Ғалымдар

АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ҒАЛЫМДАР

Мемлекеттік сыйлықтың иегері Далабай Ешпанов

Ауыл мектебін үздік бітірген Далабай Ешпанов 1944 жылы Алматы қалаындағы Қазақ тау-кен металлургия институтын «Инженер–маркжейдер «мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол Қаныш Сәтбаевтың ақыл-кеңесімен Үлкен Жезқазғанды иеруге аттанады. Жезқазған кен-металлургия комбинатына келіп, сол кездегі “Кресто-закат” кенінде участке маркжейдері, ауысым шебері болып жұмыс жасайды. Бірақ, жырақта қалған Сыр бойы, жыраулық мақамы жүрегінен ұмытылмай, құлағында жаңғырып қала берді. Өз атасы Тұрмағамбет ақынның «Қайратты туған ер болсаң, қамын ойла халқыңның»-деген сөзі есіне түсіп, өзі сияқты кеншілермен бірге кен қопару ісіне жастық қайратын, күш-жігерін жұмсауға белсене кіріседі. 1950 жылдары Үлкен Жезқазғанда №31,32,43,44 шахталар бой көтеріп, кен өндіру көлемі ұлғаяды. Далабай Ешпанов осы төрт шахтаның бас инженерлік қызметін абыроймен атқарады. Білікті маман ретінде ол 1958 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатының өндірістік–техникалық бастығы болып жоғарылатылады. Бұдан кейін сол кездері аты дүркіреп шығып республика, одақ көлеміне жайылған «Покро» шахтасына бастық болып келеді. Онда ол Кәкімбек Салықов, Бозтай Аяпбергенов сынды білікті өндіріс басшыларымен бірге еңбек етті. «Покро» шахтасы озат тәжірибенің, жақсы бастамалардың орталығына айналған.

Бұл кезде Шығыс Жезқазған кенішінің жұмысы ақсап, тұралап тұрған. Далабай Ешпановты комбинат басшылары сол артта қалған кенішке бас инженер етіп жіберді. Кеніштің жұмысы ілгерілеп, алға жылжиды. Оны енді бастық етіп тағайындайды. 1971 жылы Ақшатау кен–байыту комбинатының директорлығына жіберіледі.

1980 жылы Далабай Ешпанов еліміздің іргелі кәсіпорыны Балқаш кен-металлургия комбинатының бас директоры болып тағайындалады.

Қазақстанның кен-металлургия өнеркәсібін дамытуға қосқан зор еңбегі үшін Далабай Ешпанов КСРО мелекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Кәсібіне сай республиканың еңбек сіңірген кеншісі, өнертапқышы, рациокализаторы деген жоғары атақтарға ие болды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.

Осы жылдарда Жезқазған комбинаты кен қазу және оны байыту және шығарылған мыс концентратындағы металдық көлемі бойынша бұрын-соңды болмаған, кейінде осы уақытқа дейін қайталанбаған жоғары көрсеткіштерге ие болды.

Осы жұмыстарын ғылыми жұмыстарымен қорыта келіп, Кривой Рог қаласындағы кен институтында диссертация қорғап, техника ғылымының кандидаты атағын алды.

Жайдары, қарапайым адам өз әріптестерінің және қызмет істеген жерлеріндегі коллективтер арасында сөзсіз үлкен бедел иесі болған Далабай Ешпанов 2004 жылы 16 қыркүйекте дүниеден озды.

Философия ғылымдарының докторы, профессор

Раушанбек Әбсаттаров

Раушанбек ағамыз туралы айтар болсақ, 1928-1937 жылдары ел басына түскен тауқымет ауыртпалығының аз болмағанын айқын сезінеміз.

Осы аумалы – төкпелі заманда елден безіп, бас сауғалап Ауғанстан еліне жер ауғандар арасында балалары Әбсаттар, Әлиасқар, Нұрлыбекпен бірге Боранбай ақсақалдың да отбасы бар еді. Олардың елге оралуы да өзінше бір тарих. Жылдар жылжып өткен сайын туған елге деген сағыныш өзектерін өртеп, қайтсе де туған жерге жетуге бел буады. Өткен ғасырдың 40 жылдарының соңында бұрынғы кеңестік кезеңдегі аса қатаң бақылаудағы шекараны бір түнде бұзып өтіп, елге жеткен Боранбай әулетінде Ауғанстанда дүниеге келген 5 бала болды. Олар Раушанбек, Үрбибі, Асан Әбсаттар тұқымы, Ханбибі, Рүстем Әлиасқартегі еді.

Біз сөз еткелі отырған Раушанбек ағай орта мектепті бітірген соң Украинаға әскери борышын өтеуге барып, әскери міндетін аяқтаған соң Киев университетіне түсіп, оны үздік бітіріп, сол университетте аспирантурада оқуға қалады. Аспирантурада ол ғылымның философия саласымен бірыңғай айналысады. Көптеген ғылыми еңбектері жеке кітаптар болып шықты. Әсіресе, халықтар достығы тақырыбын тереңінен зерттеді.

Ол ұзақ жылдар Алматы мемлекеттік ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. Философия ғылымының докторы, профессор.

Раушанбектің отбасы ғалымдар отбасы десек қателеспейміз. Жолдасы М. Асқарова ғылым кандидаты болса, ұлы Әбсаттаров Марат та мектепті алтын медальмен бітіріп, Әл–Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті мен заң факультетіне түсіп, екеуінде үздік бағамен бітіріп шықты. Бірнеше шетел тілін, атап айтар болсақ француз, ағылшын, итальян, орыс тілдерін еркін меңгерген. қазір мемлекеттік саладағы қызметін жалғастыруда.

Ауғанстан жерінде дүниеге келіп, туған жерінде ғылым шыңына ұрпағымен бірге өрлеп келе жатқан Раушанбек ағаның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болады.

Жұбатқан Мұратбаев (1939–2002)- Тұрмағамбет ауылының түлегі. Қарақалпақстанның халық жазушысы. Бірнеше кітаптың авторы. Филология ғылымының кандидаты. Бейіті Қарақалпақстан жерінде.

Үмбетов Өмірбек

Үмбетов Өмірбек Тұрмағамбет ауылында туылған. Білімі жоғары, техника ғылымдарының докторы, профессор. 1978 жылы қазіргі Қ.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық унивеситетінің, 1987 жылы Мәскеу тоқыма институтының «Автоматтандырылған басқару жүйелері» кафедрасы аспирантурасын бітірген. Аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер» факультетінің деканы, проректор, ректор қызметтерін атқарды.

Қызылорда, Тараз және Шымкент қалаларындағы мемлекеттік университеттерінде кафедра меңгерушісі, оқу-ғылыми өндірістік кешеннің директоры болып қызмет еткен. 2001-2005 жылдары М.Әуезов атындағы ОҚМУ Ақпараттық технологиялар және қашықтықтан оқыту институтының директоры, ал 2005 жылдан бастап М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ақпараттық технологиялар және қашықтықтан оқыту жөніндегі проректоры, ал 2008 -2011 жылдары оқу ісі және ақпараттық технологиялар жөніндегі проректор болып тағайындалды.2011 жыл тамыз айынан бастап Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің ректоры қызметінде.

Өмiрбек Үмбетов жұмыс барысында өзін жоғары білікті маман және ұйымдастырушылық дағдыларға, көшбасшы қасиеттеріне, ұйымды жұмылдыру әрі топта жұмыс істей білу қабілетіне ие жоғары мектеп педагогы ретінде таныта білді.

Ол Ақпараттық технологиялар мен жүйелер факультетін, соңынан осы негізде М.Әуезов атындағы ОҚМУ жанында Ақпараттық технологиялар мен қашықтықтан оқыту институтын ашуға ұйтқы болды. Университеттің оқу-білім беру қызметін ақпараттандыру, қашықтықтан білім беруді қолдау бойынша ақпараттық жүйелердің университеттік кешенін жобалау мен құру жұмыстарын ұйымдастырып, оған басшылық атқарды. Жаңа ақпараттық технологиялар мен компьютерлік жүйелер негізінде ОҚМУ-да электронда ЖОО тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі бүкіл бастамалар Өмірбек Үмбетовке тиісті болып келеді.

Өмірбек Үмбетов ОҚМУ-дың құрылып, іске қосылған корпоративтік ақпарттық-білім беру желісі жобасының және университеттің веб сайт, интегралды ақпараттық жүйелерінің авторы, университетте енгізілген қашықтықтан оқыту тұжырымдамасын әзірлеуші, әрі жобаның авторы. Ол Radio, Іnternet, Wi-Fi технологиясын пайдалану негізінде университетте корпоративтік желіні кеңейту мен жетілдіруге, университеттің алыс бөлімшелерінде компьютерлендірілген қашықтықтан оқыту орталықтарын және Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында қашықтықтан оқыту технологиясының тірек бөлімдерін құру жұмыстарын басқарды. Сапалы білім беруге, кредиттік оқыту барысына жаңа ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ғылым арқылы оқыту жүйесін енгізді. Унивеситеттегі ресурстық орталықтарды бағдарламалық қамтамасыз ету жобаларының авторы.

Өмірбек Үмбетов Ғылыми-зерттеу жұмысымен белсенді айналысады. Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы жетістіктер негізінде білім беру қызметін автоматтандыру, заманауи кибернетикалық жүйелер мен ірі өнеркәсіптік нысандарды басқарудың автоматтандырылған жүйелері оның ғылыми қызығушылық бағытын құрайды. 2008 жылы «Химиялық-технологиялық кешендерді басқарудың сатылық жүйелері» атты докторлық диссертациясылық жұмысын аяқтап, 5.13.06 жылы–«Технологиялық процестер мен өндірістерді автоматтандыру және басқару» (салалар) мамандығы бойынша техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды және осы бағыт бойынша профессор атағына ие.

Қазіргі таңда Өмірбек Үмбетов ОҚМУ-да инновациялық білім беру технологияларын ендіру негізінде білім беру қызметін жетілдіру жөніндегі жұмыстардың нақты үйлестірушісі болды. Осы тұрғыдан ол өзін болашақтың өзекті мәселелерін көре білетін, түйткілді мәселелерді нәтижелі шеше алатын жоғары білікті маман ретінде көрсетті. Ол оқу процесінің бүкіл аспектілерін, тиісті нормативтік және заңнамалық базаны, оқу процесін ұйымдастырудың әдістері мен тәсілдерін терең зерттеп үйренген өз ісінің маманы. Осыған байланысты ол ҚР БҒМ-ның ЖОО аттестаттау мен білім беру саласындағы заңнаманың сақталуын тексеру жөніндегі Мемлекеттік комиссия жұмыстарына жиі тартылады және ол осы саланың Республикалық деңгейдегі сараптамасышы.

Жасаған еңбегі елеусіз емес-Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен марапатталған, Қазақстан Республикасы Білімінің құрметті қызметкері. «Болашақ» Университетінің ректоры.

Құдай қосқан жары Дәдікбайқызы Бибіжамал екеуі үш бала тәрбиелеп отырған отбасы.

Ердесова Күлшара

Ердесова Күлшара 2001 жылдың желтоқсанында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына конкурстық негізде қабылданып, 2006 жылы кардиология және эндокринология мамандықтары бойынша докторлық диссертация қорғады. 2001 жылдан бастап Кардиология және ішкі аурулар ғылыми – зерттеу институтында тиреотоксикалық миокардиодистрофиямен ауыратын науқастардың диагностикалық және емдеу шараларын жетілдіру бағытында емдеу және алдын алу шараларымен айналысады.

Ердесова Күлшара өзінің кардиология және эндокринология саласындағы емдеу және кеңес беру жұмысын ҚР ДСМ Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ 2 кардиология және 1 терапия емдеу бөлімшелерінде және емханалық жағдайда өткізді. 2007 оқу жылынан бастап бүгінгі күнге дейін С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің интернатура кафедрасында профессор қызметін атқарады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Агроинженерия және көлікті пайдалану» кафедрасының доценті Рахатов Сәтбай Зайырұлы

Сәтбай Рахатов 1983 жылы №29 орта мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты Қызылорда филиалының 1514- «Гидромелиоративтік жұмыстарды механикаландыру» мамандығы бойынша оқуға түсті. Сол жылы Мәскеу қаласындағы А. П. Горячкин атындағы Мәскеу агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының стажер-оқытушы қызметіне қабылданып, 1991 жылы аталған аспирантураның күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 1995 жылы «Оптимизация режимов работы агрегатов для уборки, транспортировки и отчистки урожая риса» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.2004 жылы Қазақ ауыл шаруашылығын электрлендіру және механикаландыру ғылыми-өндірістік орталығында 5.20.01–«Ауыл шаруашылығы технологиялар мен механикаландыру құралдары» мамандығы бойынша «Оптимизация производственных процессов уборки риса по критериям ресурсосбережения» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Қазіргі уақытта осы үлкен оқу орнында қызмет атқара жүріп, 80-нен астам ғылыми мақалалар мен 4 оқу құралы, 7 өнертапқыштыққа авторлық куәлік пен алдын ала патенттер шығарды. 3 ғылым кандидаты мен 6 магистрант даярлады.

Отбасында жары Сұлтанова Бақыткүлмен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр.

Дәулет Фатимабибі Ноғайқызы

Дәулет Фатимабибі 1970 жылы Тұрмағамбет ауылындағы Ноғай Дәулетов пен Сәлима Жұмабекованың отбасында тоғызыншы бала болып дүниеге келген. 1984 жылы №29 орта мектепті аяқтаған соң, Қызылорда қаласының Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1989 жылы «бастауыш сыныптар мұғалімі» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдады. Осы жылы жаңадан ашылған Қазақ Мемлекеттік Университетінің “Шығыстану” факультетнің қытай филологиясы бөліміне оқуға қабылданды. 1992 жылы еңбек жолын Шығыстану факультетінде ұстаз болып бастады. 1992 жылы Қазақ университеті Фатимабибіні Қытай Халық Республикасының Шыңжаң университетіне тіл жетілдіру тәжірибесінен өтуге жібереді. 1994 жылы Қазақстанға оралған соң, Шығыстану факультетін «қытай тілі мен әдебиетінің мұғалімі және тәржімашы» мамандығы бойынша үздік аяқтап, университет басшылығының ұйғарымымен қытайтану кафедрасына мұғалім болып жұмысқа қабылданды. Осы жылы Шығыстану факультетінің Ғылыми Кеңесінің шешімімен ҚазМҰУ филология факультетінің жалпы тілтану кафедрасына аспирант болып қабылданды. Шығыстану факультетінде ұстаздық қызмет атқара жүріп, қытай және қазақ тілдері фразеологиялық жүйесін салыстыра зерттеу мәселесіне арналған ғылыми зерттеуін жаза бастады. 1999 жылы ҚР-да тырнақалды деп танылған «Қытай және қазақ тілдері фразеологиясына лексикографиялық – салыстырмалы талдау» кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғап шықты. 20 жылға жуық ұстаздық еңбек жолында 100-ге тарта ғылыми мақала, оқулық, оқу-әдістемелік құралдар және ғылыми – таныстыру бағытындағы кітаптар жазды. Қазір доцент ғылыми атағына және профессор академиялық атағына ие. Жүйелі түрде Шыңжаң университеті, Пекин Халық университеті және Таяу Шығыстың өзге де университеттерінің шақыруы бойынша қытайтану бағытында лекциялар оқып тұрады. Синхронды тәржімашы ретінде еліміздің мемлекеттік дәрежедегі делегацияларының құрамында Қытай Халық республикасына іссапарларға жүйелі түрде қатысады.

Тұрмыста, 2 баланың анасы

Профессор Пiрмантаева Бекзат Айдарбекқызы

Профессор Бекзат Пірмантаева 1990 жылы Алматы қаласы О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математикалық арнайы мектеп интернатын бітірді. 1995 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің физика факультетінің теориялық физика кафедрасын физика пәні оқытушысы дипломына ие болды. 1997 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-нің теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, академик М.М.Абдильдиннің ұсынысы бойынша «01.04 – теориялық физика» мамандығына аспирантураға түсіп, 2005 жылы «1.04.16–атом ядросы және элементар бөлшектер физикасы» мамандығы бойынша физика-математика ғылымының кандидаты ғылымы дәрежесін қорғап шықты. 2010 жылы 1.04–Физика мамандығы бойынша асс.профессор (доцент) ғылыми атағын алды.

Профессор Бекзат Айдарбекқызы Пірмантаеваның ғылыми-педагогикалық саладағы жалпы өтілі 20 жыл. 2003 жылдың қыркүйегінен бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жалпы және теориялық кафедрасында оқытушы қызметінде, 01.09.05-17.04.08 жылдар аралығында аға оқытушы, 18.04.08-30.04.11жылдар аралығында доцент, ал 2011 жылдан ЕҰУ, физика-техникалық факультеті ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар халықаралық кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.

Бекзат Пірмантаева 2010 жылдан бастап шет елмен біріккен халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағдарламасына атсалыса бастады. Республикалық комиссияның отырысының қорытындысына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша халықаралық стипендиясының иегері, Жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендия иегері. 2012-2014 жылдары Ғылым және білім министрлігі тарапынан ғалымдарға тағайындалған мемлекеттік қаржыландыру гранты байқаудың жеңімпазы.

Бекзат Айдарбекқызы 2011-2012 жылдары «Ядролық физика, жоғары энергиялар физикасы және астрофизиканың қазіргі заманғы мәселелері» атты екі Халықаралық жазғы мектепті Швейцария, Жапония, Германия, Словакия, Болгария, Италия, Ресей, Украина, Қытай, Азербайжан, Өзбекістан елдерінің білікті профессорларының қатысуымен ұйымдастырылған және жоғары деңгейде өткізгені үшін ЕҰУ жетекшілігі тарапынан сертификат және дипломдармен марапатталды. 2011жылы «Введение в физические исследования в ЦЕРН и ОИЯИ» атты Халықаралық мектебінің ұйымдастырушы комитетінің мүшесі болып табылады (25.09-1.10.2011ж. ЦЕРН, Женева қ.). XXX International workshop on nuclear theory. Sofia: Bulgaria 27 June-1 July 2011 және XXIII International symposium on nuclear electronics and computing. Varna: Bulgaria, 12-19 Semtember 2011 өтілген конференцияларда ағылшын тілінде баяндама жасады. 2011,2012 жылдарда екі жыл қатарынан Словакия, Братиславада «Энергетика-2011,2012» атты халықаралық конференцияның ұйымдастыру комитеті мүшесі.

Бекзаттың жетекшілігімен студенттер мен магистранттар түрлі БЯЗИ-да (Дубна қ., РФ) жаздық және мектептерге, Курчатов институты және РҒА Кристаллография институты (Москва, РФ), ЦЕРН (Женева, Швейцария), БҒА ИЯИЯЭ (София, Болгария), Румыния, Испания, Италия, Германия елдерінде өткен халықаралық конференцияларға, симпозиумдарға, жас мамандар үшін іс-тағылымдамаларға қатысты.

Профессор Бекзат Пірмантаева кафедраның үздік оқытушыларының бірі, яғни ол профессорлық–оқытушылық қызметін қоғамдық және ғылыми-зерттеулер жұмысымен ұштастыра білетін білікті. «Мамандыққа кіріспе», «Теориялық механика», «Кванттық шашырау теориясы», «Ядролық физиканың тәжірибелік әдістері», «Ядролық моделдер», «Ауыр иондар қатысатын ядролық реакциялар», «Атом ядросы физикасына кіріспе» және «Серпімді және квазисерпімді шашырау» пәндерінен қазақ және орыс тілдерінде дәріс оқиды, сонымен қатар, теориялық физика курсы бойынша практикалық және зертханалық сабақтарды жүргізеді. Атомдық және ядролық физика жоғары мектеп талаптарымен сәйкес, оқу-әдістемелік әдебиеттерін жасауға қатысады (пәндердің ОӘК, оқу жұмыс жоспарларын, силлабустарды және т.б. құрастыру үшін әдістемелік ұсыныс жазушы) және «Ядролық физика» мамандығының лицензиясын алуға құжаттарды дайындады, дипломдық және магистрлік жұмыстардың жетекшісі; Ресейден, Қазақстаннан, шетелдердің түрлі ұйымдарынан арнайы шақырылған профессорлардың дәрістерін оқытуды ұйымдастырушы болып табылады.

Бекзат Пірмантаева 2007 жылы Біріккен ядролық зерттеулер институтына (Дубна қ.), ҚР ҰЯО (Курчатов қ.) және ҚР ҰЯО ЯФИ (Алматы қ.) ұйымдарының біріккен ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар халықаралық кафедрасының ашылу туралы келісім шарттарды дайындауда үлкен үлесі бар; РФ «Дубна» табиғат, қоғам және адам халықаралық университетінің 19.11.2009 жылғы «Ядролық физика» бағыты бойынша бакалавр және магистрлерді дайындау қос диплом бағдарламасын құру және жүзеге асуына да бірден-бір себепкер.

Жас ғалым Бекзат Пірмантаеваның Қазақстан, Ресей және алыс шетелдердің рейтінгісі жоғары импакт-факторлы журналдарда 100-ге жуық ғылыми мақалалары жарыққа шыққан және халықаралық конференцияларға ұсынылған ғылыми зерттеулерінің нәтижесі ғылыми қоғамда үлкен құрметке ие болды. 1999-2012 жылдар аралығында түрлі өтілген «Атом ядросының құрылымы және ядролық спектроскопиясы» бойынша жыл сайынғы халықаралық конференциясында негізгі нәтижелері ұсынылды; Third International Conference Modern Problems of Nuclear Physics, Bukhara, Usbekistan 1999, 2004, 2009,2012 ж.; «16-th IUPAP International Conference on Few-Body Problems in Physics», 2000 ж., Тайвань, Ядролық және радиациялық физика, Алматы, 2001-2009 жыл; I-st and 3-rd Eurasia conference on nuclear science and its application, Izmir, Turkey, 2000, 2001; 59 international meeting on nuclear spectroscopy and nuclear structure “NUCLEUS 2009, 2010, 2011, 2012. Санкт-Петербург, Cheboksary, Саров, Воронежь Russia, XXX International workshop on nuclear theory, 2011, 2012 Sofia, XXIII International symposium on nuclear electronics and computing, 2011, Varna, Bulgaria, Татранске қаласы, Словакия «Энергетика 2012» Халықаралық конференциясы.

Филология ғылымдарының кандидаты Исаева Жанат Аманжолқызы

Исаева Жанат 1973 жылдың Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1990 жылы аталған елді мекендегі №29 орта мектебін күміс медальмен бітіріп, сол жылы Н. В. Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орны қабырғасында үздік үлгерім көрсеткіштерімен, ғылыми ізденістерімен көзге түсті. Филиология ғылымдарының докторы, профессор С. К. Сәтенованың жетекшілігімен «Тұрақты сөз орамдарының көркем аудармадағы қолданыс ерекшеліктері» тақырыбындағы диплом жұмысын жоғары деңгейде қорғап шықты. 1994 жылы аталған оқу орнын «Орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік бітірді. Факультет ұстаздарының ұсынысымен «Қазақ тілі» кафедрасында қызмет етуге жолдама алды.

1955-96 жылдары жоғарыда аталған қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді.

1996-2000 жылдары Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетнің мақсатты жолдамасымен ҚР ҰҒА А. Байұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы аспирантураның күндізгі бөлімінде оқып, ғылыми–зерттеу жұмысын жүргізді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Н. М. Уәлидің жетекшілігімен 10.02.02 жылы қазақ тілі мамандығы бойынша «Қазіргі қазақ тіліндегі сегменті бірліктердің фоностилистикасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, филиология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді.

2000 жылдан бері еліміздің бір қатар жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында, Абай атындағы ҚазҰПУ филология факультеттрінде дәріс беріп келеді. Сондай–ақ, үздік ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, бірқатар басқарушылық–ұйымдастырушылық қызметтер атқарды. Атап айтқанда,

2007-2008 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2008-2011 жылдары тәрбие жұмысы, жастар саясаты және мемлекетік тілді дамыту басқармасының бастығы, Ғалымдар Кеңесінің мүшесі, ҚР БҒМ Аккредитацилық комиссиясының мүшесі болды.

Жоғары оқу орындарында студенттерді ұлттық тәрбие негізінде елжандылыққа, ізгілік пен жоғары адами қасиеттерге баулитын «Ғасыр» шығармашылық клубын ұйымдастырып, жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізді.

Қазіргі таңда ҚР БҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтындағы тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

Сондай–ақ, республикалық Ана тілі газетінің меншіктен тыс тілшісі ретінде ұлттық – танымдық, лингвистикалық «Сөзтаным» бетін жүргізіп келеді.

2000 жылы «Қазақ тілінің үлкен орфоэпиялық сөздігін» құрастыруға қатысқаны үшін ҚР Білім және Ғылым министрлігі тарапынан жас ғалымдарға тағайындалған мемлекеттік стипендияның иегері атанды.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты, Абай атындағы ҚазҰПУ ректорларының Құрмет грамталарыымен, Алматы қаласы, Медеу ауданы әкімшілігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ғылыми еңбектері: «Қазақ тілінің орфаэпиялық сөздігі». Қазақ тілі. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық – гуманитарлық бағытындағы 10-сынып мұғалімдеріне арналған әдістемелік нұсқау. Тіл мәдениеті. Филология факультетінің студенттеріне арналған оқу құралы.

Сондай –ақ, халақаралық және республикалық ғылыми – теориялық конференцияларға, семинарларға қатысып, 35 ғылыми мақала жариялаған.

Республикалық мерзімді басылым беттерінде 23 публицистикалық мақаласы жарық көрген.

Филология ғылымдарының кандидаты Исаева Жанар Аманжолқызы

Исаева Жанар Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1990 жылы №29 орта мектебін күміс медальмен бітірген. 1990 жылы Н. В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1994 жылы үздік бітіріп шықты. 1994 жылдан бастап қазіргі кезге дейін Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі» кафедрасының оқтушысы, аға оқытушысы қызметін атқарып келеді.

2007 жылы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы Д 53.38. филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Ғылыми кеңесте филология ғылымдарының докторы, профессор Ә. Жүнісбектің жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі үнді дауыссыз дыбыстардың үйлесім түрленімі» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Жоғары мектептегі ғылыми – зерттеу және оқу-әдістемелік жұмыстарының нәтижесіде 1 оқулық, 3 оқу-әдістемелік құрал, 30-ға тарта мақалалары жарық көрген. 2007-2009 жылдары Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген 200 томдық «Сырдария кітапханасы» сериялық басылымында редактор қызметін атқарған.

Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, Қызылорда облыстық Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы бастығының Алғыс хатымен марапатталған.

Отбасылы. Жолдасы Оспанов Нұржан–Қазақстан-Қызылорда облыстық теледидарында бас менеджер. Екі баланың анасы.

Ғылым кандидаты Майра

Майра Жақсымұратқызы Жарылқасынова 1975 жылы ауданымыздағы іргелі шаруашықтардың бірі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Мектепте қатарының алды болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Майраның арманы, білімге деген құлшынысы жоғары болатын. №29 қазақ орта мектебін күміс медальмен тәмамдаған ол сол жылы Қызылордада қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің «Бухгалтерлік есеп және аудит» факультетіне студент болып қабылданып, қажырлылығы, еңбекқорлығы арқасында оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шығады. Майра содан кейін ғылыми жолды таңдап, Алматы қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінде мұғалімдік қызметті атқара жүріп өзі таңдаған тақырып аясында кандидаттық дессертация қорғады.

Жақында аталмыш университеттің диссертациялық кеңесінде «Бухгалтерлік есеп және аудит» кафедрасының аға оқытушысы, жерлесіміз Майра Жақсымұратқызы Жарылқасынова «Құрылыс өндірісі шығындарының есебі мен аудитін ұйымдастыруды жетілдіру» тақырыбында экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шықты. Ғылыми жетекшісі экономика ғылымдарының кандидаты, профессор К. К. Кеулімжаров Майраның болашағынан көп үміт күтетінін айтады және шәкіртін мақтаныш тұтады.

Қазақстан Республикасы бойынша таңдаулы 100 мектептің бірі саналатын Т. Ізтілеуов атындағы №29 мектептің түлегі Майра туған жерінің абыройын асқақтатып, биіктен көрсетуде. Біз де ғылым жолындағы еселі еңбегің арта берсін деп тілегімізді қосамыз.

Маржан Баймырзаева Сәруарқызы

1982 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниге келген. 1989-1999 жылдары №29 Т. Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебінде білім алып, 1999 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ветеринарлық-медицина мамандығына түсіп, оны 2004 жылы үздік үлгідегі дипломмен бітірді. 2004 жылы осы университеттің магистратурасына түсіп, 2006 жылы «Бұзаулардың катаральды бронхопневмониясына қарсы емдеудің әртүрлі салыстырмалы әдістерінің тиімділігін зерттеу» тақырыбында магистрлік диссертация қорғап, үздік үлгідегі дипломмен ветеринарлық медицина магистрі біліктілігі мен академиялық дәрежесін иеленді. 2005-2009 жылдары Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің оқу-әдістемелік басқармасында бірінші дәрежелі инспектор қызметін атқарды.

2009 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің Ветеринарлық медицина мамандығы бойынша Ph.D докторантураға түсіп, 2012 жылы «Гидроцель жақпа майының қабыну кезінде жануарлардың иммундық және биохимиялық статусына әсері» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, Ветеринарлық медицины ғылымдарының Ph.D докторы ғылыми дәрежесін алды.

Қазіргі уақытта клиникалық ветеринарлық медицина кафедрасында жұмыс жасайды.

Дәулетова Жаңагүл Ноғайқызы

Дәулетова Жаңагүл 1959 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Ворошилов атындағы №29 мектептің 1977 жылы мектепті үздік тәмамдады. Осы жылы С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің Заң факультетіне оқуға түсті. 1986 жылы аталған университетті «заңгер» мамандығы бойынша тәмамадап, ҚСРО Минисрлер кабинетіне бас мұрағат басқармасына заң қызмет бөлімінің меңгерушісі болып орналасты. Одан кейінгі жылдарда Жаңагүл Алматы облыстық Агроөнеркәсіп комитетінің құрылыс–сәулет басқармасында заң–кадр бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1997 жылдан бастап Алматы қаласы Әділет басқармасының заңды тұлғаларды тіркеу бөлімі бастығы қызметін атқарып келеді.

Тұрмыста. 3 бала және 3 немере тәрбиелеп отыр.

2010 жылы Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің Мақтау қағазымен, 2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы белгісімен марапатталды.

Дәулет Ләйле Ноғайқызы

Дәулет Ләйле Ноғайқызы 1966 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1973 жылы №29 мектеп табалдырығын аттап, оны 1983 жылы бітіріп шықты. Осы 1983 жылы ауылымызда ақын атамыз Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 100 жылдық мерейтойы өтті. Тойға Қазақстан жазушылар одағының ақын жазушылары қатысты. Анасы үйіне қонақ қылып қабылдаған ақын жазушыларды көріп, Ләйле Әбілдә Тәжібаев атамыздан бата алып, осы жылы Қазақ Ұлттық Университетінің филиология факультетіне оқуға түсті. Университетті тәмамдап, қазақ тілі және әдебиет маманы атанды. Отбасылық өмірді де ұмытпай, қазақ мәдениет қайраткері, дінтанушы, жазушы Бейбіт Төлейбайұлы Сапаралығы тұрмысқа шықты. 2006 жылы жұбайымен Мекке-Мәдинеге барып, бес парыздың бірі қажылық парызын өтеді. Отбасында 7 бала тәрбиелеп отыр. 2010 жылы Президентіміздің жарлығымен көп бала дүниеге келтіріп, тәрбиелеп өсіргені үшін «Алтын алқамен» марапатталды. Осы жетістіктеріне ауыл елімнен алған өнеге тәрбиенің қатысы бар деп есептейді.

Дәулетова Ғалия Ноғайқызы

Дәулетова Ғалия 1971 жылы дүниеге келген. 1989 жылы Ворошилов атындағы №29 мектепті бітірген соң, Абай атындағы Алматы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетін, Қазақстан инженерлік-экономикалық университетін «қаржы» мамандығы бойынша үздік тәмамадаған. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік және жергілікті» басқару мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

1996-1997 жылдары Қазақстан Үкімет Аппаратында Әлеуметтік мәдениет даму бөлімінде қызмет атқарып, 1997 жылдың мамыр айынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде жұмыс жасайды.

Бүгінгі күнде Ғалия ҚР Білім және Ғылым министрлігі тхникалық және кәсіптік білім департаментінде басқарма бастығы.

Ғ. Дәулетова білім беру саласындағы жасаған ерекше еңбегі үшін бірнеше рет ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаттарымен, Мақтау қағаздарымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, «Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталған

«Назарбаев университетінің» бас менеджері Ахметов Сәкен Төлеутайұлы

Сәкен мектепте оқып жүрген кезден өзінің ізденімпаздығымен, алғырлығымен озат оқушы атанып, көркемсөз оқу, оқушылардың ғылыми жоба қорғау сайыстарына қатысып, аудан, облыстан бас жүлделер алып жүрді.

1999 жылы мектепті үздік бітіріп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне мемлекеттік грантпен «тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша 2003 жылы үздік дипломмен бітірді. Мамандығы бойынша біраз жыл тәжірибе жинақтап, Орта Азиядағы Үлкен ұялы байланыс компаниясында шетелдіктермен жұмыс жасады.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиялық бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Эдинбург университетінде білім алды.

Қазір «Назарбаев университетінде» Бас менеджер болып қызмет жасауда.

«Осындай жетістіктерімен жетуіме туған ауылымның топырағы, ұшқан ұя Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессорлық– оқытушылық құрамының берген тәлімі арқасында», - дейді Сәкен.

Дәулетова Гүлнаурыз Жарылқасынқызы

1990 жылдың Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Әкесі Дәулетов Жарылқасын Ноғайұлы №29 орта мектеп мұғалімі. Анасы Қойшықараева Бақшагүл Әбиқызы №29 орта мектеп директорының бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары. Гүлнаурыз 1996 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы №29 орта мектебінің табалдырығын аттап, 2005 жылы негізгі орта мектепті үздік куәлікпен тәмамдайды. Мектеп қабырғасында оқыған жылдары Гүлнаурыз үздік үлгерімімен, тәртібімен өзінің қатарларына үлгі бола білді. Мектептің қоғамдық жұмысына белсене араласып, сондай-ақ мектепішілік пәнаралық және аудан бойынша тарих пәнінен өткен олимпиада жеңімпазы. Халықаралық «Кенгуру» байқауының қатысушысы. 2005 жылғы Тараз қаласында өткен «Жас ғалым-2005» тұңғыш республикалық конференциясының жүлдегері.

2005 жылы Гүлнаурыз Астана қаласындағы Республикалық Ақмола «Қаржы-экономикалық» колледжіне «қаржы» мамандығына оқуға түсіп, 2008 жылы «қаржылық бақылау және аудит» біліктілігі үздік дипломмен тәмамдайды. Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, аудиторлық қызмет әдіснамасы департаментінде теориялық білімімен тәжірибені ұштастыра отырып, біліктілігін шыңдады. Колледжде тарих пәнінен олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанды.

2008-2011 жылдары Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қысқартылған білім беру жүйесі бойынша «қаржы» мамандығында білімін жалғастарды. Университетте топ лидері, Қазақстан студенттер Альянсының Астана қаласы бойынша белсендісі, пікірталас клубының мүшесі, Жастар ісі жөніндегі комитеті төрайымының оқу ісі жөніндегі орынбасары, жатақхана тәлімгері сипатты қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. Кәсіби тәжірибені Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі, Салық комитеті, Қызылорда қаласы бойынша Салық департаменті, Қармақшы ауданы бойынша салық басқармасында өтті.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің сарапшысы.