Сәлима Жұмабекова

ҒАСЫРДЫҢ БАТЫР АНАСЫ

Ғасырдың «Батыр Анасы» атанған, бұл күнде аты аңызға айналған, қайраткер, Социалистік Еңбек Ері, Батыр Ана, Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Сәлима Жұмабекқықы Жұмабекованың ел үшін төккен маңдай тері, еңбектері туралы жазылған деректер оқырмандарға бұрыннан таныс екендігін білеміз. Сәлима 1935 жылы Қармақшы ауданының бұрынғы «Жаңа бақыт» ауылында (қазіргі Дауылкөл елді мекенінде) дүниеге келген. Әкесі Жұмабек Өсербайұлы мен анасы Баймаханқызы Ақсалы орта шаруа деңгейінде күн кешкен қарапайым жандар болатын. Әкесі Жұмабек елдің балаларын әл–ауқатына қарамай оқытып, сауаттарын ашқан, ескіше сауатты кісі болса, анасы Ақсалы өте қайратты, жігерлі, рухы таза қайырымды кісі болған.

Сәлиманың арғы атасы Әлібай ахун, бергі аталығы Қашқынбай, Қабылан батырлар, яғни тектінің тұяғы болып саналады.

Әкесі Жұмабек майдан даласында ерлікпен қаза табады. Отбасында анасы Ақсалы, апасы Жәмила, інісі Жаухарбек болды. Сол кездегі тұрмыстың, күнкөрістің ауыр азабын тартып, балалық өмірінің қызығын көрмей өсті десек болады. Жастайынан жетімдіктің ауыр жүгін арқалаған ол жас болса да, анасы мен апасына көмекші болып, басын тік ұстады. Буыны қатпай тұрып масақ терді, сиыр бақты, сауыншы болды.

Ел есін жинай бастаған кезде мектепке қабылданып, 7 сыныпты бітірген соң, 1952 жылы өзінің еңбек жолын бастады.

Сәлима адамға үйір, батыл, бір сөзді болып өсті. Жастығына қарамастан өмірге икем, еңбекшіл бола білді.

1953 жылы Ноғай ағаймен бас қосқан соң, оның еңбек жолы Тұрмағамбет ауылымен тікелей байланысты болды. Тек Ноғай ағамыз кездейсоқ өмірден ерте кетіп, Сәлимаға орны толмас қайғы әкелгенімен ақыры қайыр болып, еңбегімен халық арасында зор беделге иеленді. Шаруашылықта құрылысшы болып жүріп, 1964 жылы атақты дихан Ыбрай Жақаевтың бүкіл облыс жастарына үндеу тастап, оларды күріш егуді қолға алуға шақыруын қолдап, күріш сушысы болды. Қиын шаруа болса да, алған бағытынан қайтпайтын Сәлима осы жолды таңдап, сол жылы бітік күріш өсірді. 1966 жылы ауыл шаруашылығындағы үздік табыстары үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сәлиманың ұйымдастырушылық, адам жанын түсініп, тіл табыса білетін қабілеті бар екендігін бағалаған ауыл тұрғындары сенім білдіріп, 1967 жылы Дауылкөл ауылдық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы қызметте бес жыл қызмет істеп, ауыл мәдениетін көтеруге өз үлесін қосты.

1971 жылы ол аудандық партия комитетінің бюросына арыз беріп, өзін күрішші етіп жіберуді сұрады.

Қайтадан диқаншылық кетпенін ұстаған ол еңбекке бұрынғыдай құлшына кірісті.

1971–1973 жылдары алған өнімі облыс көлемінде жоғары бағаланып, «Ленин» орденімен марапатталды. Осы жылы Батыр ананың Алтын жұлдызын қоса таққан еді.

Сол жылдары өзіне бекітілген 20 гектар жерден 106 центнерден өнім жинап, облыста «100 центнершілер» қозғалысын бастады. Бұл бүкіл ауданда күрішші жастардың қатары көбейе түсуіне игі әсер еткен оқиға болды.

1979 жылы бүкіл облыс жұртшылығы сенім көрсетіп, оны КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайлады.

1980 жылы өзінің қажырлы еңбегімен бекітілген 20 гектардан гектарына 108,1 центнерден өнім алып, сол жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.

1982–1984 жылдары әр гектардан 110–113 центнерден өнім жинап, оның есімі республикалық, облыстық «Алтын кітаптарына» енгізілді.

1979 жылы отбасы болып звено құрып, сол жылы жанұя мүшелері анасының басшылығымен еккен 60 гектар күріштің, әр гектарынан мол өнім алды. Сәлиманың ұйымдастыруымен ауыл жастары еңбекке тартылып, тың күштер жасақталып, ауданда отбасылық звено, жастар бригадалары мен звеноларын жасақтауға бастама жасады.

Сәлима КПСС ХХҮІ, Қазақстан Компартиясының ХІІІ–ХІҮ съездеріне делегат болып қатысты.

«Елдің бағын ашпаса ер мұратқа жетер ме, ердің бағын ашпаса елден елдік кетер де», - деген емес пе атам қазақ.

Елден шыққан Сәлимадай батырларға ауылдан да, қаладан да қандайлық құрмет көрсетіп, естелік ескерткіш орнатылып жатса ешбір артықтық етпес деп білеміз, ондай құрмет жасалып жатыр деп ойлаймыз.

2000 жылы «ғасырдың батыр анасы» құрметті атағы, 2005 жылы 70 жасқа толуына байланысты «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

2010 жылы өзінің ізіне 12 сіңілісін ертіп, Астанаға президенттің мерекелік қабылдауында болып, 70 жасқа толған мерей тойында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау жазған хатын алды.

Сәлима әрбір келелі жиындарда: «Мұндай атақ – даңққа ие болуым өзімнің еңбексүйгіштігім, адал маңдай терімнің жемісі болар, бірақ қасиетті Тұрмағамбет ауылының киелі топырағы, елдің бірлігі, сыйластықтары, ірі тұлғалар бастап кеткен жолының шапағаты деп білемін», - деп ағынан жарылады.

Қазір 77 жастан асса да Сәлима әлі тың, өз тәжірибелерін кейінгі жастарға үйретуге әркез дайын. Ауылдың қоғамдық жұмыстарының басында жүреді. Ұрпақ тәрбиесіне байланысты үнемі ауыл орталығындағы мектеппен тұрақты байланыста.

Сәлима мен Ноғай ағамыздан өрбіген ұрпақтар қазір бір қауым ел болып, әр салада қызмет істеп жүр. Орынбасары Жосалы терминалында жетекші маман, Жарылқасын, мен Бота ұстаз, Әбілқасым дәрігер, Жаңагүлі заңгер, Алматы қаласының Әділет Департаментінің бас маманы, Ғаниы кәсіпкер, Ләйләсы «Қанағат-ҚС» ғылыми мәдениет орталығының директоры. Дәуіржаны темір жол саласының маманы, Фатимасы филология ғылымдарының докторы, профессор, қытай тілінің маманы. Ғалиясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жетекші маманы.

Сәлима ана олардан қазір 40 немере, 20 шөбере сүйіп отырған қасиетті, бақытты ана.

Сәлиманың өмір жолы, еңбек жолы, қайраткерлік жолы әрине бір кітапқа сыймайды. Сондықтан оларға қысқаша тоқталдық. Ол туралы әлі де естеліктер жазыла берері сөзсіз.

Біз Сәлиманы мақтамаймыз, Сәлимамен мақтанамыз!