Тұрмағамбет - 130

Сыр шайырларының атасы

(Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 130 жыл толуына)

(1882 – 1939)

Сыр елін бүкіл қазақ «сүлейлердің мекені» деп таныса осы мекендегі қазіргі Тұрмағамбет ауылын осы Сыр сүлейлерінің қара шаңырағы деп таниды. Себебі, даңқты сүлей Тұрмағамбет және басқа да 100-ден астам сүлейлер осы мекеннің тумалары болатын.

Белгілі ақын Мұхтар Шаханов ауыл тұрғындарымен кездесуге келген кезінде осы ақындардың шығармаларымен танысып, Москвада белгілі ақын Евтушенкаға: «Қазақстанның бір ауылынан 100-дің үстінде ақын-жыршылардың шыққанына куә болдым» дегенде ол бұған сенбегендей: «Ол мүмкін емес, бүкіл Балтық жағалауы елдеріндегі ақындар саны 100-ге жетпейді» деген екен.

Ақын Тұрмағамбет атамыз 1882 жылы бұрынғы Қазалы уезі, Қуаңдария болысының 2-ші ауылында «Ақтайлақ–Кезең» атанған елді мекенде дүниеге келіп, оның есімін ата-анасы туған нағашысы Ермағанбеттің атына ұйқастырып, Тұрмағамбет деп қояды. Тұрмағамбет алғашында өз ауылындағы Қожабай, Алдашбай, Ораз ахун сияқты атақты ишан-молдалардың көшпелі мектебінде оқып мұсылманша білім алса, 1899 жылдары Таяу Шығыс және Орта Азия елдері үшін ұлық саналатын, іргесі ХҮІ ғасырда қаланған Орта Азиядағы әйгілі оқу орындары «Мир-араб» пен «Көкелташ» медресесінен шығыс тілдерін үйрену мақсатымен таудай талаппен, ұшқан құстың қанаты талатын шөл дала атанған Қызылқұмды кешкен керуен соңына еріп Бұқара қаласындағы «Мир– араб», кейін «Көкелташ» медресесіне оқуға қабылданады. «Мир–араб» медресесінде оқу тілі араб тілінде болса, «Көкелташ» медресесінде парсы, шағатай тілдерінде жүргізілген еді. Белгілі мемлекет қайраткері, Тәжік ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик, жазушы Садриддин Сайдмуратұлы Айни да (1878–1954) осы жылдарда «Көкелташ» медресесінде шәкірт болып түсіп, екеуі алғаш осында танысып, дос болады және екеуі бір мезгілде «Көкелташ» медресесін бітіріп, Хатиршатты (дипломды) бірге алып шығады. Бұқарада оқып жүргенде ол араб, парсы, шағатай тілін үйреніп, еркін меңгереді. «Мың бір түн», «Шахнамадан» бастап парсының барлық классиктерін–Новои, Бабур, Низами еңбектерін, Әл–Фараби, Ибн Сина, Әбу Райхан, Бируни философиясын терең игереді Тұрекеңнің Сыр бойына оралуы осы елде шағатайзи–туркизм стилімен ұштасуына қазақтың жазба әдебиетінің тууына бастама болады. Сыр поэзиясы әр қилы жанрда дамыды. Балқы Базар, Рүстембек, Сәрсенбай, Молдахмет жыраулық салтында көрінсе, Нұртуған, Ерімбет қисса ақындары, Қаңлы және Кете Жүсіп, Даңмұрындар айтыспен шұғылданса, толғау, терме ақындары қатары өсті.

Тұрмағамбет ақын шығыс халқының классикалық шығармаларын еліне жеткізуді өзіне мақсат етіп, «Мәрді дихан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану», «Лұқпан Хәкім», «Сүлеймен мен кірпік шешен» және басқа да шығармаларын шығыс ақындарының классикаларының сюжеттерін негізге алып, қазақтың өз өлеңіндей етіп көпті тамсандыратын оқиғалы мысал, хикая, дастандар жазды.

Тұрмағамбет ақын 1934 жылы маусым айында Алматы қаласында өткен Қазақстан жазушылар одағының тұңғыш съезіне және көркем өнерпаздардың Республикалық І-ші слетіне Оңтүстік Қазақстан облысынан делегат болып қатысып, 1935 жылы Қазақстан өлкелік партия комитеті оны Алматы қаласына шақырып, Крайкомның сол кездегі бірінші хатшысы Л.И.Мирзоянның жеке қабылдауында болып, сол кезден бастап Қазақ ССР оқу Халық комиссариатында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Шығармаларының бір қатары орыс тіліне аударылып орталық газет, жорналдармен жинақтарға енгізілді. А.М.Горкиийдің бастамасы бойынша «Правда» редакциясы бастаған Творчество народов СССР кітабына басылып шығады. СССР Ғылым академиясы «Совет дәуіріндегі орыс халқының поэтикалық творчестволық очерктері» деп аталатын еңбегінде Тұрмағамбетті халық шығармашылығын дамытуға еңбегі сіңген еліміздегі белгілі қайраткерлердің қатарына қосты.

Тұрмағамбет ақынның елге берген басты жаңалығы қазақ елін Фирдаусидің «Шахнамасымен» таныстыруы еді. Оның сол аудармалары кейін 70 мың жолдық «Рүстем–Дастан» деген атпен басылып шықты.

Фирдауси «Мұта Кариб» деп аталатын ұзақ буынды бәйіт ұйқасын түр етсе, Тұрмағамбет қазақтың Мұта Карибке жақын 11 буын қара өлең ұйқасын қолданып, қисса–жыр етіп жазуға кіріскен.

Тұрмағамбет ақын «Рүстем–Дастанның» кіріспесінде:

«Өлеңмен он бір буын он ай жазып,

Бітірдім басым сипап, шаршап, терлеп», -дейді.

Бұл дастан туралы қазақтың белгілі классик жазушысы М.Әуезов «Рүстем жайлы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фирдаусидің «Шахнамасынан» тікелей жасаған аударма демейміз, сол Фирдауси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз» десе, белгілі сыншы, ғалым М.Қаратаев: «Қазақтың қара өлең үлгісімен жазылған «Шахнама» дастанында данышпан Тұрмағамбет ақынның филосифиялық, поэзиялық ой, пікір, сезім байлығы қазақ поэзиясының эпикалық дәстүрлері дәрежесінде анық, түсінікті, ақындық тілмен берілген» деп атап көрсетеді.

Көз майын тауысып, бар ақыл–санасын сарп етіп, ақындық қуатын сарқа пайдаланып жазған «Шахнама» дастаны сиясы кеппей жатып саясат құрбанына айналып, қызыл империя Бұқарада білім алғаны үшін өмір бойы «Молда» деп соңына «жарық» алып түсіп, «халық жауы» атандарып, саяси күдікті ретінде тұтқындалып, қамауға алуы себепті «Шығыс Илладасы» атанған «Шахнама» 20 жылдан астам Сыр топырағында көмулі жатты.

Тұрекеңнің өз қаламынан туған 30 мың жолдық хикая толғаулары 1972 жылы «Назым» деген атпен басылса, 1982 жылы ол қайта толықтырылып екінші рет басылып шықты. Жақында «Шахнама» дастаны белгілі фольклоршы жырау А.Алматовтың дайындауымен толық нұсқасы 2 том болып қайта басылып шығып, оның бір данасын ақынның немересі, «Тұрмағамбет қоры» президенті Нөсербек Тұрмағамбетов өз қолымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш ретінде ұсынып, президенттік мұражайға қойылды.

Тұрекеңнің негізгі шығармаларын қастерлеп кейінгі ұрпаққа жеткізген Биға әже болды. Ақынның адал еңбек, маңдай термен араб әрпімен 45 қалың дәптерге жазылған түпнұсқа қол жазбасын ақынның жұбайы–Биға қария ұзақ уақыт ұқыпты сақтаған. Дуан аталығынан шыққан Байболат болыспен Ізтілеу жақын қарым–қатынаста болып, оның аяғы құдандалыққа ұласып, Байболатқызы Биға Ізтілеу баласы Тұрмағамбетке атастырылады. Тұрекеңнің тұңғышы Әбдіхамит 32 жасында дүние салса, тағы бір ұлы Махмутбек 1944 жылы майдан даласында шейіт болады. Әке соңында жалғыз қалып, әулет шаңырағына еге болған Әбдірауық Тұрмағамбет баласы еді.

Міне, осындай қайғы–қасіретке толы аянышты күндер мен қудалау, жазықсыз жазалаудың салдары Тұрмағамбеттің денсаулығына кері әсерін тигізбей қойған жоқ.

Тұрмағамбет өзінің төл шығармаларының тас баспасымен теріліп, түптелген жинағын көзімен көріп, қолымен ұстап оқи алмай 1939 жылдың мамыр айында түрмеден тапқан ауруы салдарынан қайтыс болды. «Халық жауы» деген жалған айып тағылған ақынды жерлеудің өзі де өте ауыр болғанға ұқсайды. Қытымыр заманның қыспағында жүріп, ондаған хикая–дастан, жүздеген жыр–өлеңдерді тудырса да ақынның революцияға дейінгі еңбегі баспа бетін көрмей Тұрмағамбет жырлары жыраулар арқылы қалың қауымға кеңінен таралған болатын.

Академик жазушы Ғ.Мүсірепов 1958 жылы жазушылардың республикалық ІІІ пленумында жасаған баяндамасында Тұрмағамбетке арнайы тоқталып: «Шынын айту керек бұл жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы да түрткі салмаған, баспа орындарының алдына талап қоймаған, қадағаламаған. Бұдан былайғы жерде бұл ұятымызды жууға тиістіміз»,- деген еді.

Тұрмағамбет атамыздың:

«Дүниеден өмірім бітіп өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.

«Көре алмай кейінгіні кеттім –ау»,-деп,

Арманда болмай–ақ қой екі көзім» деп жырлаған ақынның арманының жүзеге асуы шығармаларының баспа бетіне жарық көруі болса, ақын өнерінің қайта оралуының қозғаушы күшінің бірі оның 100 жылдық мерейтойының аталып өтуі еді.

Бұл мерейтойды өткізу әлі де кеңестік солақай саясаттың заманы болғандықтан аса қиын жағдайда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Көшербаевтың, ауылдық сол кездегі партия ұйымы хатшысы Т.Бекпанов, Социалистік Еңбек Ері С.Жұмабекованың, белгілі фальклоршы–ғалым М.Байділдаевтардың еңбектерінің өлшеусіз үлесі болды. Ойластырылған табанды жұмыстар нәтижесінде ауылдың кіре берісіне осы күнгі «Тұрмағамбет ескерткіш күмбезі» осындай қиын– қыстау кезеңде 1980 жылы 15 қазанда ашылғанымен, «Тұрмағамбет– Ислам дінін уағыздаушы, молда» деген қиянат айып тиісті орындардың қатаң бақылауында болуы себепті ақынның 100 жылдығы атап өтілмей қалған еді.

Заманның солақай саясатының салдарынан ақынның 100 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өту жоғарғы орындардан шешім таппай, бірақ «Қазақ Совет әдебиетінің Қызылорда облысындағы онкүндігі» деген астарында Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 100 жылдық мерейтойы 1983 жылдың 27–28 мамырында ашылды. Бұл күн Қармақшы халқы үшін тарихта алтын әріппен жазылып, есте қалатын сәтті күн болғанына куәміз.

Бұл туралы Тұрсынбек Бекпановтың «Гуманист басшы немесе ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 100 жылдығының «қозғаушы күші» болған тұлғалар туралы «25 жылдан кейін ашылған дәптер бетінен бір үзік сыр» деген мақаласынан толық танысуға болады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін даңғайыр ақын туралы жан–жақты зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізіліп, атын мәңгілікке қалдыру мақсатында ауқымды іс–шаралар жүзеге асырылуда.

Бұрынғы Ленин атындағы кеңшар 1995 жылы қайта құрылып, 2003 жылы аудан әкімінің шешімімен Тұрмағамбет ауылы атанды.

Тұрмағамбет ауылындағы №29 мектепке 1990 жылы 13 шілдедегі облыстық кеңес атқару комитетінің 18.07.1990 жылғы №181 шешімімен Тұрмағамбет Ізтілеуов есімі берілді.

№29 мектеп жанынан 16.10.1983 жылы «Сыр елі–Жыр елі» атты ашылған ауылдық мұражай ауыл тұрғындары мен оқушылардың таным деңгейін арттыру жолында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Ақын атында ауылдан бастап аудан, облыс орталықтарынан көше аттары берілді. Оның көркем бейнесін А.Тоқмағанбетовтың «Жыр күмбезі», «Көтерілген күмбез» кітаптарында сомдалды.

Ақын шығармаларының жариялануы: «Рүстем–Дастан» 1961 жылы, «Назым» өлең жинағы 1972 жылы, «Назым» өлең жинағы (толықтырылып екінші басылуы) 1982 жылы, «Шахнама» 1–2 кітап 2004 жылы.

Қорғалған ғылыми еңбектері: Ө.Күмісбаев «Тұрмағамбет және оның Рүстем–Дастаны», Ұ.Жанбершиева «Т.Ізтілеуовтің поэзиялық творчествосы», Е.Кәрібозов «Т.Ізтілеуов шығармасындағы адамгершілік мәселелері», Ф.Қожахметова «Т.Ізтілеуовтің тілдік тұрғысының дескурсттік сипаты».

2007 жылы Қармақшы ауданы бойынша Тұрмағамбеттің 125 жылдық мерей тойына байланысты «Тұрмағамбет» жылы болып аталып, тиісті іс–шаралар жасалды. Облыс орталығында 125 киіз үй тігіліп, республикалық деңгейде аталып өтті. Осы жылы Алматы қаласындағы Наурызбай–Бөгенбай көшелерінің қиылысындағы саябақта ақын ескерткіші орнатылды.

Мазары басына ақынның 125 жылдық мерейтойы құрметіне орай күмбез салынды.

2012 жыл аудан әкімінің шешімімен «Тұрмағамбет жылы» деп аталды.

2012 жылғы республикалық «Аңыз адам» журналының маусым айындағы №11 саны белгілі журналист Р.Жарылқасыновтың ұйымдастыруымен «Шахнаманы қазаққа паш еткен Т.Ізтілеуов» тақырыбына арналып шығарылды.

Тұрмағамбет оқулары, шығармалар байқауы өткізілуде. Қазір Тұрмағамбет атамыздың ұрпақтары өзі туып–өскен жері мен Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында тұрады.