Ақын-жазушылар

Айтуарұлы Наурызбай

Сыр бойы ақындарының ішінде шоқтығы биік, өзіндік ізі бар ақындардың бірі–Наурызбай Айтуарұлы. Айтуарұлы Наурызбай 1893 жылы наурыз айында Қармақшы ауданына қарасты «Тышқан тамы» деген жердегі Морсай құдығының басында дүниеге келген. Әкесі Айтуар орташа шаруа болған. Шешесі Қойсын өр кеуделі, ер мінезді кісі болуымен қатар, ақылға бай, сахи кісі болыпты. Ағайынды Айтуар, Айтуған, Айтпақ үш ауыл болып, қырға көшіп, Морсай құдығында жаздап отырған. Шешесі Қойсынның мырзалығының арқасында олар «Үш мырза» атаныпты. Наурызбайға өлең жазу нағашы жұрты керейт Даңмұрыннан қонса керек. Шешесі Қойсын Даңмұрынның ағасы Қазанғаптың қызы болғанымен, әке–шешеден жастай жетім қалған екі қыз Балшаш пен Қойсынды Даңмұрын өз тәрбиесіне алады. Кейін ержеткенде Балшашты Дүзімбеттің Жиенбайы, ал Қойсынды Айтуар алады. Айтуардан үш ер бала Ернияз, Наурызбай, Мақұлбайлар туады. Әлиакбар ақынның «Кетенің 100 жүйрігі» толғауында «Наурызбай ақын киелі, Даңмұрынның жиені» деп келтіруі осыған байланысты айтылған. Наурызбай ақын ең алғашқы өлеңін 1913 жылы «Тазша бала» ертегісін жазудан бастаған.

Айтуарұлы Наурызбай «Шала тас», «Керқұла атты Кендебай» атты дастандар, «Тоғыз түйе», «Әлтай торы» атты сықақ өлеңдер, «Сөз сөйлейін термеден», «Жеңіс жақын» және т.б. толғау–термелер жазған, бірнеше айтыстарға қатысқан. Бір өкініштісі, ол кісінің көптеген өлең, термелері, айтыстары сақталмаған. Өлең, дастандарын жазу сауаты болмағандықтан баласы Бегежан қағазға түсірген. Әлі де зерттеуді қажет ететін ақын.

Сыр сүлейлерінің бірі Әлиакбар ақын

Ұлтымызға тән суырып салма ақындық– жыраулық, жыршы–термешілік, ақындық өнер түрлерін бойына жинақтаған шығармашылық тұлғалардың бірі Әлиакбар Жұматаев. Ол қазақ әдебиеті тарихында өзіндік шығармашылық мектеп дәстүрін қалыптастырған, дамытқан шығармалары «Сыр сүлейлері» атауымен халық жүрегінен орын алған, дараланып көрінетін тұлға. Базар жырау, Жиенбай, Ерімбет, Оңғар, Даңмұрын, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет, Молдахмет, Тұрымбет, Мұзарап сынды ақындар Сыр сүлейлері мектебін жалғастырушы.

Жаратылысынан өз бетінше ізденуге, талпынуға құмар жас баланың алғашқы сауат ашуына, фольклормен, әдебиет шығармаларымен таныса бастауына сол кездегі ауылға, аймаққа діни-ислам ағартушылығымен, ақындығымен қызмет жасап жүрген Тұрмағамбет Ізтілеуұлының ықпалы зор болды. Әлиакбар ақын кейін «Тұрмағамбет Ізтілеуов» деген өлеңінде: «Мінекей, нәтижесі сол еңбектерің,

Еңбегін Тұрекеңнің мысал еттім.

Жарқырап таң шолпаны секілденіп,

Тұрекең тұрғанымен Сыр елінде,

Халықтың болды жалпы тілегінде.

Тарихта оның аты мәңгі қалды,

Орнығып миллиондардың жүрегінде!», - деп жырлайды.

Қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Тұрмағамбет ақынның ықпалымен және өзінің табиғи талантының әсерімен Әлиакбар бала кезінен өлең жазуға талпына бастайды. Ол 1910 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы, Тұрмағамбет ақын ауылында дүниеге келген. Әлиакбардың жеті жасында әкесі қайтыс болады. Жетім бала тұрмыстағы жоқшылықпен араласып өсе бастайды.

1927 жылы оқу, кәсіп іздеген ауылдас жігіттермен бірге ол Ташкент қаласына барып, теміржол инженері жұмысына көмекші, одан кейін сол өңірде ұйымдасқан «Рассвет» ұжымшарына мүше болып еңбек етеді. «Рассвет» ұжшары басқармасының шешімімен «Ақбұлақ» суландыру тәжірибе станциясындағы екі айлық агрономиялық курсты бітіріп, аталған ұжшарда агроном болып қызмет атқарады. Сол жылы Ташкенттегі САГУ-дың жұмысшы факультетіне (рабфак) түседі. Бірақ, одан әрі тұрмыс қиыншылықтарына байланысты оқуын жалғастыра алмайды.

Талантты жастың еңбек жолдары 1932 жылға дейін Қармақшы кентінде поселкелік кеңестің хатшысы, төрағасы, 1932–1935 жылдары Өзбекстанда жол мастері, 1935–1937 жылдары Қармақшыдағы халық шаруашылығын есепке алу мекемесінің инспекторы, Жосалы аэропортында атқарған қызметтері оның өмір жолының маңызды бөлігін құрайды.

Әлиакбар ақын еңбек жолын 1937 жылдан 1947 жылға дейін Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында Қандыағаш–Гурьев жолында бақылаушы, аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, қаржы бөлімінің агенті, темір жол станциясының бастығы болып жалғастырады.

1947– 970 жылдар арасында зейнеткерлікке шыққанға дейін туған ауылында еңбек етті. Колхозшы, агроном, құрылыс десятнигі, кеңшардағы кадр бөлімінің бастығы қызметтерімен қоғамға өзіндік үлесін қосты.

Әлиакбардың ақындығы 11–12 жасында байқала бастаған. Әуелде күнделікті тұрмыс тауқыметіне байланысты өлеңшығара бастаған ол өзін мұсылманша сауаттандырған Тұрмағамбет ақынның ықпалымен әртүрлі тақырыптардағы лирикалық–демократиялық өлеңдер, қисса–дастандар жазуға талпына бастайды.

1930 жылы үнді фольклорындағы сюжет негізінде жазған «100 сұрақ» атты көлемді дастаны қолжазба қалпында маңайдағы халыққа кеңінен тарайды. Жұртшылықтың дастанды құмарта оқуының, жыршылардың үнемі жырлауының әсерінен Әлиакбардың ақындық аты кеңінен танымал бола бастаған.

Ақынның азаматтық–әлеуметтік лирикаға жататын өлеңдері бар. Мысалы, «Тұрмағамбет Ізтілеуов туралы», «Жаңақала», «Қуаңдария», «Құнды сөз», «Түлектерге», «Күрішшілерге», «Ақ күрішті алты қыз», «Сәулелі жанұялар» т.б. ақынның азаматтық–отаншылдық сарындағы өлеңдерінде тіршіліктегі жеке адам мен әлеуметтік орта қатынастары, туған жерге, атамекенге, қазақ халқына деген перзенттік махаббат сырлары жырланған.

Қазіргі кезде Асылбек Зібайраев, Серік Жақсықұлов, Майра Сәрсенбаева, Дінислам Тоқсанбаев, Арнұр Көшенейұлы т.б жыршы– термешілердің репертуарында Әлиакбар ақынның шығармалары тұрақты орын алған.

1987 жылы 20 шілдеде Тұрмағамбет ауылында дүние салған.

Әлиақбар Жұматайұлы 220-ға жуық жазған шығармаларын, 43 мыңдай жыр жолдарын ұрпақтарына мұра етіп қалдарған ақын. Ақын мұрасын қызы Бәһар Әлиакбарқызы, інісі Қасым Жүсіпов екеуі М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбаларына 1986 жылы тапсырған. Бұл қолжазбалар 2008 жылы «Көмейден төгіл жауһар жыр» деген атпен 500 дана болып басылып шықты. Филиология ғылым докторы, профессор Тебегенов Темірхан М.Әуезов атындағы әдебиет институтының бөлім бастығы, кітаптың жауапты шығарушы Серікбай Қосымановтың, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Рзақұл Нұртаев, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тәйімбетовтің, ақынның немере інісі белгілі кәсіпкер, Алматы қаласындағы «Дан-Ко» орталығының директоры Қалабай Теңелбаевтің, Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев атындағы қордың президенті Дүйсен Жақсығұловтың, Қармақшы ауданы ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Ерлан Бисенбаевтардың азаматтық парызы мен қажырлы еңбектері арқасында рухани құндылықтарымыз ұрпақтардың игілігіне айналуда.

Біз, ұрпақтары әкеміз Әлиакбар Жұматаев сынды ақынның мұраларының ұлықталуына үлес қосқан ұлтжанды азаматтарымыздың еңбектеріне сүйсінеміз, рахметімізді айтамыз.

Сыр сүлейлерінің жалғасы Разақ Мыңжанұлы

Сырдария өзенінің бойын жайлаған халықтар арасында ежелден ән–жыр сарқылған емес. Халық арасында Сырдың сүлейлері деп аталуы да осы өңірден ақын–жыраулардың көптеп шыққандығынан аталса керек. Сүлейлердің жалғасындай болған Разақ Мыңжанұлы 1922 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1940–1942 жылдары бұрынғы «Өндіріс» ұжымшарында есепші болып бастап, 1942–1949 жылдары Ленин ауылдық кеңесінің хатшысы, 1956 – 1957 жылдары клуб меңгерушісі, 1964–1968 жылдары сауда мекемесінде зат тасушы, 1969–1978 жылдары Ленин кеңшарында жанар–жағар май қоймасының меңгерушісі болып қызмет атқарып, нағыз жырға жыр қосып, шабыттана келіп кемелденген шағында 1978 жылы 56 жасында ауыр науқастан қайтыс болады.

Разақ Мыңжанұлы жас кезінен Сыр сүлейлерінің ән–жырына сусындап өсті. Кейін шаруашылықтың әр түрлі саласында еңбек ете жүріп, бір сәтте қолынан қаламын тастаған емес.

Разақ ақынның ұстаздары белгілі жыр дүлдүлдері Тұрмағамбет, Мұзарап Жүсіпов, Наурызбай Айтуаров, Әлиакбар Жұматаевтар еді.

Рекеңді өлең жазуды өз шешесі Әнипадан үйренген деген де деректер бар.

Мектепте «өлең жазып кел» деген нұсқау болып, үйіне келген соң шешесі Әнипадан «мен не жазам» деп сұрағанда:

«Мен өзім аттылымын, түйелімін,

Келгенде қара сөзге киелімін.

Сұрасаң менің атым Әбдіразақ,

Әлімнің Қарасақал шешенімін», - деп шешесі табан астында бір шумақ өлеңін шығарып берген екен. Көптеген шағын өлеңдерімен қатар аудан көлеміндегі ақындармен айтысқа түскен. Ұстазы Наурызбаймен айтысқа түсіп, өнер жарысында ат басын теңестірген.

Разақ ақын өзінің аз жасаған өмірінде шығыстың ауыз әдебиеті дәстүрімен «Дана қыз» атты дастанын және «Шәкір–Шәкібай» қиссасын өзінше жырлаған.

«Қапиза қызбен» айтысы еш жерде кездеспейтін стильмен жазылған дастан. Дастанның куплетін оңынан солға қарай, солынан оңға қарай оқысаң да мазмұны згермейтін, ұзына бөліп, сөздердің бас әріптерінің «қарындасқа» деген сөз шығару бұрын–соңды ешқандай ақындардан кездеспеген кесек дүние. Осы дастандар мен өлеңдерін Сырбай Мәуленов оқып отырып, «Біз де ақынбыз деп жүрміз-ау, нағыз ақындар мұнда жүр екен ғой» деген екен.

Разақ Мыңжановтың артында мол мұрасы, рухани қазыналары қалды. 2000 жылы белгілі жырау Берік Саймығамбетовтің «Тұнық тума» жинағына Разақтың «Қапизамен айтысы» ендірілді. Әлі де жарық көрмеген қол жазбалары жиені Бұйратбек Зәріповте сақтаулы тұр.

Жауынгер ақын Жанаев Нұрмағаммбет

Жанаев Нұрмағамбет бұрынғы Қазалы уезінен №12 ауылында (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы ленин кеңшарында) 1912 жылы туған. 1941 жылы ол Ленин селосы болып қызмет атқарып жүрген кезінде майданға аттануға 1944 жылы желтоқсан айында венгрияның Будапешт қаласын азат етуде ерлікпен қаза болған. Нұрмағамбет Ұлы Отан соғысы басталар алдында ауыл дүкенінде 1934 жылдары қызмет істеген, содан 1937 –1939 жылдар аралығында армия қатарында қызмет атқарып, аға лейтенант атағымен елге оралып, Ұлы Отан соғыс жылдарында дәрежесі артеллеристен рота командирлігіне дейін өскен.

Нұрмағамбет қатарының және халықтың алдында өте құрметті, беделді, өтіріктен бос сөз айтпайтын халықтың қамын үнемі ойлайтынақ көңіл, кішіпейіл, қолынан келгенше адамдарға бірдей қарайтын жалпы елге сыйлы еді. Ол кісінің еңбектерін бағалап, аудан, ауыл басшылары туған ауылынан бір көшенің атын беріп, 1992 жылы 80 жаста болуына орай ас беріліп, бір көше Жақаев Нұрмағамбеттің атына берілді. Ағамыздың еңбектерін жарыққа шығарған майдандас досы, бірге жүрген Іздібаев Шәрибек қан майданда жүрсе де елге аман–сау жеткізген. Өлеңдерін ауыл ақыны Дәулетбаев Запа ағамыз аудандық, облыстық газеттерге беріп тұрды. Жанаев Нұрмағамбеттің барлық өлеңдерін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Көбей Сейдахановқа тапсырды. Ол кісі «Жұлдыз» журналдарына өлеңдерін жазып тұрды. Осы жоғарыдағы аты аталған кісілерге ағамыздың өлеңін жарыққа шығарғандығы үшін шын жүректен алғысымызды айтамыз.

Шежіреші жырау, ұлағатты ұстаз Сүйінбай Ақбаев

Сүйінбай Ақбаев 1919 жылы Томарбөгет колхозында туылған. Тегі Кете руының Текей батыр аталығы ішіндегі Кеген руынан. Сүйінбайдың әкесі Қожатай ақынжанды, домбыра тартып, ән салатын, әрі ұста кісі болыпты. Ел ішінде Қожатайдың үлкен той–мерекелерде палуандыққа түскендігін айтады. 1932 жылы қазіргі Т.Ізтілеуов атындағы шаруашылықтың бұрынғы Ленин совхозы одан бұрын Ленин колхозы, Күйеу асар төбесі етегінде «Ақ школ» атты мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқытушы болып, Ә.Егізбаев сабақ берген. Сүйінбайдың әкесі Қожатай баласына ат қоюда да өнер адамына деген ықыласы тұр. Өйткені, Жетісудың әйгілі ақыны Аронұлы Сүйінбайдың атын арнайы таңдап қойғанын ел айтады. Мектепті бітіргеннен кейін 1938 жылы Қызылорда қаласында ашылған бастауыш мектепте мұғалімдер даярлайтын 6 айлық курсты оқып бітіреді. Бітіргеннен кейін «Томарбөгет» бастауыш мектебіне оқытушы болып жұмыс істеген. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Армия қатарында жүріп КСРО мен Финляндия аралығында болған соғысқа қатысып, бірнеше шайқастарға қатысады. 1940 жылдың аяғында соғыста жараланып, емделіп шығып, елге оралған. 1941 жылы Қызылорда қаласына келген Корей педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Сол 1941 жылдан бастап Сталин атындағы 7 жылдық мектепті 1955 жылға дейін оқытушылық қызмет атқарады. 1955 жылы К.Е.Ворошилов атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет істеді. Сүйінбайдың өскен ортасы Сыр сүлейлерінің көбірек шоғырланған жері болып есептелетін қазіргі Т.Ізтілеуов, Майлыөзек шаруашылықтары орналасқан жерлер. Сыр бойындағы атақты Ешнияз Жөнелдікұлы, Балқы Базар, Шегебай Бектасұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Құламанов Тасберген, Дүзбенбетұлы Жиенбай сияқты кісілердің де туған жері болып саналады. Сүйінбай ақын осы ақындар мен жырауларды құрметтеп, олардың өлең–жырларын оқып, тыңдап өсті. Олар жазған дастан, жырларды жаттап жинақтады. Сүйінбай ақын өзі 60-тан астам мақам біледі деп айтатын. Өзінің бабасы атақты жырау Құламанов Тасберген атында «Тасберген жырау» атты жыраулар мектебін ақысыз ашып, ауылдың домбыраға бейім оқушылары мен жастарды осы мектепке қамтып, оған жергілікті жыраулар Жаппар Тұңғышбаев, Қуандық Бүркітбаевтың ақысыз сабақ беруін ұйымдастырған еді. Сол кездегі Қызылорда облысының партия комитетінің 1 хатшысы Еркін Әуелбеков бұл жұмысты мадақтап, Сыр бойындағы барлық аудандарда жыраулар мектебін ашу жайлы қаулы қабылдап, ел назарына түскен игілікті жұмыстың қозғалысы басталды. №29 мектепте 1989 жылдан бастап ақы төлейті «Тасберген жыраулық мектебі» ашылды. Тек Қармақшы ауданының өзінде Жиенбай, Сәрсенбай мектептері ашылып, бүгінгі күні бұл мектептің жұмысы одан әрі дамытылуда. Сүйінбай жас кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі үйірмелер ұйымдастырып оқушыларды өнерге баулуды кәсіп еткен. К.Е.Ворошилов атындағы мектепте жұмыс істеп жүргенде Сүйінбай жырау оркестр ұйымдастырып, ол оркестр аудандық байқауға қатысып, бас бәйгені жеңіп алған болатын. 1975 жылы Қызылорда қаласында өткен облыстық жыраулар байқауына қатысып, бәйгеге арнайы домбырамен марапатталды. 1987 жылы Алматы қаласында өткен одақтың 15 республикасының өнерпаздары қатысқан өнер байқауына қатысып, лауреат болып қайтты. Еңбек еткен жылдары бірнеше дүркін мемелекеттік грамоталарын, Мақтау қағаздарын, «Ұлы Отан Соғысы Жеңістің 40, 50 жылдығы» медалдарымен марапатталды. Сүйінбай Ақбаев ол тек жырау ғана емес, ол әрі күйші де, Құрманғазы, Дәулеткерей, Д.Нұрпейісова және т.б. күйшілердің күйлерін насихаттаушы. С.Ақбаев ол тек қана жырауларды тыңдаушы емес, мақамдармен қоса көптеген терме, толғау, қиссаларды жаттап тойларда жырлаған. Атап айтқанда, Көрғұлыдан Раушанбек, Кәжденбек, Шораяқтың Омарынан «Жарлы тәліп», «3 күлше», «Тақ Сүлеймен», Балқы Базардан бірнеше толғау, терме, «Айна мен тарақ» қиссасын, Жүсіп Ешниязұлынан «Сүрмерген», Ерімбеттен «Сәдуақас сақи», жауынгер ақын Әбзәли Егізбаевтан «Дад дастанын» жырлаған Сүйінбай ақсақал өзі жырлай жүріп, Сыр сүлейлерінің қисса–дастандарын, терме, толғауларын қалың дәптерге өз қолымен түсіріп, жинақтаған фольклоршы еді. Көптеген көне мақамдарды білген.

Ақбаев Сүйінбай үлкен жанұя басшысы 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан 31 немере, 5 шөбере сүйген ардақты қариямыз еді.

Сүйінбай жырау 1999 жылы 3 сәуірде қайтыс болған.

Тұнып тұрған шежіре Запа Дәулетбаев

Сыр сүлейлері мекені болып танылған Тұрмағамбет ауылының төл перзенті, бала кезінен ақын, тілші атанып, көне көз қариялар мен ақын – жыраулардың сөздерін құлағына құйып өсіп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізе білген ақын–шежіреші Запа Дәулетбаев 1929 жылы №10 ауыл, «Қалыңбас» ұжымшары, Ақтайлақ деген жерде дүниеге келді. Зәкең өзінің еңбек жолын 1944–1952 жылдар арасында туған ауылында колхозшы болып бастап, 1952–1957 жылдар аралығында Ақжар МТС-інде комбайнер, 1957–1966 жылдарда клуб меңгерушісі, 1966–1992 жылдар арасында Ленин кеңшарында кадр бөлімінің меңгерушісі болып, еңбек етіп құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Запа аға қай салада болмасын жұмыс істей жүріп, жанына қаламын серік етіп, артына мол мұра қалдырды. Зәкеңді көпшілігі жыр сүлейлерінің ізбасары ретінде таниды. Оның өлеңдері бірнеше топтамаларға еніп, баспасөз беттеріне жиі–жиі жарияланып отырды. Туындылары «Жеті асар» және «Жағасы жыр–сұлу Сыр» деген атпен Алматы қаласы баспаларынан жарық көрді.

Зәкең ақындығымен қоса тұнып түрған шежіре, құйма құлақ, естіген әңгімелерін жадына сақтап, ұмытпайтындығы арқылы кез келген уақытта нақышына келтіріп айтып отырушы еді. Әсіресе, Есетбай батыр, Қара Қисық, Тұрмағамбет, Шаман палуан ұжымшарлардың құрылуы, «Сталин», «Қурайлы» каналдарының қазылу тарихтарын жете білетін.

1994 жылдары «Ана тілі» республикалық газеті «Қазақ шежіресі» деген атпен «Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз руларының шежіресі» жинағын бере басталды.

Кіші жүз шежіресінде «Қаракесек–Әлім–Шөмен» деп біздің арғы атамыз Байсарыны айтпай, бізді Әлімнің бір баласы деп көрсетті. Бұл тарихи шындықтың бұрмалауына шыдамай Жұбаев Тілеу ақсақал, Запа ағай нақты деректерді зерттеп, Қаракесектен Байсары, Әлім, Шөмен туылғандығын, Байсары балалардың үлкені екендігі және сұлтан Бейбарыстың әскер басы болып, Мысырда шейіт болатындығы туралы дәлелдеген едік. Осы жұмыста Зәкең көп еңбек сіңірді. Бұл деректердің ғылыми зерттеулер арқылы дұрыстығын «Ана тілі» газеті мойындап, газеттің келесі номеріне жариялаған болатын. Ескі мәдениетті, жәдігерлерді қорғау барысында да елеулі жұмыстар жүргізді. Қазіргі Қуаңдария ауылына бара тас жолындағы Ешнияз сал кесенесін совхоздың сол кездегі директоры Кәжденбек Қалдашбаевтың соңынан қалмай жүріп салдырған Зәкең еді. Өйткені, сол төбедегі ертеде қам кесектен бір–біріне тіркес салынған Ешнияз сал, оның баласы Кете Жүсіптің бейіті бұзылып жоқ болып кету қаупі төніп тұрған болатын. Атақты Тасберген жыраудың бейітінің жойылып кету қауіпіне байланысты олардың ұрпақтарымен байланысып, ол қорым биік темір шартақпен қоршалды. Күйеу асар түбіндегі бір ауылдың қорымы айналасына егіс егілуі салдарынан ыза басып кетуі себепті қорымды айнала арық қазу арқылы қорымды сақтап қалу үшін көп еңбек сіңірді. Зәкеңнің ең үлкен арманы ауыл орталығынан мұражай ашу еді. Оның сызбасын да өзі жасаған болатын. Бірақ, ол арманына жете алмады. Зәкең сонымен бірге лезде тауып айтатын ұтқыр сөзді кісі болатын.

Бірде елге ақын–жазушылар келіп, елмен, жермен танысты. Бір мекемеде Ұлы Отан соғысынан оралмағандар туралы арнаулы стенд ілініп, оның тақырыбын «Бұлар Ұлы Отан соғысында» деп қойған екен. Бір ақын әзіл ретінде «мыналар әлі соғысып жатыр ма?» деп қалды. Бәріміз абыржып қалдық. Сонда табан астында Зәкең «Соғысса соғысып жатқан шығар, әлі ауылға келген жоқ» деп ұтымды сөзіне жиналғандардың бәрі риза болған еді. Ол кісі өте сыпайы, ешкімнің арына тимеген, таза, ешкімнің ала жібін аттамаған, ашу шақырып көрген кісі емес. Бұндай тектілік әкесі Дәулетбайдың қанымен де келуі мүмкін.

Дәулетбай ақсақал сыпайы, көп сөйлемейтін, ал ақындардың өлеңдерін, көнелікті әңгімелерді көп білетін, тіп –тік жүретін сырбаз кісі еді.

Сондықтан ауылдастары бұл кісі «Қарадан шыққан Төре ғой» десе келіндері «Төре қайынаға» деп атаушы еді.

Запа Дәулетбаев 2008 жылы ауыр науқастан соң Алматы қаласында қайтыс болды. Інілері Көшербай, Жалғас, қарындастары Рашида, Уасила, келіні Қызбике мен күйеу баласы Бағбандар ақ жауып арулап, Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерлеп, басына көрнекті құлпытас қойды. Жердің шалғайлығына байланысты туған жерден туған–туыс, аға–інілері атынан 40-тан астам жанашырлар Алматыдағы белгілі жазушылар, ақындар қатысты.

Зәкеңнің артында бұрын жарияланбаған мол мұралары қалды. Енді оны жинақтап, талдап жария ету міндеті тұр.

Зәкең қайтыс болғанда жерлеуге қатыса алмаған белгілі жырау Алмас Алматов өз көңілін төмендегідей газет беті арқылы білдіріп еді.

Көне сөздің кені еді

/Ақын Запа Дәулетбаев қазасына/

Тұмадай тұнық аққан таудан құлап,

Кені едің көне сөздің қайнар бұлақ.

Сүлейлі Сыр бойында шырақшыдай,

Жоғалтпай жыр арнасын болдың мұрап.

Ұрпаққа ұлыңдай боп жырың қалды,

Жүректің жан тербетер қылын бұрап.

Көмескі, күңгірт тартқан ата жолын,

Оһ – дарих! Отырушы ек сізден сұрап.

Қадірін білген жанға адам қымбат,

Ер қайда сөз қадірін білер бірақ?!

Ілгері Бақа бидің заманында,

Бір жігіт былайынша берген сұрақ:

-Датым сол-шешендікте шек бола ма?

Білсеңіз көп жамағат салсын құлақ...

-Шегі сол шешендіктің жан кеуіліне,

Тигізбей сөз қайтарсаң болар мұрат...

Сол мысал сыпайылық салтын құрып,

Өтті өмірің өнегелі өлең құрап.

Керуеннің дүрлер тартқан соңы едіңіз,

Топырақ топтан бөліп, түсті жырақ.

«Ақтайлақ-Кезең» еді ата жұртың,

Мәңгілік Жетісудан таптың тұрақ.

Бақұл бол! Дегдар тұқым, даңқты перзент,

Ұлтқа үлгі ұлағаты жанған шырақ.

Қазаңды халық қатарлы ести алмай,

Жүректе жалқаяқ су, қалды сұрақ,

Туысқан, жақын емес ақын өлді,

Еліне ер міндеті болар сынақ.

Иманың жолдас болсын, қайран аға!

Пейіштен болсын орның, мініп пырақ!

Алмас Алматов, жырау.

Орденді күрішші, дүлдүл жырау Берман Бисенбаев

Сыр сүлейлерінің дастан–хикаяларын, толғау– термелерін кейінгі ұрпаққа жеткізуші, әрі насихаттаушы, Кетенің белгілі 100 жырауының бірі Берман Бисенбаев еді. Бекең ақсақалдың еңбек жолы егіншілікпен тікелей байланысты болып, осы салада елеулі табыстарға қол жеткізді. Күріш егудегі қол жеткізген табыстары үшін 1967 жылы «Ленин» орденімен марапатталды.

Ауылымызда «Ленин» орденді азаматтар санаулы. Олар Ұлы Отан соғысының, яғни КСРО-ның батыры Тәйімбет Көмекбаев, еңбек ардагері Сәлима Жұмабекова, №1 Жақаевшы куәлігінің иегері Әбен Тоғызбаев, содан кейін күрішші Берман Бисенбаев. Берман ақсақалдың еңбек жолындағы жоғары көрсеткіші үшін 1968 жылы Қазақ ССР-нің Құрмет кітабына есімі Алтын әріппен жазылса, 1979 жылы «Еңбектегі табыстары үшін» медалімен марапатталды. Ауылда екі Берман Бисенбаев деген кісілер тұрды. «Үлкен Берман» деп ауыл ақсақалы болған қадірменді ауыл ақсақалын атаса, бұл кісіні «Жырау Берман» деп атайтын. Өйткені, Берман ақсақал еңбек ете жүріп жыраулықты қатар алып жүрді.

Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары т.б. Сыр бойы шайырларының толғау–термелерін, хикая–дастандарын, Тұрмағамбеттің «Рүстем–Дастанын», Наурызбайдың «Тазша баласын» жатқа біліп, Сыр мақамдарымен түннен–түнге, таңнан–таңға дейін жырлайтын Берман ақсақал өте әңгімешіл кісі еді. Жиын–тойларда, өзі жырлайтын ортада жұртты әңгімемен ұйытып, терме–дастандарды жырлап, жұртты жалықтырмайтын.

Жыраулығымен қатар белгілі сүлейлердің бірі Қарасақал Ерімбеттің қазақ шежіресі туралы дастанын, Кете–Шөмекейдің шежіресін жатқа біліп,, оны қағазға түсірді.

Берман ақсақал өмірден озар алдында өзі жазған шежіре елдің арасын алшақтатып жібереді деген оймен ел бірлігін ойлап, тек өз аталығының шежіресін қалдырып, қалғанын ешкімге бермей өртеп жібереді.

Күйші–жыраулардың екі қолы саусақтары түгел болуы керек. Бірақ, Бекеңнің сол қолының 2 саусағы жоқ болатын. Оның да өзінше тарихы бар.

Өткен жылдың 60-шы жылдары ауыл егісіне су әкелетін каналдың «Бозкөтерме» деп аталатын бөлігін су бұзып, оны бөгеу үшін жанкешті еңбегі кезінде саусақтарын қара бура шомы жұлып кеткен еді. Берман ақсақал сол екі саусақсыз – ақ домбыраны тартқанда еріксіз риза боласың.

Берман Бисенбаев жыраулықпен қатар, шебер күйші де болды. Мұзараптың «Тәнтен қыз», «Шаттық», «Тоқым тыққан Қыстаубай» күйлерін құйқылжыта тартатын. Қазір бұл күйлерді білетін ешкім қалмады.

Зейнеткерлікке шыққан соң белгілі фольклоршы–жырау Сүйінбай Ақбаевтың бастамасымен оқушылар арасында жыраулықты насихаттау, әрі тарату мақсатында ешқандай еңбек ақысыз мектеп жанынан жыраулар үйірмесін ашып, жыраулыққа бейім оқушылар мен ауыл жастарына жыраулық дәстүрді үйретті. Қазіргі белгілі жырау Асылбек Зібайраев Берман жыраудың алғашқы шәкірттерінің бірі.

Берман ақсақал 1993 жылы қайтыс болды. Қорымы Тұрмағамбет ауылында. Жұбайы Тымар Бисенбаева. Ұрпақтары Сырдария ауданында, Тұрмағамбет ауылында тұрады. Ұрпақтарынан баласы Қанат Бисенбаев топқа түсіп, жыр жырлап жүрсе, шаңырақта отырған баласы Ораз да жыраулыққа бейімі бар. Немерелерінен Динара қазір жырау Зәуре Кәрібаеваның жыраулық мектебінде тыңдаушы болса, Ораздың баласы Аслан ақындық өнерге ден қойып, аудандық, облыстық жас ақындар сайысы мен мүшайраларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр.

Тарлан жырау Жаппар Тұңғышбаев

Қармақшы өңірінен шыққан жыраулар бастауында Ешнияз Жөнелдікұлы тұрса, Ешнияз салдан тараған ұрпақтың бірі–белгілі жырау, халық «Тарлан жырау» атағын берген Жаппар Тұңғышбаев.

Жаппар Тұңғышбайұлы 1933 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы «Ақбас тамы» деген жерде дүниеге келген. 1940 жылы Ленин атындағы мектепте оқып, 1951 жылы 10 жылдық білімді бітіріп шыққан. Ол 1952 жылдың 10 қарашасында Қызылорда қаласындағы политехникумға түседі. 1953 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп келеді. 1958–1991 жылдары Ленин атындағы шаруашылықта жүргізуші, сушы болып жұмыстар атқарып, 1991 жылы зейнеткерлік демалысына шығады. Жаппар Тұңғышбаев жастайынан ән мен жырға құмар болып өсті. Әсіресе, ауылда болатын жиын тойда таңды–таңға қосып жырлайтын арқалы жырауларды тыңдап өскен Жаппар он жасынан бастап домбыра тартуға ықыласы ауады. Жақын–жуық ешкімнен домбыра таба алмаған бала Жаппар нағашысы Нұрғалидың үйіне барып, қона жатып екі күн ішінде домбыра үйреніп қайтады. Бұл 1943 жылдың жазы болатын. Сол уақыттан бастап өлең жаттап домбыраға қосып айтады.

1962 жылдан бастап жыраулық өнерге бірыңғай ден қояды, әртүрлі мақамдар үйрене бастайды. Біреуі аға, біреуі құрдас, біреуі іні ауылдастары Зайыр, Сүйінбай, Берман, Әбдіхалық, Қуандық күнде бір үйде бас қосып, бірін–бірі тыңдап, бір–біріне үйретіп нағыз жыр әлемінің тұңғиығына сүңгиді.

Жаппар жырау өз естелігінде: «Қылшылдаған жігіт кезім. Ұмытпасам қараша айы болу керек. Әбдірауықтың үйінде (Тұрмағамбеттің баласы) жыраулар өнер көрсетіп жатыр дегенді естіп, сонда бардым. Үй іші лық толы адам. Үлкендігі 60–70 кісі сыятын төргі бөлмеде ине шаншар жер жоқ. Мен келгенде Әбілда, одан кейін Мұзарап жырлады. Нақ ортада шарт жүгінген Рүстембекте үн жоқ, көзін тарс жұмып алған. Сәлден соң ұшатын құстай қомданып, домбырасын қолға алып, жүйтки жөнелді. Ойпырмай, не деген құдірет, неткен зор дауыс. Маған жер теңселіп, үй шайқалғандай болып көрінді. Жұрт сілтідей тынған. Қайран ағамның сол даусы әлі күнге дейін құлағымда тұр.» деп сүлейлерді сүйсіне еске алушы еді.

1972 жылы ІІІ интернационал ауылында өткен аудандық жыршы– термешілер байқауына қатысып, жүлделі І орынды иеленді.

1979 жылы Қызылорда облысында Қазақ ССР-ының 60 жылдық мерекесіне арналған жыраулар мен күйшілер байқауында Мақтау грамотасын алды. Бірнеше рет республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленді. Жырау репертуарларында Сыр сүлейлері шығармалары, оның ішінде Әбзәли Егізбаевтың «Бағдат», «Дат» дастандары, Әлиақбар Жұматаевтың «Жүз сауал», Наурызбай Айтуарұлының «Шала тас» дастандары мен қиссалары бар. Жыраудың бейнетаспаға жазылған даусы облыстық халық шығармашылығының қорында сақтаулы.

2004 жылдың 22 мамырда Алматыда жыр керуені өткен. Сыр сүлейлері ізімен Республика сарайындағы концертте өз өнерін көрсетіп, халық қошеметіне бөленді. 2006 жылы Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата кешенінде өткен «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық жыраулар фестиваліне қатысып, лауреат атанды. 1987 жылдан бастап Жаппар Тұңғышбаев Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебі жанынан ашылған Тасберген жырау атындағы жыраулық мектепте көп жылдар бойы шәкірттер тәрбиеледі. Өзі туып өскен жерден шыққан Сыр сүлейлерінің көмейден қайтаратын сырлы сазды мақамдарымен Тасберген жыраудың маңырамасын дәл Жаппар жыраудай орындайтын жырау кемде кем. Ол кісінің тағы бір қыры–ағаштан түйін түйер ісмерлігінде. Қазақы ер жасаудан бастап, көздің жауын алардай домбыра шабуды да шебер меңгерген.

Жергілікті жердің жиде ағашынан жасаған домбыралары арнайы цехтарды жасаған домбырадан еш кемі жоқ. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы Жаппар аға халқының сыйлы ақсақалы, қазақтың ізгі салт – дәстүрін, Сыр ақын – жырауларының өлмес мұраларын кейінгі ұрпаққа қалдыруда сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Зайыбы «Алтын алқа» иегері Қауысбаева Сырға екеуі 10 бала тәрбиелеп, 23 немере, 2 шөбересінің қызығын көрген бақытты ата мен әже. 2011 жылдың 5 қазанында өнерпаз аға дүниеден өтті. Жаппар Тұңғышбаевтың бейнесі Сыр сүлейлерінің заңды ізбасары ретінде жыр сүйер халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

Дарабоз жырау Қуандық Бүрлібаев

Қуандық Бүрлібаев 1936 жылы №10 Ленин ауыл советіне қарасты Ленин колхозында колхозшының жанұясында дүниеге келген. Білімі орта, мамандығы механизатор. Қуандық Бүрлібаев бір ауылдан жүзден аса шайыр–жырау шыққан Сыр сүлейлері туған ортада туа біткен талант болғандықтан ес біле Сыр бойына белгілі жыраулар: Рүстембек Жиенбаев, Мұзарап Жүсіпов сияқты жырауларға еліктесе, кейін белгілі жыраулар Сүйінбай Ақбаев, Зайыр Рахатов, Берман Бисенбаев, Жаппар Тұңғышбаевтар жыраулық өнерінің қалыптасуына көп көмегін тигізді.

Қуандық Бүрлібаевтың халық алдына шығып таныла бастауы 1972 жылдан басталды. Оған дейін жора–жолдастарының арасында ғана жыр айтып жүрген. Осыдан былай ауданға, облыстарға шыға бастады. 1979 жылы Қызылорда облысында Қазақ ССР-нің 60 жылдық мерекесіне арналған жыраулар мен күйшілердің байқауына қатысып, Мақтау грамотасына, сыйлықтарға ие болып ССР Мәдениет Министрлігінің грамотасын алды. 1980 жылдан бастап 1987 жылға дейін облыстық ақындар айтысының концерттеріне қатысып, жүлдегер, грамот, дипломдарға ие болды. 1986 жылы Алматы қаласында теледидардан Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Рүстем– Дастан» кітабынан «Сом Палуан» поэмасын және Сыр сүлейлерінің бірнеше толғау, термелерін орындады. 1986 жылы 19 майда шақырумен Ленинград қаласында Бүкілодақтың этнографиялық фестиваліне қатысып, сыйлық алып келді. 1987 жылдың қаңтар айында Вологда облысы, Великий Устюг қаласының құрылғанына 850 жыл толуына байланысты Бүкілодақтық ІІ-ші фольклорлық этнографиялық фестивальға қатысып, Сыр елінің жампоз жырауы Жиенбайдың көмейден қайтаратын мақамымен Сыр сүлейлерінің өсиет термелерін төкті. Табиғат таланттың әр өнеріне риза ел үстіне шапан жапты, басына бөрік кигізді, грамота алды. 1987 жылы қазан айында жырау Қуандық Бүрлібаев Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Алмас Алматов, Жәнібек Кәрменовтермен бірге Самарқанд қаласында Таяу және Орта Шығыс халықтарының дәстүрлі «Осы заманғы музыка мәдениетіндегі өнері» атты халықаралық ІІІ музыка зерттеу симпозиумына қатысты.

Симпозиумға туысқан советтік республикадан және дүниежүзінің 25 елінен 700-ден астам өнер адамдары жиналған. Сол жерде Қуандық Бүрлібаев «Көрғұлы» эпосынан әр мақаммен үзінді орындады. Ғалымдар мен зерттеушілер, көрермендер орындаушыға зор ілтипат, құрмет көрсетті.

Сыр елінің жыраулық өнерін Дүниежүзі халықтарының алдында танытты, жүлделі грамотамен оралды.

1988 жылы жерлесіміз дүлдүл ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 100 жылдық, Шиелі ауданының құрылғанына 60 жыл толу мерекелеріне қатысып өнер көрсетті.

1987 жылы №29 Т.Ізтілеуов атындағы орта мектепте «Тасберген жырау» мектебінде мұғалім болып сабақ берді.

1987 жылы Алматы қаласында Бүкілодақтық халық творчествосы концертіне қатысып, лауреат атағын алды.

1988 жылы Алматы қаласында «Қамбар батыр» туралы түсірген кинофильмде Қамбар батыр дастанын орындады. Мәдениет министрінің қызметкері Молицкая Бэлла және Ленинград қаласындағы фольклор зерттеушісі Алма Құнанбаева, сонымен қатар Одақ пен шет елдердегі білікті фольклоршылар мен халық өнерін зерттеуші ғалымдардың ұсынысымен Жапон еліне шақырылды. Жапон еліндегі Токио қаласында болатын дүниежүзілік «Оцеик» фестиваліне музыка өнерінің зерттеушісі Алма Құнанбаева, ғалым, доктор Изоли Земцовский жетекшілік етуімен фестивальге қатысып, өз даусын дүниежүзілік өнердің алтын қорына жаздырды.

Өзі туып–өскен Сыр сүлейлерінің көмейден қайтаратын сырлы сазды мақамдарымен тыңдаушыларды тәнті етті. Елге табыспен оралды. Осы концертке қатысқан Американың өнер зерттеушісі, ғалым Уольтер Зеф Фельдман мырза ерекше риза болып, өз еліне екінші рет шақырған еді. Бірақ, Қуандық жыраудың өмір жібі ерте үзіліп ол елге бара алмады.

Дарабоз жырау Қуандықтың туғанына 70 жыл толуына орай арналған мәдени шаралар облыстық, аудандық деңгейде кең көлемде аталып өтіліп, ас берілді.

Ата дәстүрін жалғастырған ұлы Амандық қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі ән» факультетінде ұстаздық етіп жүрген аймағымызға белгілі жырау.

Ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Өндібаева Үрліхан Қазыбайқызы

Өндібаева Үрліхан 1941 жылы Ленин совхозында дүниеге келген. Әкесі Өндібаев Қазыбай соғыс мүгедегі, соғыстан елге аман–есен оралып, ауылдың экономикасын көтеруге аянбай еңбек еткен азаматтардың бірі болды. Шешесі Өндібаева Аппаз қарапайым еңбек адамы, тыл ардагері. Бүгінгі күнде екеуі де бақилық болған. Үрліхан Өндібаева 1948–1958 жылдары ауыл орталығындағы мектептен 10 жылдық білім алып, Шымкент сауда техникумын бітіріп, сауда саласында 30 жыл еселі еңбек етті. Осы еңбегінің арқасында бірнеше дүркін аудан, облыс сауда саласының марапаттауларына ие болған. Көп балалы ана ретінде елу жасында зейнеткерлік демалысқа шықты.

Үрліхан Өндібаева мектепте жүрген кезінен бастап, өте алғыр, талантты, ән–жырға әуес болып өсті. Ақындыққа бет бұруы 55 жасынан басталды. Қазіргі таңда Алматы баспасынан 2004 жылы «Тұңғиықтан жыр жазсам толғап оңды», 2007 жылы «Аңсап күткен бақытым қолға қонды», «Жүз шайырдың бірімін, қыздан жалғыз» атты жинақтары жарыққа шықты. Қазақстан Республикасы Журналистер одағына 2003 жылы мүше болып қабылданған. 1996 жылдан бері жазған өлеңдері аудандық, облыстық газеттеріне жарияланып, ақындардың 4–5 жинақтарына енген. Аудандық, облыстық, республикалық мүшайраларға қатысып, бағалы сыйлықтар мен жүлделер алды. «Өлең жазумен айналысқаннан бері 2005 жылы қараша айында «Марал баба–125» жыл мүшайрасында «Бабаға тағзым» атты өлеңі ІІІ дәрежелі дипломмен, түрлі–түсті телевизор бәйге алғанда өте қатты толқыдым» дейді ақын апа.

1961 жылы ауыл азаматы Бердіғұл Жұматаевпен отбасын құрды. Тұрмыс жағдайымен сол кезге дейін мамандық ала алмай жүрген жолдасын Алматы қаласына ауыл шаруашылығы институтына жіберіп, өзі енесі Бозторғайды күтіп, елде жұмыс істейді. Әбекең жоғарғы оқу орнын бітіріп келген соң, 1968 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін зоотехник, ферма басқарушысы, партия ұйымының хатшысы, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, елге сыйлы, бір сөзді, тиянақты азамат ретінде елге қызмет етті. Бірақ, тағдырдың жазуы солай болған шығар 2002 жылы дүниеден озды.

Ақын апа жанұясында 8 бала тәрбиелеп өсірді. Ұл, қыздарының барлығы жоғары білімді, облысымыздың әр саласында қызмет жасайды. 19 немересі бар.

Ақын Үрліхан Өндібаева Тұрмағамбет ауылының әлеуметтік, саяси, мәдени өміріне белсене араласады. Ауылдағы жастар тәрбиесіне, жас ақындарды баулу, отбасы және әйел аналардың, қыз–келіншектердің инабатты, тәрбиелі болып қалыптасуына үнемі ақыл–кеңесін беріп отырудан еш уақытта жалыққан емес. Тұрмағамбет ауылындағы үлгілі отбасының отанасы, бақытты шаңырақ егесі.

Ана тілім – дара тілім

Бұрында ара ағайын,

Жинап ап елдің маңайын.

Шешендіе сөзбен тоқтатқан,

Жанжал мен даудың талайын.

Барымта болса жоқтаған,

Ағытып тұлпар ноқтаған.

Данагөй ата – бабамыз,

Бір ауыз сөзге тоқтаған.

Жүйесін тапса құпталған,

Айтылған сөзбен түпкі арман.

Тіл екен өткір, киелі,

Ажалдан да құтқарған!

Өзге тіл десең дара тіл,

Болғаны мүлдем сана кір.

Терең де мәнді – мағыналы,

Қазақтың тілі – таза тіл.

Екі ұдай болып сыңар жақ,

Тәуелсіздікті тұмарлап.

Алғанша тілден айырылып,

Бүлдіріп алдық шұбарлап.

Жайғандай ауру індетін,

Айтылып жатқан күнбе-күн

Тіл құдіретін ұрпақтың,

Сақтап қалу міндетің.

Шұбарлау тілді нақты айып,

Өзге тілді де жаттайық.

Тәуелсіз етіп ұлттықты,

Қастерлеп тілді сақтайық.

Ү.Өндібаева

Ауылым мақтанышым

(«Отаным – жүрегімде» жыр мүшәйрасына жазылған)

Отан деген бір ауыз сөз, төрт әріп,

Отан десе от жүрегір өрт алып,

Отан – анаң – қасиетті отбасың,

Отан – елің, қасиетін көр танып!

Ғажап менің жүрген ортам - ауылым,

Мақтан етем ақындардың қауымын.

Омар, Оңғар, Ешнияз сал, Мұзарап,

Рүстембек, Көшенейлер бауырым.

Әлем танып Тұрмағамбет ауылын,

Аталып жүр әр күн сайын аты мың.

Жауды жеңген Көмекбаев Тәйімбет,

Отан үшін от кешкендер, батырым!

Жүз жыраудың елі деген ғажап ат,

Кетсе мені қиял шіркін мазалап,

Нуы, суы, тылсым күш бар мекенде,

Топырағына дейін қонған таза бақ.

Ел аузында киелі ел дескендер,

Жүз шайырдың жүз тұсауын кескен жер.

Күңірентіп қобызымен күй толғап,

Қорқыт бабам Сырдың суын кешкен жер.

Ораз ахун, әулие ер Сейтпенбет,

Өмірсүрген мөлдір таза ниетпен деп.

Тоқсан түйе томар жақса күймеген,

Деген аңыз айтылмаған тектен-тек.

Марал баба, Қалқай ишан пір асқан,

Құдіретімен күркіресе түнгі аспан.

Аждаһаның басын ханға сыйлаған,

Құдайназар, Текей батыр – бір дастан.

Ел тарихын естімесе жатырқап,

Бейбіт күнне қуат алған асыр сап.

Отан – Ана, өз анасын сүюді,

Елін, жерін жаттап өскен жас ұрпақ.

Камзол киген қыз-келіншек оқалым,

Ән-жырымен құбылады жота мың.

Тәуелсіздік туын тіккен көк байрақ,

Туың сенің еңкеймесін, Отаным!

Нұршат Наурызбаева

Нұршат Наурызбаева 1975 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебін «күміс медальмен» аяқтап, сол жылы Қорқыт Ата атындағы педагогикалық институтына әуез факультеті жанындағы «Дәстүрлі ән» бөліміне оқуға түседі. 1996 жылы оқуды бітіріп, туған ауылына келіп, мектепке мамандығы бойынша мұғалім болып орналасады. Осы жылы мектепте республикалық «Көкіл» мектебінің «Мұрагер» эксперименталдық бағдарламасы бойынша бүкіл сынып оқушыларына нотасыз домбыра үйретуді жүзеге асырып, бұл күнде бұл бағдарлама бойынша 1–6 сынып оқушылары түгел домбыраны оркестрге қосып тарта алатын дәрежеге жетуінің бастамашысы болды.

Түп нағашысы Даңмұрын мен өз атасы Наурызбай белгілі Сыр сүлейлері болса, өз әкесі Бегежан Наурызбаев та Сыр аймағына ақындығымен танылған азамат болатын. Олардың жолын қуған Нұршат ақындық, жыршылық өнерді қатар ұстап, түрлі байқауларда өнер додасына түсіп жүр. Омар Шораяқұлының мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында І орын иеленсе, 2002 жылы Арал қаласының 100 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысына қатысты. «Тәуелсіздік–тұғырым» атты жыр мүшәйрасында І орын, аудандық «Келіндер сыны» байқауында бас жүлде иеленді. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай өткізілген «Елім деп өткен есіл ер» атты облыстық панорамалық сабақтар байқауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталады.

Әкеден қалған ақындық мұраны жалғастыруды өзіне парыз тұтқан Нұршат білім мен парасатты, қиындығы мен қызығы қатар ұстаздық жол мен өресі биік өнерді тең ұстап, жыр шабытын тоқтатпай, өнердегі ақындық жолды үзбей, әке аманатын адал ұстауды басты парызым деп біледі. Қазір аудандық «Оқушылар үйінің» директоры қызметін атқарумен қатар өзінің шығармашылық өнерін де жетілдіруде.

Отбасылы, екі бала тәрбиелеп отыр.

Кәрібаева Зәуре Қосжанқызы

Зәуре Қосжанқызы 1959 жылы Алдашбай ахун ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірісімен шаруашылықта күріш егумен айналысады. Ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты болып сайланып, сонымен қатар кітапханашы, байланыс бөлімінде қызметкер, клуб меңгерушісі т.б. жұмыстар атқарды. Облыс, аудан, ауыл көлемінде өтетін барлық мәдени шараларға, байқауларға қатысып отырды.

1987 жылы Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық фольклорлық фестиваліне қатысып, лауреат атанды. 2003 жылдың желтоқсан айынан бастап Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебі жанынан жыраулық үйірме ашып, оқушыларға жыр –терме үйретті.

2004 жылы мектептің ұстаздарынан ұйымдастырып, фольклорлық «Балымша» тобын құрып, аудандық «Наурыз шапағаты» фестиваліне қатысып, лауреат атағын алып, дипломмен марапатталды.

2004 жылы Алматы қаласында өткізілген «Жыр керуені» атты концертке қатысып қайтты.

2005 жылы Астанадағы «Конгресс – холлда» өткізілген «Ақмешіттен– Астанаға» атты концертте өнер көрсетті.

2005 жылы аудан мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі үшін, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдық мерекелік медалімен», облыс әкімінің Мақтау грамотасымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

2006 жылы 25 ақпанда өнер жылы аясында «Тыңдашы, халқым, жырымды» атты шығармашылық кеші өткізіліп, оған аудан әкімі, мәслихат депутаттары және ауыл ақсақалдары қатысты.

2006 жылдың желтоқсан айынан бастап аудандық Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйіне қарасты, Тұрмағамбет ауылындағы «Тасберген жырау» үйірмесінде үйірме жетекшісі болып қызмет атқарып келеді.

2009 жылы Қызылорда облысының мәдениет басқармасының Дипломымен марапатталды.

2010 жылы ақпан және қазан айында аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

2012 жылдың қыркүйек айында өткізілген аудандық «Шалқыған Шамшат жарлары» атты қыз-келіншектер байқауында бас жүлдені иеленіп, аудан әкімі орынбасарының Дипломымен марапатталды.

Қазіргі таңда ол үйірмеде 18 шәкірт тәрбиелеп отыр. Шәкірті Ғазиза Шаймаханова Халықаралық «Қорқыт сазы» фестивалінде лауреат атанса, Өскемен қаласында өткен Республикалық «Дельфилік» ойынның жыр –терме номинациясы бойынша 3 орын, қола медаль иегері, «Бозторғай», «Балдырған – балдәурен» конкурстарының І дәрежелі дипломымен, Байқоңыр қаласында өткен «Менің туған өлкем!» атты байқаудың бас жүлдегері болды. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның 4 курс студенті. Қазақстан ұлттық телеарнасындағы «Сегіз қырлы» түсіріліміне қатысып, арнаулы дипломдармен марапатталып жүр.

Отбасылы. Жолдасы Саматбек жүргізуші. 4 бала тәрбиелеп отырған ана.

Жырау - Асылбек Зібайраев

Сыр елін, тіпті ұлан-байтақ қазақ елін өздерінің жыраулық өнерлерімен тәнті еткен қасиетті Қармақшы елінің ақын-жырауларының бүгінгі көшін жалғастырып, өзінің ерекше жыраулық өнерімен, дарындылық қасиетімен есімі Сыр еліне, Қазақстанға танылып жүрген талантты жырауларымыздың бірі, жүз шайырдың ұрпағы, тұрмағамбеттік Асылбек Зібайраев десек қателеспейміз.

Жырау Асылбек Зібайраев арнаулы жоғары оқу орнын тәмамдамаса да қазақтың қасиетті қара домбырасы арқылы өзінің шеберлігімен, ерекше дарындылығымен Сыр шайырларының термелерін, мұраларын, аманаттарын абыроймен арқалап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде елеулі еңбек етіп жүрген бүгінгі күннің танымал жыршы-мұрагерлердің бірі. Асылбек өзінің сүйікті кәсібі, яғни жыраулық өнері арқылы туған еліне қалтқысыз қызмет етіп, ел алғысына, құрметіне бөленген өнер иесі.

Ол өзінің қара домбырасымен қасиетті Қармақшы өңірінің жыраулық өнерін паш етуде көптеген халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі өнер фестивальдеріне, байқауларына қатысып, лауреат, дипломант атанды.

Жырау Асылбек Зібайраев тек өнерде ғана емес, отбасында да өнегелі, елге үлгілі ұрпақ тәрбиелеп отырған жанұя егесі.

Жырау Дiнислам

Дiнислам Тоқсанбаев Сыр еліне есімі танымал билердің бірі Шораяқтың шөбересі. Атасы Тоқсанбай Сыр елінің дуалы ауызды шайырларының бірі Омар Шораяқұлының бауыры.

Ал, өз әкесі Айтбай болса көпке танымал болған ақын. Өз ортасында жыр жырлап, терме айтқан жырау.

Дінислам да өзінің әке–аталарына ұқсап жастайынан қолына домбыра ұстап Сыр сүлейлерінің, әсіресе атасы Омардың термелерін жаттап, оны халық алдында насихаттауда есімі республикаға танылған белгілі жырау.

Ол облыстық, республикалық деңгейде өткен көптеген жыршылар мен жыраулар байқауларында, фестивальдерде жеңімпаз, жүлдегер атанып жүрген өнер тарланы.

Дінислам бүгінде өзі де шәкірт тәрбиелеп, аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ауылдағы филиалынның көркемдік жетекшісі.

Өзінің өмірлік жары, ауылдағы балабақшаның тәрбиешісі Көркеммен бірге ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя егесі

Қармақшының Ақбаяны Раушан қыз

Раушан Дастанбекқызы Бектасова 1985 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келіп, осы ауылдың киелі білім ордасы Тұрмағамбет Ізтілеуұлы атындағы №29 орта мектептен білім алып, өзі таңдаған жоғары оқу орнында білімін жетілдірді.

Бүгінде ол туған ауылындағы мектепте қызмет жасайды. Раушанның әкесі Дастанбек “Тұрмағамбет” егін шаруашылығында механизатор болып еңбек етеді. Ол танымал әнші болмаса да ауылдағы той-домалақтарда, жиындарда ән салып, той басқарып жүретін өнерпаз, талант иесі.Сонымен қатар, Раушан Сыр елiнде шоқтығы биік, ақын, жырдан маржан төккен шайыр Шораяқұлы Омардың шөбересі. Раушанның туған нағашысы, есімі республикаға белгілі жырау Дінислам Тоқсанбаев.

Міне, осындай атақты кісілердің ұрпағы болып келетін Раушан жас та болса өзінің таңдаған өнер жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізді.

Атап айтар болсақ, қасиетті Қармақшының Мәдинасы атанған Раушан 2003, 2006, 2008 жылдары “Бозторғай” балалар ән байқауында, “Наурыз шапағаты” өнер фестивалдерінде жүлдегер атанса, 2008-2010 жылдар аралығында “Отан деген ордам бар”, атты патриоттық әндер байқауында бас жүлдегер, ал 2009-2011 жылдар аралығында жас әнші Раушан М. ЕРәлиева атындағы облыстық ән байқауында Гран приді жеңіп алды және дипломант атанды. Сонымен қатар, Раушан 2012 жылы Кенес Одағының батыры Мәншүк Мәмедованың 90 жылдығына арналған, “Елдің төрі-Елорда” облыстық патриоттық әндер байқауының және “Әнім сенсін Байқоңыр” облыстық ретро әндер фестивалінде дипломант атанды.

Раушан жас та болса өзінің іскерлігімен, еңбеккерлігімен көпшілдігімен, өнерімен туған елінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген талапты жас.

Раушан Дастанбекқызы бүгінде өзі білім алған киелі білім шаңырағы №29 орта мектепте іс-жүргізуші.

Сәулет Қалтаев

Сәулет Қалтаев 1991 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті. 2007 жылы Қармақшы аудандық «Жырым сенсің, Анашым!» атты мүшайрасында бас жүлдені иеленген. 2008 жылы ҮІ Абай оқулары байқауының Қармақшы аудандық сайысында І орын, облыста ІІІ дәрежелі диплом иегері. 2009 жылы аудандық «Егемендігім – елдігімнің айғағы» атты мүшайрада І орын алған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізілген облыстық жыр мүшайрасының ІІІ орын иегері.

Тәуелсіздік тұғыры

Тұңғиық тарих жауһарын төккен талайға,

Нұр құйып кеудем жырымнан таңғы арайға.

Түркі елім – төркін, Алты Алаш бауыр қазаққа,

Тәубемді айтам туылған әрбір жаңа айға.

Қамытын киіп, отары болды Кеңестің,

Тәуелсіздік үшін талайын көрдік егестің.

Уақыт – емші, жазады барлық жараны,

Бүгін де, міне, біреуге мәжбүр емессің!

Теңдігім үшін алаңға шығып жастарым,

Соққыға қиды қылықты қыздар жас жанын.

Құрықты ұлын күрекпен ұрған тепкілеп,

Өлімге тікті пәк көңіл ғазиз бастарын.

Жүректе қалар сол күндер мәңгі жатталатын,

Мұңыңды қайтсін, шеріңді қайтсін жат халық.

Қиналды жаны, нала боп ары жастадың,

Қып–қызыл қаны қар суыменен жатты ағып!

Он тоғыз асу белесе, міне, көтердің!

Егемен ұлтпен өнермін мен де өсермін.

Санасы еркін ұлыңмые мен де, өйткені,

Тәуелсіздікпен түйедей құрдас екенмін!

Егемендігім бар ұрпаққа әр кез мақтанар,

Тәуелсіздігімнен таймайтын мәңгі бақ табар.

Ұлтыммен мәңгі жасай бер, менің қазағым,

Кемеңгер елім сеніммен алға аттанар.

Төл тілім терең тарихтан тартқан тамырын,

Көк бөрі түркі игі қазаққа тағылым!

Бал–бал тастардан сыр шерткен ұлы тілім бұл,

Сөйлеткен жазу, Күлтегіндердің қабірін!

Ана мен бала қорғаған заңда белгілі,

Қоғамға ерекше орны бар өзге елдігі.

Жолдауында да қолдау табады әрдайым,

Алтын алқа мен жалақылардың теңдігі.

Діни сенім бар бостандық алған елімде,

Дін деген – иман, иманым – халқым, тегінде.

Бірнеше ұлттың анасы сенсің, Ұлы Отан,

Сый тартып жүрсің шаңырақтардың төріне.

Жақсылық әр кез құйылсын елге жырадан,

Кемел болашақ жетелеп келер нұр алдан.

Тәуелсіздігімнен тектілік сезем заңғарлы,

Халқыммен жаса, Елбасы менің Нұр ағам!

Елбасым–ерен, көкжиек көрем алыстан,

Ата Заң–нұрлы, жеңеміз мұңлы табысқан.

Еуропаың төрінде бүгін төраға,

Мәрттігі берік, мәртебем биік алғыстан!

Ұлы Абайға арнау

Қазағымның таңшолпаны –Абайым!

Мен өзіңді ұлы адамға балаймын.

Жүрегімнен жарып ұшқан жырымды,

Ұлы баба, аруағыңа балаймын.

Абай –мәңгі, Абай–дара жарық таң,

Бүкіл әлем үлгі алған алыптан.

Сөз өнерін зерделеген күмістеп,

Бар әлемге қазақ атын танытқан.

Сынға алған кемшілікті дұрыстай,

Тілі өткір қыннан алған қылыштай.

Нақыл сөзі таң қалдырды талайды,

Ойы ұшқыр қызып тұрған құрыштай.

Жырмен жазды қазағымның жарасын,

Түйреп өтті арам байдың мазағын.

Мыңмен жалғыз күресте де қажымай,

Оятам деп қазағымның баласын.

Аспандағы шоқ жұлдыздай жанасың,

Жарқыраған ұрпақ үшін дарасың.

Ұлтым дедің қиын –қыстау кезеңде,

Жадымда менің жатталып мәңгі қаласың.

Абайдай болып өсе бер ұрпақ, азат күн,

Дертін емдеп бүгінгі қайсар қазақтың.

Сіз егер де бәйтерек болсаң, ұлы ата,

Мен–бұтақпын, рухы биік қазақпын!

Әділбеков Сырым

Әділбеков Сырым 1996 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Әкесі Қисықов Смайыл, анасы Байғараева Гүлжан. Сырым қазіргі уақытта №250 мектеп–лицейінің 11 сынып оқушысы. Сүйікті ісі өлең шығару және спортпен айналысу. 2009 жылы 16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздігі күніне орай өткізілген «Тәуелсіздігі тұғырлы–Қазақстан» жас жазба ақндар мүшайрасында егеменді елін, туған жерін жырлауда үздік өнер көрсеткені үшін І орынмен марапатталды. 2010 жылы 10 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігіне арналған «Тәуелсіздік–қиялымның қанаты» атты облыстық жыр мүшайрасына қатысып, Алғыс хатпен марапатталды. 2010 жылы облыстық «Махамбет оқулары» жарысында «Тартынбай сөйлер асылмын» жас дарындар сайысында өнерімен танылғаны үшін облыстық Алғыс хатпен марапатталды.

2010 жылы желтоқсанда ІІ дәрежелі Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Мақтанышым, айбарым–желбіре көк байрағым» атты аудандық мүшайрасында ерекше қабілетімен мадақталды.

Шиелі ауданында ҚР Тәуелсздігінің 20 жылдығына орай өткізілген «Азаттықтың ақ таңы» аты жас ақындар айтысына қатысып, марпатталды.

2011 жылы 15 қазан Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Арал күндері мерекелік шаралары аясындан «Арал деп соғады жүргім» атты облыстық ақындар айтысында өнер көрсетіп, «Дипломмен» марапатталды.

2012 жылы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Махамбет оқулары» жас ақындар мүшайрасының «Тартынбай сөйлер асылмын» бөлімі бйынша І орынмен марапатталды.

2012 жылы 11 ақпанда мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Сырдың саңлақ сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 130 жылдық мерейтойына орай «Кемел жігіт көш бастар» байқауында өзінің ерік жігерімен, нұрлы ақыл, ыстық жүрегімен, қажыр қайратымен, сабыр қуатымен, пайым–парасатымен «Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» болуға ұмтылған талабымен, халқының ер азаматқа артар сеніміне лайық оның ұлттық салт–дәстүрін, әдет–ғұрпын, әдебиеті мен мәдениетін, тіліміз бен дінімізді, тарихымызды ұлықтауда І дәрежелі «Дипломмен» марапатталды.

2012 жылы 10 сәуірде аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік тапсырысы шеңберінде «Қорқыт елі–Қармақшым» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Біз таланттарды іздейміз» атты аудандық байқауда монолог оқу жанры бойынша ІІІ орынмен марапатталды.

2012 жылы қыркүйекте ІІІ дәрежелі «Махамбет оқулары» республикалық байқауында Дипломмен марапатталды.

Екпіні биік ер тұлға!

Сырбазы сыңғыр, ететін жырдың жасынын,

Арманы берік, алшыдан түскен асығы.

Бұл–Махамбет!

Асылдарымның асылы.

Қайратын қайрап, қынапта тұрар қылышы,

Жігер мен айбат, талаудан жұтқан тынысы.

Алаулап жанған қызыл жалынның шырағы

Бұл–Махамбет!

Ұлыларымның ұлысы.

Айтылмай кеткен сиқырлы сөздің сарасы,

Жазылмай кеткен жүрегіндегі жарасы?!

Ел деген сөздің екпінін биік ұстанған

Бұл–Махамбет!

Даналарымның дарасы.

Қыршын боп кетті өмірге болмай шатасы,

Құлаққа сіңер бабамның айтқан батасы.

Толықсып тоғау, толғанған жырдың кемесі

Бұл–Махамбет!

Ақындарымның атасы.

Тіліміз шешен сағымыз қалай сынады,

Азаттық үшін жүрек ұшқыны құлады.

Тілімен қармап, талайға жігер сыйлаған

Бұл–Махамбет!

Алладан шындық сұрады.

Армандап кеткен бостандық еді тілегі,

Құрметтеп өткен Исатай болды тірегі.

Бақытты шақтың базарын бізге бақ қылған

Бұл–Махамбет!

Бүкіл қазақтың жүрегі.

Жақұтқа орап жайсаң да болды жан – жағы,

Батырды бірақ аяқтан келіп қармады.

Батырдың аты батыр боп қалар тарихта

Бұл–Махамбет

Қазақтың өлмес тарланы.

Бүгінде жарқын қазағымның ұраны,

Ағып тұр, міне, азаттығымның бұлағы.

Ерлігі елге қолғабыс болған талайдан

Бұл–Махамбет!

Мәңгілік жыр боп тұрады.

Киелі мекен Қармақшым!

Талай дана қанат қақты қарыштап,

Туған жерден кетті олар алыстап.

Текті елдің ұрпақтары шайырлар,

Өнерімен қанша жерде шарпыспат.

Сол бабалар аруағы қолдасын,

Олар айтқан сөздің сыны сынбасын.

Ақын, жырау, күйші, әнші шығарған,

Қармақшыны Сырым бүгін жырласын.

Тілімменен тіліп түскен талайды,

Ұрпағына шуақ шашқан арайлым.

Тұрмағамбет хакім болған бұл жерде,

Жырыменен салған айшық сарайды.

Қобызымен кең даланы тербеткен,

Ол күй төксе төгіледі нұр көктен.

Қорқыт баба аты шыққан әлемге,

Заманында нөсер күйді зерде еткен.

Кете Жүсіп, Базар жырау, Дүр Оңғар,

Қарамайды бетің, мейлі түрің бар.

Шаршы таота шайқалмаған шабытпен,

Көрерменнің делебесін қздырар.

Қармақшының қаймақтары көптеген,

Азамат жоқ ел үшін еңбек етпеген.

Барлығы да 8 қырлы, 1 сырлы,

Шайырлардың мекені еді көктеген.

Мен де осы Қармақшыда туғанмын,

Жастайымнан баба жолын қуғанмын.

Келешекте келеке етпей жырымды,

Тұлпар аттай туған жерде тулармын.