Ел мерейін асқақтатқандар

Дүйсен Тәжібаев – руы Кете, Құлыстың Дуаны. Есетбай. 1900 жылы туылып, 1937–1938 жылдары «Халық жауы» ретінде атылып кеткен. Қарақалпақстанның «Шымбай» аудандық партия комитетінің І хатшысы, Тәжікстан Республикалық Әскери комиссары болған. 1937–1938 жылы Арал аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып жүрген кезінде ұсталған.

Сүлеймен Есқараев–руы Кете. Құлыстың Дуаны. Орынбор Республика Астанасы болған кезде милиция мектебінің директоры, Ташкент қаласының атқару комитеті төрағасы, 1936 жылы Республика ішкі істер министрі, 1930–1933 жылдары Москва Темирязов атындағы академияны бітірген соң Қарағанды, Павлодар, Петропавл қалалары бірігіп, 1 облыс болған кезінде облыстың атқару комитеті төрағасы, 1936 жылы республиканың І прокуроры, 1937 жылы республика министрі кеңесі төрағасының І орынбасары болып жүрген жерінде «Халық жауы» ретінде ұсталып, атылып кеткен. Ұрпақтары Алматыда тұрады.

Бәйменов Уатай (1912–1972)– руы Кете. Құлыстың Дуаны. 1941– 1945 жылдары Гурьев облысы, Қызылқоға ауданына партия комитетінің І хатшысы болған. Бейіті Қармақшы Қара Дүзгенді Қабақтағы бейітте, ұрпақтары Қызылорда, Шымкент қаласында тұрады.

Бұқарбаев Оңдаш – руы Кете. Құлыстың Дуаны.1912 жылы туылған. 1943 жылы майданнан соңғы хаты келген, содан соң дерек жоқ. ЦК Қазақстанның мүшесі болған, теміржолшы, кейін комсомол қызметкері болған.

Алтыру Махамбетов–1884 жылы туылған. Қызыл партизан болған. 1918 – 1922 жылдары Қармақшы ішкі істер бөлімінде милиция қызметін атқарған. Ақтөбе, Арал, Ырғыз майданында Ә.Жангелдиннің басқаруымен Кольчакка қарсы соғысқан Коммунист қатарына өтерде арызына В.И.Ленин қол қойған. Бейіті Тұрмағамбет ауылында, ұрпақтары Тұрмағамбет ауылында, Жалағаш ауданында тұрады.

Үбісұлтан Аяпов (1889–1973) – белгілі шежіреші – жырау, үш жүздің шежіре деректерін жасауға үлес қосқан. 1930 жылы Ленин колхозы іріленген кезде ұжымның ең бірінші төрағасы болған. Қорымы Тұрмағамбет ауылында, ұрпақтары Қармақшы қыстағында, Тұрмағамбет ауылында тұрады.

Жылқыбай Өтегенов

Жылқыбай Өтегенов 1898 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеген келіп, 1972 жылы 74 жасында бұл пәниден озды.

Керейт руынан шыққан Ақан анамыздың қолында тәрбиеленген Өтегеннен Маута, Балхия, Арап, Жылқыбай және Мырзабай атты ұрпақтар тарайды.

Қайратты да өткір мінезді, әңгімені тура айтатын, айбатты Ақан ана өзінің жары қайтыс болғаннан кейін бірде жоғалған малын іздеп жүріп, қасқырдың апанына кезігеді. Сол уақытта Акан апай апан алдын да тұрған кезінде қасқыр да апан ішінен шыға келіп, екеуі айқаса кетеді. Сол айқаста апамыз қасқырды өлтіріп, олжамен үйіне оралады. Ақан ананың ержүректігін көрген ел тұрғындары сол уақиғаны әлі күнге дейін әңгіме етеді.

Жылқыбай Өтегенов жас кезінен әкеден жетім қалып, еңбекке ерте араласты. Ол Ақан анасы сияқты өжет, өткір мінезді, байсалды, бір сөзді болып өсіп ,шарауашылықта еңбек еткен кезінде өзініңүлгілі еңбегімен елге танылды. Ол ауылда елді ұжымдастырушылардың бірі болды. Ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет еткен жылдарында ауылдың негізін қалауда сүбелі үлес қосқан атпал азамат.

Оның балалары Дариха мен Аққозыдан тараған ұрпақтары бүгінде Қызылорда қаласында, Жосалы және Төретам кенттерінде тұрып жатыр.

Аққозыдан тараған немересі Ермек пен немере келіні Ботасы ұстаз.

Жұбаева Дәме (1916–1953)–1950 жылдары іріленген Ленин колхозы ауылдық Кеңес төрайымы болған. Отан соғысы кезінде соғыс қорына 100 мың сом қаржы көмек берген, зор ұйымдастырушылық қабілеті бар басшы болған.

Жұбаев Тілеу–«Жақсының аты өлмейді» демекші, Тілеу Жұбаев елге, әсіресе ағайынға өте сыйлы болатын. Ағайын–туыстың реніші, қуанышына, барлық жұмыстарына араласып кететін. Тілеу ағай Тұрмағамбет ақынның өлеңдерін жаттап өскен, өте құйма құлақ, бір есітсе соны жатқа айта беретін зерек кісі болған. Кешегі қуғын – сүргін уақытында Тұрмағамбет ағасының өлеңдерін жатқа айтқаны үшін, айдалып түрмеде отырған. Сонымен бірге, Абайдың қара сөздеріі мен өлеңдерін жатқа біліп, Тұрмағамбетпен екеуінің сөздерін салыстырып айтып отыратын. Сонымен бірге үлкен шежіреші болған еді.

Ағаның ұлағатты өмір жолы

Нәметшаев Қасқыр ақсақал 1916 жылы 20 қарашада Қуаңдария болысында (қазіргі Қармақшы ауданы) кедей отбасында туған кісі. 1926–1927 жылдары Ізтілеуұлы Тұрмағамбет ақынның көшпелі ауылдың балаларына арнап ашқан діни мектебінде білім алған.

1930 жылы Қуаңдария арнасының бойындағы ел серіктестікке бірігіп, отырықшы бола бастайды. Сол кезде жас Қасқыр аға да осы серіктестікке мүше болып кіреді. Серіктестіктің салған егіні бітпей, ел ашаршылыққа ұшырайды. Сондықтан боз бала жігіт ауылдан кетіп, 1932 жылы Шымкент қаласындағы қорғасын зауытына барып жұмыс істейді. Бірақ, зауыттың жұмысы ауыр, еңбекақысы күнкөріске жетпегендіктен, Өзбекстанда жалданып жұмыс істеп жүрген әкесінің інісі Тайғараның қолына барады. Өзбекстанға ауып кеткен жұрттың жағдайы болмағасын Қасқыр аға туған жерге келіп, жаңадан құрылған «Өндіріс» ұжымшарына мүше болып кіреді. Жұмыс істеп жүріп, сауатсыздарды оқытатын мектепке барып хат таниды. Сондықтан ол ұжымшардағы бригаданың есепшісі, кейін жұмысты үйрене келе ұжымшардың есепшісі болды.

1939 жылы Қасқар аға әскер қатарына шақырылады. Бұл Ұлы Отан соғысы алдындағы қарбалас та, қиындық та мол кезең еді.

Ұлы Отан соғысын Рязань облысының Борисов қаласының түбінен бастаған ол Москва қаласын жаудан қорғауға, Шығыс Персияны жаудан босатуға, Кинегсбург қаласын азат етуге қатысып, жеңістен кейін Жапонияда болған соғыстарға қатысады. Әскери құраманың қатарында Қазақстан темір жолын салуға қатысып, туған жерге 1948 жылдың наурыз айында оралады.

Елге оралғаннан кейін Қасқар Нәметшаұлы аудандық партия комитеті сол кездегі «Өндіріс» ұжымшарына есепшісі және бастауыш партия ұйымының хатшысы болып жұмыс жасауға жібереді.

1951 жылдан бастап ірілендірілген Карл–Маркс (қазіргі Алдашбай ахун ауылы) ұжымшарына басқарма бастығының орынбасары болып екі жылдай қызмет етеді.

1953 – 1955 жылдарда Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын техникумын «агроном» мамандығы бойынша бітірген соң, Ленин атындағы кеңшардың кәсіподақ төрағасы, Қармақшы кеңшарының бас агрономы, партком хатшысы, Жосалы астық қабылдау кәсіпорнының директоры қызметтерін атқарып, құрметті зейнеткерлікке шықты.

Ол басқарған жылдары аудандық астық қабылдау кәсіпорны талай рет ауыспалы Қызыл Тумен марапатталып, Қасекеңнің есімі республикалық «Алтын құрмет» кітабына жазылды және Қазақ ССР Жоғары кеңесінің «Құрмет грамотасына» ие болды.

Астық қабылдау кәсіпорынның өз күшімен шаруашылық әдіспен жұмысшылар қалашығын салып, оны көгалдандырудағы еңбегі бүкіл аудан жұртшылығының аузында жүрді. Қазір аудан жұртшылығы оның жұмыс әдістерін, тапқырлығын аңыз етіп айтады. Қазіргі «Қасқырдың моншасы», «Қасқырдың дүкені», «Қасқырдың көшесі» деген сөздер еш рәсімделмей, құжатталмай –ақ халықтың аузында қалды.

Қасқыр аға халықтың ауыз әдебиетінің нағыз білгірі. Талай қиссаларды, шешендердің қанатты сөздерін жатқа айтатын. Ол Кеңес Үкіметінің құрсаулы кезеңіндегі Қытайдағы, Ауғанстандағы қандас туыстарымызды қайтаруға көп еңбек сіңірді. Атақты ғалым Ә.Қоңыратбаевпен бірге Қорқыт атаның бейіттерін табуға көп еңбек етті.

Ол кісінің еңбегі жоғары бағаланып «Ұлы Отан Соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және «Қазақстанның еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері» атақтарымен марапатталуы, «Қармақшы ауданының №1 құрметті азаматы» аталуы халқына еткен еңбегінің шын бағасы.

Байғұлы баласы Әмзебек

Туған ауылының экономикасы мен әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлердің бірі–Әмзебек Байғұлыұлы.

Әмзебек Байғұлыұлының арғы аталары бүкіл Кіші жүзге белгілі, аузы дуалы, арқалы азаматтар Ақсұңқар мен Әбілда болса, өз әкесі Байғұлы Кете – Шөмекейге басшы, ақылшы, айбат бола білген айтулы тұлға болған кісі. Нағашы жұрты Марал Ишанның ұрпақтарыман байланыста өмір сүрген, арғы атасы Баян, Бердібек, олардан туған Күлпан ананың құрсағында болып, киелі Аман бидің қызы Балғараның тәрбиесінде өскен Әмзебектің осындай асыл текті жерден шығып, ел сыйлаған азамат болуы заңдылық деп тануға болады.

Байғұлыұлы Әмзебек 1928 жылы Карл–Маркс ауылында, Томарбөгет ауыл советінде дүниеге келген. Балалық шағы Аманбай сайында өтеді. 1933 жылы анасы қайтыс болады. Ол кезде 5 жаста еді. Анасының есімі–Күлән. Анасы қайтқаннан кейін екі жыл нағашысы Адамқожа Кете Бердібекұлы Маханның тәрбиесінде болады. 1934 жылы 6 жасында көне Карл–Маркс колхозына қарасты №29 Ворошилов атындағы 7 жылдық мектепке барып, оны өте жақсы бағамен 1942 жылдың жазында ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жылғы күзде әкесі Байғұлының бригадасына есепші болып орналасады. 2 жыл Карл-Маркс колхозының есепші бухгалтері болады. Жұмыстан қол үзбей жүріп, Қазалы ауданының мал дәрігерлік техникумын сырттай бітіріп, «зоотехник» мамандығын алып шығады.

1948 жылдың жазынан бастап 3 жыл Карл–Маркс колхозында бас зоотехник қызметін атқарады. Осы жұмысты жалғастыра жүріп, 1951 жылы Шымкент қаласындағы колхоз төрағасын дайындайтын институтқа түсіп, «Колхоз төрағасы және кіші агроном» деген диплом алып шығады. Институттың жолдамасымен Шымкент облысы, Жетісай ауданы, Мақтарал колхозына төраға болып жіберіледі.

Сол жерде бір жарым жыл жұмыс істеп, отбасы жағдайымен 1955 жылы елге оралып, бас мал дәрігері және зоотехник болып жұмыс жасайды.

1957 жылы Карл–Маркс, Ленин колхоздары іріленіп, жаңадан кеңшарға айналуына байланысты кеңшардың бас агрономы және бухгалтері, кейінірек 1957 жылдың аяғында шаруашылықтың қой фермасында бас зоотехник болып жұмыс істейді. 1957 жылдың күзінде өмірінің соңына дейін совхоздың бас экономисті және бас агрономы болып қызмет атқарып, 1959 жылдың 17 шілдесінде кенеттен қайтыс болды. Өзі қайтқаннан кейін 2 апта өткенде облыстық ауыл шаруашылық бөлімінен Тереңөзек ауданына қарасты Қараөзек совхозына директорлыққа жолдама келеді. Ол кезде ол кісі дүниеден өтіп кеткен еді. Директорлық хаттама жұбайы Қойқынның қолында ескерткіш болып қалды. Бұл кез 1959 жылдың шілде айы еді.

Әмзебек Байғұлыұлы қай салада жүрсе де өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, еңбекқорлығымен, көпшілдігімен, қамқоршылдығымен көпшілік арасында зор абыройға ие болып, жасындай жарқ етіп ғұмыр кешкен абзал азамат еді.