Мектеп тарихы

Киелі білім ордасы

Мектеп тарихы

Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру мұғалімнің, ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді. Осы орайда ауыл мектебінің бүгінгі бет–бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан «Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебі» мемлекеттік мекемесі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылының орталығында орналасқан. Мектептің алғашқы ірге тасын 1921 жылы Көктөбе деген жерде қаланып, 1925 жылы сауат ашу мектебі ашылып, қарасөздің хас шебері, дүлдүл ақын Тұрмағамбет алғаш рет шәкірттерге төте араб әрпімен дәріс берді.

1930–1935 жылдары латын әрпімен, 1935–1937 жылдан бастап кирилл әрпімен сабақ жүргізді.

1937 жылдан бастап он жылға жуық жеті жылдық мектеп болып, 1947 жылдан бастап орта мектепке айналды.

1957 жылдан бастап мектеп Карл–Маркс бөлімшесінен Ленин кеңшары орталығына көшіп келді.

1949 жылы алғаш рет мектеп түлектері орта білім туралы аттестат алды. Содан бері осы білім ордасын 3000 шәкірт бітіріп, олардың 6-уы алтын, 6-уы күміс, 5-уі үздік аттестат иегерлері атанды. Сондай – ақ, республикаға белгілі ғалымдар, докторлар, инженерлер, әдебиет пен өнер тарландары осы мектептен түлеп ұшты. Олардың қатарында геология ғылымының кандидаты, кен инженері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Далабай Ешпанов, философия ғылымының докторы Раушанбек Әбсаттаров, Өмірбек Үмбетов, Сәтбай Рахатов, Фатима Дәулетова, Гүлшара Елдесова, ғылым кандидаттары Жұбатқан Мұратбаев, Әбжан Айсауытов, Жанат, Жанар Исаеваларды, Майра Жарылқасынованы мақтанышпен айтуға болады.

Қазыналы білім ордасына айналған №29 мектептің әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, мектеп мақтанышына айналуды мақсат етсе, инемен құдық қазғандай білім тұңғиығының нәрін алған «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері бұл күнде республикамыздың барлық аймағында еліміздің дамуына өздерінің үлестерін қосуда.

«Алтын медаль» иегерлері:

1. Р.Сералиева 1979 жыл

2. Г. Рахатова 1980 жыл

3. К. Қожабаева 1980 жыл

4. М. Рахатов 1985 жыл

5. Г. Шайхысламова 1992 жыл.

«Алтын белгі» иегерлері:

1. А. Тлеуова 2007 жыл

2. С. Икрамова 2010 жыл

«Күміс медаль» иегерлері:

1. М. Карбозов 1986 жыл

2. Ж. Исаева 1990 жыл

3. Ж. Исаева 1990 жыл

4. Б. Тілеуова 1991 жыл

5. М. Жарылқасынова 1992 жыл

6. Н. Наурызбаева 1992 жыл

7. Н. Сәкібаева 1995 жыл

«Үздік аттестат» иегерлері:

1. Л. Мамырбаева 1999 жыл

2. Р. Дәуітова 2000 жыл

3. А. Бектасова 2001 жыл

4. Е. Шамшатов 2002 жыл

5. Ә. Пірімова 2003 жыл

Сондай-ақ ел басына күн туған қиын – қыстау кезеңде кеудесін отқа тосқан мектеп түлегі, Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың, ауылшаруашылығын өркендетуге сүбелі үлес қосқан мектеп түлегі, Социалистік Еңбек Ері, Батыр Ана Сәлима Жұмабекованың өнегелі өмір жолдары жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Осындай тарихы мол мектепті кімдер басқарғанына ой жүгіртіп қарасақ:

1939 – 1942 жыл - Әбдікешов Тілеген

1942 – 1949 жыл – Қосымбетова Фатима

1949 – 1950 жыл - Әдібеков Мұса

1950 – 1952 жыл – Мешітбаев Тұрсын

1952 – 1955 жыл – Залиев Садықбек

1955 – 1959 жыл – Қазыбеков Әбіқай

1959 – 1962 жыл – Бегмов Зиналадин

1962 – 1963 жыл – Жүсіпбеков Әліп

1963 – 1965 жыл - Әбдәзиев Жәмит

1965 – 1974 жыл – Мүсіркегенов Қоңырбай

1974 – 1981 жыл – Шоқбаров Шәкизада

1981 – 1987 жыл – Серімбетов Асанхан

1987 – 1990 жыл – Алтынбасов Амандық

1990 жылы осы мектепті басқару жұмысына Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Дариза Әмзебекова тағайындалып, көптеген мектептегі жұмыстардың бастамашысы болды. Киелі білім ордасы уақыт озған сайын қоғам дамуына ілесіп, өркен жая түсті.

1967 жылы 320 балаға арналған типтік жобадағы мектеп үйі салынса, 1989 жылы 180 орындық қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Осы кезеңнен бастап киелі білім ордасы еңселі де биік, сәулетті оқу орнына айналды.

Атап айтқанда, сол жылдарға дейін мектеп К.Е.Ворошилов атымен аталса, облыстық кеңес атқару комитетінің 1990 жылғы №181 шешімімен мектепке белгілі шайыр, дүлдүл ақын Т.Ізтілеуовтің есімі берілді. Осы тұста Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алуымен қатар мектептегі оқу – тәрбие жұмысын халықтық педагогика негізінде ұйымдастыру бастау алды. Мектептің осы бағыттағы жұмысы «Қазақ мектептерінің деңгейін көтеру» тақырыбындағы ғылыми практикалық конференцияға «Халықтық педагогика – ұлттық тәрбие негізі» тақырыбында ұсынылып, буклет түрінде көпшілікке таратылды.

Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің жолдауларында білім саласына айрықша көңіл бөліп, еліміздің жарқын болашағы – білікті де парасатты жастардың қолында екенін назардан тыс қалдырған емес. Педагогикалық ұжым сапалы білім берудің үздіксіздігін қалыптастырып, оны одан әрі жақсарту тұрғысында көптеген игілікті істердің ұйытқысы болуда.

Мектеп ұжымы қазіргі таңда оқытудың жаңа технологиялық әдіс – тәсілдерін пайдалану арқылы дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, шәкірттерді шығармашылыққа баулуды басты парыз санайды. Осы мақсаттағы басты міндет – білім беру бағдарламасын жүзеге асыру және ұлттық, азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке тұлғаны кәсіби қалыптастыру, дамытуға бағыт болған білім алуға қажетті шарттар жасау, оқушыларға үш тілді меңгерту, мектепті компьютерлендіру және интернет жүйесімен жұмыс жүргізуді басты назарға алуда.

Мектептің материалдық базасын нығайтып, ғылыми негіздермен білім беретін пән кабинеттері жабдықталды. Оқушыларғы кәсіптік бағдар беруде оқу шеберханалары, тігін цехы, оқу тәжірибе алаңы ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы техникасын меңгеруге басты назар аударылды. Мектептегі оқушылардың рухани дүниесін байытуға ұйытқы болып отырған кітапхана жұмысы да жақсы жолға қойылған. Онда 15 083 дана оқулық, 1 889 әдістемелік әдебиеттер, 3 705 көркем әдебиеттер және 200-ге тарта ғылыми – көпшілік танымдық әдебиеттер қоры бар.

Аудандағы 120-дан аса белгілі ақын, дүлдүл жырауларды қанат қақтырған қасиетті мекен Тұрмағамбет ауылының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттық салт – дәстүрлерді сақтау, ақындық, жыраулық өнерді жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында мектепте «Сыр елі–жыр елі» мұражайы ашылды. «Ел іші–өнер кеніші», «Сыр сүлейі–Т.Ізтілеуов», «Жыраулық өнер жаршысы» бөлімдерінен тұратын мұражай бүгінгі күнге дейін жас ұрпаққа қызмет етіп келеді.

«Сыр өңірі–жыраулық өнердің айнасы» деген сөз біздің мемлекет емес, мұхиттың арғы бетіндегі Америка, Индия, Жапония елдерін тамсантып, сол елдегі өнер жанашырларының іс–сапарға келіп, халықтық өнерді насихаттауға ниет білдіруі жалпы ұлт мақтанышы десе де болады.

Міне, «Оқу мен тәрбие егіз» ұғымын өз ісінде жүзеге асырып келе жатқан мектеп ұжымының еңбегі өзгелерге үлгі боларлық. Қазіргі таңда мектепте 59 мұғалім жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие беріп келеді.

Мектептің жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі шығармашылық жұмысы жыл сайын өз нәтижесін беріп келеді. Оған мектеп түлектерінің мемлекеттік грант пен несие арқылы жоғарғы оқу орындарына түсуі дәлел.

2002–2003 оқу жылы тестілеу тәсілімен емтихан алу барысында жақсы көрсеткіштерге жеткен Қазақстан Республикасындағы 100 үздік мектептің қатарына еніп, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің энциклопедиясына алтын әріптермен жазылды. Бұл, әрине, үлкен жетістік.

Мектеп оқушылары 2003 – 2007 жылдардағы мектеп бітірген 64 оқушының 22-сі грант арқылы мемлекеттік жоғары оқу орындарына түсіп, облыстағы таңдаулы мектептердің қатарына енді.

Сонымен бірге мектептің 11 сынып оқушысы Әсел Пірімова 2001 жылғы ІІІ Республикалық Абай оқуларына қатысып, «Өлең–сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алып, облыстың, мектептің абыройын асқақтатты. Сондай–ақ «Сыр сандуғаштары», «Бозторғай», «Сырдария–Жырдария» өнер фестивальдарына қатысқан мектеп оқушылары М.Алмағанбетова, Р.Бектасова, А.Өмірзақова, Ғ.Шаймаханова, Ә.Кенжеғұлова, М.Ильясова, С.Құланбаевалар лауреаттар мен дипломанттар атанды. 2006 жылы Ғ.Шаймаханова Республикалық «Дельфилік» ойындар кокурсының ІІІ орын, қола медаль иегері, Н.ӨндібаевьБ.Сүлейменов атындағы Республикалық турнирдің І орын, алтын медаль иегері, 2008 жылы Н.Ақбаева Республикалық «Бозторғай» байқауының ІІІ орын иегері атанды. Мектептің техникалық базасы жеткілікті. Мектеп мультимедиялық кабинетпен, информатика дәрісханасымен, интерактивтік тақталармен жабдықталған.

2009 жылы 9 сынып оқушысы Ақбаева Нұршат Қазақстан Ұлттық телеарнасының «Сегіз қырлы» байқауына қатысып, сыр мақамдарын насихаттады.

Мектеп ұжымы Елбасының «Қазақстан–2030» стратегиялық даму бағдарламасынан туындайтын міндеттерді орындау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды.

Білім мен өнерді қатар ұштастырған киелі білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындауды мақсат етеді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңгі–бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп өз сөзінде айтқанындай, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Міне, осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.

Ұлағатты ұстаз, іскер басшысы - Дариха Әмзебекова

Ұстаз жолы өнеге демекші, ұстаз беделі қоғам үшін қашанда биік. Ғаламтану дәуірі – жас ұрпаққа әлемдік ғылым жетістіктеріне сай білім беру қажеттігін туындатып отыр. Бұл қажеттілік мұғалімнің алдында орасан зор міндетті жүктейді. Мұғалім жаңашыл, рухани бай, кәсіби біліктілігі жоғары болмайынша тұлғаны қалыптастыру мәртебесіне қол жеткізе алмайтыны анық. Осындай қиын түйіннің оңтайлы шешілуі істің тиімді ұйымдастырылуында екені даусыз. Бүкіл оқу–тәрбие үрдісін сара жолға салу– мектеп басшысының білім, білігі мен іскерлігіне байланысты. Мектептің міндеті – балаға терең білім мен өнегелі тәрбие беру екенін ескерсек, бұл істе шешуші тұлға – мұғалім. Осындай тұғыры биік тұлғаның бірі–біздің Жыр дүлдүлі атанған Т. Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебі тарихында барлық саналы өмірін, денсаулығын ұрпақ тәрбиесіне арнап, киелі шаңырақтың дамуына сүбелі үлес қосып, мектеп мақтанышына айналған – Дариха Әмзебекова.

Дариха Әмзебекқызы өзіндік биік адамгершілігімен, мұғалімге тән үлкен жүрегімен мектеп тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Іскер басшы, ұжымның ұйтқысы болды. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында талай істің көшбасшысы бола білді. Осындай білімді ұстаз, білікті басшы–Дариха Әмзебекова 1954 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келді.

1977 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институттың физика– математика бөлімін «физика» мамандығы бойынша бітіріп шығып, 33 жыл мұғалімдік қызмет атқарса, оның 28 жылы, яғни 6 жыл директордың орынбасары, 22 жыл мектеп директоры қызметін атқарған жоғары санатты маман болды. Еңбек жолын 1977 жылы №107 мектепте қатардағы мұғалім болудан бастап, 1978 жылдан бері Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі, 1984–1986 жылдары мектеп директорының сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі орныбасары, 1986–1990 жылдары арасында оқу ісінің меңгерушісі, 1990 жылдан бастап, қыркүйек 2012 жылға дейін мектеп директоры қызметін атқарып, зейнет демалысына шықты.

Осы кезеңде ол өзін кәсіби мамандығын толық меңгерген, ұйымдастырушылық қабілеті зор, іздене жұмыс істеп, мамандарға талап қоя білетін білікті басшы екендігін көрсетіп, ұжым арасында абыройлы бола білді. Оның басшылығымен мектептің оқу–тәрбие жұмыстарында жаңа технологиялық–инновациялық әдістерді кеңінен ендіруді ұйымдастыру нәтижесінде мектеп ұжымы жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерден көрінуде.

Мектептің 1996 жылы мұғалімдердің республикалық ғылыми конференциясына ұсынған «Халықтық педагогика–ұлттық тәрбие негізі» тақырыбындағы іс – шарасы республикаға әдістемелік құрал ретінде таратылды. 1997 жылдан бері облыстағы «Сенімге ие болған мектеп» атағымен жұмыс істеп келе жатса, 2003–2004 оқу жылы білім саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін облыстық білім басқармасының «Білімнің алтын қазынасы» номинациясы бойынша жеңімпаз болып табылды.

1999 жылдан бері жоғары оқу орындарына түсу жөніндегі білім гранттарын жеңіп алуда үздік көрсеткіштерге жетіп, 2003 жылы грант пен несиеге көп ие болған Қазақстанның 100 үздік мектебінің қатарына енді. Мектеп бітірушілерден 2006 жылға дейін 6 оқушы Алтын медальмен, 7 оқушы Күміс медальмен, 5 оқушы «Үздік аттестатпен» бітірсе, 2007 жылы 1 оқушы, 2010 жылы 1 оқушы «Алтын белгімен» бітірді.

2000–2001 оқу жылы мектеп ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Дипломымен, 2001–2002 оқу жылында «Оқушыларға экологиялық білім беру» бағытындағы облыстық байқауда ІІІ орын мен 50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

2003–2004 оқу жылында «Киелі мекен ордасы» жинағы ҚР ІІ томдық озат тәжірибелер жинағына еніп, мектеп директорының «Өркенді істер нәтижесі» тақырыбындағы мақаласы Республикалық «Қазақстан мектебі» және «Мектеп директоры» журналдарына жарияланды.

Мектептегі оқу–тәрбие жұмысындағы қол жеткен жетістіктер Халықаралық «Дала» журналының 2005 жылғы №1 жарияланып, іс – тәжірибелері халықаралық деңгейде таратылуына қол жеткізді.

2007 жылы «Егемен Қазақстан», «Сыр бойы», «Қармақшы таңы» газеттеріне «Тұрмағамбет дәріс берген мектеп» мақаласы, «Сыр бойы» газетіне «Ақынның атын аялап» тақырыбында мақаласы жарияланды.

2007 жылы «Мерейтойды мол табыстармен қарсы аламыз» тақырыбында мақаласы «Тұрмағамбет» жинағына шықты.

2005 жылы мектептік «Талант» ғылыми жоба қорғау орталығының мүшелері 11 сынып оқушысы Ә.Байғұлиева облыстық ғылыми жба қорғаудан ІІІ орынға ие болса, осы жылы бастауыш сынып оқушысы А.Тоғызбаева облыста І орынға ие болды. 2007 жылы 1 оқушының ғылыми жұмысы Республикаға ұсынылып, 1 оқушы облыстан Алғыс хатпен марапатталды.

Жыл сайын мектеп оқушылары аудандық және облыстық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орын алып жүрсе, 2001 жылы 11 сынып оқушысы Әсел Пірімова республикалық «Абай оқуы» байқауында І орынға ие болды.

Мектеп пен Қорқыт ата университеті арасында байланыс нығайып, мектеп осы университеттің студенттерінің өндірістік тәжірибеден өту жөніндегі тірек мектебі болып отыр.

Оқытудың ақпараттық коммуникациялық технологияларын ендіру мақсатында жан–жақты жабдықталған компьютер сыныбы ашылып, ол 2004 жылы интернет жүйесіне қосылды. 2005 жылы мультимедиялық кабинет пайдалануға берілді.

Пәндерді тереңдетіп оқытуға назар аударып, 4 пән бойынша 100 оқушы тереңдетілген сыныпта оқиды. Мектеп базасындағы 101 электрондық оқулық пәндер бойынша тиімді пайдалануда.

Мектепте білім беру үрдісі мен тәрбие беру үрдісін біртұтас жүйе есебінде жүргізу үнемі назарда ұсталды. Оның бір саласы ретінде ұлттық салт – дәстүрді сақтау, ақындық–жыраулық өнерлерді оқушылар бойына сіңіру, «өзін - өзі тану» бағдарламасы негізінде мектепте «Сыр Елі–Жыр Елі» мұражайы, «Жыраулар мектебі» бастауыш сыныптар үшін эксперименттік «Мұрагер» бағдарламасы жұмыс істейді.

Мектептің оқу–материалдық базасы жылдан – жылға нығайып, ғылыми негіздермен білім беретін пәндік кабинеттерді қайта жабдықтау қолға алынып, үстіміздегі жылы биология, химия кабинеттері жаңа технологиялармен қайта жабдықталды.

Осындай қол жеткен жетістіктері үшін ұлағатты ұстаз Дариха Әмзебекова 1989 жылы Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» атағын алып, 1996 жылы Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1991 жылы Республика кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасымен, 1990, 1992, 1994 жылдары облыстық білім басқармасының грамоталарымен, 1996 жылы Республиканың Білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін ҚР Білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 1997 жылы Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіндегі жемісті еңбектері мен қол жеткен табыстары үшін Облыстық білім департаментінің білім мен ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті Құрмет грамотасымен, 1999 жылы Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын жақсы ұйымдастырғаны үшін ҚР Кәсіподағы комаитетінің Дипломымен, 2003 жылы «Ауыл мектебін басқару және білім беру сапасын арттырудың тиімді жолдары» республикалық семинарына қатысып, «Ауыл мектебінде білім беру сапасын жетілдірудегі ізденістер» тақырыбында озат тәжірибесімен алмасқаны үшін Республикалық білім жетілдіру институтының Құрмет грамотасымен марапатталып, жасаған баяндамасы республикалық жинаққа енген. 2005 жылы Физика пәні бойынша Халықаралық «Зубенок» олимпиадасында оқушыларды өте жақсы дайындағаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталған. 2005 жылы «Сәйгүлік» логикалық олимпиадасында оқушылары үздік нәтиже көрсеткені үшін Қызылорда білім беру департаменті Алғыс хатпен, 2006 жылы Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қосқан зор үлесі үшін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрмет грамотасымен, 2008 жылдың қорытындысымен ауданның «Үздік мектеп директоры–2008» номинациясы медалімен марапатталды. 2008 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қосқан зор үлесі үшін Құрмет грамотасымен, 2008 жылы аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен марапатталды.

2009 жылы Қармақшы ауданының 80 жылдық мерекелік естелік медалімен марапатталды. 2009 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 70 жылдық медалімен марапатталды.

2010 жылы Қызылорда облыстық білім басқармасының «Алтын белгі» шығарғаны үшін «Үздік мектеп директоры» атанды.

2010 жылы қазан айында «Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды.

2010 жылы 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне байланысты облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

2008 жылы Қызылорда облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының «Ең үздік директоры – 2008» атты мектеп директорларының конкурсына қатысты.

2010 жылы «Қармақшы таңы» газетіне «Шығармашылық алаң– білім берудегі жаңа технологияны игерудің негізі», «Өзін–өзі тану–өмір талабы» мақалалары жарияланды.

2010 жылы ББАҚДИ–да «Бағдарлы оқыту–бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізі» тақырыбында өткізілген халықаралық ғылыми– практикалық конференциясына жұмысы электрондық поштамен жіберілді.

2010 жылы «Хабаршы» журналына «Шежіресі мол киелі мекен» мақаласы жарияланды.

2011 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институты «Әскери іс және өмір сүру қауіпсіздігі негізінде кәсіби педагогикалық қызметін ұйымдастыру» аясында Алғыс хатпен марапатталды.

2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты мектеп білім сапасының сертификатын жеңіп алды.

2011 жылы Қармақшы ауданының «Құрметті ұстазы» атағын алды.

Д. Әмзебекова оқу–тәрбие ісін толық меңгерген ұжымда моральдық – психологиялық ахуалды қалыптастыруда талапшыл, көпшіл, адамгершілігі мол көп құрметіне лайықты, іскер басшы.

Дариха сонымен бірге ауылдың әлеуметтік жағдайының, мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, ауылдың кез келген қоғамдық жұмыстарының басында жүріп, өзінің іс–тәжірибелерін, ақыл–кеңестерін беріп, қолдан келген көмегін беріп отыр.

Қашанда халық–көреген, халық–сыншы халық берген баға марапаттың ең үлкені, халық құрметі ең бағалы сыйлықтан да қымбат. Кез келген уақытта ата–аналарымен, мұғалімдермен сөйлесе қалсаңыз, Дариханың іскерлігін, табандылығын, еңбекқорлығын, адамгершілігін, жаңашылдығын, жүрегі жылы ізгі жан екенін айта жөнеледі.

Іс–тәжірибесі толысқан осындай әріптестің шәкірттерге де, жас мұғалімдерге де берері көп екені хақ.

Әлемнің екінші Аристотелі атанған данышпан ойдың иесі Әл– Фарабидің даналығында «Кемеңгер патшаға тән 12 қасиеттің төртінші қасиетінде «Басшы терең ой иесі және жадына сақтағандардың бәрін айдан–анық етіп айтып бере алатын шебер әрі шешен болуы шарт» деп түйіндесе, «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады»,-дейді Жүсіп Баласағұни.

Осы ғибратты сөздер адамдық болмысы, азаматтық тұлғасы өзгеге үлгі боларлықтай еңбексүйгіш Дариха Әмзебекқызының өмірі кейінгіге үлгі–өнеге болары анық.

Мәуелі бәйтерек

Сыр сүлейлерінің сұлу сөзден сарай соққан қазіргі Тұрмағамбет ауылы орталығында орналасқан ақын ата атындағы №29 мектептен талай ұстаз шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жаңа өмірге аттандырғаны рас. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз– ұлы ұғым, құрметті мамандық. Сондай ұстаздардың ұстазы болған, талай шәкірттерге білім нәрін сепкен үлгілі ұстаз, қадірменді азаматтың бірі Асанхан Серімбетов еді. Асекең 1970 жылы Қызылорда педагогикалық институтын «химия – биология» пәні мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітіріп, өзі оқыған сол №29 мектепке биология пәнінен мұғалім болып орналасып, барлық еңбек жолы осы мектеп өмірімен байланысты болды. Алғашқы еңбек жолын бастаған уақыттан бастап өзінің шебер ұйымдастырушы, білікті де білімді маман екендігін көрсете білді және кеңестік жүйедегі комсомол, партия ұйымдары жұмыстарында белсенділік танытты.

1972–1981 жылдар аралығында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметпен қоса қоғамдық негізде мектеп партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1981–1987 жылдары осы білім ордасының директоры, 1991– 2004 жылдары оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Оқу тәрбие жұмысының барлық саласынан хабары мол, білікті басшы өзінің ұстамды мінезімен, педагогқа тән іс – әрекетімен ұжым мүшелері арасында беделі артты. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген Асанхан ағай өзіне кейінгілерге ағалық қамқорлықпен қарайтын. Асекең 2006 жылы зейнетке шыққанша білім беру саласын жақсы басқарып, өз үлесін қоса білді.

Оқу – тәрбие саласындағы 36 жылда атқарған ерен еңбегі, басшылық қызметтегі үлгілі еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1981 жылы Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен, 1995 жылы Қазақстан білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2003, 2004 жылдары облыс әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

«Бейнеттің де зейнеті бар» дегендей бүгінде адал еңбегінің арқасында көпшілікке танымал, жастарға жол сілтеп, ақыл айтар абыз қарияға айналып, жолдасы Қуаныш екеуі өмірге 8 бала әкеліп, тәрбиелеген, ынтымағы жарасқан үлкен шаңырақ егесі.

Асекеңнің көп құрметке бөленуінің бірден – бір себепкері №29 мектепте 35 жыл бастауыш сыныпқа мұғалім болған Шәдиева Қуаныштың жанға жайлы мінезі мен адами қасиетінің жоғары, жарына деген қамқорлығы мен қолдауы екендігі сөзсіз.

Бұл күнде Асекең мен Қуаныш тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек сияқты. Балаларының барлығы дерлік жоғары білім алып, түрлі салаларда еңбек етуде.

Қалдыгүлі экономист, Ардағы облыстық спорт басқармасының маманы, Мұхан мұғалім, Асқар Тұрмағамбет ауылының қаржы директоры, Рабиға, Айда Астанада жоғары білімді мамандар. Сағидулла ҚазАГРО мекемесі маманы, Сәпидулла темір жол қызметкері. Келіндері де түрлі салада істейтін мамандар.

Елге қадірлі, ағайынға ардақты, әрбір іске жауапкершілікпен қарап, өзінің парасаттылығын көрсете білген ардагер ұстаз, адал жар, ұл, қыз, немерелер тәрбиелеп отырған ұлағатты отбасының басшысы.

Ұлағатты ұстаз, методист мұғалім – Қаражан Қожабаев

Ұстаздық бүкіл әлемдегі мамандықтардың атасы екендігі белгілі. Өйткені ұстаз алдынан өтпеген ешкім жоқ. Тіпті Ұлы ғұламалар Әл – Фараби, Абайлар да ұстаздардың алдында бас игендігі мәлім. Сондай саналы ғұмырын баланың білімі мен тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздардың бірі Қожабаев Қаражан ағай еді. Қаражан Қожабаев 1930 жылы осы күнгі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келді. Өзінің еңбек жолын 1950 жылы «Өндіріс» бастауыш мектебінде мұғалім болып бастады. 1952 – 1955 жылдары «ЛКСМК-нің 25 жылдығы» атындағы орта мектепте мұғалім болды. Қарекең келешек жақсы ұстаз болу үшін білім дәрежесін көтерудің қажеттілігін түсініп, 1953 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институна түсіп, 1959 жылы осы институттан «қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітіріп шықты.

Міне, сол жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазіргі Тұрмағамбет атындағы №29 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып істеді.

Ол өзінің пәнін өте жетік меңгерген, білімді, сауатты, әр сабағын ұстамды, түрлі әдістермен оқушының мәңгі есінде қалатындай етіп түсіндіретін. Осы күнгі жаңа технологиялық әдістерді, дәстүрлі емес сабақтарды ол кісі сол кездің өзінде ізденімпаздығы арқылы тиімді пайдаланатын.

Сабақ берумен қатар жастарға ақылшы–ұстаз болып, өз тәжірибелерін үйретуден жалықпайтын және қазақ әдебиеті кабинеті жанынан «Сыр елі –жыр елі» мұражайының негізін қалап, оқушыларды патриоттық, эстетикалық тәрбие беруде игі жұмыстар жүргізді.

Қазір осы кабинет мектеп директоры Д.Әмзебекованың басшылығымен жылы, жарық, кең бөлмеге көшіріліп, 5000 астам экспонаттармен толықтырылып, өз алдына үлкен мұражайға айналды. Ауылға келген сыйлы адамдардың барлығы бұл мұражайға кіріп, ризашылығы мен сезімдерін білдіріп, өздерінің тілектерін арнаулы кітапқа түсіріп отырады.

Қарекеңнің қол жеткен табыстары жоғары бағаланып, 1965 жылы «халық ағарту ісінің озаты» төс белгісімен марапатталса, аудан мұғалімдерінің арасында алғашқылардың бірі болып, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері және «методист – мұғалім» атағына ие болды.

Қаражан ағай ашық келген, аққұба өңді, асықпай сөйлейтін, байсалды, әңгіме айтқаннан гөрі тыңдағанды ұнататын, бет – бейнесінен, жүріс–тұрысынан ұлағатты ұстазға тән кішіпейілділіктің, адамгершіліктің белгісі байқалып тұратын, жүрегіне шежіре ұялаған ұстаз болды.

Мен 11 жыл мектепте оқыған және 5 жыл мектепте бірге қызмет атқарған кезде ол кісінің ешкімге тілі тиіп, не ашу шақырған кезін көргенім жоқ. Осы мінезімен оқушыларға да, басқа азаматтарға да өте сыйлы, абыройлы болды.

Бала болған соң телі – тентектері болады. Бір жылы бір сынып оқушылары осындай мазасыз болып, сынып жетекшілері тұрақтамаған соң мектеп әкімшілігі осы сыныпқа жетекшілік жасауды Қаражан ағайға тапсырған болатын. Ешқандай оқушымен, ата–аналармен сөзге келместен ол сынып сол жылы білімі мен тәрбиесі бойынша алдыңғы қатарлы сыныпқа айналды. Барлық оқушы толық үлгерімге жетті. Олар қазір әр салада түрлі қызметтер атқарып, ел азаматтары болып, бас қосқан кездерінде ағайлары туралы тебірене айтып отырғандарының куәсі болып жүрміз.

Осындай адал жүректі, абзал азамат нағыз толыққан кезінде 1983 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.

Қазір ұрпақтары аудан көлемінде, Тұрмағамбет ауылында тұрады. Өткен жылы №29 мектеп ұжымы мен туған інісі Бижан Қожабаев кісіні мәңгі есте қалдыру мақсатында ауыл орталығынан бір көшенің атын беру туралы ауыл әкімдігіне, аудандық онамаликалық комитетке ұсыныс бергенімен, ол түрлі сылтаулармен аяқсыз қалды.

Сондай – ақ өзі қызмет істеген мектептен Қ.Қожабаев атындағы қазақ әдебиеті кабинетін ашу да келешектегі өзекті мәселелердің бірі.

Абауов Мәлік

Абауов Мәлік 1919 жылы 15 қаңтарда Өзбекстан Республикасындағы Қарақалпақ автономиялық республикасының Мойынқұм ауданында дүниеге келген.

1934 жылы 10 маусымда Самарқанд облысы, Пахтакор ауданындағы №3 мектеп директоры С.Жураевтың №321 бұйрығына сәйкес мектепті толық аяқтағаны жөнінде куәлік алып, еңбекжолын осы мектеп қабырғасында жұмысшы болып бастап, 1936 жылдан бастап осы мектептің бастауыш сыныптарында мұғалім болып қызмет атқарған. Қазақ халық комиссариаттары ағарту ісі мамандарының білімін жетілдіру және даярлау институтының курсын 09.07.1940 жылы №44 куәлік негізінде бітіріп, Қызылорда қаласындағы 1 май мектебінде , 1940 – 1949 жылдары Қызылорда қаласында, Тереңөзек ауданының Сәкен Сейфуллин, 18 партсъезд, Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал, Ақтөбе, Ақжар совхоздарында мұғалімдік қызмет еткен.

01.08.1949 жылы аудандық білім бөлімінің бастығы Қосназаровтың №410 бұйрығына сәйкес Ворошилов атындағы мектепке мұғалім болып орналасып, осы мектептен 1979 жылы құрметті зейнет демалысына шығып, жұмысын 1996 жылға дейін жалғастырған. Осы 60 жыл мұғалімдік қызметте еңбек еткен жылдарында облыстық, аудандық білім бөлімінің және кәсіподақ комитетінің бірнеше рет «Мақтау қағаздары» мен «Құрмет грамоталарына» ие болған. Сонымен қатар, СССР Президиумы Облыстық атқару комитетінің 14.09.1979 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1941 – 1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 30, 40, 50 жылдығы» медальдарымен наградталған.

Жанұяда 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, өсірген, олардың ішінде ұстаз жолын ұрпақтан – ұрпаққа жалғастырып келе жатқан ұлы Сағатбек және келіні Қаламқас Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінде мұғалім, қызы Зоя Алдашбай ахун ауылы орталығында орналасқан балабақша меңгерушісі, немересі Гауһар Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық Университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып, қызмет атқаруда.

Ұлағатты ұстаз еді

Өмір–өзен. Ол ағысын тоқтатпақ емес. Зымырап күндер өтіп, өмірге талай адам келіп – кетіп жатыр. Олардың бәрінің артында өзінше із қалады. Біреулер ақындықпен, біреулер жыраулықпен, біреулер батырлықпен есте қалып жатса, Сәруар Баймырзаев ағайдың есімі ұстаздықпен танымал болды.

Сәруар Баймұрзаев 1932 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келіп, 1953 жылы Түркістан педагогикалық училищесін бітірген соң, 1957 жылы Кемесалған елді – мекен мектебінде, 1958 жылы Ленин кеңшарының Карл – Маркс бөлімшесі мектебінде, 1959 жылы Ленин кеңшары орталығындағы мектептерде мұғалім болып істеді. Отбасы жағдайына байланысты Қызылорда педагогикалық институтының өндірістен қол үзбей жүріп оқып, «тарих пәні мұғалімі» мамандығын алды.

Жұмыстағы іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетімен ұстаздық тәжірибесін ескерген аудандық білім бөлімі 1966 жылы бұрынғы Карл- Маркс, қазіргі Алдашбай ахун ауылындағы №111 мектепке директорлыққа жоғарылап, онда 1975 жылға дейін қызмет атқарды. 1975 жылы отбасы жағдайы, жасы келген шешесінің талабына сәйкес №29 мектепке қатардағы мұғалім болып ауысып, 1980 жылы №186 мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс атқарды. Бұл мектепте 1982 жылға дейін қызмет жасап, тағы да отбасы жағдайына байланысты туған ауылы мектебіне мұғалім, кейін оқу ісінің меңгерушісі болып істеп, 1993 жылы еңбек демалысына шықты.

Өмірінің 40 жылын бала тәрбиесіне, шәкірттерін білімге баулыған Сәкең 1999 жылы 67 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Артында қалған ұрпақтары Мағираш шаруашылықтың бас есепшісі, Роза жұмысшы болса, қалған балалары Алматы қаласында жауапты жұмыстарда қызмет атқарып жүр.

Жүсіпбекұлы Әліп

Ардагер ұстаз Әліп Жүсіпбекұлы 1930 жылы Томарбөгет колхозы, Құмбөгет ауылдық кеңесі (қазіргі Тұрмағамбет ауылында) туған. 1938-49 жылдары Томарбөгет бастауыш мектебінде, Каганович атындағы 7 жылдық мектепте оқып, 1949 жылы Ворошилов атындағы орта мектептің (қазіргі №29 Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебі) алғашқы бітірушілерінің бірі болып аттестат алды.

1950-52 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мұғалімдер институтына түсіп, физика-матетматика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1952-1956 жылдар арасында Ленин және Ақжар совхоздарының орталығындағы орта мектептердің жоғарғы сыныптарына физика-математика пәнінен сабақ беріп, 1956 ж Каганович атындағы 7 жылдық мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет ауыстырды.

1961-63 жылдар арасында Ворошилов атындағы орта мектептің директоры міндетін атқарушы, 1964-1978 ж аралығында Ленин атындағы совхозда жұмысшылар комитетінің председателі, 1978-1995ж аралығында зейнеткерлікке шыққанша №29 Т.Ізтілеуов атындағы мектепте мұғалім болып қызмет атқарды.

1965-91 ж аралығында халық депутаттары Дауылкөл ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып, бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды.

1965-68ж Қызылорда облыстық кәсіподақ кеңесінің Мақтау грамотасымен марапатталған.

Жұбайы Несібелі марқұм екеуі 6 бала тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған өнегелі отбасының басшысы болды.

Бекмұраты жоғары білімді инженер, Алматы қаласында тұрса, Райкүлі жоғары білімді тіс дәрігері, Ғазиза жоғары білімді мұғалім, Досмұраты жоғары білімді маман, Қайраты жұмысшы болып қызмет атқаруда.

Әліп Жүсіпбекұлы 6 баладан қазір14 немере сүйіп бақытқа бөленген әке болды.

Ең үлкен немересі халықаралық университеттің «Қытай тілі» мамандығы бойынша оқиды.

Әліп Жүсіпбекұлы қай салада жүрседе өзіне тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен және іждағаттылықпен қарайтын ақ көңіл жан еді. Мектепке ұстаздық еткен кезінде жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосса, шаруашылықта басшылық қызметте жүргенде ауылдың экономикасы, әлеуметтік жағдайы, мәдениетін көтеруде сүбелі үлес қоса білген білікті маман еді. Осындай мінездеріне сәйкес ол көпшілік, туған – туыс, жолдас-жораларының арасында үлкен беделге ие еді.

Керуенбаева Тұрсынкүл Жайлыбайқызы

Керуенбаева Тұрсынкүл 1949 жылы 12 мамырда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Ата – анасының кенжесі болып, бар үміті сол кісіде болған.

Себебі, одан бұрынғы 9 баласы да о дүниелік болып кеткен еді. 1956 жылы 7 жасында мектеп табалдырығын аттап, 1964 жылы 8 сыныпты жақсы бітірген. Сол жылы Қызылорда қаласындағы Қыздар педагогикалық училищесінің «бастауыш сынып мұғалімі» бөліміне түсіп, 1968 жылы ойдағыдай аяқтады. Еңбек жолын №29 мектепте мұғалім болып бастады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аудандық, облыстық педагогикалық оқуларға қатысты. 1974 жылы еңбек пен білімді ұштастыру мақсатымен, өндірістен қол үзбей жүріп Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттында қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіріп, «қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығын алып, одан кейін осы мамандық бойынша қызмет атқарды.

Оқу – тәрбие жұмыстарында жеткен табыстар, жаңашылдығы, озат тәжірибесі ескеріліп, 1980 жылы Қазақ ССР-нің оқу ісі үздігіне ұсынылып, 1983 жылы «Қазақ ССР-нің үздігі» наградасын алды.

1990 жылы «КСРО-ның озық қайраткері» төс белгісімен марапатталды. 40 жылға жуық бір салада мектеп өмірімен, балалармен біте қайнаса еңбек етіп, сол еңбегінің құрметіне бөленген жан – Керуенбаева Тұрсынкүл осы жылдар ішінде ана тіліміздің қыры мен сырын өз шәкірттеріне ұғындыра білген жан. Ол кісінің алдынан аудан, облыс, республика намысын қорғаған шәкірттер аз тәрбиеленіп шыққан жоқ. Қазір шәкірттері республиканың жер–жерінде түрлі қызметтер атқаруда.

Ұлағатты ұстаз

Ұстаз–өмірдің нәрін себуші, берілмес қамалдардың алыбы. Ұстаздық бұл бүкіл әлемдегі мамандықтардың анасы. Олай болса, жақсы ұрпақ тәрбиелеймін деген ұстаз, ең алдымен, сол ұрпақтағы жүрек жылуын зерттейді, одан кейін сол жүрекке мейірімділік пен ізгіліктің отын жағады. Бір кездері Достоевский «келе жатқан тәңірі құты – келісі азап шеккен бір ғана баланың кірпігінен үзілген тамшы жасқа татыр ма?» деп пайғамбарлық сауал тастаған екен. Әрине, білім саласында сол балаға білім нәрін себетін тәрбиеші ұстазға да жүрек жылуы қажет. Күні кешеге дейін дәріс берген шәкірттері және бір салада. Жұмыс жасаған әріптестері арасында ағалық ақылы, үлкендік парасатымен баршамызға үлгі – өнеге болған, бүгінде зейнеткер Мырзабаев Сұлтанбек ағай 1949 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген.

1979 жылы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін бітіріп, 1966 – 1980 жылдар аралығында №29 мектепте мұғалім болып қызмет атқарды. Сұлтанбек ағай өз білімі мен біліктілігі арқасында түрлі салада еңбек етті. Ағай мінезге бай, үлкенге құрмет көрсете білетін, кішіге қамқор бола алатын, қайталанбас дара тұлға.

Білімінің алар орны қоғам дамуының қай кезінде болмасын ерекше. Сол себепті білім берудің әр түрлі деңгейлерінде өз біліктілігінің жан-жақты дәлелі ретінде ағай №149 кәсіптік техникалық училищеде тәрбиеші, кеңшарда жұмысшы, тіпті клуб меңгерушісі болып жұмыс жасаған.

«Жігітке жеті өнер де аз» - демекші 1980 – 1986 жылдары ағай Ленин кеңшарында кәсіподақ комитеті төрағасы, 1986 – 1990 жылдары №29 мектепте алғашқы әскери дайындық пінінің мұғалімі, 1990 – 2000 жылдары Ленин кеңшарында кадр бөлімі инспекторы, 2001 жылдан бастап Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектебінде технология пәні мұғалімі, 2004 жылы мектеп психологы, 2005 жылдан бастап мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарып келді. Жұмыс жасаған осы уақыт аралығында ағай тек қана шәкірттері мен әріптестерінің шексіз алғысына бөленіп, 2004 жылы Облыстық білім бөлімінің Мақтау қағазымен, 2011 жылы аудан әкімдігі «Ауданның үздік педагог қызметкері» номинациясымен марапатталды.

«Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далағы.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға», – деп ұлы Абай атамыз айтқандай ұстаз еңбегі ешқашан елеусіз қалмақ емес.

Ағай оқытқан шәкірттері қазіргі таңда Қазақстанның түпкір – түпкірінде өмір көшін өткізер әлеми ауқымда қызмет атқаруда. Өмірі өшпес өнеге болған ағай бүгінде бейнеттің жемісін көріп отырған бақытты әке. Басшыға тән парасаттылық, ұстаздық білім, білік, әкелік мейірім, құрбылық наз – бәрін қатар ұштастыра білетін ағайдың жұбайы Оразкүл Түкібаева да осы мектепте бірнеше жыл жұмыс жасап, елге елеулі, халыққа қалаулы, елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болған ұлағатты ардагер ұстаз. Бұл кісілердің шаңырағы биік, керегесі кеңге жайылған, ұлын ұясына, қызын қиясына қондырған өнегелі отбасы екені баршамызға мәлім.

Сұлтанбек ағай құрметті зейнет демалысында болса да жастарды халықтар бірлігіне, ел–жұртына берілгендік сезімге тәрбиелеуде талмай іс тындырып жүрген абзал азамат.

Гүлмира Жалғасбаева,

№29 мектеп кәсіподақ ұйымы төрағасы

Боранбаева Бақыткүл Әлиасқарқызы

Б.Боранбаева 1955 жылы 13 ақпанда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебіне 1-ші сыныпқа қабылданып, 1972 жылы бітіреді. Осы жылы аттестатпен Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищеге түсіп, 1974 жылы бітіріп, осы ауылдағы балалар бақшасында 6 ай тәрбиеші болып қызмет атқарып, 1975 жылдың тамыз айынан бастап мектепке «бастауыш сынып мұғалімі» болып қабылданады.

1978 – 1984 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы КАЗГУ-дің «тарих және құқық» факултетін бітірген. «40 жыл ұстаз болсаң да, 45 минуттық сабағыңа дайынсың ба?» деген ұстанымды берік ұстанып, ұстаздық еткен жылдарында 400-ден аса балаға әріп танытып, «Алғашқы ұстаз» атанды.

1985, 1987, 2000, 2002, 2004 жылдары аудандық, облыстық дәрежедегі бірнеше пәндік байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды және аудандық, облыстық семинар – практикумдарда баяндамалар оқып, іс– тәжірибе жұмыстары бірнеше рет таратылды.

2009 жылы «Жаңа технологиялар арқылы бастауыш мектептің білім мазмұнын жаңарту» тақырыбында республикалық ғылыми педагогикалық конференцияға қатысып, «Қызықты есептер шығарайық» ойын есептер жинағы шықты. Осы жылы зертханалық тәжірибелері жинақталып, аудан мұғалімдері арасында тартылды. ҰБТ жүйесі басалғалы 30-дың үстінде шәкірттері грант иегері болып, алды білімнің сан жолында еңбек етуде.

Осы еңбек жолында 3 Алтын медаль, 4 Күміс медаль,15 «Үздік аттестат» иегерлерін ұшырды. 2 оқушысы ғылым саласына еңбек сіңірген ғылым кандидаттары.

1996 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» иегері атанды.

Аудандық, облыстық білім бөлімінің Мақтау қағаздарымен, аудандық, облыстық кәсіподақ ұйымының мерекелік Мақтау қағаздарымен, мерекелік Құттықтауларымен жылма–жыл марапатталып отыр.

Осы уақытқа дейін аталмыш мектепте мұғалім болып жұмыс жасап келеді. Отбасылы, жолдасы, 4 баласы, 4 немересі бар. Жолдасы Ахметов Төлеутай жүргізуші, ұлдары Темірлан заңгер, Сәкен ғылым қызметкері, Н.Назарбаев атындағы ұлттық университеттің қызметкері, Нұркен мұнай газ маманы, қызы Ақбота Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі.

Ұлағатты ұстаз Бақыткүл ұлағатты отбасының ұйытқысы болып, балалары мен немерелерінің қызығын көріп отырған абзал ана.

Түкібаева Оразкүл

Түкібаева Оразкүл 1953 жылы Шымкент облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. 1970 жылы №369 Ә.Жангелдин атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, сол мектепке «аға вожатый» болып жұмысқа орналасты. Атқарған еңбегі еленіп, 1972 жылы Бүкіл Одақтық Пионер ұйымының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 1973 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институттың жаратылыстану факультетінің «биология» бөліміне түсіп, 1978 жылы бітірді. 1974 жылы Т. Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебіне жұмысқа тұрып, 2006 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін осы мектепте абыройлы ұстаздық етті. Ұстаздық жолындағы Ерен еңбегі еленіп, 1979 жылы облыстық оқу бөлімі «Құрмет грамотасымен», 1978 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісі үздігі» төс белгісімен марапатталды.

2002 жылы биология саласы бойынша дайындаған оқушыларының 12-сі грантпен жоғары оқу орнына түсіп, зор абыройға ие болды.

2003 жылы грант нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болып, Елбасы қолынан бағалы сыйлыққа видеомагнитафон алған еді..

2007 жылы 5 оқушы медицина академиясына түсті.

Қазір зейнеткер, жолдасы Сұлтанбек екеуі 5 бала тәрбиелеп, өсіріп, немерелерінің қызығын көруде.

Тасымова Зарипа Жаппарқызы

Зарипа Тасымова 1962 жылы дүниеге келген. 1969 жылы К.Е.Ворошилов атындағы №29 қазақ орта мектебінің 1-ші сыныбына қабылданып, осы аталған мектепті 1979 жылы бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, 1984 жылы «тарих пәні мұғалімі» біліктілігімен аяқтаған.

1984 жылы Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебіне «тарих пәнінің мұғалімі» болып қабылданады. Осы жылдар ішінде ауыл мәдениетін көтеруде, ұрпақ тәрбиелеу, ағарту ісін алға апаруда үзіліссіз еңбек етіп келеді. 1991 жылдан бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқаруда. Бала тәрбиелеуде терең ізденіс, шығармашылық шабытпен өлеңдерін, мақалаларын баспасөз беттеріне жариялап отырады. 1991 жылы ұжымдастар сенімін ақтап ауылда өткізілген «Келіндер» сайысында бас жүлдені жеңіп алып, Қырымға Федосея қаласына жанұялық жолдаманы жеңіп алды.

1996 жылы облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен, 1998 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Облыстық тәрбие саласы мамандарының іскерлік семинарында «Жан – жақты дамыған тұлғаны қалыптастырудағы тәрбие жұмысының жоспарлану үлгісі» тақырыбындағы баяндамасы оқылып, Алғыс хат иеленді.

Аудандық семинарларда ата – аналармен бірлескен дөңгелек үстелдерде пікір айтып, баяндамалар оқыды.

Тарих пәні бойынша «Зерттеуші» үйірмесінің жинақтауымен «Өз өлкеміздің ақын – жырауларын, сыр бойындағы ақын-жазушылар, өз өлкемізден Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестеріміз, Зобалаң шырғалаңына шырмалған жерлестеріміз, Ұлағатты ұстаздар өнегесі, өлке тарихы, ауыл тарихы, мектеп тарихы, соғыс ардагерлері, батыр аналар жайлы деректер» жинақталған. Жинақталған деректерді әрбір өтілген сабақпен сабақтастыру, өз өлкесі жайлы, терең таныстырып, оқушыны рухани дамыту жолға қойылған.

2007 жылы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде облыстық мұражайлар конкурсына қатысып, мұражай мұрағаттары жайлы зерттеу жобасын қорғап, ІІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды.

2007 жылы ауданда «Үздік тәрбие ісін ұйымдастырушы» номинациясының жеңімпазы атанды.

2009 жылы аудандық әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен тарих пәнінен «Қазіргі кезеңдегі сабақ үлгілері» байқауында ІІ орын, Мақтау қағазымен марапатталды.

2009 жылы Алматы қаласында оқушыларды Отан сүйгіштікке, азаматтыққа тәрбиелеу тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысып, баяндамасы Республикалық жинаққа енгізілді.

2010 жылы «Еліміздің жас жеткіншектерін оқытып тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегі үшін, білім сапасын дамытуға қосқан үлесі үшін» Қызылорда облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

2010 жылы «Облыстық тәрбие саласы мамандарының стратегиялық тәрбие жоспары» тақырыбындағы іскерлік семинарында «Үздік тәрбие жоспары моделін» дайындауымен танылғаны үшін, Облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының Алғыс хатымен марапатталды.

2010 жылы баспасөз беттерінде мәдени–тұрмыстық өсіп, өркендеуімізге жанашырлық көрсеткені үшін Аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

2010 жылы «ҚР Конституциясының 15 жылдығы» қарсаңындағы шәкірт тәрбиелеуде шығармашылық еңбегі, терең ізденістері үшін, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

2011 жылы тарих пәнінің «Сыр бойындағы тарихи тұлғалар» тақырыбындағы облыстық панорамалық сабақ конкурсына қатысып, сабағы облыстық тарихи жинағына енгізілуге ұсынылды.

Жанұялы. Жолдасы Мұханбетқалиев Әнуарбек, Дауылкөл ауылдық округінің әкімі, үш бала тәрбиелеп өсіріп, 4 немере сүйіп отырған ұстаз. Қызы Жұлдыз, эколог маман, оның жолдасы Қасымов Сәкен, қаржыгер. Ұлы Мұханбетқалиев Айдос ауыл шаруашылық маманы, келіні Асқарова Айгерім, балалар дәрігері. Ұлы Мұханбетқалиев Жасұлан,студент.

Қожабаева Клара Бижанқызы

Клара Қожабаева 1963 жылы 19 тамызда Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында дүниге келген. 1970 жылы №29 мектептің 1-ші сыныбына қабылданып, 1980 жылы «Алтын медальмен» бітіріп шықты. Осы жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «физика – математика» факультетінің «математика» бөліміне түсіп, 1984 жылы бітірді. 1984 жылы №29 қазақ орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып қабылданып, осы уақытқа дейін жұмыс жасап келеді.

1985–1987 жылдары мектепте комсомол ұйымының хатшысы болды. 1998 жылы аудан әкімі Б.Еламановтың мұғалімдер күні мерекесіне байланысты «Алғыс хатымен» марапатталды.

2001 жылы облыстық білім басқармасының «Мақтау грамотасымен» марапатталды.

Мектеп математика есептерін шығару жөніндегі мұғалімдердің облыстық «Алтын кілт» конкурсында шығармашылық табыстарға жеткені үшін ІІІ орынмен, 2001 жылы Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Білім беру саласындағы шығармашылық жұмыстары және тәуелсіз еліміздің болашақ иелерін тәрбиелеудегі жемісті еңбектері үшін марапатталды.

2002 жылы облыс әкімі С.Нұрғисаевтың мұғалімдер күні мерекесіне байланысты Алғыс хатымен марапатталды.

2003 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін марапатталды.

2006 жылы аудандық білім бөлімінің Дипломымен, аудандық математика пәні мұғалімдері арасында өткізілген аудандық «Үздік математика–2006» байқауында Бас жүлдені иеленгені үшін марапатталды.

2006 жылы аудан әкімі Р.Нұртаевтың мұғалімдер күні мерекесіне байланысты Алғыс хатымен, 2010 жылы аудандық білім бөлімінің 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне байланысты Алғыс хатымен, осы жылы аудандық білім бөлімінің Мадақтамасыменжәне облыстық тамыз маслихатында облыс әкімі Б.Қуандықовтың қолынан ҰБТ-дің нәтижесі бойынша ноутбук компьютерін алды.

2011 жылы аудандық білім бөлімінің Мадақтамасы, аудандық «Үздік бірлестік жетекші–2011» байқауында І орынмен марапатталған білімді де, білікті ұстаз. Клара сонымен бірге жолдасы даңғайыр ақын Тұрмағамбеттің немересі Нөсербек Тұрмағамбетов екеуі Тұрмағамбеттің үлкен шаңырағын ұстап, түтінін түтетіп отырған бақытты отбасы.

Жанұялы. Жолдасы Нөсербек “Тұрмағамбет” ЖШС-нің экономисі. Ұлдары Айдосы Қызылорда қаласындағы ТЭЦ-те инженер қызметінде, Рүстем Алматы бизнес колледжінің 2 курс студанті. Ал, қызы Гүлнар Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық академияның «Емдеу ісі» бөлімінің 6 курс студенті.

Серікбева Жаннат Бекешқызы

Жаннат Серікбаева 1965 жылы 7 қыркүйекте Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, қазіргі Әйтеке би кентінде дүниеге келген. 1982 жылы №17 қазақ орта мектебін бітіріп, осы жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика–математика факультетіне оқуға түсіп, 1987 жылы бітіріп шыққан соң еңбек жолын №29 қазақ орта мектебінің физика – математика пәні мұғалімі болып, осы уақытқа дейін мектепте еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты мұғалім. Еңбек еткен жылдарында аудандық, облыстық әртүрлі бірнеше пәндік байқауларға қатысып, жеңімпаз аталып келеді. Аудандық, облыстық семинар – практикумдарда баяндамалар оқып, іс – тәжірибесі таратылды. Республикалық ұстаздар сайысының интернет ресурсында 6 сабақ үлгісі, 2 сыныптан тыс жұмысы, 1 баяндамасы республикаға тарады. Шәкірттері аудандық, облыстық пәндік байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпазы болды. Алдынан түлеп ұшқан шәкірттері бұл күндері білікті маман иелері, ел мақтанышына айналған азаматтар. Мемлекеттік грант негізінде ЖОО-да оқып жатқан шәкірттері қаншама, бірнеше «Алтын белгі» иегерлерін дайындады.

2008 жылы Облыстық «Ең үздік физика пәнінің мұғалімі – 2008» байқауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталды. Осы жылы Сыр мектебі газетінде «Электр өрісі» тақырыбындағы сабағы жарияланды.

2009–2010 оқу жылында 7 оқушысы мемелекеттік грант иегері болды. ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 15,67 болды.

2009 жылы Білім және Ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

2009–2010 оқу жылында 3 оқушысы грант иегері болды, ҰБТ қорытындысы бойынша физика пәнінен орташа балл 14,2.

2010–2011 оқу жылында 3 оқушысы физика таңдау пәні бойынша 21 –23 балл алып, мемлекеттік грант иегерлері болды.

Отбасылы. Жолдасы Әлиев Мырзағали агроном. Қызы Гүлмайра кітапхана маманы, ұлы Әділхан қаржы–несие маманы, ал қолғанаты Қайсар 3 сынып оқушысы.