Тәйімбет Көмекбаев

АҚЫН АТЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҢ БАТЫРЫ

Қазақтан шыққан Кеңес Одағының 98 батырының бірі Тәйімбет Көмекбаев 1896 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, №10 ауылда туған. 1941 жылдың қазан айында Отан қорғаушылар қатарына қосылып, соғыстың аяғына дейін барлаушылар бөлімшесін басқарған.

Бұрынғы жылқышы, көрген жерін есте сақтай алатын Тәйімбет Көмекбаев қиядағыны қалт жібермейтін қырағы болған екен. Познань қаласының түбіндегі Т.Көмекбаев бастаған барлаушылар тобы жаудың нығайтылған бекінісіне батыл шабуыл жасайды. Кеңес жауынгерлерінің кенеттен пайда болуы жау жағын қатты састырып, немістің 37 солдаты мен 2 офицері ұрыссыз беріледі. Көмекбаевтың ұрыстағы ерлігі майдандастарының жеңіске деген жігерін жанып, жауынгерлер алдындағы тұрпаты нақтыланып, тастүйін толағай тартып, беделі асқақтай түскенді. Т. Көмекбаев 1945 жылғы қысқы шабуыл ұрыстары кезінде де ерлік көрсетіп, бірінші болып Глейвиц қаласына кірген. Колхозвица қаласына кіргенде жаудың 30 ұясын талқандайды. 1945 жылдың 6 ақпанында Т.Көмекбаев Одерден алғашқы өткендердің бірі болып, өз бөлімшесімен Эйхиринд елді мекені маңындағы плацдармды ұстап тұрады. Түнде ержүрек жауынгер Тәйімбет Бриг қаласының кіреберісіндегі жаудың станокты пулеметін жойып, қала үшін болған соғыста 60 фашист басқыншысын жайратып, 12 адамды тұтқынға алады. Ванни қаласы үшін болған ұрыста Т.Көмекбаев бастаған жауынгерлер жаудың 7 шабуылына тойтарыс береді.

1945 жылдың 10 сәуірінде Көмекбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. 1-ші Украина майданы өкілдерінің құрамында Мәскеуде болған Жеңіс парады салтанатына қатысады.

1996 жылы батырдың 100 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтті. Сол жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағабет ауылында айтыс, ат жарыс, палуандар күресі т.б шаралар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға Т.Көмекбаев атындағы жүлделер табыс етілді.

Батырға деген ел құрметі ретінде Қармақшы ауданындағы бұрынғы Жаңақала кеңшарына Т.Көмекбаев есімі берілді. Туып–өскен топырағы Тұрмағамбет ауылында №29 мектеп алаңына батырға арналып ескерткіш орнатылды.

1999 жылы Т. Көмекбаевқа «Ғасыр жауынгері» деген атақ берілді.

1996 жылдан бастап 9 мамыр Жеңіс күніне арналып ауданда үнемі Самбо күресінен Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаев атындағы халықаралық мемориал өтіп тұрады.

Әр жылдары Қазақстанға танымал эстрада жұлдыздары осы шараға арнайы шақырылып, олардың әсем әндері еңбектен шаршап жабырқаған халықтың жанын жадыратып, көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп кетеді.

«Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» дегендей батырдың баласы Бағбан Тәйімбетов халқының қалаулысы, елінің елеулі азаматы болып өсті. Аталарымыз Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет салған ақындық, жыраулық дәстүрдің насихатталуына, спорт өнерінің дамуына, білімге, ғылымға құмар жастардың өсіп, өнуіне зор көмек көрсетіп, үнемі демеушілік жасап келеді.

Халқымыз үшін қан кешкен қас батыр Т.Көмекбаевтың өр тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей бермек.