945 жылы мен 4–5 жасымда дүние салыпты. Анамыз 35 жасында 7 баламен отбасының басшысы болып қалған. Әкемнің шешесі Зәуре деген кісі анамның қолында болған. Сонымен қиыншылық уақытта тамақ тауып асырау өте қиын болған, бірақ, анамыз колхозда ер адамша жұмыс жасап, әжемізге балаларын тастап, күндіз–түні еңбек еткен. Ол уақытта үкіметтің еңбеккерлерге еңбектеріне төлейтің еңбек ақысы өте төмен кез болған. Анамыз өте қарулы болыпты. Күндіз колхоздың жұмысын істеп, түнде бақшалық жерін балаларымен кетпендеп егін егіп, еккен жерден алған жүгері, қауынымен балаларын асыраған. Сол жоқшылық уақытта жағдайымызды біліп, қолынан келгенінше қол ұшын берген, бақшадан алған өнімдерін тасып беруге, бізге әкеміз өлгеннен кейін үй салып беруге де көмектескен Қабақ, Тілеу, Ильяс, Әбдірауық ағаларымыз екен. Біздің үй болып отырғанымызда Үбісұлтан, Әйекеш, Наурызбай әкелеріміз үйімізге келіп, аман–түгелімізді біліп, Айт, Наурыз мерекелері күндері әдейі келіп, әкемізге құран оқып кететін. Соған біз үй ішімізбен қуанып қалатынбыз. Осы кісілердің топырағы торқа, жатқан жерлері жайлы болып, пейіштен орын алсын демекпін.

1957 жылы біздің ауыл Ленин атындағы кеңшар болып құрылды. Содан бастап жұмысшы қызметкерлер айлық алып, халықтың жағдайы жақсара бастады. Мен сол жылы 7 сыныпта оқитын едім. Жазда совхозға інім Әбдіраман екеуміз кесек құйып, айлық тауып, оқуға киетін киім–кешек, кітаптарымызды алып, анамызға көмегімізді тигіздік.

1960 жылы №29 орта мектептің 10 сыныбын бітіріп, 1961 жылы әскер қатарына алындым. 1964 жылы әскерді бітіріп өз ауылыма келіп, құрылысшы болып жұмыс істеп, №29 мектеп пен аурухана құрылысын салуға қатыстым. 1967 жылы мектептің директоры Қоңырбай Мүсіркегенов ағамыздың шақыруымен мектепке бухгалтер болып бардым. Қоңырбай ағай қай салада болса да өте сауатты кісі еді. Өз жұмысына ыждағатты, талап қойғыш, қойған талабын орындататын, көңілге тиетін артық сөз айтпайтын кісі болатын. 1979 жылы Ленин атындағы кеңшарға сол кезде совхоз директоры Е.Байсалбаев шақыруымен бригадаға есепші болып жұмысқа ауыстым.

Бригадирім Құланбаев Әнтай ағай болды. Ол кісі қызмет істеген, соғысқа қатысқан, колхозда бастық, ферма басқарған кісі болатын. Мен ол кісіден көп тәжірибе жинақтадым. Әнтай ағай 1972 жылдың аяғында еңбек демалысына шығып, соның орнына мені бригадир етіп тағаындады. Сол жылы 350 гектар күріш егілді. Техника жетімсіз болатын. Бригада бойынша 4 ДТ-74 шынжыр табанды трактор, 1 беларус тракторы болды. Трактористтер Ө.Үбісұлтанов, А.Календаров, Т.Әбілдаев, Ә.Қамбаров, Е.Әбжановтар, сушылар Ленин орденді Бисенбаев Берман, Бекмаханов Жанұзақ, Назаров Айтжан, Романова Баршагүл т.б кісілер болды. Сол жылы осы кісілердің күні–түні аянбай еңбек еткендерінің арқасында бригада бойынша 51 центнерден өнім алып, кеңшарда бригадалар бойынша 1 орын алдық.

1976 жылы совхоз директоры болып Бердімұратов Жанділда келіп жұмыс жасады. Ол кісі келгеннен кейін кеңшардың барлық саласы жақсы жолға қойыла бастады. Жәкең мамандарға ұрысып қатты сөйлемей, талап қоя білетін еді. Сол себептен болу керек әр маман өз жұмыстарын тыңғылықты, таза орындауға тырысатын. Біздің бригада жоғарғы өнім ала бастады. 1977 жылы бригада ауданда бірінші орын алып, сол жылдың қорытындысымен маған кезектен тыс «Жигули» жеңіл автокөлігін берді. Сол жылдан бастап бригада бойынша 50–55 центнерден төмен өнім алғанымыз жоқ. Ауданға жыл сайын өнім көрсеткіштері бойынша жоғары орын алып отырдық.

Жақсы өнім алуға өз үлестерін қосқан көптеген азаматтар болды. Сушылар Бекмаханов Ұзақбай, Дулатов Камалбек, Тұрмаханов Әділбек, Тілеубаев Басқынбай, Дәулетбаев Қонысбек, механизаторлар Сарыбаев Тұрғанбек, Әбуов Сайлау, Кадиров Ахун т.б. тракторшы–комбайыншылар болды.

1976 жылы совхоз директоры болып Кажденбек Қалдашбаев келді. Осы кісі келген жылы бес жылдық басталған болатын. Бригада бес жылдықты төмендегідей қорытындылады: 1986 жылы 360 га – 55,6, 1987 жылы 390 га – 56,3, 1988 жылы 400 га – 61,3, 1989 жылы 400 га – 57,3, 1990 жылы 400 га – 63,3.

Бес жылдық қорытындысымен әр гектардан 58,5 өнім алып, ауданның алдыңғы қатардағы бригадасы атандық. Үкімет менің еңбегімді бағалап маған кезектен тыс «Волга» жеңіл автокөлігін сыйға берді. Мол өнім алуға Кәжденбек Қалдашбаевтың маман, әрі кеңшар басшысы ретінде көп көмегі болды деп есептеймін. Ол кісі тыным таппай күріш аралайтын, өзі агроном ретінде күріштің қыр–сырын жақсы білетін. Кеңшардың жақсы өнім алуына агроном Нұрсұлтан Әбдиевтің де жақсы жұмыс атқарғаны, өз жұмысын жетік білетіні көп көмектерін тигізді. Мен осы жұмысты атқарып жүрген уақытта екі рет ауылдық советте депутат, бір рет аудандық советте депутат болып сайландым. Әңгіменің орайы келгенде атқарған қызметімді елеп түрлі орден, медальдармен мадақталдым. 1981 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 3 рет ВДНХ-ның қола медалімен, 5 рет «5 жылдықтардың озаты» төсбелгілерімен марапатталдым.

Мен 1995 жылы зейнеткерлікке шықтым. Содан бері жастарға өзімнің іс – тәжірибемді үйретіп келемін.

Қазақ халқының салт–дәстүрлерін отырған жерімде насихаттап отырамын. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан бері ауылда Ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде ауылдың экономикасы мен әлеуметтік жағдайының ілгерілеуіне қолдан келгенше көмектесіп келемін. Жанұямда 7 балам бар. 4-і жоғары білімді, 1-і орта білімді. Балаларымнан 20 немерем бар. 1990 жылы еліміз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенде бүкіл қазақ халқының шексіз қуанышына ауылдың ақсақалдар төрағасы ретінде шексіз қуанышқа бөлендім және алдағы уақытта да мүмкіндігінше еліміздің өсіп – өркендеуіне өз үлесімді қоса беретін боламын.

Байдан Тұрғанов,

еңбек ардагері, ауылдық

Ардагерлер Кеңесінің төрағасы.

Ел құрметіне бөленген ақсақал

Әдептен озбаған, абайлап басып, анық сөйлейтін, ұтқыр ойлы, кісілік жолдан таймаған, қарттардың бірі де бірегейі Бижан Қожабаев ақсақалдың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі.

Бижан ақсақал 1937 жылы №12 ауылда, бұрынғы Томарбөгет ұжымшары, «Құмбөгет» ауылдық кеңесінде бүгінгі Тұрмағамбет ауылы дүниеге келді. 1955 жылы Бестам мектебін бітірген соң 1957 жылдан 1977 жылға дейін шаруашылықта жүргізуші, күріш сушысы, күріш бригадирі болып еңбек етсе, 1977 жылдан 1994 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін шаруашылықтың фермасында қойма меңгершісі қызметін атқарды. Еңбектегі үздік табыстары үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1971 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, Республика ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің «Социалистік жарыс үздігі белгісімен», «Облыстық жарыс жеңімпазы» белгісімен марапатталып, халық ілтипатына бөленді.

Облыстың ЛКСМК слетіне, аудандық ХХХІІІ партия конференциясына делегат болып қатысты.

1986 жылы бижан ақсақалдың «Еңбек ардагері» медалімен марапатталуы халық үшін еткен ерен еңбектерінің жоғары бағаланғандығының белгісі деп түсінеміз.

1994 жылы ол құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да ауылдың қоғамдық өміріне, елдің ауызбіршілігін сақтау мен ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып, қадірменді ақсақал болуда.

1962 жылы Бижан аға бүгінде әулеттің аяулы отанасы атанып отырған Сәуле апайымызбен отбасын құрып, 3 қыз, 5 ұл тәрбиелеп, өсірді. Сәуле апа елімізге белгілі жазушы Танаш Дәуренбековтың туған қарындасы.

Ендеше, осынау текті ұрпақтан өскен ұрпақтар бүгінде ата–ана жолын қуып, ел азаматтары болып өсіп келеді. Үлкені Клара Сыр сүлейлері Тұрмағамбеттің шаңырағының түтінін түтетіп отырған келіні. Мектепті «Алтын медальмен», жоғарғы оқу орнын үздік бітірген соң, өзі оқыған мектепке математика пәні мұғалімі болып орналасып, облыс көлемінде озат мұғалім болып танылған бірінші санатты маман, облыстық математика пәні мұғалімдері арасындағы «Алтын кілт» байқауының жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», облыс әкімінің бағалы сыйлықтарымен марапатталған. Гүлсімі С.Назарбаеваның басшылығындағы «Бөбек» қорының қызметкері, Жаңылы мұғалім, Бекіш, Асхат Алматы қаласында тұрса, Жаңылы Ақжарма ауылында ұстаз, Бегімі ауылда егіс бригадирі болса, Нұржаны жұмысшы болып еңбек етіп жатыр.

Жақсы мінезді, кіршіксіз таза пейілді Бижан аға елдің құрметіне бөленіп жүрген азамат.

Тоғызбаев Әбен

Әбен Тоғызбаев 1939 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, «Жаңаталап» ауылында дүниеге келген. 1947 жылы осы ауылдағы «Жаңаталап» жеті жылдық мектебінің алғаш есігін ашты. Мектепті бітіргеннен кейін Ленин атындағы кеңшарда құрылысшы, кейін құрылысшылар бригадасының бригадирі болған. 1962 жылдан бастап күріш егумен айналысады. Әке мен ананың еңбеккештігін бойына сіңіре білген Әбен осыдан 45 жыл бұрын Сыр елінің басты байлығы күріш дақылын егуге бет бұрады. 1964 жылы «Дала академигі» атанған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың Қызылорда облысының жастарын күріш егуге шақырған үндеуіне алғашқылардың бірі болып үн қосты, қолдады. 1964 жылы 25 гектар күріштің әрбір гектарынан 68 центнерден өнім алып, алғашқы болып еңбек рапортын тапсырды. Осы жылғы облыс жастарының слетінде дала академигі Ы.Жақаевтың қолынан «№1 Жақаевші» деген еңбек аттестатын алды. Жақаевшылар қозғалысынан бастау алған Тоғызбаевтың еңбек жолы үнемі өсу, өркендеу жолында болды. Адал еңбегінің нәтижесінде 1962–1969 жылдары ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің қола, күміс медальдарының жеңімпазы атанды. 1968 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

1965 жылы күріш өндіруден облыста ең жоғарғы көрсеткішке жеткені үшін «Ленин» орденімен марапатталды.

1969–1994 жылдары үзіліссіз, ширек ғасыр бойы күрішшілер бригадасының бригадирі болып, зор абыроймен дербес зейнеткерлікке шықты.

Әбен Тоғызбаевтың 70 жасқа толу мерейтойына байланысты «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

2009 жылы желтоқсан айында атпал азамат дүниеден озды.

Қарапайым да, кішіпейіл, биік парасатымен ерекшеленіп, осы болмысыман көпшіліктің құрметіне бөленген Әбен ағаның өнегелі өмір жолын ұрпақтары жалғастырып келеді.

Тұғыры биік нартұлғалы азамат Айдарбек Пірмантаев

Айдарбек аға өзінің бар саналы ғұмырын туған жері Тұрмағамбет ауылының экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеруге, елдің бірлігін сақтап, өзінен кейінгі ұрпаққа саналы тәрбие беруге көп еңбек сіңірген құрметті азаматтардың бірі. Ауыл тұрғындарының Айдарбек Пірмантаевты көзі тірісінде өзінің азан шақыртып қойған атымен атамай, оның батыр тұлғасына қарап «Батыр» деп атап кеткен еді. Өйткені, Айдекең Кіші жүздің мақтанышы, батыр бабамыз, айдаһарға қарсы шыққан, Әз–Тәукенің әскербасы болып ел қорғауда асқан ерлік көрсеткен, сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қазақтың хандарымен, белгілі тұлғалармен бірге жерленген батыр бабамыз Текей батырдың тікелей ұрпағының бірі болса, анасы Қалия әжеміз қазақтың халық батыры Амангелді Имановтың туған қарындасы болатын. Осы екі батырдың қаны дарыған болу керек Айдарбек те ірі, нартұлға, от ауызды, ойындағысын бүкпей айтатын азамат болды. Кейде оқа зерленген атына мініп, сегіз өрме қамшысын алып, көшеге шыққан кезде нағыз батырды көзімізге елестететін едік.

Айдекеңнің ауыл үшін істеген бір батырлығының куәсі болғаным бар. Шамамен өткен ғасырдың 90 жылдарының аяғы болу керек. Серіктестік бойынша арендаторларға көп мөлшерде қарыз болып, оған төлейтін мүмкіндіктің болмауы себепті олар күш көрсетіп, қоймада келер жыл үшін құйылған күріш тұқымын тартып алу үшін күш–көлік, құралдарымен келеді. Егер тұқымдық күрішті алып кетсе, онда елдің келер жылғы тіршілігіне қиындық туары сөзсіз еді.

Міне, осы тұқымды арендаторларға бермей алып қалуда бірнеше ауыл ардагерлерімен бірге Айтекең орасан батырлық көрсетіп, тұқымды сақтап қалған еді.

«Елім деп еңбек еткен ерге елі берер бағасын» дегендей, жастайынан жетімдік тауқыметін тартқан Айдарбек ағамыз соғыстан оралмаған әкесі Пірмантайдан қалған жалғыз қарындасы Тынымкүл мен анасы Қалияның келешегін ойлап, еңбекке ерте араласты.

Алғашқы еңбек жолын ол туған ауылында трактор руліне отырып, егін егуден бастады. Кейін келе іскер маманының жұмысқа деген жауапкершілігінің, тиянақтылығын байқаған шаруашылық басшылығы оны механик, бригадирлік қызметтерге тағайындады.

Айдарбек аға халық сеніп тапсырған аталмыш қызметтерді абыроймен атқара жүріп, ауылдың іргелі шаруашылыққа айналуына сүбелі үлес қосып, ерен еңбектері үшін көптеген марапаттарға ие болды.

Кейін құрметті зейнеткерлік демалысына шықса да, ауылдың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, ауылдың ардагерлер кеңесі мен тексеру комиссиясының мүшесі бола жүріп, ауылдың әлеуметтік жағдайына өз үлесін қоса білді.

Сол текті әулеттің ұрпағы Айдарбек Пірмантаев ағамыздың отбасының бүгінгі таңдағы ұйтқысы, бар саналы ғұмырын балалары тәрбиесіне арнаған, әулет шаңырағынан түлеп ұшқан 8 баланың ардақты анасы, олардан өрбіген 26 немере, 9 шөберенің аяулы әжесі атанған Болған апа бүгінде құтты шаңырақтың тілекшісі болып отыр.

Балалары Мұстафа қаржы саласының маманы болса, Ғабиддин, Нұрадин кәсіпкерлер, Нұрадин ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгер, қызы Бекзат ғылым кандидаты болса, кенжесі Нұржан кие дарыған туған ауылындағы «Тұрмағамбет» шаруашылығының директоры.

Қазіргі таңда ұрпақтары әкесі Айдарбекті есте сақтау мақсатында, жастарды спортқа баулуда жыл сайын қазақша күрестен жасөспірімдер арасында облыстық жарыс өткізіп, Айекеңнің абыройын одан әрі асқақтатып жүр.

Бұны Айекеңе көрсеткен ұрпақтарының лайықты құрметі деп түсінеміз.

Елі ардақ тұтқан азамат еді

Қайбір адам баласы болмасын өмірге өз бет–бейнесімен, тыныс–тіршілігімен, еткен еңбегімен із қалдырады. Сондай азаматтардың бірі өзінің бар саналы өмірін туған жердің өркендеуіне арнаған, ағайын–туысқа жақын, достарына адал, еңбекте ұйымдастырушы, кімге де болса қол ұшын беруге даяр тұратын Бердіғұл Жұмабаев ақсақал еді.

Бекең 1937 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келіп, 1956 жылы ауыл мектебінен орта білім алады. Өзінің қанша ынтасы болғанымен отбасында қарт шешесі, кішкене қарындасы болып, алысқа ұзап шыға алмай шаруашылықта жұмыс істеуге қалды. 1961 жылы жергілікті ақын, ол кезде сауда саласының маманы Үрліхан Өндібаевамен отау құрып, бір балалы болған соң отбасымен ақылдаса отырып, 1963 жылы Алматы зооветеринариялық институтына оқуға түсіп, оны 1968 жылы «зоотехник» мамандығы бойынша бітіреді.

1968 жылдан бастап 1992 жылға дейін туған ауылының экономикасының және тұрғындардың әлеуетінің дамуына өзінің үлесін қосты.

1968–1982 жылдары Ленин кеңшарында бас маман, зоотехник, ферма меңгерушісі болып қызмет жасап, шаруашылықта мал күтімі, өнімі, т.б. бір– біріне жалғасып жатқан мал шаруашылығының шексіз жұмысының басында өзі жүрді.

1980 жылдары Ленин кеңшарынан бөлінген Майлыөзек кеңшары шаруашылығын қалыптастыру үшін әрі бас зоотехник, әрі бастауыш партия ұйымының хатшысы етіп жіберілді.

1989–1993 жылдары Ленин кеңшары директорының орынбасары болып қызмет етіп, ауылдың әлеуметтік, мәдени дамуына сүбелі үлес қосып, 1993 жылы зейнеткерлікке шығып, 2002 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.

Көзі тірісінде сыпайылығымен, тазалығымен, кішіпейілділігімен, өз ісіне жауапкершілігімен елі ардақ тұтқан азамат болды. Бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаттығына сайланып, халық қызметшілігін атқарды.

Үрліхан апамен екеуі 8 бала тәрбиелеп, өсіріп, олардың білім алып, азамат болып қалыптасуларын қамтамасыз етіп, қызметте де елі таза, тындырымды ісі мен ұйымдастырушылық қабілеті үшін ардақ тұтса, тәрбиелі отбасының бақытты басшысы болған еді.

Елдің елеулі азаматы

«Қарттарым–асыл қазынам» дегендей Тұрмағамбет ауылы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Дәуітов 1940 жылдың Тұрмағамбет ауылында дүниеге келді. 1949–1957 жылдар аралығында ауылдағы №29 мектепте оқып, 7 жылдық білімімен, 1957–1961 жылдар аралығында Қазалы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, «техник–механик» мамандығы бойынша бітірді. Жаңбырбай еңбекке жастайынан араласқан еді. Ол кезде егіске келетін каналдардың техникалардың жоқтығынан қолдап, кетпенмен қазылып, әркімге күндік норма ретінде 4–5 метр жер өлшеніп берілетін. Анасына берілетін сол жердің қазылған топырағын өтелектеп отырды.

Барлық егіс бидай, жүгері ат соқамен айдалып егілетін болғандықтан, ол ат жетектеуші, жаз айларында өгіз косилкамен шөп дайындауға қатысты. Ал, кәмелетке толып, арнаулы орта мамандық алған соң, жаңбырбай аға еңбек жолын 1962 жылы өзі оқыған №29 мектепте ауыл шаруашылығы пәні бойынша мұғалім, 1963–1975 жылдар аралығында шаруашылықтың бас инженері болып жемісті қызмет атқарып, 1975 жылдан шаруашылықтың Карл–Маркс бөлімшесінің меңгерушісі, одан кейін 1996 жылы зейнеткерлікке шыққанша егіс бригадасының бригадирі болды. Бригадирлік қызмет атқарған кезде ол өндірісте жерді өңдеу, егін егу мен өсіру, дақылдарды жинау технологиясын терең меңгерген маман, білікті ұйымдастырушы болып танылды.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова сол бригадада еңбек етіп, Жәкең сондай даңқты адамдармен бірге жұмыс істегендігін мақтан тұтса, екінші жағынан бірге жұмыс жасай жүре оның іс–тәжірибелерін басқа бригада мүшелерінің тиімді пайдалануын жүзеге асыра білді.

Осы шаруашылықта бірге жұмыс атқарған кездегі М. Молдашов, С.Сейділдаев, И.Мәмбетов, І.Айтбақов, М.Сермаханов, Н.Дәулетов, Ә.Дәулетбаевтарды ұстаздарым десе, бүгінде өздерінің ерен еңбектерімен елге танылып жүрген ауылшаруашылығы саласының майталмандары Серік Алмағанбетов, Бітімбек Пазлиев, Серік Жиеналиев, Айтмағанбет Мұрынбаев, Яхия Мәмбетов және т.б. көптеген шәкірттерін мақтан тұтады.

Жаңбырбай Дәуітовтің ауыл экономикасы мен мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы елеулі еңбегі жоғары атқарушы орындардың, қоғамдық ұйымдардың тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше рет Алғыс хаттармен, Мақтау қағаздарымен марапатталды. «Ауданның чемпион бригадирі» атағын бірнеше рет жеңіп алды. Бірнеше рет ауылдық кеңеске депутат болып сайланып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

Бұл күнде марқұм жұбайы Тұрсынкүл Кірқабақова екеуінен 3 ұл, 3 қыз бала өрбіп, немере қызығын көруде. Балалары әр салада қызмет атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ауылдың ақсақалдар кеңесі төрағасы ретінде ауылдың әлеуметі мен мәдениетін дамыту, елдің тәлім–тәрбиесіне белсене араласып, ауыл ақсақалдарының ұйытқысы болып жүрген ардагер қария.

Зәріпов Бұйратбек Зәріпұлы

Қазіргі қадірменді ауыл ақсақалының бірі Бұйратбек Зәріпов 1940 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келді. Бұйрекең текті тұқымнан шыққан азамат десек қателеспейміз. Арғы атасы–Байболат Кете – Шөмекей елінің сыйлы, абыройлы болысы болған кісі. Шамамен 1840 жылы Байболат болыс егіз балалы болып, ат шаптырып, үлкен той жасайды. Сол тойда үйілген асардың басына бәйгі тігіліп, «Шұрық» деген жерден 40 шақырым жерге ат жіберіліп, аламан бәйге болған екен. Сол төбе «Байболат бәйгі тіккен қарақшы», кейін «Байболат асары» атанған.

1959 жылы Зәріп әкеміз баласы Бұйратбектің үйленгенінде осы асарға үлкен той жасап, бәйгі берген. Өкінішке орай, Байболаттың егіз баласы шетінеп кеткеннен кейін Байболаттан Биға, Назира, Жарылқап, Зәріп дүниеге келеді. Байболат болыстың туған қызы Биға әжеміз атақты шайыр Тұрмағамбеттің жұбайы болып, кешеге дейін өмір сүріп, Алдашбай ахунға өкіл қыз болды. Екінші қызы Назира Жалағаш ауданына тұрмысқа шығып, ұрпағы Әдесбек Ахметұлы еліне беделді ақын болған. Жарылқап 14 жасында әкесінің ісін жалғастырып, болыс болып, әділдігімен елге танымал болған азамат. 1928 жылы ол конфискаға ілініп, бала–шағасымен Ауғанстанға өтіп кетеді. Оның ұрпақтары еліміз тәуелсіздік алған соң, елге оралып, қазір Шымкент қаласында тұрып жатыр.

Бөкеңнің өз әкесі Байболатов Зәріп ұзақ жылдар шаруашылықта шопан болып жұмыс істеп, еңбектегі елеулі табысы үшін 1958 жылы «Қызыл ту» орденімен марапатталып, ауылдың алғашқы орденді азаматы болды.

Зәріп әкеміз сонымен бірге малға шапқан қасқырмен бірнеше рет жекпе–жек айқасқан ер жүрек малшы болып, «қасқыр соққан Зәріп» атанған. Шешесі Айша әжеміз атақты ақын Разақ Мыңжановтың туған апасы.

Міне, осындай текті жерден шыққан Зәріпов Бұйратбек ағамыз «Ақбастамы» мектебінде 3 жыл оқып, бұрынғы Карл-Маркс ұжымшарындағы К.Е.Ворошилов атындағы мектепте 8 жылдықты, 9–10 сыныпты Қармақшы ауданындағы №26 мектептен бітірді. 1959–1962 жылдары шаруашылықта шопан, 1962–1969 жылдар арасында жүргізуші, 1969–1978 жылдары бұрынғы Ленин кеңшарында кассир қызметін атқара жүріп, 1971–1974 жылдар аралығында Қазалы ауданындағы техникумының «бухгалтер» мамандығын сырттай оқып бітірді. 1978–1981 жылдары шопандарға зат таситын автодүкен меңгерушісі, 1981 жылдан зейнеткерлікке шыққанша ауылда шаруашылықта күріш сушысы болып еңбек етті.

Зәріп әкей күріш сушысы болып еңбек еткен кезінде ауыл мен аудандағы «озат күріш сушысы» атанып, аудандық баспасөз беттерінде жарияланып, мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтармен бірнеше рет марапатталды.

Қазіргі таңда Зәріпов Бұйратбек Тұрмағамбет ауылында жолдасы Әбішбаева Жайшылық екеуі балалары мен немерелері арасында жастарға өсиет, ақылшы ұстаз болып, елдің ауыз бірлігін, татулықты сақтау, өзінің ой – пікірлерін ашық айта алатын, елге сыйлы, абыройлы ақсақалдардың қатарында.

Қарақұмдағы жиеніме сәлем

Бұйратбек жан сау жүрмісің құмыңда,

Отбасы аман, денсаулықтың шыңында.

Көрмегелі көп күн болды сені серігім,

Жалғыз қарам болмады оңай мұныңда.

Менде сенен, сенде менен басқа кім,

Сүйенерлік сенім бар еді шынында.

Таңғы жаным болса егер дүнияда,

Кетпес пе еді келіп неше жылында.

Кәмпит кеше біздің үйге келмеді,

Жырақтығын білдіріп, келді жанымда,

Білмесе өзі үйреткенмен бола ма?

Ессіздерге екі айтқан сөзің шығынды,

Зәке қалай жақсы ма ден сау, жағдайың?

Отбасы аман, әдемі ма әл-жайың,

Айша апа амандықта жүрмісің?

Ауылдағы атқаруда мал жайын,

Менде аздап сағынатын болыппын.

Уайымның білмеуші едім қандайын,

Сізде қалған бір сұңқардың тұқымы ең.

Миуалап ат шығарған талайын,

Жапырағың Бұйратбекжан талдағы

Көз алдымда елестеген шамдайын,

Көкемнен жоқ ешбір белгі дүнияда.

Білгенімді айтып өтем әрдайым,

Жаман емес біздің де жағдай барысы.

Балалықпен өтті өмірдің жарысы,

Тіршілікте пенде әуес дүнияға.

Ажал тауық адам сепкен тарысы,

Жалғыз адам жаман үйдің пормында.

Қалатындай ұстап тамыр – танысы

Дегенменен ақ ісіне тәуекел

Келер емес Рекеңнің намысы,

Көп болғанменен жауға тоған болмайды,

Келсе ажал өрт тиген бек қамысы.

Ол жөнінде өзіңнен Зәке мысал ал,

Қалай һахтың айырып сізді қалысы

Дүниеде тұяғы бүтін тұлпар жоқ

Жаратқанның жарастық қой әрісі.

Тірі кетті, жазса алла көресің

Секілді боп жүріп жарлы шалысы.

Ауп етсе көзді ашып жұмғанша

Бірдей қазір жердің жақын, алысы.

Тәуекел деп белбеуіңді мықтап бу,

Асыл болат төзбей пенде налысы.

Жолыққанша сау болып тұр амандық

Тоқтар емес тілдің шаршап шабысы.

Тұтса миың Бұйратжаным жаттап ал

Азда болса жаман ағаң табысы.

Разақ Мыңжанов

Жаны жомарт Жұмағали аға!

Қасымұлы Жұмағали 1939 жылы Көктөбе ұжымшарында (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) дүниеге келді.

Әкесі Қасым Алмасбайұлы осы күнгі Т.Ізтілеуов атындағы №29 мектептің негізін қалаған, алғашқы ұстаз болған кісі. Ол кісі 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, одан елге оралмады. Шешесі Айымкүл 1950 жылы дүниеден өтіп, Жұмағали ағасы Ертай екеуі жастайынан жетімдік көріп өсті. 1947–1957 жылдары осы ауылдағы мектептен орта білім алған соң 1961 жылға дейін еңбек жолын шаруашылықта жұмысшы болып бастады.

1961–1966 жылдары Қазақ ауылшаруашылығы институтын «Ғалым– агроном» мамандығы бойынша бітіріп шығып, 1966–1980 жылдар арасында туған ауылында агроном, бөлімше басқарушысы, бас агроном қызметтерін атқарып, 1980 жылы Ленин кеңшарынан отау тігіп шыққан «Майлыөзек» кеңшарына директор болып тағайындалып, осы күнгі Алдашбай ахун ауылы негізін қалады.

1986–1992 жылдары өзінің іскерлік қабілеті арқылы Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрағалығына сайланбалы жолмен сайланып, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун ауылдарының әлеуметтік, мәдени дамуына елеулі үлес қосты.

1992 жылы денсаулығына байланысты Ленин кеңшарына кіші агроном болып ауысып, осы қызметті 1994 жылғы тамыз айына дейін абыроймен атқарып осы жылы ауыр науқастан нағыз кемеліне келген жасында дүниеден өтті.

Жұмекең қай салада еңбек атқарсада ізденімпаз, еңбеккерлігімен, үлкенге іні, кішіге қамқор аға, жомарт жүректі, кішіпейілдігімен көп құрметіне бөленген азамат болды.

Еңбектегі табыстары үшін 1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медалімен, 1977 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды.

Жұбайы Раунақ Берманқызы екеуі түтіні түзу шыққан, берік босағалы шаңырақ құрып, 7 бала тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы басшысы еді.

Балаларының бәрі жоғарғы білім алып республиканың әр аймағында түрлі салаларда қызмет істеуде.

Қазір апамыз Раунақ осы балаларынан тараған немерелерін сүйіп отырған бақытты ана.

Төлебек Әбілдаев

Төлебек ақсақал 1938 жылы киелі Дауылкөл, яғни Тұрмағамбет ауылында қарапайым еңбеккер отбасында дүниеге келіп, сол ауылдағы орта мектепте ұстаздардан тәлім-тербие алған.

Төлебек Әбілдаев білім ордасын тәмамдаған соң механизавторлық курсты бітіріп, туған ауылдағы егіс шаруашылығында механизатор-күрішші мамандығын игеріп, өзінің алғашқы еңбек жолын бастайды.Бұл мамандық Әбілда ақсақалдың құрметті зейнерткерлік демалысқа шыққанға дейін өміріне серік болды. Ол өзі қадір тұтқан абыройлы мамандықтың арқасында туған еліне сыйлы болды, ерен еңбегінің арқасында бақытын тапты десек артық айтпаған болар едік. Перзент сүйді, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.

Ол өзіне ардақты халқы мен туған жері алдындағы перзенттік парызын өзінің күндіз-түні тынбай еткен ерен еңбегімен өткере жүріп, өзінің Отанына берген қайтарымы есебінде көптеген Мақтау қағаздарға, мерекелік наградаларға ие болды. Солардың бірі әрине, оның ерен еңбегі үшін берілген «Еңбек ардагері» құрметті төсбелгісі.

Ардақты әке, аяулы жар, ел құрметтісі 1998 жылы ауыр науқастан кейін дүние салды.

Өндіріс майталманы

Орта буын ардагерлерден ауылдағы егін шаруашылығын дамытуда зор еңбек еткен мамандардың бірі Нұрсұлтан Әбдиев. Нұрсұлтан аға 1940 жылы қазіргі Иіркөл ауылында дүниеге келген. Ол туған ауылы мен аудан орталығындағы №26 мектептерден орта білім алып шыққан соң еңбек жолын 1958–1959 жылдары туған ауылында күріш сушылығынан бастады.

1960–1965 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институтына түсіп, оны «ғалым–агроном» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Міне, сол уақыттан зейнеткерлікке шыққанша егін шаруашылығы саласында қызмет істеп келді. Нұрсұлтан аға мамандығы бойынша еңбек жолын Көкшетау облысы, Володар ауданы, «Айыртау» кеңшарының бөлімше агрономы, кейін бөлімше меңгерушісі болып қызмет істейді. Осы облыста еңбек ете жүріп,1966 жылы облыстың атқару комитетінің Мақтау грамотасымен, «Егін жинаудың озаты» төсбелгісімен марапатталды.

1966 жылдың соңына қарай отбасы жағдайымен ол туған жерге оралып, облыстың агрохимиялық лабораториясына «агроном–инспектор» болып жұмысқа ауысты.

1967 жылы облыстық партия комитетінің жолдамасымен Қармақшы ауданында жаңадан ашылған «Жосалы» кеңшарына «аға агроном» болып қызметке келеді. Осы жұмыста 7 жылдай еңбек етіп, ауылдық күріш егістіктің гектарынан 23 центнерден 52 центнерге дейін көтеруге өз үлесін қосты.

1973–1976 жылдары ауданның Октябрь кеңшарында бас агроном болып жұмыс жасап жүрген уақытында ол шаруашылықтың да көрсеткіштің 3–4 жылда 50 центнердің үстіне шығаруда ізденімпаздықпен еңбек етті.

1976–1980 жылдары аудандық агрохимия лабораториясында бас агрохимик болып, 1980 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауымен сол кездегі Ленин кеңшарына бас агроном болып қызметке ауысты. Осы қызметінде жүргенде күріш дақылының көлемін 2100 гектарға, өнімділігін 55,6 центнерге жетіп, ауылда бірінші рет мемлекетке 102 мың центнер астық тапсыруға қол жетті.

Бидай дақылының өнімі 34 центнерге, дән жүгеріден 44 центнерге, жоңышқа өнімі 50–60 центнерге жетіп, барлығы 3000 гектарға егіс егу мүмкін болды.

1995 жылдан бастап зейнеткерлікке шықты.

Әкесі Әбді кезінде өз ауылының сыйлы ақсақалы, биі болса, шешесі Зібайра арқылы, батыл кісі болған көрінеді. Солардың қанымен келген болу керек Нұрекең әділ, тазалықты сүйетін, ойын батыл айтатын, шыншыл азамат. Ол сол мінезімен ел арасында абыройлы. Апамыз Қаншай екеуі 6 бала тәрбиелеп өсірсе, олардың 4-і жоғары оқу орнын бітіріп, мамандықтарына сәйкес түрлі салада қызмет істейді. 1 баласы ауылда күрішші болса, 1 баласы Алматы қаласында құрылысшы болып жұмыс істейді.

Ардагер ақсақал

Ауылдың ардақты ақсақалдарының бірі, үлгілі отбасы басшысы Спандияр Сексенов 1939 жылы Тұрмағамбет ауылының шаруа отбасында дүниеге келді. Отбасы жағдайымен мектеп табалдырығын кеш ашқан ағамыз 1959 жылы осы мектептен орта білім алып шықты.

1959–1961 жылдары шаруашылықта жұмысшы болып еңбек жолын бастап, 1961 жылы комсомолдық жолдамамен шаруашылық фермасына сиыр бақташысы болып барып, 1988 жылға дейін осы салада еңбек етті. Бақташы кезіндегі оның еселі еңбегі ескеріліп, 1973 жылы Республиканың «Ақылшы ұстаздар» форумына қатысса, осы жылы аудандық кәсіподақ комитеті пленум мүшесі болып сайланды. 1980 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталып, 1970 жылы аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. Жоғарғы органдардан бірнеше рет Мақтау қағазы және Алғыс хаттарымен марапатталды.

1988 жылдан отбасы жағдайымен Тұрмағамбет ауылына көшіп келіп, күріш сушылығына ауысты. Егін шаруашылығы саласында да елеулі табыстарға қол жеткізіп, 1995 жылы зейнет демалысына шықты.

Атасы Мекебайдан Сексен әке, Сексен әкеден Спандияр жалғыз болып таралса, жұбайы Жанай екеуінен 10 бала дүниеге келіп, олар өсіп– өніп, әрқайсысы бір–бір үй болып Мекебаевтар шаңырағын кеңітіп отыр.

Жанай кезінде ауданның озат сауыншысы болып, әр сиырдан 4000 литрден сүт сауу жөніндегі бастамашылардың бірі болды. Бұл күнде Батыр Ана ұл–қызы мен немерелерінің қызығын көріп отырған ұлағатты ана.

Жарылқасынов Жақсымұрат

Жарылқасынов Жақсымұрат 1937 жылы 3 қарашада «Өндіріс» елді–мекені (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) дүниеге келген. 1945–1949 жылдары К.Е.Ворошилов атындағы мектепте 4 кластық білім алған. Ата–анасы қой бағып, көшіп– қонып жүргендіктен білімін жалғастыра алмаған бала Жақсымұрат соғыс жылдарында үлкендермен бірге шөп шауып, масақ теріп, колхоз жұмысына ерте араласты. Жігіттік шағында да ол колхоз тракторымен жер жыртты, түрлі жұмыстар атқарды. 1959 жылы үйленгеннен кейін механизатор, мотор айдаушы болып қызмет атқарды. 1993 жылы зейнетке шыққанға дейін №1 бригадада Ленин орденді бригадир Ә.Тоғызбаевтың бригадасында сушы болып жұмыстар жасады. 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына орай «Тыл ардагері» медалімен марапатталды. Жұбайы Жарылқасынова Болған ауыл–аймаққа белгілі қолөнер шебері, ашық – жарқын, әзілқой мінезді, біреуге тек жақсылық жасап, қамқор болуға дайын тұратын абзал ана болды. 1998 жылы айықпас дерттен қайтыс болып, Жақсымұрат ата бүгінгі таңда Болған екеуі өсіріп, тәрбиелеген 9 бала, 17 немере, 3 шөберенің қызығын көріп отырған бақытты ата.

Қамбаров Әшімбек

1939 жылы 26 қыркүйекте «Өндіріс» ауылында туылған. 10 жылдық білім алғаннан кейін, колхозда жұмысшы болып, әр түрлі жұмыстар атқарды. 1957 жылы кеңшар құрылғаннан кейін, құрылыста құрылысшы болып жұмыс істеген. 1959 жылы Қазалы қаласындағы училищеде «механизатор» мамандығын оқып, бітіргесін, 1960 жылдан бастап трактор, комбайн айдады. Еңбектегі табыстары үшін 1975 жылы «Еңбек үздігі» медалімен, 1978 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталып, «Үздік комбайнер» атағын жеңіп алады. 1984 жылдан бастап, №2 бригадада механик–есепші болып қызмет атқарды. 1994 жылы зейнет демалысына шығады. Қазіргі таңда Әшімбек Қамбаров жолдасы Әбдіқадірова Күлнар екеуі 8 бала, 17 немере өсіріп, бақытты ата мен әже атанып отыр.

Абылтаев Мүсілімбек

1938 жылы «Өндіріс» ауылында дүниеге келген. Каганович атындағы мектепте 7 жылдық К.Е.Ворошилов атындағы мектепте 10 жылдық білім алып, жастайынан шаруаға араласып, түрлі жұмыстар атқарды. 1959 жылы жанұя құрғасын, мал фермасында сиыр бақты. Бірнеше рет социалистік жарыс жеңімпазы атанып, «Озат бақташы» вымпелімен, бес жылдық жоспарды асыра орындағаны үшін, «Ауданның озат бақташысы» атағын жеңіп алып, бәйгеге «Урал» мотоциклін алған. 1990–1992 жылдары зейнетке шыққанға дейін №1 бригадада «Ленин орденді» бригадир Әбен Тоғызбаевтың қарамағында күріш еккен. Жолдасы «Алтын алқа» иегері Есахатова Мирамкүл 2011 жылы бақилық болды. 7 ұл, 3 қыз, 10 баладан немере, шөберелерін тәрбиелеп отырған Мүсілімбек ата ұрпақтарының амандығын тілеп,қуаныштарын бөлісіп отырған батагөй қарт.

Календаров Айтжан

1940 жылы «Өндіріс» холхозы №10 ауылда дүниеге келген. 1952 жылы Каганович атындағы мектепте 7 жылдық білім алған. 1952–1955 жылдары Жалағаш ауданы Мәдениет» совхозында оқуын жалғастырады. 1955–1956 жылдары Қазалы қаласында 1 жылдық механизаторлар мектебінде оқып, «механизатор» мамандығын алып шығады. 1956-1960 жылдары Мәдениет ауылында МТС-та механизатор болып жұмыс істеді. 1959 жылы жанұялы болып, Дамирова Дариха екеуі Ленин совхозына көшіп келді. Совхозда механизатор, №1 Әбен Тоғызбаев басқарған бригадада 1996 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанша күріш егіп, сушылық жұмыстар атқарды. Жұбайы Дариха 2003 жылы дүниеден өткенде артында қалған 6 ұл, 1 қыз бүгінде өсіп–өніп, 17 немеренің қамқор атасы болып отырған Айтжан ата бүгінде газет жаңалықтарын оқып, сергектігін жоғалтпаған әңгімешіл ардақты ақсақал болып бақытты өмір сүруде.

Өмірәлиев Бекмырза

Өмірәлиев Бекмырза 1939 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1947 жылы №29 орта мектепке қабылданып, оны 1957 жылы бітірген. 1960 жылы шоферлік курсты бітіріп, 1976 жылға дейін Ленин совхозында шофер болып жұмыс атқарды. Содан соң Кеңестер армиясы қатарына алынып, 3 жыл Отан алдындағы борышын өтеп, Ярославль қаласында космоновт Валентина Терешковамен бірге коммунистік партия қатарына өткен. Бекмырзаның әкесі Өмірәлі үйленгенде анасы Хадиша 13 жаста болған екен. Анасы көп жылдар құрсақ көтермей жүріп, «Мені 26 жасында дүниеге әкелген екен, әкем 1945 жылы сәуір айында қайтыс болып, жетімдіктің азабын көп тарттым» - дейді Бекмырза ағамыз.

Анасына көмектесіп, ол еңбекке ерте араласып, совхозда күріш еккен. 1981 жылы 70 центнерден өнім алып, облыстың Алғыс хатымен марапатталды.

Бекмырза ағаның бойында бала кезінен көріпкелділік қасиеті болып, анасының жоғалған заттарын тауып беріп, мектепте оқып жүргенде үлкен балалардың тыққан жүгері, талқанын тауып жейді екен. Сондай көріпкелдігімен оны ауылда «Көріпкел әулие» деп атап кеткен екен, себебі, ел ішіндегі жоғалған малды, біреудің қашан үйленетінін, өз қатарлары арасындағы екіқабат болған келіншектердің қайсысы ұл немесе қыз босанатынын тура айтып, дәл келіп отырған. Соның дәлелі төмендегі 1966 жыл, ауыл тұрғыны Асанханның әкесі Серімбет деген кісінің бұзауының жоғалғанына құмалақ ашып бер деп келеді. Сонда Бекмырза «Самолет күр етті, бұзауың дір етті» бар да аэропорттан бұзауыңды әкел депті, барса сол жерден 15–20 минутта бұзауын тауып әкеліп ризашылығын алған екен.

Екінші бір оқиға Жаңақалаға бара жатқан жас балаға құмалақ ашқан «бір қызбен сөзің бар екен, ол қызды қой, келесі қызбен жүр бақытты боласың, оқуға түсіп, дүниенің төрт бұрышын аралайсың, бақытың өрлеп тұр» деген екен. Сол жас бала қазіргі Сыр елінің атақты жыршысы Алмас Алматов еді. Кейіннен ол кісі шапан жауып, батасын алған екен.

2005 жылдары ауыл төрағасы Құланбаев Мұратбекке «биыл күріш өнім мол болады. Мен жауын жаумайтынына сөз берем, күрішіңді жинап ал» деген екен. Сөзі расқа шығып, сыйақысына 1 тонна күріш алған оқиғасына куә болдық.

Бұл кісінің табиғаттың тылсым күшімен де тілдесетін қасиетінің бар екені осының дәлелі.

Адамның бойындағы Алладан берген қасиет өзінің еркінен тыс болады емес пе, тісі ауырған балаға да, үлкенге де кез–келген нәрсені оқып, үшкіріп бере салса, сол ем болып, жазылып кететін.

1975 жылдан осы Тұрмағамбет ауылында күріш егіп, еңбегінің нанын жерден тапқан өте еңбекқор кісі, қара жұмысты істегенде рахатқа бөленіп, бойында қосымша күш тасып, екі есе еңбек етеді екен.

1994 жылы еңбек демалысына шығып, бейнеттің зейнетін көріп отырған әке, немере сүйіп отырған бақытты ата.

Бойындағы көріпкелдік қасиеті жайлы әңгіме өзінше бір кітап боларлықтай әңгіме.

Еңбегімен абыройға бөленген азамат еді

Кімнің де болмасын бұл фәниде өз орны бар екені белгілі. Бірі орта тұста, енді бірі елдің алдында жүруі мүмкін. Өзінің тынымсыз еңбегімен орнықты істерімен ауыл жұртына ардақты бола білген, ел абыролйын арқалаған азаматтардың бірі Ердіқұл Әбжанов болатын.

1940 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келге Ердіқұл Әбжанов еңбек жолын ауылшаруашылығы саласын өркентетуде қолына шопандық таяғын алып, 1957 жылдан 1963 жылдар арасында шопан болып еңбек етті. Содан соң ол Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгесін 1968 жылға дейін туған ауылында құрылысшы мамандығы бойынша құрылыс саласын өркендетуге ат салысты. Ал, 1968 жылдан 1995 жылға дейін үзіксіз шаруашылықта механизатор болып еңбек етіп, құрметті зейнеткерлік демалысына шығып, 2012 жылы қараша айында ауыр науқастан дүниеден өткен еді.

Ердіқұл ақсақал еңбек еткен жылдарында тындырымды ісімен, жұмысқа деген жауапкершілігімен, азаматтығымен аймаққа танылды.

Жолдасы, өмірлік жары, бар саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Бекзада Тоғанасовамен екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған 10 немересін сүйді.

Ердіқұл ақсақалдың ел алдындапғы елеулі еңбектері Үкіметпен бағаланып, оның омырауына ІІІ дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденін, “Еңбектегі ерлігі үшін” медалін тақты.

Орденді шопан

Жалғас Тоқсанбаев 1932 жылы Төпбөгет ауылында дүниеге келген. Ол ауылдағы орта мектептен білім алған соң алғашқы еңбек жолын шаруашылықта жұмысшы болудан бастап, содан соң ауылда шопан болып еңбек етті.

Жалғас аға ауданда ауылшаруашылығы саласын, оның ішінде мал шаруашылығы өркендетуде сүбелі үлес қосқан еңбек майталманы.

Жалғас аға сол кездері қой төлін өркендетуде ауданда, облыста алдыңғы орындардан көрініп, озат шопан атанды.

Еңбектегі ерлігі үшін ол “Еңбек Қызыл ту” орденімен, сонымен қатар, көптеген еңбек медальдарымен наградталды. Қой төлін өркендетуде ол шопандық еткен жылдары өзіне бекітілген 500 аналықтан 350–370 төлден алып, сыйлыққа мотоцикл, Нива жеңіл автокөлігін алды.

Жалғас аға елімізге белгілі Сыр сүлейлерінің бірі, шоқтығы биік ақын Омар Шораяқұлының бауыры Тоқсанбайдың баласы.

Қазіргі таңда 80 жасты алқымдаған еңбек ардагері, ауылдың баталы қарты Жалғас аға жары, марқұм Дәмешпен 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардан тараған немерелерінің ардақты атасы атанған ардақты ата.

Өмірде көргені мен түйгені мол азамат

Азаматқа абырой-атақтың бір күнде, бір сәтте келмейтіндігі белгілі. Оған жету үшін адами ізгіліктер мен қасиеттер, ізденімпаздық пен еңбекқорлық адам бойына бала күнінен қалыптасуы өмір заңдылығы. Ауданның танымал азаматы, ауыл түлегі Тұрсынбек Бекпанұлы Бекпанов сондай азаматтардың бірі де, бірегейі десек қателеспейміз. Тұрсынбек Бекпанов 1942 жылы Жосалы кентінде дүниеге келіп, аудан орталығындағы №26 мектепте бастауыш сыныптан бастап, 1960 жылы Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектепті бітірген бойдан жүргізуші болудан еңбек жолын бастады. 1962 жылы ол Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, оны 1970 жылы бітірді. Осы оқу аралығында 1964–1967 жылдар аралығында Кеңес армиясы қатарынды борышын өтеп және Ковров қаласындағы жоғарғы жаяу әскери техникалық учелищесінде оқып, «лейтенант» шенін алды. Әскери қызметтегі жетістіктері мен саяси жұмыстардағы белсенділіктері ескеріліп, ол 1966 жылы Москвада Съездер сарайында өткен Бүкілодақтық Қарулы Күштері комсомолдарының жиналысына қатысып, СОКП орталық комитетінің Бас хатшысы Л. И. Брежневтің құттықтау сөзін тыңдады.

Студент кезінде оқу озаты болумен қатар Тұрсекең институттың қоғамдық өміріне белсене араласып, комсомол ұйымының белсенді жетекшісі, факультеттің кәсіподақ ұйымының төрағасы сияқты жұмыстарда өз белсенділігін көрсетті.

1970–1972 жылдары №29 орта мектепте мұғалім, мектеп директорына тәрбие жұмыстары, оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары, 1973–1982 жылдары Ленин кеңшарының партия ұйымының хатшысы қызметін атқады.

Тұрсекең іргелі ауылдың саяси басшысы ретінде елдің жанашыры болып танылды. Барлық білімін, іскерлігін, күш жігерін ауылдың мәдени, рухани өсуіне, шаруашылықтың дамуына, азаматтардың өсуіне жұмсады. Көптеген жаңа бастамалардың ұйымдастырушысы болды. Ол кісінің бастамасымен күрішші жастар бригадасы, күрішші жастар звеносы, отбасылық күріш звенолары құралып, жемісті еңбек етті. соның нәтижесімен ауданның барлық шаруашылықтарында осындай звенолар құрыла бастады.

Социалистік жарысты ұйымдастыруда, әсіресе егін жинау науқаны кезінде күнделікті жарыс қорытындысы түнімен қорытылып, сол күнгі тапқан табысы, көтерме ақысы, алған орны бойынша бюллетень шығарылып, ертеңіне азанда бригада басына жеткізіліп, еңбеккерлерге таныстырылып отыратын.

Ал, әр комбайн, жатка бункерлеріне сол механизатордың соңғы жылдардағы көрсеткіштері және әр комбайнердің 1000 центнер бастырғанда, әр жаткистің 50 гектар орғанда жұлдызша басылып отыруы сияқты жаңалықтар механизаторлар мен сушылардың еңбек белсенділігін арттырудағы нақты әсер етіп отырды. Бұдан басқа да оның ауылдың мәдениетін дамытуда өлшеусіз еңбектері жетерлік.

Бұндай көпшіліктің өмірінде кездесе бермейтін тың істердің алғашқы бастамашысы болған сәттер Тұрекеңнің өмір жолынан көптеп кездестіруге болады.

Ауданның партия комитетінің І хатшысы Елеу Көшербаевтің арнайы тапсырмасымен Тұрмағамбеттің 100 жылдығы республика деңгейінде атап өтуді ұйымдастырудағы еңбегі өзінше бір тарих.

Бір ауылдан, бір партия ұйымынан Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Компартиясының ХІҮ және СОКП-ның ХХҮІ съезіне депутат, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, қатардағы партком хатшысының тұңғыш рет жоғарғы партия съезіне депутат блып сайлануы Тұрсекең басқарған партия ұйымына үлкен абырой әкелген еді.

1982–1991 жылдар арасында Қазақстан Компартиясы Қармақшы аудандық комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, 1991 жылы маусым–желтоқсан айы аралығында партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, Қармақшы аудандық кеңесінің бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық ұйымдарымен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 1992–1994 жылдары аудан әкімінің алғаш ұйымдасқан ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі, 1994 жылы сәуір–қараша айы арасында агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы, 1995–1998 жылдары аудан әкімінің алғаш ұйымдасқан ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 1998–2005 жылдары аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2005 жылы зейнеткерліке шықса да ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. 2006 жылдан осы уақытқа дейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл саясаты жөніндегі бас маманы, соңғы кездері бөлімнің инспекторы болып абыройлы қызметтер атқарды. Тұрсекеңе қаншалықты жауапкершілік артылып, әр салада еңбек етсе де, сол саланы терең меңгерген маманы ретінде жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді.

Тұрсынбек Бекпанов осындай ерен еңбектерімен, адами қасиеттерімен ауыл, аудан халқының құрметіне бөленген азамат. Осы жылдардағы еңбектері жоғары бағаланып, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мемелекеттік наградаларымен, Қызылорда қаласының 190 жылдық ескерткіш медалімен, Қазақстан Республикасы Орталық Сайлау комиссиясының 2 мәрте Алғыс хатымен марапатталса, 5 рет ауылдық, 4 рет аудандық кеңестің депутаты, Қазақстан Компартиясының ХҮ съезіне депутат болып сайланды.

Зейнеткерлікке шыққанына қарамастан ауданның аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық өмірмен тығыз байланыста.

Ұлағатты отбасында 6 баланы тәрбиелеп өсіріп, олардың тәлім– тәрбиесі мен білім алуына ұйтқы болып, немере сүйіп отырған ардагер.


Нұртілеудің нұрлы жолы

Салықов Нұртілеу 1947 жылдың Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1954 жылы №29 мектепке қабылданып, оны 1965 жылы тәмамдады. Нұрекең өзінің еңбек жолын Ленин кеңшарында тракторист болып бастады. 1966–1968 жылдары Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың күндізгі бөлімінде оқып, одан әрі өндірістен қол үзбей жүріп, 1972 жылы физика–математика мамандығы бойынша бітірді. 1977 жылы Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып, жоғары партиялық білім алған. 1984– 1990 жылдары Қазақтың «Еңбек Қызыл Ту» ордені ауыл шаруашылығы институтына инженер–механик мамандығы бойынша бітірген, 1969 жылы №29 орта мектепте аға пионер тәлімгері, 1969–1970 жылдары Ленин совхозында спорт әдіскері, 1970 жылдан Қазақстан ЛКСМ Қармақшы аудандық комитетінің бөлім меңгершісі, ІІ хатшысы, 1973 жылдан І хатшы қызметтерін атқарды.

1979 жылы Халақ депутаттарының Қармақшы аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1991–1997 жылдары Чапаев атындағы ұжымшар төрағасы, 1997 жылы Қызылорда облыстық экология және биоқорлар басқармасында Байқоңыр кешені айлағындағы арнаулы өкілі қызметтерін атқарды. 2001 жылы Төретам, Ақай қыстағы округінің әкімі, 2005 жылы Қармақшы ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің меңгерушісі, 2008 жылы құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің жетекшісі қызметінде болды. 2011 жылдан аудан әкімінің кеңесшісі және аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметтерін атқарып келеді.

Аудан экономикасы мен мәдениетін дамытудағы басшылық жұмыстары, шаруашылық басқарған кездердегі ұйымдастырушылық қызметі, ауданның қоғамдық саяси өміріндегі белсенді еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 1987 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1996 жылы облыстық Мәслихаттың Құрмет грамотасымен, бірнеше рет атқарушы орындар мен қоғамдық ұйымдардың тарапынан Мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін журналистикамен айналысып, өзі қызмет еткен кездердегі бірге болған еңбек, қоғам қайраткерлері туралы кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде 2 томдық «Ғибратты ғұмыр» естелік кітабы жарық көріп, көпшіліктің қолдауына ие болды.

Аудандық ардагерлер кеңесі трағасы ретінде қарттарға қаморлық, олардың денсаулығына, демалуына, түрлі тақырыптарда бас қосуларына ұйытқы болып, ел рахметіне бөленіп жүрген азамат.

Көңілден кетпес азамат еді

Ауданымыздың белгілі азаматтарының бірі– Кажденбек Қалдашбаев 1948 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Қызылорда қаласындағы Ю.Гагарин атындағы лицей–интернатын бітірген соң Алматы ауыл шаруашылығы институтының агрономия бөліміне түсіп, оны 1970 жылы «ғалым–агроном» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1971–1987 жылдар арасында «Жаңақала» және «Жосалы» кеңшарында бас агроном, «Жосалы» кеңшарында партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарды. 1987–1996 жылдары қазіргі «Тұрмағамбет» серіктестігінің директоры қызметін атқарып, 1998–2001 жылдары №29 орта мектепте бас есепші, мұғалім, 2001 жылдан бастап жеке қожалық төрағасы болды.

Осы жылдар арасында ол Тұрмағамбет ауылының экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына сүбелі үлес қосып, нарық жағдайында өзінің ұйымдастыру қабілетін көрсете білді. Кажденбек ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ізденімпаз, жаңашыл басшы болды.

Шығында отырған шаруашылық рентабельді шаруашылыққа айналды. Ауылға су құбыры, типтік жобадағы мал қоралар, жем – шөп цехы мен ұн, күріш диірмендері іске қосылды. Ауылдағы 5 көшеге тас төселіп, тегістелініп, асфальтталынды. Ауылдың мәдениетін көтеру мен тәртіптің сақталуына басты назар аудару арқылы еңбекшілердің әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы көтерілді. Осы салалар бойынша бірнеше рет аудандық, облыстық семинарлар ұйымдастырылды.

Жыл сайын жеке тұрғындар үшін шаруашылық әдісімен 25 үй салынып, пайдалануға беріліп отырды. Облыста бірінші болып ауылда телехабар орталығын ашып, онда күнделікті ауыл, аудан жаңалықтары, саяси науқан кезінде арнаулы хабарлар, хабарландырулар т.б. хабарлар ұйымдастырылды.

Ол бірнеше шақырылған аудандық, ауылдық кеңестің депутаты, 4 партия конференциясының делегаты болып сайланды.

Елдегі нарық заңдылығын ендіру кезіндегі қиыншылықтарға қарамай ауылдың 60 жылдығын өткізіп, оған республикадан бері қарай сыйлы қонақтар шақырылды. Сыр сүлейлерінің атасы Ешнияз сал мен оның баласы Кете Жүсіптің қорымының жоғалып бара жатқандығын ескеріп, олардың бейіттерінің басына шаруашылық әдіспен күмбез тұрғызды.

2001 жылы ардақты азамат ауыр науқастан қайтыс болды.

Кәжденбек аға көнелікті әңгімелерді көп біліп, тамылжыта айта білетін, ойы ұтқыр, ақкөңіл азамат еді. Жолдасы Луиза екеуі 2 қыз, 3 ұл тәрбиелеп, өсіріп, олардың барлығына жоғары білім алып беріп, ата – ана парызын адалдықпен орындады. Қазір ұл, қыздары мамандықтарына сай қызмет жасап жатыр.

Өмірге азамат болып келіп, азамат болып кеткен азамат

Құланбаев Мұратбек Әнтайұлы 1946 жылы Тұрмағамбет ауылында, шаруа отбасында дүниеге келген. Ол Қармақшыдағы №26 мектепті бітіргеннен кейін Қазақ политехникалық институна түсіп, 1969 жылы «инженер–құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген.

1971 жылы әскери міндетін өтеп келгеннен кейін құрылыс саласында шебер, прораб болып қызмет етіп, кейін риссовхозстройға қарасты ПМК-18 мекемесінде бас инженер, Ленин шаруашылық серіктестігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1995 – 2000 жылдары Дауылкөл ауылдық округінің әкімі болды. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін «Тұрмағамбет» ЖШС директоры болып қызмет атқарды.

2003 – 2008 жылдары №1 Дауылкөл сайлау округі бойынша аудандық мәслихатқа депутат болды.

Мұрекең барды бар, жоқты жоқ деп айта алатын және кімге болса да шындықты бетке айтатын, ауданнан әкім келсе де ауылдың жағдайын, елдің мұңын бірінші болып айтатын, мәселе көтеретін, ойлаған ісін шешуші деңгейге дейін жеткізетін табандылығы зор еді. Сырт жақта бастық болу оңай, ал өзіңнің кілең туысқандарың мекендеп отырған ауылда басшылық тізгінін ұстау қиынның қиыны. Не мәселе болса да әділетті шешім қабылдау керек. Мүлік таласы кезінде шаруашылықтың басым бөлігін шашау шығармай ұстап отырған. Мұрекеңнің арқасында 2-ге бөлінген ауылды біріктіріп, ұйымшылдық деген ұлы күштің арқасында ауылды тығырықтан алып шықты. Сол біріккен шаруашылықтың қайтадан қалпына келтіруге барлық қайрат–қажырын жұмсады, экономикалық өсіп–өнуіне күш салды. Шешімін табуы қиын жұмыстарына қарсы батыл жұмыстар жүргізді. Күріш дақылының көлемін көбейтіп, шығымдылығы азайып кеткен күріштен бұрынғыдай мол өнім алуға жағдай жасады. Соның нәтижесінде «Тұрмағамбет» ЖШС-і аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрінді.

Мұратбек аға қай салада жұмыс жасаса да туған ауылынан жырақ кеткен емес. Өзінің жайын күйттеп кеткен жоқ. Жеке басына жағдай жасап алғысы келсе, дүние–мүліктің барлығы қолында тұрды, қалай бөліп аламын десе де, еркі бар еді, оның бірінде жасамады, елге болсын, елге болсын дегеннен өзге ештене тілеген жоқ. Ауылдың тойы болсын, томалағы болсын, қазасы мен азасының бәрінен қалмайтын, шамасы жеткенше көмектесетін.

2007 жылы «Тұрмағамбет» жылы деп аталып, оның аясында түрлі іс – шаралар өткізілді. Оған ағалық қолын созып, демеушілік жасап Мұратбек Құланбаев жүрді.

«Ақын атамыз 125 жасқа толып отыр. Бұл атаулы күнді ойда қаларлықтай етіп өткізбесек, ұрпағы ретінде бізге сын», - деп үнемі айтып жүретін. Бұл тойға ауылдан облыс орталығына 40 киіз үй апарып, тігілуі де ағаның еңбегі еді.

Ел құрметіне бөленген Мұратбек Құланбаев халық қалаулысы болып сайланып, Тұрмағамбет ауылында телефон нүктелерін көбейтуге, Тұрмағамбет ауылындағы көне су құбырларын толығымен жаңартуға, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, Алдашбай ахун ауылындағы жаңа жобада мектеп салуға ат салысты.

Мұрекең туралы ақын Запа Дәулетбаев:

«Көтеріп туған жердің керегесін,

Тұғырын мызғымастай шегелесін.

Сенімнің сансыз жүгін өзіңе арттық,

Жарасар «халық ұлы» деген есім», - деп жырлады.

Мешіт–халықты татулыққа, адамгершілікке, әділдікке, бір сенімге бастайтын орын болса, ауылды осы мешіт салу ісін қолға алып, жан– жақты сабылып жүріп, Ахметов Жетпісбайдай тағы басқа да демеушілер тауып, құлшылық ету орнын салды.

Еліне елеулі, халқына қалаулы, жаңалыққа жаны құмар, болашаққа зор сеніммен қарайтын ағаның еңбегі мемелекет тарапынан да ескеріліп кеудесіне «Құрмет белгісі» орденін тақты.

Әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек беруді үрдіске айналдырды. Көп балалы, әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген студент жастардың отбасына қаржылай, заттай көмектесіп отырды.

Ол туған ауылын, кіндік кескен жерін, жыршы мен жырауларын, термеші мен әншілерін, ақындардың асыл сөздерін, жайқалған күрішін, аянбай еңбек еткен еңбеккерлерін сыйлады, қастерледі, биік қойды.

Туған жердің төл перзенті ретінде халқы үшін аянбай еңбек еткен Мұратбек аға осындай жан болған еді.

Туған жердің тұғыры биік тұлғасы

Тұрмағамбет ауылының экономикасы мен мәдениетін дамытуда Болатбек Жайсаңбаев Раманқұлұлының елеулі еңбегі бар. Ол өзінің еңбек жолын 1966 жылы теміржол бойында жұмысшы болып бастады. 1968– 1970 жылдары әскери борышын өтеген соң, 1970–1975 жылдар аралығында Жамбыл қаласындағы институтты «гидротехник» мамандығы бойынша бітіріп шығып, Қызылорда «Союзгипрорис» институтында жобалаушы–инженер болып қызмет еткен. 1976 жылы аудандық партия комитетінің І хатшысы Елеу Көшербаевтың келісімімен Қармақшы ауданы, Ленин кеңшарына (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) бас гидротехник болып жұмысқа келеді. Оның жұмыста ысылып, тәжірибе жинақтауына сол кездегі кеңшардың білікті басшысы Жәнділда Бердімұратовтың үлкен көмегі тиді. Болатбек Раманқұлұлы ол кісіден еңбекті ұйымдастыруды, әділдікті, тәртіптілікті үйренді. Кеңшар ол кезде 2000 гектар күріш тағы басқа ауыл шаруашылық дақылдарын (жоңышқа, бидай, мақсары, овош-бақша) егетін. Оларға су жеткізу, егістікті орналастыру, суды үнемдеу, егістегі материалдық шығындарды азайту, каналдар бойынша суды реттеп беру ісінде Болатбек уақытпен санаспай еңбек етті. №3 егіс бригадасының ПВ-13-8В, №5 бригаданың ПВ-13-3Д ауыспалы егістік орналасқан каналдарына су жеткізуде ізденімпаздық танытып, насоспен су беру тоқтатылып, бәріне аяқ су баратын болды. Бас гидротехник болып жүргенде кеңшарда ММО отряды (механикаландырылған мелиоративтік отряд) құрылып, оған 3 эксковатор, 5 скрепер, 2 бульдозер бекітіліп, инженерлік жүйедегі жерді қайта тегістеп, каналдарды тазалап, жаңадан каналдар қазу жүзеге асырылды.

Жұмыс істей жүріп, Социалистік Еңбек Ері, Батыр Ана Сәлима Жұмабековадан, бригадирлер Әбен Тоғызбаев, Жаңбырбай Дәуітов, Байдан Тұрғановтардан егіншіліктің қыр–сырын үйренді.

1994 жылдары директордың орынбасары қызметін атқарса, 1995 жылдары Дауылкөл ауылдық округі әкімі болып тағайындалып, ауылдың әлеуметтік – мәдени жағдайын өркендетуге сүбелі үлесін қосты.

Өткен ғасырдың 90 жылдары нарықтың қатаң заңдылықтарына төтеп бере алмай, шаруашылықтың берекесі кете бастаған 1995–2002 жылдары Ленин шаруашылық серіктестігінің төрағасы болып сайланып, өзінің мол іс–тәжірибесін серіктестікті қиын жағдайдан алып шығуға жұмсады. Күріш егісінің көлемі сақталғанмен, бағасы арзан, жұмсалған шығын көп болып көптеген қиындық әкелді. Бірақ, елдің ауызбіршілігі арқасында шаруашылық қиындықтан шыға білді.

2002–2003 жылдары ШҚ «Бауыржанда» шебер, «Қазавтодорда» бас инженер, 2003–2004 жылдары Қызылорда облысы «Шапағат–Лимитед» ЖШС-нің бас гидротехнигі, 2004 жылдың шілде айынан осы кезге дейін «Қармақшысушаруашылығы» мекемесінің басқарушысы болып қызмет істеп келеді.

Қай салада жүрсе де, ол сол саланы толық игеріп, ізденімпаздықпен еңбек етті. Ұжым арасында беделді, абыройлы жолдасы, марқұм Алтын екеуі 4 бала тәрбиелеп, өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп отыр.

Акбар қажы Минвар Алдашбаев

ХІХ ғасырдың ортасында ескіше сауаттанып, мешіт ұстап, ел балаларын оқытып, кезінде Тұрмағамбет шайырдың алғашқы ұстазы болған Алдашбай ахунның немересі, имандылық пен палуандылықты, ақындықты қатар алып, елді имандылыққа тәрбиелеген, әкесінен ескіше сауатталған өте білімді Алдашбай баласы Асанның бел баласы Алдашбаев Минвар Асанұлы 7 маусым 1946 жылы Бұхара облысы, «Шәкіркен» ауданында дүниеге келген. Бастауыш мектептен білім алғаннан кейін, Минавар 1954 жылы «Көкелташ» діни мектебінде оқыды. 1958 жылы Қармақшы ауданына келіп, Карл-Маркс бөлімшесінде 8 сыныпты оқып бітіріп, Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумын «зоотехник» мамандығы бойынша бітіріп, Жалағаш ауданы, Аққыр кеңшарында зоотехник болып еңбек жолын бастайды. Өндірістен қол үзбей жүріп Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтының сыртқы оқу бөліміне түсіп, агроном мамандығы бойынша білім алды.

1972 жылы Ленин колхозына түбегейлі көшіп келіп, агроном болып қызмет істейді. 1993 жылы 47 жасында ата жолын қуып дін жолына түсіп, ауыл молдасы, 1997 жылдың 17 сәуірінен бастап Тұрмағамбет ауылында ашылған «Алдашбай ахун» атындағы мешітте бас имам болып қызмет істеп келеді. 2006 жылы желтоқсан айында қажылық сапарға барып, «Акбар» қажы атанып келді. 2007 жылы жаңадан 4680000 теңгеге шаруашылық әдіспен ауыл орталығынан мешіт салынып, қазіргі уақытта сол мешітте имам болып жұмыс жасап келеді. Алдашбаев Минвар діни сауатты, ауыл тұрғындарын имандылыққа бет бұрғызу, ислам дінін насихаттауда тынбай, ізденімпаздықпен жұмыс жасап келе жатырған иманды ақсақал ретінде елге арлы, абыройлы азамат ретінде танылуда.

Өскен жерін ұмытпайтын азамат

Төлебаев Қуаныш 1945 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, «Өркендеу» ауылында дүниеге келген. Орта мектепті 1961 жылы Қармақшы ауданының бұрынғы Ленин кеңшары, қазіргі Тұрмағамбет ауылындағы Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебін бітірген. Жамбыл гидромелиорация–құрылыс институтын, СОКП ОК жанынан қоғамдық ғылымдар академиясын аяқтаған. Инженер құрылысшы еңбек жолын Тереңөзек ауданының Қараөзек кеңшарында құрылыс шебері қызметінен бастаған. Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушылығынан ауданның су шаруашылығы және құрылыс мекемелерін басқарып, одан әрі Орал облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасының басшысына дейін көтерілді. Орал қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс жасап, Қазақстан Компартиясы Орал қалалық, Орал облыстық комитеттерінде хатшы, бөлім меңгерушісі қызметтерінде болған. 1991 жылы «Оралтұрмыстықкешені» облыстық коммерция–тұрмыстық қызметтер көрсететін кәсіпкерлер ассоциациясының басшысы болды. 1992-1996 жылдары Бөрлі ауданының тұңғыш әкімі қызметін атқарған. Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының жауапты хатшысы, қазіргі таңда төрағасының орынбасары болып жұмыс жасап келеді.

Дархан көңілді, ойлау кеңдігі, жоғары адамгершілігі қандай бір қызметте болмасын ақылға сыйымды. Оқытқан ұстаздарымен, бірге оқыған достарымен, мектебімен әркез тығыз байланыста келеді. Арада мектеп бітіргеніне 10, 20, 30 сияқты жылдардан кейін, уақыт бөліп оқыған

мектебіне достарымен қайта оралу бір сәтте есінен шықпаған. Үстіміздегі 50 жылдан кейінгі мектеп ішінде кездесудің де ұйытқысы да, достарының мақтанышы да өзі болып отыр.

Қуаныш аға өзінің түлеп ұшқан ауылын, мектебін еш уақытта жадынан шығармай әр уақыт елмен, сыныптастарымен тұрақты байланыста болып тұрады,

Абыройы биік азамат

Өзінің бар саналы ғұмырында ауданның құрылыс саласында елеулі еңбек атқарып, білімі мен біліктілігін ұштастыра отырып, адал еңбегімен абырой биігінен көрінген, абыройы биік ауыл ақсақалдарының бірі– Әбдіраман Тұрғанов. Әбдіраман 1944 жылы қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келіп, 1950–1960 жылдары №29 мектептен білім алады. 1960–1961 жылдары Жосалы қыстағындағы №149 селолық учелищеде оқып, «тракторист» мамандығын алған соң, 1961–1964 жылдары құрылыста жұмысшы болып істейді. 1964–1969 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтында «инженер–құрылысшы» мамандығы бойынша бітірді. Институттан кейін 1969–1971 жылдары Совет армиясы қатарында рота командирінің орынбасары болып офицерлік мамандығын алып шығады. Одан кейінгі еңбек жолы тікелей құрылыс саласында жалғасады. 1971 –1978 жылдары Жосалы қыстағындағы №30 жылжымалы мехколоннада шебер, прораб, учаске бастығы, 1978–1982 жылдары колхозаралық құрылыс мекемесінің бастығы, 1982–1986 жылдары құрылыс мекемесінде аға инженер, прораб, 1982–2002 жылдары аудандық архтектор болып қызмет атқарып, аудан орталығы мен елді-мекендердегі құрылыс ғимараттарында қол таңбасын қалдырды.

2002–2006 жылға дейінгі мерзімде ауданның мұрағат мекемесінің директоры қызметін атқарып, құрметті зейнеткерлік демалысына шықты.

Әбекең қай салада жүрсе де сол саланы жетік меңгеріп, еңбекқорлығы арқылы бар күш–қуатын, білімін сол саланы көтеруге жұмсады. Қазір зейнет демалысында болса да, елдің, ағайын–туыстың ауызбіршілігін сақтап, көпшілікке лайықты аға болып келеді. Барлық ағайынның тойы, қуаныш–ренішінің басында болып, қолынан келген көмегін, ақыл– кеңесін беріп отыратын ел ағасы Әбекеңнің еңбек жолы, өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлкен мектеп болуда десек қателеспейміз.

Ұзақ жылғы еңбегі, жеткен жетістіктері үшін «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қызылорда облысына 70 жыл» медальдарымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамтасымен, бірнеше рет облыс және аудан әкімдігінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Отбасында 4 бала тәрбиелеп, ұл, қыздары, немерелерінің қызығын көріп отыр.

Қашан да халық–көреген, халық–сыншы. Халық берген марапат, халық құрметі ең бағалы сыйлық деп түсінсек, Әбекең осындай халық құрметіне бөленген абыройлы азамат. Осы бағытыңыздан таймай, бар қызықшылықты еліңізбен, халқыңызбен бөлісіп көре беріңіз дейміз.

Үлгілі отбасы

Тұрмаханов Әділбек 1944 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келіп, 1951–1961 жылдар аралығында ауылдағы Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектепті бітірді. Ол өзінің алғашқы ңбек жолын шаруашылықта күріш егуден бастады. Содан соң Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Эстонияның Коктла–Ярве қаласында азаматтық борышын абыроймен атқарып, Ұлы Жеңістің 20 жылдығына байланысты «Жеңіске 20 жыл» медалімен мараптатталды, Әскери қызметте жүргенде суретімен Әдекең туралы мақала Ленинград әскери округінің газетіне шыққан. Әскери борышын өтеп келген Әдекең диқаншылық кетпенін қолына алды. 1981 жылы «Су суарудың шебері» атағына ие болды. 1984 жылы Москва қаласындағы ВДНХ халық шаруашылық жетістіктерінің көрмесіне қатысып, көрменің күміс медалін кеудесіне тақты. Аудан Құрмет тақтасында 7 жыл бойы «Озат күрішші» ретінде суреті ілініп тұрды. Күріш егудегі үлкен жетістіктері үшін 1988 жылы ВДНХ-ның «Москвич» автокөлігін сыйға алды. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапаталды.

Әділбек Тұрмаханов өзінің жары Күлдарай Үмбетбаева екеуі 4 бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардын 15 немере, 1 шөбере сүйіп отырған ардақты ата, аяулы әже.

Күлдарай Үмбетбаева Тұрмағамбет ауылның тумасы. 11 жылдық мектепті аяқтағаннан кейін, 1965 жылы Қазалы ауылшаруашылық техникумына түсіп, 1967 жылы «есепші» деген мамандық алып шығады. Еңбек жолын Жаңақала кеңшарынан бастап, Ленин атындағы кеңшардың түрлі салаларында есепші болып қызмет етті.

Күлдарай апайдың еңбегін бағалаған кеңшар дирекциясы оны 1990 жылы бас есепшінің орынбасары етіп жоғарылатты. Осы қызметті ол абыроймен атқарып, 1997 жылы зейнеткерлікке шықты. Бірақ, ол кісінің бергенінен берері көп екенін ескерген шаруашылық басшылығы жұмысқа қалдырып, келісім–шарт арқылы бас есепші қызметін атқарды. Күлдарай апай өзі еңбек еткен 34 жыл ішінде қаншама жас мамандарды тәрбиелеп шығарды. Білікті маман тәрбиелеген шәкірттері Әлібаев Жолдасбек, Баймұрзаева Мағираш, Ахметова Алтынкүл, Рахатов Мұратбай тағы басқалар облыста, ауылда жемісті еңбек етіп жүр.

Адам ғайбат сөз айтпаса, халықтың батасын алса, көпшіл, қонақжай, халықшыл болса, ала жіпті аттамаса, аянбай халқы үшін еңбек етсе қартаймайды екен. Әдекең мен Күлдарай апай бүгінде туған ауылының өсіп–өркендеуіне, ауылда атқарылып жатқан игілікті істерге қуанып, тілекші болып отырады. Осы отбасының амандығын тілеп, ортамызда жарқырап жүре бергенін қалаудан басқа сөзіміз жоқ.

Білікті экономист Абылов Қызбала

1947 жылы Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында туған. Әкесі Сатанұлы Кенжалы және анасы Тұрсын Қармақшы ауданының Ақжар ауылында туып–өсіп, ауыл шаруашылығының түрлі салаларында еңбек еткен еді. Қызбала Кенжалыұлы 1964 жылы Ақжар ауылындағы орта мектепті бітіріп, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «ауыл шаруашылығының экономикасы және ұйымдастыру» факультетіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы «экономист» мамандығын алып шықты. Институт бітіргеннен кейін 1969–1983 жылдары Тереңөзек, Қармақшы аудандарының шаруашылықтарында бас экономист болып қызмет атқарды. Оның ішінде, 1978–1983 жылдары «Тұрмағамбет» ЖШС бас экономист болып қызмет етіп, шаруашылықтың экономикасын дамытуға елеулі үлес қосты. Бригадалық әдіс, түпкі нәтиже бойынша еңбекақы төлеу әдістерін енгізіп, бұл әдістер өзінің тиімділігін көрсеткен еді.

Абылов Қызбала өзінің білімі мен біліктілігі, ізденімпаздығы, қажырлы еңбегі нәтижесінде СССР Халықтық Бақылау Комитетінің, өнертапқыштар мен рационализаторлар қоғамы Бүкілодақтық кеңесінің, СССР Ауылшаруашылығы министрлігінің, Қазақстан Компартиясы Қызылорда облыстық комитеті мен Халық депутаттары облыстық советі атқару комитетінің Құрмет грамоталарымен наградталды, «Қызылорда облысының үздік экономисті» атағы берілді. 2006 жылдан бастап Алматы қаласындағы Мегахолдингте бас есепші болып қызмет атқарып, 2010 жылы осы мекемеден құрметті еңбек демалысына шықты.

Жұбайы Ташимова Базаркүл екеуі 6 бала тәрбиелеп, өсірді, балалары еліміздің халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек етуде.

Сақалов Жәнібек Зібайраұлы

Қасиетті Тұрмағамбет ауылы қашанда ақын– жырауларымен, ер тұлғалы батырларымен, инабатты, ізетті халқымен, азаматтарымен танылған өлке. Сондай азаматтардың бірі Сақалов Жәнібек Зібайраұлы десек жаңылыспаймыз. Жәнібек ақсақал 1944 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келді. Осы ауыл орталығындағы №29 орта мектепті 1961 жылы бітіріп шығады.

Өзінің еңбек жолын 1961–1963 жылдары туған аулында токарь болып бастайды. 1964–1967 жылдары аралығында Кеңес әскері қатарында болып, 1968– 1970 жылдар аралығында Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында оқып, «техник–механик» мамандығы бойынша бітіреді.

Сол жылдардан бастап 2007 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін ол өз күш жігерін туған ауылының экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеру үшін жұмсады.

Осы аралықта кеңшардың күріш бригадасының механигі, шеберхана, автогараж меңгерушісі, директордың орынбасарлығы қызметтерін абыроймен атқарды.

1983 жылы Жәнібектің іскерлігін, жоғары жауапкешілігі мен ұйымдастыру қабілетін байқаған сол кездегі кеңшар директоры Жанділда Бердімұратов пен партком хатшысы Тұрсынбек Бекпанов шақырып алып, кеңшарды артқа тартып, еңбек ұйымдастыруда берекесіздікке жол берген №3 егіс бригадасына бригадир болып баруға ұсыныс жасайды.

Жәкеңе дейін бригаданың моральдық–психологиялық ахуалы нашарлап, бейберекеттік орын алуы себепті, барлық жағдай бола тұра күріштің әр гектарынан 29–35 центнерден ғана өнім алып келді. Сушылар мен механизаторлардың еңбекке ынтасы төмендеп, тәртіп осалдаған кезі еді.

Жаңа бригадир бірінші мәселе етіп тәртіпті, жауапкершілікті күшейтуді қолға алды, қатаң талаптар қоя бастады.

Өзінің тынымсыз еңбегі, ізденісі, ұйымдастыру қабілеті арқылы жұмысты жолға қойып, сол жылы бригада бойынша гектарына 53 центнерден өнім жинады. Жұмысшы–механизаторлардың еңбек ақысы өсіп, қосымша еңбекақы алу деңгейіне көтерілді.

«Үбіс» каналының бойына орналасқан бригаданың инженерлік жүйеге келтірген егіс көлемі өте аз болып, ауыспалы егісті игеру мүмкіндігі болмай келген. Осыны есепке алып, канал бойынан су баратын жерлерден әр жылды кемі 30-40 гектар жаңа тың жерлерді игеруді жүзеге асырды.

Бригада бойынша егілген қарақұмық дақылынан гектарына 33 центнерден өнім жинап, іс–тәжірибесін облыста машина сынау станциясында өткен облыстық семинарда облысқа таратты.

Сонымен бірге бригада мүшелеріне өздерін көкөніс бақшамен қамтамасыз етулері үшін егіс маңынан бақшалық жер дайындап, жерлерін айдап, қарықтап, су жеткізіп беруі арқылы олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына ықпал етті. Дала қосын жұмысшылардың екінші үйі жағдайына жеткізіп, ауылда бірінші болып дала қосынан монша салып, тамақ үшін көкөніс бақша дақылдарын егіп, өздерін – өздері қамтамасыз етуді жүзеге асырды.

Сөйтіп, бригада аз жылдың ішінде алдыңғы қатарлы бригадалар қатарына көтерілді.

Жәнібек Сақалов кеңшар экономикасын көтеруге ерекше еңбегі сіңген ауыл ауыл шаруашылығының жетік меңгерген, ауданға танымал маманы болды.

Ауданда «Чемпион бригада механигі» атағының тұңғыш иегері ретінде суреті «Аудан чемпиондары» фотогалериясына ілінді.

2007 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де елді, жас ұрпақты ұлттық имандылыққа тәрбиелеуге зор көңіл бөліп отырған ұлағатты ардагер.

Отбасында 3 ұл, 4 қыз өсіріп, тәрбиелеп, олардан тараған немерелері арасында әулетті шаңырақтың керегелерін кеңітіп, тату–тәтті өмір сүріп келе жатқан отбасы басшысы.

Бақша өндірісінің білгір маманы

Тоғызбаев Марқабат 1944 жылы Дауылкөл ауылдық кеңесіне қарасты Ленин кеңшарында, қазіргі Тұрмағамбет ауылында туған. Бастауыш мектепті Ленин кеңшарындағы К.Е.Ворошилов атындағы №29 мектепте бастап, 1961 жылы бітіріп шықты. Еңбек жолын ол мектеп бітіргеннен кейін Ленин атындағы кеңшардың құрылыс саласында жұмысшы болудан бастаған. 1961–1962 жылдары шаруашылық жолдамасымен аудандағы №149 кәсіптік техникалық училищеде оқып, оны «механизатор–тракторист» мамандығы бойынша бітірген. Оқи жүре кешкі автокөлік жүргізу мектебіне қабылданып, автокөлік жүргізуші мамандығын алды. 1962–1964 жылдары шаруашылықта автокөлік жүргізуші болып жұмыс жасаған. 1964–1967 жылдары отан алдындағы борышын алғаш Ленинград әскери округінде өтеген. Бұл жерде білікті механизатор-тракторист маманы екендігі ескеріліп арнайы әскери истребитель самолеттерінің механигін даярлайтын жоғарғы курсқа оқуға жіберіліп, 1965 жылы ІІ класты радиомеханигі мамандығын алып шыққан. Білікті маман ретінде Эстон ССР-нің астанасы Рига қаласына әскери қызметін жалғастыруға жіберіледі. Біліктілігін жетілдіре отырып класты, одан кейін І класты әскери радист маманы деген категория алады. Әскери борышын өтеудегі үздік қызметі ескеріліп, 1965 жылы Ұлы Отан соғысындағы «Жеңістің 40 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.

1968–1971 жылдары шаруашылықта автокөлік жүргізушісі болған. 1971–1974 жылдары шаруашылықтың жолдамасымен Қызылорда ауыл шаруашылық техникумында оқып техник – механик мамандығын алған. 1974–1976 жылдары жүгері бригадасының, 1985 жылдан 2007 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін бақша бригадасының бригадирі қызметін атқарған.

Шаруашылықтағы 46 жыл көлемінде атқарған еселі еңбегі жоғары атқарушы орындар, қоғамдық ұйымдар тарапынан Мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен бірнеше рет марапатталды. 1994 жылы «Ауданның чемпион бригадирі» атағын алып, бағалы сыйлық берілген.

Жұбайы «Алтын алқа» иесі Дүриякүл екеуі 7 бала, бірнеше немере тәрбиелеген, ұрпақтарын оқытып, қоғамдық өмірге белсене араласуға тәрбиелей білген ұлағатты отбасы жетекшісі болып, ағайын–туыстар ортасында бақытты өмір кешуде.

Романов Сайлау

Романов Сайлау 1945 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1962 жылы онжылдық мектепті бітіріп, жүргізушілер дайындайтын курстан «жүргізуші» мамандығын алады. Еңбек жолын шофер, кейін механизатор болып бастады. Білікті механизатордың еңбегі еленіп, 1978 жылы №4 бригадаға бригадир–механик болып қызметі көтерілді. Бұл бригадада ол кезде ауданның алдыңғы қатарлы бригадирі Жаңбыр Дәуітов, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, Еңбек Ері атақты диқан Сәлима Жұмабекова еңбек ететін. Тәртіп те, жауапкершілік те жоғары болды. Сәкеңнің еңбегі жанып, еңбекқорлығы еленіп, 1987 жылы мамыр айында осы бригадаға бригадир етіп бекітілді. Сайлау тәлімгер ұстазы Жаңбырбай Дәуітовтың күріш өсірудегі іс–тәжірибесін кеңінен пайдалана білді. Жас күріш өсірушілер тәрбиеледі. Оның тәрбиелеген шәкірттері Т.Мұсаев, Т.Романов, Е. Мыңжасаровтар серіктестіктің, ауданның, облыстың алдыңғы қатарлы сушылары болып есептелді. Механизатор Ж.Байсүгіров, кешеге дейін астық бастырудан алдына жан салмаса, бүгінде Бозтай Төлеуов астық бастырудың майталманы. Сәкең бригада мүшелерімен жұмыс жасауда үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді. Басқа бригадаларда 40-тан астам механизатор–сушы болса, бұл бригадада 30-ға жетер–жетпес жұмысшылармен 400 гектардан астам күріш егіп жүрді. 1 танапты түгелімен 60 не 80 гектар тегістелген жерді бір сушыға тапсырып, оның мол өнім алуына ықпал ете білді.

Сәкеңнің көңілге түйгені мол, көзбен көргені де көп. Бір шаңырақтың ақылды басшысы болды. Оның өмір жолы кейінгі жастарға үлгі. Сондықтан да оны ауылдастары ерекше құрмет тұтады, сыйлайды.

2012 жылы ауыр науқастан өмірден озды.

Алмағанбет Серік

Алмағанбет Серік 1946 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниге келген. Осында орта мектепті бітіріп, еңбек жолын тракторист болып бастайды. 1990 жылға дейін шаруашылықтың түрлі салаларында аянбай еңбек еткен. 1990 жылы көмекші бригадир болып жоғарылатылды. Кеңес дәуірінде қосалқы бөлшектер көп болып, кішкентпай жері бұзылса, лақтырып тастап, жаңадан салынатын ды. Содан тоқырау заманы келіп, барлық затқа тапшылық болды. Сол кезде Сәкең айтқан «Көненің тыңы Сәкең жер тепсе, қосалқы бөлшектер шығады» деген ел ауызында сөз бар. Ол былай екен. Сәкең механик болып тұрған тұста, жарамай қалған қосалқы бөлшектерді жинай берген. Кейін осы заттарды «Көненің тыңы» деп әкеліп, салдырып, техникаларды жүргізген. Білікті маман 1996 жылы шаруашылықта артта қалған №4 егіс бригадасына бригадир етіп жіберілді. Сәкең келгеннен бастап бұл бригадада тәртіп орнап, техникалары жүріп, күріштен, жоңышқадан жақсы өнім ала бастады. Қазір бұл бригада серіктестіктің озат бригадасы болып есептеледі.

1998–2002 жылдар аралығында техника қауіпсіздігі инженері, механикаландырылған мелиоративтік топтың бастығы қызметтерін атқарды.

2006 жылы шаруашылық техникаларының егіс егуге, оруға дайындықтары нашарлап, Сәкеңнің іскер маман екендігін білетін серіктестік дирекциясы оны машина–трактор жөндеу шеберханасының меңгерушілігіне шақырылып алды. Құрметті еңбек демалысына шыққанша осы жұмыстарды абыроймен атқарды.

Сәкеңнің Отан алдындағы ерен еңбегі әр уақытта да ескеріліп, марапатталып отырды.

1971,1972,1973,1974 жылдары Қазақ Республикалық советң Кәсіподақтарының грамоталарымен, 1979,1981,1987,1988,1989 жылдары «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

1972 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктерінің көрмесінің қола медалін алды. Осы жылы желтоқсанда СССР Жоғары советінінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл Сәкеңнің лайықты еңбегінің жемісі еді.

Комсомолдық жолдамалармен Германияда, Кеңес Одағының батыр қалаларында болды. Қазір жұбайы Бибігүлмен бірге 3 ұл, 1 қыз өсіріп, немерелерін сүйіп, ауылдың мақтан тұтар, өнеге алар қадірменді ардагері болып отыр.

Бисенбай - рухы биік азамат еді

Кез келген адамның қолынан келе бермейтін азаматтық, мәрттік туралы айтқанда Тұрмағамбет ауылының екі азаматына айрықша тоқталу керек. Оның бірі ағайынды Рахатовтар болса, бірі ағайынды Ерназаровтар еді. Ағайынды Рахатовтар туралы Нұртілеу Салықовтың «Ғибратты ғұмыр» кітабында жан–жақты тоқталған. Ал, ағайынды Дәуіт, Зауыт Ерназаровтардың да, олардың ұрпақтарының да өмір жолдары, еңбек жолдары ағайын – туыс, жас ұрпаққа үлгі–өнеге болатыны сөзсіз. Ұлы Отан соғысы кезінде ағасы Зауыт соғысқа алынған, інісі Дәуіт малшы ретінде бронмен елде қалады. Соғыстан жараланып Зауыт елге келгенде інісі үйленген, екі баласы бар және соғысқа кетуге шақыру қағазы келген екен. Зауыт ақсақал «Мен келін мен екі балаңды баға алмаспын» деп қайтадан соғысқа Дәуіт болып аттанып, 1946 жылы аман–сау елге оралады. Бұл мәрттікті ағайын–туыс әлі күнге аңыз қылып айтып келеді. Соғыстан келген соң Зауыт әкесі шопан болып еңбек істеп, ел құрметіне бөленіп, үйленіп, 4 баласы болады. Үлкені Бисенбай, Нәбира, Нұралбек, Жұмагүлдер дүниеге келді.

Бисенбай аға 1947 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келіп, 1964 жылы 8 жылдық біліммен Қазалы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, оны «ветеринар» мамандығы бойынша бітіріп шыққан бойдан бұрынғы Ленин кеңшарына (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) мал дәрігері, ферма бригадирі болып жемісті қызмет атқарды. Ол ферма меңгерушісі болған кезде мал өнімдерін өндірумен, оның сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп, Жанай, Күнай, Серіккүл, Ұлжан өзінің жолдасы Шәмсиялар сияқты сауыншылар ауданда әр сиырдан айына 4000 литрден сүт сауудың бастамашылары болды.

Мал тұқымын асылдандыруға бетбұрыс жасалып, Ресейден ет, сүт бағытындағы сиырлар әкелініп, күтімге алынды. Шаруашылық әдіспен жаңа типті сиыр қорасы салынып, мал саууды механикаландыру ісі жүзеге асты.

Сөйтіп, бұрыннан артта қалып келе жатырған шаруашылықтың алдыңғы қатарға шығуына Бисенбай өлшеусіз үлес қосты.

2000 жылдардың басында оның балалары Алматы қаласына қоныс аударуына байланысты ол отбасымен сонда көшкен болатын.

2009 жылы Алматы қаласында қайтыс болып, оны ұрпақтары елге әке –шешесінің қасына әкеліп жерледі.

Бисенбай аңқылдаған ақкөңіл, көпшіл азамат еді. Оның анекдотқа бергісіз әңгімелері де ел арасында жүр.

Бірде өзімен қызметтес Бижан ағасына: «Мен шашымды алдырып, имандылық жолға түскім келеді» деп ағынан жарылса керек. Сонда ағасы: «Әй, Бисенжан өзің ақкөңіл, отырыстың сәнісің, бір өлең айтқаннан уәдеңді бұзып аласың ғой» деген екен.

Жаз айларында ферма жайлауға көшеді. Сондай бір жазда кешкілік малшылардан айлық есеп жинауға мотоциклмен жолға шығады. Ферма жолындағы биік төбе басындағы бейітке келген кезде мотоцикл бұзылып, оны жүргізе алмай Бисенбайдың сол жерге қонуына тура келеді. Күн шыға біреу келер деп күтіп отырып, қағаздарын қарап отырса, ертемен Айдархан деген бақташы солай қарай мал қарап, сауын сиырларын жинауға келе жатса, бейіт жанында біреу отыр. Айдекең бұл шайтан шығар деп атымен кейін қарай қашса, бұл «Аға, мен Бисенбай ғой» деп ағайласа да, қайтадан ауылына шауып кетеді.

Сол күні ол түске таман фермаға зорға жеткен екен деседі.

Алматыға көшкеннен соң Бисенбай аға үнемі туыстарымен, құрдастарымен хабарласып тұрды. Елге деген сағынышын өлеңмен жазып жіберетін.

Сондай бір сағыныштан туған құрдастарына арнаған өлеңін осы кезекте естелікке енгізіп отырмыз.

Бірге жүрген достарға

2004 жыл 19 маусым Көктөбе

Адам боп туып – өскен қайран елім,

Ойымнан шықпай жүр ғой асқар белім.

Сендерді ойлауменен құрдастарым,

Ойымды жеткізейін бітпей демім.

Сұлтанбек пен Оразкүл,

Тай құлындай тебіскен.

Өкпелесіп қалсақ та,

Бір күн өтпей келіскен.

Алмабек пен Балғанша қалайсыңдар,

Сендерде өткен күнді ойлайсыңдар.

Түсімде күнде көрем өздеріңді,

Алдымда құшақ жайып тұрасыңдар.

Ұлықпан, Тәттігүлім бауырларым,

Аман ба туған – туыс, ауылдарың.

Әрқашан денсаулықта жүріңдер деп,

Сәлемін жазды арнап бауырларың.

Тоғанас, Ақұлжаным інілерім,

Сендерді ешкімге де теңемедім.

Сау болып әрқашанда амандықта,

Қызығын көріңдерші немеренің.

Серіккүл ақылды қыз кластасым,

Білемін саған ешкім жете алмасын.

Кей кезде жігіттей бір мінезің бар,

Жігіттер сөзден ұтып кете алмайтын.

Рыскүл сенің өзің бір төбесің,

Көз алдыма күлімдеп көп келесің.

Жүріңдер аман – есен сол қалпыңмен,

Біздерге көрген сайын дем бересің.

Сұлу қыз кластағы Гүлдарахан,

Қозады сен дегенде менің арқам.

Сайлаудай ағамызға бақ сыйлаған,

Қара көз Гүлдарахан сенің арқаң.

Аяулы досым менің – Төлепберген,

Құдайым отбасында есеп берген.

Алланың кім көнбейді салғанына,

Құдайым ғұмыр берсін қалғанына.

Қадірлі досым – Әбу, Бағдагүлім,

Тұрушы едік қол ұстасып шалқып бұрын.

Жүріңдер қол ұстасып аман болып,

Қызықты думанменен өтсін күнің.

Болат пен ақ Алтыным жақын досым,

Басыңа ырыс – дәулет қатар қонсын.

Жүрейік әрқашанда аман болып,

Балаларың ұлағатты адам болсын.

Ақ халатты Сайдағали – Күлайша,

Жас шағымыз өтті деме қалайша.

Сендерді ойлап отырамын мен күнде,

Сол бір күндерді ұмытамыз қалайша.

Достарым сендер менің ойлағаным,

Жазсам деп қыл қаламды қолға аламын.

Келіспеген жер болса кешіріңдер,

Осы еді шын жүректен арнағаным.

Көшербай Дәулетбаев

Қазақ еліне, Қазақстан халқына өмір бойы білімі мен білігін, таланты мен талабын қатар қойып, еңбегін арнап келе жатқан парасатты ағаларымыз аз емес. Солардың–бірі Көшербай Дәулетбаев. Көшербай бұрынғы Алматы қаласындағы зоотехникалық–мал дәрігерлік, қазіргі аграрлық университеттің түлегі. Мектепті бітірген соң, 2–3 жыл өндірісте жұмыс істеп, өмір мектебінен сабақ алды. Сөйте жүріп, жоғары білім алуды да естен шығармады. Ақыры, «Іздеген жетер мұратқа» деп алдына биік мақсат қойып, таудай талаппен Алматыға келеді. Сыннан сүрінбей өтіп, мал дәрігерлік факультетке оқуға түседі. Ол оқуды жақсы оқып, үлгі танытумен бірге қоғамдық жқмыстарға да белсене араласты. Институтты ойдағыдай тәмамдаған Көшербай теориялық аяқтаған білімін тәжірибемен ұштастыру үшін бірден өндіріске бет бұрды. Сондағы алғашқы қызмет орны шекарадағы мал дәрігерлік бақылау кедені мекемесі еді. Онда біраз жыл еңбек етіп, оң–солын айқын таныған азамат Алматы қаласының бас мал дәрігерлігіне ауысады. Қай жұмыста да өзінің іскерлігімен көзге түскен Көшербай кейін Қаржы министрлігінің шаруашылық басқармасының бастығына жоғарылатылады.

Көшербайдың жақсы оқуына, үлкен азамат болып өсуіне өте жағымды, сыпайы, алғашқы жоғары оқу орнын бітірген Зайыр деген ағасының жары Жұпар Махмутова болды. Жұпар апайдың сыпайылығы сондай 4 жыл бойы Көшекеңнің тегін айтпай Ел көшті деп кеткен екен.

Көшербай аға кезінде З.Нұрқаділов, А.Асқаров, А.Құлыбаев, К.Аухадиев сияқты заманның бір туар азаматтарымен жұмыс жасады, солардын халыққа қызмет етуді үйренді.

«Ұлық болсаң, кішік бол»–деп Көшекеңнен өзгелерден бір ерекшелігін атап айтар болсақ, ол әркез кеуделемей, кең пейілімен ағаның алдын қиып өтпей, ініге иығын көтермей, барға тасып, жоққа жасымай, қарапайым да кішіпейіл жүретіндігі. Мұндай қасиетті тәңірім екінің бірінің басына бермеген ғой. Соның тағы бір дәлелі, оның туған жерге, өскен елге деген балалық парызын адал өтеуінде жатыр. Қызылорда аймағына, оның ішінде Қазалы, Қармақшы аудандарында тұратын ел– жұртынан қол үзбей, әркез қарым–қатынас жасап, мұң – мұқтажына құлақ асып, көмек көрсетіп отыруы, кімге болса да өнеге болары хақ. Қызметі бар, қаржысы жетерлік ұлтымыздың әрбір ұл – қызы Көшекең секілді туған ауылына ат басын бұрып отырса, қиындық қыр асып, ауырлық алыста қалатыны күмәнсіз.

К.Дәулетбаевтың үлкен қуанышы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» атағы берілуі болды. Бұл оның бүкіл саналы өміріне берілген баға еді.

Көшербай аға оқу бітіріп, оңы мен солын танып, жұмыс істей бастағаннан кейін, өзінің туған ауыл түлектерін Алматы қаласында оқып, білім алуына үлкен жанашыр боды. Өзі пәтерде тұрып, оларды пәтерлеріне жатқызуы үлкен адами қасиет емес пе? Көшекеңнің тәрбиесін алған Р.Жүсіпбекова, С.Рахметова, М.Тайнаева, М.Ерекешов, С.Дәуітов, Ш.Шүкірбаева тағы басқа шәкірттері қазір әр салада жемісті еңбек етуде, олар ағаның еңбегін ұмытпақ емес.

Осындай ауылымыздан шыққан егеменді еліміздің өсіп – өркендеуіне үлес қосып жүрген ағаларымыз әркез аманшылықта болсын!

Жетпісбай Ахметұлы Ахметов

Жетпісбай Ахметов 1949 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Осы ауылда орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны 1972 жылы бітіріп, Әскери Қарулы күштер қатарында офицерлік қызметке аттанды. Әскери қызметін Тынық мұхиты әскери – теңіз флотында бастап, Балтық теңізі флотында жалғастырып, ұзақ жылдар бойы Отан қорғау шебінің алдыңғы сапында болды. 1986 жылы Мәскеу қаласындағы Әскери академияны бітірді. Әскери қызметті лейтенант шебінде бастап, полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Әскери қызметті бітіргенне кейін Қазақстан Үкіметінің шақыртуымен елге оралды. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінде бас басқарма бастығының орынбасары, Ветеринария комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір Республикалық дәрежедегі құрметті еңбек демалысында. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған.

Ұзақ жылдар шет жерлерде әскери қызметтің ауырлығын бірге бөліскен жұбайы Жанаткүл бүгінде немерелерінің сүйікті де сүйкімді әжесі. Балаларының үлкені Жанна тұрмыста, үйелмелі–сүйелмелі Томирис, Нағима атты бүлдіршіндері бар, Қаржы министрлігінде басқарма бастығы қызметінде. Екінші қызы Аида тұрмыста. Ерхан атты немересі мектеп табалдырығын аттады. Аида «ҚазМұнайГаз» компаниясында сапа менеджері болып қызмет атқарады.

Шаңырақ иесі Серік Мәскеудің Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің экономика факультетін 2005 жылы «Алтын белгімен» бітіріп, кейін осы университеттің магистратурасында білім алды. Елжанды азамат, туған жердің тынысына әрдайым құлағы түрік жүреді. Серік Жетпісбайұлы бүгінде Ақтау қаласында мұнай компаниясында басшылық қызмет атқарады. Отбасында Әлихан, Жәния атты немелері өсіп келеді.

Жетпісбай Ахметұлы бүгінде ел мұраларының жарыққа шығуына қолдау көрсетіп, өзінің ұлттық мұраға, ақын–жыраулардың еңбегіне деген ықыласын танытып отыр. Соның нәтижесінде ХІХ – ХХ ғасырларда өмір сүрген Әлібек ақынның еңбегі жарық көрді.

Жетпісбай Ахметұлы туған ағасы Рүстемнің шығармаларын жарыққа шығаруда тыңғылықты істер атқарды. Тіпті кітаптың аты мен мазмұнына дейін араласты деуге болар.

Ресейде, Астанада жауапты қызметтер атқарып жүрсе де, туған жерімен байланысы үзілген емес. Қолынан келгенше ағайын– туыстарына, достарына көмек көрсеткісі келіп тұрады.

Бүгінде қарттыққа бой түзеген Жетпісбай Ахметұлы Қармақшы ауданынан шыққан 4-5 полковниктің бірі ғана емес, әскерде шыңдалған нағыз әскери полковник. Оның азаматтығын таныған ақындар Жетпісбайға өз жырларын арнап, өлеңдер шығарды.

Ағайынға, бауырға, дос–жолдасқа деген қарым–қатынас өнегесінің үлгісі Жетпісбайдай болсын дейміз.

Батыр баласы Бағбан

Бағбан ауданымыздағы Ұлы Отан соғысынан омырауына «Кеңес Одағының Батыры орденін таққан жалғыз жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаевтың бел баласы.

Бағбан өзінің құрдастары сияқты ауылдағы №29 орта мектепті тәмамдаған соң туған ауылындағы шаруашылықта бір жыл жұмысшы болып еңбек етті. Содан соң әскери борышын өтеп келіп, Алматы қаласындағы мемлекеттік университеттің “құқықтану” факультетіне түседі.Жоғары оқу орнында жүріп-ақ Бағбан қоғамдық жұмыстарға, яғни комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқара жүріп университеттегі жастар саясаты істеріне белсене араласты, Чернобльдегі АЭС апатын жоюға ат салысты, осы жұмыстардағы белсенділігі үшін Беларуссия мен Қазақстан ЛКСМ-нің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жоғары оқу орнын бітірген соң Бағбан еңбек жолын 1989 – 1990 жылдары Алматы қаласындағы Октябрь аудандық прокуратурасында стажер, тергеуші, аға тергеуші қызметтерімен бастаса, кейін, яғни 1990 – 1992 жылдар аралығында ол Калинин аудандық прокурорының көмекшісі, жалпы қадағалау бөлімінің прокуроры, содан кейінгі жылдары Алматы қалалық прокуратурасының қылмыстық істер мен соттық актілердің заңдылықтарын қадағалау бөлімінің прокуроры қызметін, 1993–1997 жылдары Алматы қаласының Москва, Әуезов аудандары прокурорының орынбасары, 1997–2001 жылдары аралығында Алматы қаласы прокуратурасының бөлім бастығы қызметтерін атқарса, 2001–2009 жылдар арасында Қарағанды және Қызылорда облыстары мен Алматы қаласы прокурорларының орынбасары қызметтерін атқарды.

2009–2010 жылдар аралығында Алматы қаласының Әділет басқармасының бастығы, 2010-2012 жыл аралығында Жамбыл облысының прокуроры, ал, бүгінгі кездері Шығыс Қазақстан облысының прокуроры қызметін атқаруда.

Бағбан Тұрмағамбет ауылынан шыққан үш генералдың бірі.

Бағбан Тәйімбетұлы елімізде жастар саясатын, халық арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спорт пен мәдениетті нығайту мақсатында өзіндік үлесін қосып жүрген азамат. Ол өз әкесі КСРО батыры Тәйімбет Көмекбаев атынан қор ашып, бүгінде сол қор аясында жыл сайын өтіп жатқан самбодан ересектер арасында халықаралық жарыс дәстүрге айналды. Сонымен қатар, қордың ұйымдастыруымен ақын – жазушылардың, жыраулардың басқа да сала майталмандарына арналған іс–шараларды ұйымдастыруда.

Бағбан өзінің жары Уәсиламен бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған бақытты жандар.

Пазлиев Бітімбек

Текей батырдың Кеген ұрпағынан тарайтын ауылда Танагөз атты тәуіп, батагөй, көріпкел кісі өткен. Көріпкелдігіне байланысты ол кісіні «жауырыншы» деп тұқымын «жауырыншының тұқымы» деп атаған. Танакөзден Пазлы, одан Бітімбек туады.

Бітімбек 1946 жылы осы ауылда дүниеге келіп, мектепті жақсы оқығанымен отбасы жағдайына байланысты жоғары және арнаулы орта оқу орындарына бара алмай, ауылда қалып, шаруашылықта 1964 жылдан 2009 жылы зейнет демалысына шыққанша 45 жыл механизатор, комбайн, жатка машинисті, механик, 1984 жылдан токарь болып еңбек етті. Жұмыс істеген уақытында табыстары үшін ВЛКСМ Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан ауыл шаруашылығы үздігі» белгісімен марапатталды.

Тұрмағамбет әкеміздің әкесі Ізтілеу осы Бітімбектің атасы Танакөздің туған қарындасынан туады екен. Әкем Пазлы: «Тұрмағамбетті «жиеннен туған жиеншар» деп, Тұрмағамбет пен Биға әжеміз қайтыс болғаннан қатынасып тұратынбыз», - деп отырады Бітімбек ақсақал.

Бітімбек елге сыйлы, бір сөзді, абыройлы ақсақал. Ұл–қызын тәрбиелеп өсіріп, олардың оқып, білім алуын жүзеге асырып, қызықтарын көріп отырған бақытты әже.

Аманқос Сәкібаев

Аманқос Сәкібаев 1944 жылы Томарбөгет ауылында (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) дүниеге келген. 1953 жылы ауылдағы мектептің 1 сыныбына қабылданып, мектепті 1964 жылы бітірді. Мектеп бітірісімен, ауыл шаруашылығына араласып, еңбек етті. 1965–1968 жылдары азаматтық борышын өтеу үшін армия қатарында болды.

1968 жылы ауылға келісімен шаруашылық экономикасын өркендету ісіне белсене араласты, көп жыл күрішші, механизатор, жанар май қоймасының меңгерушісі, қырман қоймасы меңгерушісі болып, абыроймен қызмет атқарды. Осы кездердегі қажырлы еңбегі мен қол жеткен табыстары үшін 1972 жылы СССР Жоғары Советі Президиумының «Еңбектегі Ерлігі үшін» медалімен, «Жас өндіріс озаты» төсбелгісімен, 1974 жылы КПСС орталық комитеті мен СССР Министрлер Кеңесінің «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, 1974 жылы СССР халық шаруашылығы көрмесінің қола медалімен марапатталып, еңбектері жоғары бағаланды.

Аманқос ақкөңіл, жайдары жүретін, көпшіл азамат ретінде көпшілік арасында есте қалды. Өмірінің соңына қарай имандылық жолға бет бұрып, ағайын арасының бірлігін сақтауға зор көңіл бөліп, өмірден озғанынша бес уақыт намазын, оразасын тастамай көпке үлгі бола білді.

2010 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Жолдасы Тұрсынкүл Керуенбаева ұзақ жыл ұстаз болған, ҚазССР және КСРО «Оқу ісінің үздігі» белгілерінің иегері.

Екеуі 5 бала тәрбиелеп, өсірді. Тек баласы Жарас қана ерте өмірден озса, қалған ұл, қыздары түрлі салада еңбек етіп, әке аманатын абыроймен орындап келеді.

Күләйім Сәдуақасова

Күләйім Сәдуақасова 1946 жылы қазіргі Алдашбай ахун ауылында дүниеге келген. Әкесі Сәдуақас темірден түйін түйген ұста кісі болды. Ол кісіні «Ұста бабай» дейтін. Күләйім апаның да ұсталыққа ебі бар еді. Сандықтардың кебеже, жүк аяқ ағаштарын темірден ойып түрлі әшекей өрнектер салатын. Оның үйінде сондай сандықтары әлі бар. Балыш (лақап аты) ұл бала сияқты өсті. Ер балаларға тән «айкол–сайкол», «қашпақ» ойындарының құдіреті болды.

1964 жылы Ленин атындағы кеңшардағы №29 орта мектепті бітірді. 1966 жылы Қазалы ауылшаруашылық техникумын «есепші» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Өзінің еңбек жолын қазіргі Алдашбай ахун ауылында «есепші» қызметінен бастады. 1968 жылы марқұм Аманкелді Алмағамбетов екеуі тұрмыс құрып, бұдан кейінгі өмірі Тұрмағамбет ауылында жалғасты. Аманкелді аға өмірден өткенше осы шаруашылықта күрішші, автокөлі жүргізуші болып, абыроймен еңбек етті. Енесі Күнімжан әже Ұлы Отан соғысынан қайтпаған күйеуі Алмағамбетті және қайнысы, ақын Жақаев Нұрмағамбетті өле-өлгенше «олар келеді» деп күтумен кеткен кейуана болатын.

Біздің кезімізде өз қызметімізге қоса жалақы алмайтын қоғамдық негіздегі жұмыстарды көп атқаратын едік. Балыш апа осы жұмыстардың ұйтқысы, нағыз жанашыры еді. Аппарат ұжымының партия ұйымының секретары, әйелдер кеңесінің мүшесі, кеңшардағы жұмысшылар комитетінің еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаушысы, Дауылкөл ауылдық советінің депутаты сынды қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүрді. Ауылдық ХХХҮІ–ХХХҮІ, ХХХҮІІ партия конференцияларының делегаты болды. 1970 жылы «В.И.Лениннің 100 жылдық» медалімен марапатталды. Есеп–қисап жұмысына әйел адамдай жанашырлықпен қарайтын жан жоқ екені ақиқат. Өз ісінің алғыр да білгір маманы Балыш апай 34 жыл бір орында тапжылмай қызмет жасап, 2000 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты.

«Менің Алладан тілерім отбасымның, жалпы елімнің тыныштығы мен бірлігі, татулығы», -дейді Балыш апа аналық ақ көңілмен.

Өз ісінің үздік білгірі

Назарова Үмітай Айтжанқызы 1950 жылы колхозшы шаруа жанұясында туған. 1958 жылы Қызылорда қаласындағы №112 орта мектептің 1 сыныбына оқуға барып, 1968 жылы Ю.А.Гагарин атындағы мектеп–интернатты бітірді. Осы жылы әке–шешесінің туған жері Тұрмағамбет ауылына келіп, еңбек жолын күрішші болып бастады. 1970 жылы білім қуған қыз Алматы халық шаруашылық институтына түсіп, оны 1974 жылы «халық шаруашылығын жоспарлау» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жоғары білімді маман туған ауылына оралып, қызметке тұрып, шаруашылықта ауыл шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру және еңбекке ақы төлеу жұмыстарымен көп айналысты. Шаруашылықтың негізгі бағыты егіншілік, оның ішінде күріш дақылы болғанымен, шаруашылықта мүйізді ірі қара малы, жылқы, қой да болды. Қосалқы шаруашылықтардан ұн, күріш диірмендері, нан пісіру цехы, құрылыс және жөндеу шеберханалары кеңінен дамыды. Яғни, жыл он екі ай жұмысшы – қызметкерлер жұмыспен қамтылды. Жұмысты ұйымдастыру мен еңбекке ақы төлеу кезең–кезеңімен жетілдіріп отырды. Егіншілік маусымдық жұмыс болғандықтан жұмыс атқарған айларына аванс төлеп, жыл аяғында қосымша ақы есептелінді. Ал қосымша ақы алынған өнімнің түпкі нәтижесіне тікелей байланысты болатын.

Жұмысшы–қызметкерлерді мол өнім өндіруге ынталандыру мақсатында еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеу әдістері жетілдіріліп отырды. 1970–1975 жылдары қосымша ақы алынған өнім мөлшеріне төленді, бірақ та бұл жағдайда кеткен шығын мөлшері есептелмеді. Осы кезде еңбекке ақы төлеудің коллективтік–мердігерлік әдісімен, яғни тиімді әдіспен жұмыс жасалынды. Жұмысқа кеткен тікелей шығындар қатаң түрде есепке алынып, үнемделген материалдық шығынның 60–70 пайызы жұмысшыларға жыл аяғында айлықтарына қосып төленіп отырды. Бұл жағдай егін мен мал өнімдерін мол өндіруге, тікелей шығындардың үнемделуіне, ысырап болмауына көмектесті.

Жұмысшы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартып, табысты молайту мақсатында еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеудің арендалық–мердігерлік әдісі кеңінен пайдаланылды. Бұл әдістің тиімділігі сол, әрбір мердігерлік бригада, екі жақты жасалған келісім–шарт негізіндегі өндірілген өнімдері шаруашылық басшысы бекіткен баға арқылы сатады. Үнемделген материалдық шығындардан түскен пайда бригада мүшелеріне еңбекке қатысу коэффициенті арқылы бөлініп беріліп отырады. Осы жылдарда Тұрмағамбет шаруашылығы 2000 гектар күріштен 100 мың центнер үстінде мемлекетке астық тапсырып отырды. Шаруашылықтың жалпы рентабельділігі 20–25 пайыз үстінде болды. Себебі, мемлекеттік өнімдерді сатып алу бағасы тұрақты болатын.

Осы бастамаларға ауыл шаруашылығының білгірі, жұмысқа таза, жоспарлау–есеп ісінің үздігі, бірнеше жақсы шәкірттер тәрбиелеген, 35 жыл бір салада, бір шаруашылықта еңбек еткен Үмітай Назарованың қосқан үлесі ұшан теңіз деп білеміз.

Шаруашылық нарықтық қатынастарға да тез бейімделе алды. Себебі, шаруашылықты өз істерінің білгір басшылары Б.Жайсаңбаев, М.Рахатов, М.Құланбаев, Н.Пірмантаев, экономистер І.Назаров, Е.Қасымов, агрономдар К.Қалдашбаев, М.Әлиевтер басқарып отырды. Нарық жағдайында еңбекке ақы төлеу өндірілген өнімнің мөлшеріне, сапасына және бағасына тікелей байланысты.

«Көп жылдар жоспарлау ісімен айналысқандықтан менің түсінігім бойынша, меншік түріне қарамастан ол жеке шаруашылық па, мемлекеттік пе алдын ала есеп – жоспар болу керек. Өнім өндіруші алаңсыз өз шаруасымен, яғни өнімді дайындаумен айналысып, ал өнімді сатуда мемлекет тарапынан көмек керек. Баға көтерілмесе, күріш дақылы өз шығынын ақтай алмай қалуы мүмкін», - дейді Ү.Назарова.

Үмітай Назарова өз жанұясында 3 қыз бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білімді, олардан немере сүйіп отырған ардақты ана.

Бақытын еңбектен тапқан апамызға келешекте балаларының, немерелерінің қызығын ұзақ уақыт көруге жазсын.

Азамат ізгілігімен алғысқа бөленеді

Қазақта 63-Пайғамбар жасы деген ұлағатты да, қасиеттi сөз бар.

Сонымен бiрге халқымыз адамның адамилық болмысын, оның жасымен емес, ел-халқын шама-шарқынша сiңiрген адал еңбегiмен, сол арқылы көтерiлген биiгiмен, отбасы тәрбиесiндегi ұлағатымен бағалайтыны тағы бар. Мен Рүстем Әлиасқарұлымен қызметтес болған жоқпын. Бiрақ 33 жыл көршi тұрып, өмiрдiң биiк асулары мен белестерiн бiрге жасасу, отбасылық қуаныштарға бiрге қуанып ортақтасу, жанұяларымыздағы туыстан да бетер жақындық, сыйластық, достық Рүстекеңнiң 63 жасына орай iлтипат, құрмет, қошемет бiлдiру, өмiр жолына тарихи шегiнiс жасап тоқталу арқылы жылы лебiз бiлдiру артықтық етпес деп ойлаймын. 1931-1932 жылғы го­лощекиндiк саясаттың құрсауынан бала-шағаны аман алып қалу үшiн Рүстекеңнiң атасы Боранбай ақсақал Өзбекстан арқылы Ауған жерiне барып, бала-шағаны аштықтан аман алып қалғанына бiр қуанса, екiншi жағынан кiндiк-қаны тамған, туған жерге деген сағыныш жыл өткен сайын мазалай бередi. Боранбай ақсақалдың балалары Әлиасқар, Әбсаттар, Нұрлыбек, келiндерi Зерiп, Мәрзия, немерелерi Үрбибi, Раушанбек, Қанбибi, Рүстем, барлығы 10 жанды шекара арқылы аман-сау алып өту ол заман үшiн көзсiз ерлiк, шектен тыс батылдық пен тәуекелшiлiк болатын. Борекең ақсақал мақсатына жету үшiн 12 атты 1 жыл бойына жасырын баптап, 1949 жылы шекарадан өткенде арттарыңда кiм қалса да қайырылмаңдар, тек алға қарай тарта берiңдер. Алла жолдарыңды оңғарсын деп сол жылы 2 жастағы Рүстекеңдi қоржынға салып, таң ата Ауған шекарасынан Кеңес жерiне аман-сау өтiп, қызыл шекарашыларға өз ерiктерiмен берiледi. Кеңес өкiметi балалардың барлығын жетiм балалар үйiне, үлкендерiн ерлер және әйелдер колониясында жазасын өтеуге үкiм шығарып түрмеге жабады. Боранбай ақсалақ ұрпақтары тек 1954 жылғы амнистиядан кейiн ғана бастары қосылып, ата-бабаның туған жерi қазiргi Тұрмағамбет ауылында ел қатарлы тiршiлiк ете бастайды. Нұрлыбек Қызылорда қаласында зейнеткер. Раушанбек философия ғылымының докторы, Үрбибi, Қанбибiлер зейнеткерлiк демалыста.

Рүстекең гидротехник мамандығын 1967 жылы Қызылорда қаласында алып, сол уақыттан берi аудандық ПМК-30 мекемесiнде мастер, прораб, аға прораб болып, соңғы 2005 жылдан мекеме басшысы қызметiн атқарды, яғни осы мекемеде 43 жыл бойы қызмет атқарып, көптеген жастарға тәлiм-тәрбие берiп, зейнеткерлiк жасқа да жеттi. Бiлiктi маман ретiнде Шиелi, Арал, Қазалы аудандары мен түрлi шаруашылықтарда арнайы шақыртумен өз қолтаңбасын қалдырып, кезiнде аудандық, облыстық баспасөз беттерiнде тиiстi бағасын алып, құрмет биiгiнен көрiне бiлдi.

Аудан, облыс су шаруашылығы тарапынан бiрнеше рет мақтау қағазы, ҚР Президентi Н.Назарбаевтың Алғыс хаты, 1986 жылы алған «Халықтар достығы» орденi және т.б. медальдары Рүстекеңнiң еңбегiне берiлген әдiл баға екендiгi белгiлi. «Бейнет көрмеген зейнет көрмейдi» деген ұлағатты сөз бар. Шындығында бүгiнде зейнет демалысына шығып отырған Рүстекең­нiң жоғарыдағы еңбек жолдарын, қиындықтары мен қызықтарын, ұжым мүше­лерi­мен тiл табысып, ең­­­бек етудегi аза­маттық бол­мысын жан - жақты зер­де­лейтiн болсақ, өзiндiк бiр ау­қымды дүние болған болар едi.

Рүстекеңнiң жұбайы 8 бала тәр­биелеп өсiрген Алтын алқалы ана Лиза жанұяның ұйытқысы, отбасының шуағы. Рүс­те­кеңнiң өзi де Лиза жөнiнде: менiң жұмысқа алаңсыз бе­рi­луiм, ағайын-туыс, жора-жолдаспен қатысуым, отбасындағы балалардың тәрбиесi, қажет кезiнде ақылдасып отыратын кеңесшiм де Лиза ғой,-деп ағынан жарылып отыруының өзi адал жарға деген iлтипаттың, азаматтықтың белгiсiндей.

Сонау бiр жылдары Боранбай ақсақалдың қажыр-қайратымен елге оралған 2 жасар Рүстекең бүгiнде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бiр қауым ел. 21 немеренiң сүйiктi атасы. Балалары, келiндерi, қыздары заңгерлiк, ұстаздық т.б. мамандықтар бойынша еңбек етiп келедi. Iзгiлiкпен ел алғысқа бөленедi. Ия, қанша жылғы еңбекте абырой-атаққа елдiң құрмет-қошеметiне бөленген ол отбасының, ағайын-туыстың арасында беделдi. Жолдас-жораның арасында қадiрлi болса да асып тасуды бiлмейтiн, азаматтығы мен адамгершiлiгiн тең ұстай бiлген Рүстекеңнiң биiктiгiн iзгiлiкпен, парасаттылықпен салыстыру артық болмас.

Сөз соңында бүгiнгi аз ғана әңгiмеге кi­рiспес бұрын, Рүстекеңе өмiр жолы ойға түйген қорытындылары жайлы бiр-екi ауыз лебiзiңiз болса деген сауал қойған едiм.

Рүстекең:-мен үшiн адам деген атты алып жү­ру ең қиын да жауапты. Кез келген адам өз мамандығының, өз жанұясының патшасы. әр­бiр адамның өзiне ғана тән мiнез-құлқы, қадiр-қасиетi бар. Оның бәрiн әрине зерттеп шығу мүмкiн емес. Ал, өзiң қарапайым әрi әдiл болсаң, жұмыста болсын, отбасында болсын өзiңе белгiлi дәрежеде талап қоя бiлсең мұның өзi табысқа жетудiң алғы шарты деп бiлемiн. өмiрде қателiктер болған жоқ деп айта алмаймын. Бiрақ сол қателiктерден сабақ алуға тырыстым. Ең бастысы азаматты алға бастайтын адамның iшкi түйсiгi ғой деп түсiнемiн.

Рүстем бiр кездегi бала батыр,

Арқалап алпыс үштi келе жатыр.

Еткен еңбек, зейнетi шақырады,

Болады бiр үлкен той қара тұр,-дей отырып, зейнеткерлiктiң де қуаныш, қызығы жетерлiк. Осы бiр қызықты дос-жарандар болып бiрге көре берейiк. Жылдар өз айтқанын iстетедi. Көңiл қартаймаса екен.

Бекдәулет МАХАНОВ.

Тағылымы мол – Тоғанас

Кейінгі буын ардагерлер арасында Тоғанас Сарыбайұлының алдағы ағаларының лайықты ізбасары, өзінен кейінгіге ізетті ағалық жасай алатын, қатар-құрбылары арасында сөздің жүйесін ұстап сөйлейтін ұшқыр ойлы, тапқыр-шешендігімен көпшілік арасынан абырой биігінен көрініп келе жатырған бірі де, бірегейі деуге болады.

Ол 1948 жылы дүниеге келіп 1955-66 жылдар арасында ауыл орталығындағы №29 мектептің толық курсын «жақсы» деген бағаға бітіріп шықты. Оның жоғары білім алуына мүмкіндігі болса да отбасындағы қарт әке-шешесі, үйелмелі-сүйелмелі інілері Тұрғанбек, Кәрішбек, қарындасы Шолпандардың жағдайымен ауылда қалып, еңбек жолын, сол кедегі «Ленин» кеңшарының Карл Маркс бөлімшесінде күрішші-механизатор болып бастады. Егін щаруашылығындағы үлгілі табыстары үшін бірнеше рет жоғарғы органдардың моральдық-материалдық мараптатуларына ие болды.

Отбасы жағдайымен 1970 жылдардың аяғы, 1980 жылдардың басында кеңшар орталығына қоныс аударып, кеңшардың сиыр фермасына бақташы болып ауысты.

Өткен ғасырдың аяғында басталған мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезінде ферманың таратылуына байланысты ол балық шаруашылығы бойынша жеке кәсіпкерлік құрып балық өсіру мен аулаудың қыр-сырын меңгерді.

Тоғанас сан қырлы қасиетімен ерекшеленетін азамат. Оның ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары. Кез-келген істі, ағайын-туыс, жолдас-жоралардың қуаныш-реніштерін ұйымдастырудың басында Тоғанас жүреді. Қазір Ақкөбек әулетінің басшысы әрі ақылшысының бірі. Ол құймақұлақ шежіреші, есте сақтау қабілеті ерекше жан. Кете Шөмекейдің шежіресін жатқа біліп, ертедегі өткен әңгімелер мен өсиет сөздерді айтақнад майын тамызады. Ол сөйлегенде көсем, жүйелі сөзге шешен көпке сыйлы азамат. Топ ішінде жүйелеп сөйлегенде еріксіз таңдай қағасың.

Ол – тарихшы. Қазақ тарихын талдағанда кез-келген ғалым, маман-тарихшылармен таласа алатын қабілеті бар. Ол - әдебиетші. Ол – сатирик. Егер кезінде жоғарғы білім алғанда одан мықты тарихшы не сатира сарбазы шыққан болар еді.

Оның көрінбей жүрген тағы бір қыры – ақындығы.

Соңғы кездері оңаша қалған сәттерінде «Шашылып түскен шумақтар» деген тақырыппен ойтолғаныстарын өлеңмен өрнектеп жүр. Бірақ олары біз сияқты достары арасында оқылып, көпшілікке жария етіліп жүрген жоқ. Міне осындай сан қырлылығымен, мол тағылымымен «Ақсақал» деген атаққа ие болып отырған Тоғанас жолдасы Ұлжан екеуі үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп, бүгінгі солардың қызығын көріп отырған бақытты азамат 60 жастан алқынбай өтіп, бейнетінің зейнетін көруде.

Оның 70-тен желіп өтіп, 80-нің сеңгіріне, 90-ның шыңына шығуына, ұрпақтарының қызығы мен рахатын көре беруіне тілек білдіреміз.


Алтынның сынығы, ұлағатты Ұлықпан

63 жас алдыңа қарасаң, пайғамбар жасы, алдын–артына саралап, ақыл тоқтатып, кішіге қамқор аға, үлкенге ізетті іні болатын ақсақалдықтың бастауына келген жас.

Артыңа қарасаң бәрі кешегі сияқты. Мектептегі балалық шақ, 25–30 жасқа дейінгі жігіттік, 40–50 жастағы азаматтық шақ күні кешегідей көз алдыңа келеді.

Ауылда Әбу, Сұлтанбек, Ұлықпан, Алмабек, Тоғанас бесеуі кішкентай бала күндерінен нанды бөліп жеген, бір–бірінен жұбы ажырамаған достар еді. Жұртт олардың есімдерін бас әріптерінен құрап ӘСУАТ-тар деп атайтын. Бұлардың бәрі де қазір 63 жастан асып, зейнеткер болып, ақсақалдық жасқа шықты.

Біз сөз еткелі отырған Ұлықпанның белгілі Сыр сүлейі Тұрмағамбеттің бел баласы Әбдірауықты шаңырағында дүниеге келген.

1966 жылы орта мектепті бітірген соң, 1968–1970 жылдары әскери борышын өтеді. Әскер қатарынан келген соң 1971–1994 жылдары өзі туып –өскен Тұрмағамбет ауылында жүргізушілік қызмет атқарып, ерен еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленді.

Жүргізушілік қызметі кезінде бес жылдықтың көрсеткіші бойынша еңбек озаты атанып, қажырлы еңбегі үшін 1981 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

1994–2008 жылдары шаруашылықтың жанар–жағар май қоймасының меңгерушісі, 2008 жылдан 2012 жылғы мамыр айына дейін Қармақшы аудандық су шаруашылығы мекемесінде жұмысшы болып еңбек демалысына шықты.

Ұлықпан қай салада болмасын еңбек етсе де тындырымды, өз жұмысын адал істейтін, жауапкершілікті азамат болды. Осы қасиеті арқылы көпшілік құрметіне бөленді. Бізден бір ерекшелігі, атасының ақындығы дарымағанымен, оның оқуға деген зеректілігі дарып, көркем әдебиетті, қисса–дастандарды сүйіп, түсініп оқып, бізге алған әсерінайтып, талдап беріп отыратын.

Жүргізуші кезінде ол үлкен қалаларға шыққанда міндетті түрде жаңа басылымнан шыққан кітап сатып алатын. Бос уақытында спортпен, оның ішінде волейболмен айналысты. Әскери міндетін өтеу кезінде дивизия құрамасында волейболдан команда мүшесі болып, талай рет аудандық құрамада өнер көрсетіп, жүлделерге ие болып жүрді.

Бала өсіріп, немере сүю әке үшін асыл мұраттардың бірі болса, Ұлықпан 1973 жылы Дәуітова Тәттігүлмен отау құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының 3-і жоғары, 2-і арнаулы орта білімді мамандар ретінде түрлі салада қызмет жасауда.

Міне, осындай текті тұқым жұрағаты Ұлықпан кемел жастан асып, бақытты отбасының басшысы болып, ұл–қыздарының қызығын көріп отырған бақытты азамат.

Өз ісін жетік меңгерген маман еді

Оңғар Пірімжаров қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келіп, туған ауылында орта мектепті аяқтап, өзінің алғашқы еңбек жолын бастады. Одан кейін 1969 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына түсіп, жоғары оқу орнын «ғалым–агроном» мамандығы бойынша бітірді. Қолына диплом алған ол Ақжар кеңшарына аға агроном болып орналасып, егіншілік саласын өркендету мақсатында еңбек етті. Мамандығын жетік меңгерген жас маман көп ұзамай осы шаруашылықтың бас агрономдығына жоғарылатылды.

Ол 1985 жылы «Селхозхимия» бірлестігі аудандық ұжымның төрағасы, одан кейін ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасын зерттейтін лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Оңғар Пірімжаров Майлыөзек шаруашылығына бас огроном болып 1988 жылы келді. Келісімен жағдайы төмен елді–мекендегі шаруашылық жұмыстарын кешенді қолға алып, көгалдандыру–көркейту жұмыстарын және егіншілік саласын мейлінше дамытуды жолға қойды. Ісіне мығым, шаруа жайын жақсы білетін, ұйымдастыру қабілеті бар маман ұжым мүшелерінің қалауымен осы серіктестіктің төрағасы болып сайланды. Ол пейілі таза, көңілі кең, адал жігіт, шаттықты шаңырақтың иесі еді.

Тағдырдың жазуына шара жоқ. 2005 жылы нағыз кемелге келіп, тәжірибе жинақтаған жасында 55 жасында дүниеден озған еді.

Мейірім шуағын төккен жан

Данагүл Жанаева мектептi бiтiрген соң еңбек жолын қарапайым құрылысшы болудан бастады. Бұдан соң есепшi, аудандық бiлiм бөлiмiнде шаруашылық мең­ге­рушiсi жұмыстарын атқара жүрiп, 1988-1993 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы мем­­ле­кеттiк уни­вер­­сите­тiнен қазақ тiлi, әдебиетi пәнi мұға­лiмi мамандығын алып шықты. Тынымсыз ең­бектiң нә­тиже­сiнде 1989-1994 жылдар аралығында Жосалы кенті атқару кеңесiне депутат болып сайланды.

1989 жылдан берi аудан орталығындағы №2 «Жұлдыз» балабақшасының меңгерушiсi қызметiн абыроймен атқарды. Оңтайландыру кезiнде ол өзiнiң нағыз ұйымдастырушы, бiлiктi басшы екенiн көрсете бiлдi. Барлық балабақшалар жабылып қалған уақытта Жанаева Данагүл Тәйiмбет­қызының басқаруындағы балабақша жұмыс жасады. Елiмiздiң ертеңгi болашағы-ұрпақ тәр­бие­сiне аса жауапкершiлiкпен қарайтын ол ұжымдағы тәр­бие­шi­лерге шығармашылық бағытта жұмыс жасау үшiн бағ­дар берумен қатар ұжым мү­ше­лерiнiң ауыз­бiршiлiгiн сақ­тап, кө­мек беруге дайын тұратын қасиетiмен ерекшелендi.

Бi­лiм саласындағы тынымсыз ең­бе­гi мен бiлiктiлiгi бағаланып, ол 1996 жы­­­лы облыстық бi­­­лiм депар­та­мен­тi­нiң Құрмет грамотасымен, 2007 жылы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Алғыс хатымен марапатталды.

Данагүл жұбайы Темiрбекпен бiрге 1 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсiр­ген ардақты ана. Оны «Прокурорлардың анасы» деп атайды. Өйткенi балалары Расул Алматы қалалық прокурорының орын­басары, Рашид Астана қа­ла­лық прокурорының орынбасары, Сая Қызылорда облыстық прокурорының көмекшiсi, Асылбек Арал аудандық прокурорының көмекшiсi қыз­мет­терiн атқарады.

Бiлiм саласында 35 жыл үздiксiз еңбек еткен ол ұжымымен бiрге бүлдiр­шiндер тәр­бие­леуде нә­ти­желi жұмыс жасады. Бiр нәрсенiң түйiнiн шешу керек болса, сол iстiң аяғына дейiн жету Данагүлдiң өмiрлiк ұстанымы. Өз iсiне мығым болу үшiн мықты жүрек пен таза ой қажет. Өмiр бойы бөтен кiсiнiң инедей де нәрсесiне көзiн тiгiп көрмеген ол балалардың балғын күлкiсiмен бiрге оянып, бiрге қуанып осы №2 «Жұлдыз» балабақшасын 22 жылдан аса уақыт басқаруының өзi жанының нәзiктiгi мен жүрегiнiң пәктiгiн дәлелдегендей. Оның асқан асулары мен бағындырған белестерiн мамандығына деген сүйiспеншiлiгi деп бағалауға негiз бар. Бұл оған әрдайым жарасым берiп тұрады. өз ортасына ұстаз, ақылшы, әрiптес. Балаларға бала көзбен, сәби көңiлмен қарайтын Данагүлдiң осы саланың жұмысын меңгерiп жүруi өз жемiсiн бердi де.

Данагүл Жанаева өзiнiң жұмыс орнында балалардың саналы да салауатты болып ержетуi үшiн тың идеялар iздеп, оны iс жүзiнде орындауға барынша күш салды. Жанындағы жастарды жақсы тәрбиешi болуға шақырып, олардың бойларына шындық пен адалдықты сiңiрдi. 35 жылдан аса тер төккен ол бүгiнде зейнеткерлiк жасқа да жетiп отыр.

Данагүл Кеңес Одағының Батыры Тәйiмбет Көмекбаевтың перзентi, бiлiм беру саласына, бала тәрбиесiне ұзақ жылдар бойына еңбек сiңiрген ұлағатты ұстаз болып танылды, қай кезде де әке есiмiне лайықты перзент бола бiлдi.

Бақыт ҚАНАЛИЕВА,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі