Ардагерлер ізімен

Іскер маман, талапшыл басшы

1977–1987 жылдары Ленин кеңшарының директоры қызметін атқарған Бердімұратов Жанділдә бұған дейін түрлі жауапты қызметте яғни облыстық партия комитетінің нұсқауымен шаруашылық басшысы, аудандық комитетінің ІІ хатшысы сияқты басшылық қызметтерде болып, өмірден тәжірибе жинақтаған білікті маман еді.

Жәкең кеңшарға директор болып келген кезде шаруашылық мемлекетке 4 млн. сом шамасында қарыз болып, экономикасы да, мәдениеті де тұралаған кезі болатын. Шаруашылық жағдайына талдау жасай келе ол кісі есепке жетік, талапшыл болуы арқылы шаруашылықтағы қосып жазу, өтірік ақпар, мал басының ретсіз шығыны мен мал басының майдалануына тосқауыл қоюды, ретсіз шығынды жоюды бірінші кезекте қолға алды. Ол кезде шаруашылықта орынсыз шығындар шаш етектен болатын. Жыл сайын сүрлем, пішендеме салу үшін аудандық автобаза мекемесінен 20-ның үстінде автокөліктер шақырылып, олар жүрсе де, жүрмесе де күндік жоспарларын алып, әркім өзінің отын-суына, т.б. пайдаланып жүретін. Сол сияқты егін жинау науқаны кезінде көрші облыстардан көліктер шақырылатын. Бұлардың барлығы артық шығындар еді. Бұл орынсыз шығындарды тоқтатып, бәрін кері қайтарып, барлық жұмысты өз күшімізбен атқаруға қол жеткізуді қамтамасыз етті.

Қазіргі нарық жағдайына сол кездің өзінде көшіп, атқарылатын жұмыстардың көлемін, қашықтығын есептеп, май босататын қоймаға жұмсалатын жанар–жағар майдың көлемін өзі белгілеп, қол қойып беріп отыратын. Бұл жанар–жағар майдың үнемделуіне, көліктердің боса жүрмеуіне бақылау болса, көрші ауылдарда жанар–жағар май жетпей жатқанда, шаруашылықта жанар–жағар май екі есе үнемделетін.

Бірде Жәкең іс–сапарда болған кезде аудандық ішкі істер бөлімінен жанар–жағар майдың жұмсалуын тексеріп комиссиялар келеді. Тексеру қорытындысымен бірнеше тонна жанар–жағар май кем шығып, іс тергеу орнына өткізіліп, мамандардың естері шықты.

Іс–сапардан оралған Жәкең істің мән–жайымен танысып, шаруашылықтың осы саласындағы есепшісінің қателікке жол бергендігін анықтады. Олар жанар май бойынша тиісті табиғи шығынның (ауаға булану, тығыздығының азайып, көбейуі т.б.) есепке алынбауы еді. Сол бойынша қоймаға қайта есептеулер жүргізіліп, қойма мүлкінің түгел екендігін эаң орындары алдында дәлелдеп, мамандардың қараптан – қарап жүріп қылмысқа тартылуынан қорғап қалған болатын. Бұның өзі ол кісінің біліктілігін, есепке жүйріктігін, әр іске талдау жасай алатындығын көрсететін еді.

Жәкең орысша, қазақша өте сауатты болуымен қатар мамандардан да соны талап ететін. Кез келген құжатқа өзі оқып, таныспай қол қоймайтын, әсіресе, цифрларды жіті бақылайтын. Тәртіп бар жерде табыс та болатыны сөзсіз.

Жәкең өзіне де, мамандарына да, еңбеккерлерге де қатаң талап қойып, берілген тапсырмалардың дер кезінде сапалы орындалуына қатаң қарайтын, қатаң тәртіптің, тазалықтың, әділдіктің адамы болатын. Шаруашылықты 10 жыл басқарған кезде егіс көлемі, одан алынатын өнім еселеніп артты. Мал басы саны артып, одан алынатын өнім деңгейі көтерілді. Шығында отырған шаруашылық миллиондап таза пайда табатын рентабельді шаруашылыққа айналды. Ол маман кадрлардың қалыптасуы мен қызметтік өсулеріне ықпал етті.

Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері, іскер де, талапшыл басшы болған Жанділдә Бердімұратовтың Тұрмағамбет ауылы үшін сіңірген еңбегі зор.

Қазір отбасы жағдайымен Алматы қаласында тұрады. Жасы тоқсанға тақаса да әлі тың, сергек қалпында ұл–қыздарының арасында бақытты өмір сүруде.

Жәкең бақытын адал еңбекпен, адамгершілік қасиетімен тапқан ардагер ақсақал.

Білікті маман, өнегелі істерімен есте қалған аға

Тек Тұрмағамбет ауылы ғана емес, бүкіл Қармақшы ауданы халқының басым көпшілігі Ерекешов Мұханбетқалиды бір орында 50 жылдан астам бас есепші болып, адалдықты, тәртіптілікті, адамгершілікті, көпшілікті сүйетін, абзал, соғыс және еңбек ардагері ретінде таниды десек қателеспейміз.

Мұхаң 1926 жылы бұрынғы №10 ауылда (қазіргі Тұрмағамбет ауылында) туылған. 1934 –1941 жылдары Ленин атындағы 7 жылдық мектепті оқып бітіріп, көне Ақжар ұжымшарында жұмысшы, 1943–1944 жылдары сол ұжымшарда есепші болып қызмет істеді. 1944–1950 жылдары әскер қатарында болып Ұлы Отан соғысына қатысты.

1950 жылы әскер қатарынан босаған соң Сталин атындағы ұжымшарда есепші және партия ұйымының хатшысы, 1950–1951 жылдары ҚКП(б) аудандық комитетінің техникалық хатшысы, нұсқаушысы, аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінің аға инспекторы, Ленин тұтыну қоғамында есепші, ауылдық кеңестің төрағасы, 1953–1954 жылдары Сталин ұжымшарында бастауыш партия ұйымының хатшысы болды.

1957–1961 жылдары Чапаев атындағы ұжымшарда бас есепші, 1954– 1993 жылдары Ленин атындағы кеңшарда бас есепші қызметін абыроймен атқарып, құрметті зейнеткерлік демалысына шықты.

КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін «Ұлы Отан соғысында 1941–1945 жылдары Германияны жеңгені үшін» медалімен, 1948 жылы «Совет армиясы мен флотының ХХХ жылдығы» медалімен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30, 40, 50 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. «Отан соғысы» орденінің екінші дәрежелі иегері.

Мұхаң әзіл сөзге ұста, сөзді тауып айтатын, артында халық айтып жүрер сөздері қалған, елге сыйлы, ел есінде қалған кісі. Осындай парасат биігінде 2007 жылы ауыр науқастан өмірден озды.

Ол тәрбиелі ұрпақ өсірген, шаттықты шаңырақ иесі, 20 немере, 10-ның үстінде шөбере сүйген бақытты ата.

Өмір жолдары ұрпаққа өнеге, рухы биік болсын дейміз.

Еңбек ардагері Құлданов Балғожа

Тұрмағамбет ауылының іргетасын қалап, оның–экономикалық дамуына өзінің қажырлы еңбегімен үлес қосқан абзал азаматтардың бірі Құлданов Балғожа. Балқожа ақсақал 1928 жылы Тұрмағамбет ауылында туылған. 7 сыныптық білім алғаннан кейін, жастайынан еңбекке араласты.

1957 жылы кеңшар құрылғанға дейін әр салада еңбек етеді. Ал, 1957-1964 жылдары Ленин кеңшарында қоймашы, №2 егіс бригадасының бригадирі болып тағайындалды. Бригадирлік қызметті бір жылдан астам уақыт атқарғаннан кейін, оны басшылық, яғни 1965 жылы №3 ірі қара мал фермасына бухгалтер етіп ауыстырды. Осы бухгалтерлік жұмысты құрметті зейнет демалысына шыққанға дейін абыроймен атқарып, Ленин кеңшар дирекциясы зейнеткерлік еңбек демалысына құрметпен шығарып салды. Балқожа ақсақал өзінің қажырлы еңбегінің арқасында 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бұдан басқа да бірнеше мерекелік медальдары бар. Балғожаның әкесі Құлдан кезінде ауқатты, аузы дуалы, өз руының дау–дамайын шешіп, билік жасайтын биі болған. Ол кісіден «Дұрысымды әркімдер де дұрыс дейді, бұрысымды дұрыс де» деген ел аузында сөз қалған. Себебі, оның айтқан сөзін, берген тапсырмасын ешкім дұрыс емес деп қарсы келмеген. Тұрмысы төмен отбасыларына үнемі көмектесіп отырған. Балғожа ақсақал да ешкімге жалтақтамайтын, бетің бар, жүзің бар, мынау ренжиді–ау деп күлтектемей тура айтатын әділ кісі болып, жеңгелері атын атамай, «Балым би» деп атап кеткен. Өз ағайынына сыйлы, өз ауылының тентегін жөнге салып отырған кісі болған.

1991 жылы желтоқсанда ауыр науқастан қайтыс болды.

Балқожа ақсақал жұбайы Жарылқапова Күнімай екеуі 9 бала тәрбиелеп өсірген. Балалары жоғары оқу орнын бітіріп, әр салада қызмет жасап жүр. Жұбайы Күнімай сыпайы, асып–тасып сөйлемейтін, барға қанағат жасайтын, инабатты жан. «Күміс алқа» иегері. Қазіргі уақытта зейнеткерлік демалыста. Тұрмағамбет ауылында өзіндік орны бар, іргелі шаңырақ отанасы.

Сарөзенов Мәлік

Сарөзенов Мәлік 1927 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1945 жылы бастаған. 1945–1950 жылдары «Ақбел» бастауыш мектебінде мұғалім, 1950–1955 жылдары «Каганович» атындағы 7 жылдық мектепте мұғалім болған. 1960 жылы Қызылорда облысының сырттан оқитын қазақ орта мектебіне оқуға түсіп, 1961 жылы толық курсын бітірген. 1961 жылы ҚазССР ауыл шаруашылық министрлігінің Қазалы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға қабылданып, аталған техникумды «бухгалтер–жоспарлаушы» мамандығы бойынша 1963 жылы бітіріп шықты. 1955-1961 жылдары Ленин ауылдық кеңесінің секретары, 1961–1964 жылдары бухгалтер, 1964 жылы осы бөлімнің бас бухгалтері қызметін атқарған.

1965–1972 жылдары Ленин кеңшарында бригадир, 1972–1979 жылдары Дауылкөл ауылдық советінің секретары, 1979–1985 жылдары «Ленин» ауылдық ауруханасының шаруашылық меңгерушісі, 1985–1988 жылдары Ленин кеңшарының қоғамдық тамақтандыру жөніндегі әлеуметтік технологы, 1988 жылы бригада есепшісі болып қызмет етіп, осы жылы зейнет демалысына шығады.

58 жыл отасқан отанасы Пәуен апамен 6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығын оқытып, мамандық алып беріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан 35 немере, 13 шөбере сүйген бақытты ата 2011 жылы 84 жасында дүниеден өтті.

Шүкірбаев Мүсілім

Мүсілім Шүкірбаев 1928 жылы №10 «Ақжар» ұжымшарында (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) дүниеге келді. 1939 жылы осы ауыл орталығындағы мектептің 1 сыныбына барып, 1949 жылы осы К.Е.Ворошилов атындағы мектептің алғашқы орта білім туралы аттестат алған түлегі болып бітіріп шықты.

Мектепте оқып жүріп, соғыс жылдары кезінде тылда еңбек етіп, жастайынан еңбекке араласты. 1952 жылы Қызылорда қаласындағы 7 айлық бухгалтерлік курс оқып куәлік алса, 1960–1962 жылдары Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын «жоспарлаушы–бухгалтер» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Мүсекеңнің бүкіл еңбек жолы осы күнгі Тұрмағамбет ауылымен тікелей байланысты болды. 1952 жылы бұрынғы Ленин кеңшарына «материалдық бухгалтер» штатымен жұмысқа қабылданып, 1963 жылы аға бухгалтердің орынбасары болды. Оның іскерлігін, ұйымдастыру қабілетінің жоғары, есепке жүйріктігін бағалаған кеңшар басшылығы 1968 жылы кеңшардың мал шаруашылығын көтеру үшін ферма меңгерушісі етіп жібереді. Осы саланы жоғары деңгейде көтеріп, есеп–қисап жұмыстарын жолға қойғаннан кейін өз мамандығы бойынша көмекші бухгалтер болып ауысады.

Жаңа заманның талаптарын игеру мақсатында 1974 жылы Алматы бухалтерлік мектебінде білімін жетілдірді. 1977 жылдан зейнеткерлік демалысына шыққан. 1988 жылға дейін шаруашылықта бас бухгалтердің орынбасары, аға бухгалтерлік қызметті абыроймен атқарып, есеп саласының білгір маманы екендігін көрсетті.

Еңбек еткен уақытындағы жемісті еңбектері елеусіз қалмай 1976 жылы «Еңбек үздігі» белгісімен, «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50, 60 жылдығы» мерекелік медальдарымен, 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Мүсекең зейнет демалысына шыққаннан кейін де шаруашылықтың есеп–қисабын жүргізуде, әсіресе мемлекеттік мүлік тарап, жекешелендірудің қиын кезінде халық мүлкінің талан–таражға ұшырамауы үшін жастарға лайықты ақылшы ұстаз болды.

Сол кездегі құрылған серіктестіктің жарғысына сәйкес серіктестіктің тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланып, есеп жұмысының дұрыс жүргізілуіне үнемі бақылау жасап отырды.

Мүсілім аға үлкенге лайықты іні, кішіге қамқор аға болды. Кез келген мәселені ешкімнің беделіне, жасына қарамай тіке айтатын, әділ кісі еді. Бірақ, ашуы тез қайтатын. Жүрген жерінде көңілді отыруды, әзіл – қалжыңды жақсы көретін. Тексеру комиссиясы төрағасы кезінде аудан басшылары мен мекеме басшылары қатысқан үлкен жиналыста Мүсекең серіктестікте есептің түрлі сылтаулармен уақытылы талдау жасалынбайтындығына, мал шаруашылығындағы жұмыстың кемшіліктеріне талдау жасай келе, «...бас бухгалтер есепті мерзімінде талдау жасауға жауапты адамдар уақытылы есеп бермейді деп сылтау айтады. Заман ақпарат заманы емес пе? Ел космоста ұшып жүрген Талғатпен күнде хабарласып отыр, ал біздің бухгалтерлер қасындағылардан уақытылы есеп ала алмайды. Малға берген жеміне қарасаң жарылып өлетін сияқты, ал қосымша салмақ алу оған лайықты емес» деп әзілдей отырып, ащы шындықтың бетін ашып, шаруашылық басшыларын қызартқаны есімде қалыпты.

Мүсілім аға ағайын–туысқа бауырмал кісі еді. Ол кісінің өз әкесімен немере Қадір деген кісінің жетім қалған екі қызы Кеніш пен Нәзенді жастайынан бауырына салып өсіріп, оқытып, арнаулы білім алып беріп, өз қолынан ұзатқаны көз алдымызда.

1956 жылы Кенжалина Рахимамен жанұя құрып, 7 бала тәрбиелеп, өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, 2010 жылдың 17 ақпанында қайтыс болды.

Ел басқарған ер еді

Рүстем Ахметов артында өнегелі іс, адал еңбек етудің үлгісін көрсетіп кеткен ғажайып жан еді. Ал оның барлығы адамның парасаты мен ақылына, білім білігіне, қажыр қайратына байланысты екені белгілі. Рүстекең бойына әлгідей қасиеттердің барлығын жинақтаған, жақсы ортада жайсаң жандардан тәлім алған, күнделікті өмірде иман жүзді, инабатты жан болды. Асықпай–аптықпай шаруасын тындырып жүретін, түрлі басшылық қызмет атқарған кездерде асып тасқанын ешбір жан көрмепті.

«Ар–намыс деген ердің туы». Рүстекең арлы, намысты жігіт еді. Бұл қасиет арғы бабасы текті Текей бабадан тараған болар. Рүстекең өзінің азаматтық, барлық саналы ғұмырын «Жаңақала» кеңшарының (қазіргі Т. Көмекбаев ауылы) өркендеп өсуіне, көркеюіне, мәдениетінің алға басуына арнады. Осы кеңшарда еңбек еткен отыз жылдың 15 жылынан астам уақытында сол кеңшардың директоры қызметін атқарды. Рүстекең тұсында Жаңақала кеңшары қалай өсіп-өркендегенін, түйе, жылқы, қой басының төл есебінен көбейгенін, ел тұрмысының жақсарғанын, шаруашылық үшін айрықша еңбек еткенін қазіргі көзі көргендер айтып жүреді.

Рүстекең туған жерден қасиет тапқан азамат. Кеңес дәуірінің партиялық талабы–халықтың талабымен, сенімімен үндес болатын, ол мемлекет мүлкін талан–таражға салмау, көздің қарашығындай сақтау. Рүстекең осы талаппен көріне білді. Таң болып атып, күн болып батып, бейнет дәмін татып, еңбекқор атанып, елдің ырзық–несібесін молайтты. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, ел құрметіне бөленді.

Жыр нөсерін селдеткен Машарап аға, сол кісі не айтар деп құлағын түре жүретін Сәт, Иманшадай елдің абыз қариялары да, тұла бойы тұнған өсиет, сырт келбеті де сұлу, мінезі де, үні де жұмсақ, ізгіліктің, біліктіліктің иісі аңқып тұрған Жүсіпұлы Қасым аға дастархан мәдениеті, қонақ күту, шығарып салу салт–дәстүрін жаңғыртуы, ойын–тойда дарақылыққа, даңғазалыққа жол бермеу, ішкіліктен бойын аулақ ұстау, толып жатқан адамды аздырмайтын, тоздырмайтын бағыттағы шаралар ойластырып елді ел қылған, елдің еңсесін көтерген, өзі де көтерілген Қуаңбаев Қаратай аға да осы ауылда болды.

Рүстем Ахметұлы облысқа танымал өндіріс ұйымдастырушысы, басшысы болуымен қатар, қазақ халқының ұлттық салт–дәстүрін, рухани қазыналарын ел арасында насихаттауға елеулі үлес қосқан абыз ақсақалдардың бірі. Қазақ халқының бата беру дәстүрін дамытып, өсиет өлеңдер мен төрттағандар ғибратты бата сөздерін қара өлең ұйқасымен жазып, ұрпаққа мұра болатындай көптеген қолжазбаларын қалдырды. «Ақбата» деген баталар жинағы шығарылып, біраз баталары осы кітапқа енді. Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен батагөй ақсақалдардың жарысына қатысып, жүлде алды.

Рүстем Ахметов (көке дейтінмін жалпы бұл кісінің інілері, туыс, балалары, жекжаттары көке дейтін, аса сыйлап, жақсы көретін) бейнеттің зейнетін көріп, Сара апаның сый құрметінен қанаттанып, балалары Дархан, Рүстем, Айнұр, Самалдың есейіп, ержеткенін көрген сайын дариядай тасып, інілері Дастан, Каһарман, Жетпісбайдың інілік құрметтерріне бөленіп, немерелерінің ләззатына сусындап, бұл фәниде өзін бақытты сезініп, өмір сүріп өткен кісі еді.

Қазбек Қожамжаров.

Мәдіров Зада қажы

Әрбір мұсылманның бес парызының бірі–Мекке–Мәдинаға мінәжат ету. Әрине мұсылман баласының бәрі бірдей бұл парызды орындауы міндетті емес, оған жағдайы келетін, яки болмаса Әулетінің атынан бір кісі барып мінәжат еткен адам барша әулетінің парызын өтейді деп есептелген. Тұрмағамбет ауылында бүгінгі күнде қажылық міндетін орындағын екі кісі бар. Олар Алдашбай ахунның немересі, ауыл имамы Мінуар Алдашбаев, екінші кісі Мәдіров Зада ақсақал.

Мәдіров Зада 1934 жылдың 8 қыркүйегінде осы күнгі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Әкесі Мәдір Дайрабаев алғашқы ұжымшарлар кезінде майда Ленин ұжымшарының төрағасы болып жүріп асыра сілтеу кезінде 1938 жылы «халық жауы» деп ұсталып, Сібір жерінде қаза болған. Зада Мәдіров ауылдағы жоғарғы білім алған алғашқы педагогтардың бірі. Қызылорда педагогикалық институтының «қазақ тілі әдебиеті және тарих» факультетін бітіріп, №111, №29 мектептерде, №113 «Қаракөл» мектебінде мамандығы бойынша сабақ берді. Кейін Қарағанды қаласындағы байланыс техникумын бітіріп, ауыл орталығындағы байланыс бөлімінің меңгерушісі болып істеп, ауылға алғашқы телефон жүйесін құруға бастамашы болды. Одан кейін Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын «зоотехник» мамандығы бойынша бітіріп, 1998 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанша мал шаруашылығы саласында, атап айтқанда мемлекеттік дайындау мекемесінде, мал бордақылау алаңында, кейін Ленин кеңшарында мал фермасында еңбек етті.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Зада ақсақал ауылдың қоғамдық жұмыстарынан қол үзбей, ақсақалдар алқасы мүшесі ретінде ауылдың экономикасы, әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді. Өзінің сауаттылығы, тәжірибесі негізінде ел басшылары қатысқан келелі жиындарда ауылдың күрделі мәселелеріне ашық пікір айтып, ой қозғап жүрген ауыл ақсақалы.

Жас ұрпақ тәрбиесіне үнемі көңіл бөліп, өзі оқыған, жұмыс істеген мектебінің оқушыларымен, ұжым мүшелерімен жиі байланыста болып отырады.

Зада Мәдіров соңғы уақытта имандылыққа бет бұрып, 2007 жылы Мекке–Мәдинаға өз қаржысымен барып, қажылық парызын өтеп, №308 «Үлкен қажы» дипломын алып, №6 «Қазақстан қажылары» кітабына есімі енді.

Жұмыс істеген кездегі еңбектері үшін «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысының 25 жылдығы» медалімен марапатталды.

Жолдасы марқұм Рысбаева Бибігүл ауылдың ауруханасының негізін қалап, осы ауруханада 45 жыл бойы дәрігерлік қызмет атқарып, ауыл халқының құрметіне бөленген дәрігер болды. Зада ақсақал 9 бала, 32 немере, 14 шөберені тәрбиелеп, өсірген ауылдың құрметті ақсақалдарының бірі.

Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері мен «Алтын», «Күміс» алқалы аналар

Барша Кенестер Одағы сияқты біздің қасиеті Қармақшы, оныың ішінде Тұрмағамбет ауылының халқына да Отан соғысы өзінің ауыр ізін салып, ашаршылық, репрессиядан кейінгі бауырларымызды жалмаған зұлмат болды.

Қожахметұлы Асқардың:

«Қош болып тұр Қазақстан аймағым,

Ойлай берсем еске түседі қайдағым.

Елім менен туған жерге оралсам,

Бітер еді мақсатым мен арманым»,-десе,

Нұрмағанбеттің:

Хабарын анық білмей ер мен елдің,

Су татиды ішкен тамақ жеген наным.

Сайраңдап сау–саламат жүрміз әзір,

Кім білсін келешектің кеңі, тарын.

Аз жүрдік, көп жүрдік деп айтпас едік,

Аралап барсақ егер жердің шарын,-деп майданнан сәлем жолдаған кезеңі еді.

Ленин кеңшарына біріккен бұрынғы бес колхоздан Ұлы Отан соғысы басталғанда 300-ден астам азамат майданға аттанып, одан 200-ге тарта жерлесіміз Отан үшін туған жеріне орала алмай, он екіде бір гүлі ашылмаған қыршындар келешек ұрпақтар үшін, Отан үшін жанын қиып майдан жерінде қаза тапты. Ұрпақсыз кетіп, 200-ден астам отбасының оты өшті. Бүгінгі күні біздер Отан үшін, болашақ үшін етігімен қан кешкен азаматтарды құрметтеу, сыйлау, жағдай жасау адамгершіліктің баға жетпес түрі деп есептейміз.

Соғыс кезіндегі ерен ерлігі үшін жерлестеріміз Тәйімбет Көмекбаев Совет Одағының батыры атағын алса, Құланбаев Әнтай, Рахатов Зайыр «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Тұрмағамбет ауылы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысып, туған елге аман-сау оралып, қайтыс болғандар:

1. Ақназаров Сарыбала

2. Әдіханов Қыдырбек

3. Құланбаев Әнтай

4. Қыпшақбаев Мырзақұл

5. Ембергенов Қалжан

6. Қасымов Әбжан

7. Әбішов Ильяс

8. Байжанов Қылышбек

9. Назаров Аңсақбай

10. Шаманов Ерсейіт

11. Алдамұратов Жұмаділ

12. Аймырзаев Қазтай

13. Біленов Баймұрат

14. Календаров Әбдімәлік

15. Мұратов Әбдіхалық

16. Ідірісов Қамбар

17. Өндібаев Қазыбай

18. Қожағұлов Әбіраш

19. Әлиев Нұрғали

20. Рахатов Қаппар

21. Қожағұлов Есіркеп

22. Іздібаев Шәрибек

23. Бегалиев Әбдімәлік

24. Шаймаханов Мәйтен

25. Ерназаров Зауыт

26. Мұрынбаев Ақтан

27. Бисенбаев Берман жырау

28. Тоқанов Мырзабек

29. Мұхтаров Төребек

30. Түрекешов Қарғабай

31. Сермаханов Мектеп

32. Жабағиев Камала

33. Қарақасов Әбдіхалық

34. Ерекешұлы Мұхамбет

35. Рахатов Зайыр

36. Құтышов Әбжан

37. Бохаев Күшікбай

38. Шоқпаров Қалтай

39. Шәдиев Бодық

40. Бектасов Ахмет

41. Досымов Ыбырай

42. Отаров Сайлыбай

43. Ермаханов Есет

44. Ақшолақов Әзірбек

45. Пазлиев Ақылбек

46. Өтегенов Мырзабай

Ауылдан Әбдірауық Тұрмағамбетов, Бисенбаев Берман, Қабақ Жұбаев, Айтжан Назаров, Ібәш Қалыбаев тағы басқа 70-тен астам азамат соғыс жылдарында еңбек колониясында болған еді.

Кеңшар шаруашылығы БКП (б) Орталық Комитетінің 1941 жылғы тамыздағы қаулысына сай соғыс мүддесіне майдан қажетін үздіксіз өтеуге зор маңыз беріп, майданды азық–түлікпен қамтамасыз етуге бар күш– жігерін жұмсады.

Ер азаматтардың майданға кетуіне байланысты елдің барлық жауапкершілі еңкейген кәрі, еңбектеген бала, жесір әйелдердің мойынына түсті. Олар кеңшарды, ферманы, ауылдық кеңесті, бригаданы басқарды.

Кеңшар еңбеккерлері, жеке қожалықтар өздерінің күші келгенше табыстары мен қаржыларынан Отан қорғау қорына қаржы жинады. Киім– кешек, азық–түлік жөнелтті.

Атап айтсақ, осы қорға Баймұратов Несіпбай 50 мың сом, Жұбаева Дәме 100 мың сом, Тәуіпбаев Нұрпейіс 100 мың сом, Жүсіпова Злиха 100 мың сом, 1 200 келі бидай, Бисенбаев Берман 65 мың сом, Сартов Шынжырбай 10 мың сом, Жұбаев Тілеу 10 мың сом ақша мен 60 пұт астық берген болатын.

Ұлы Отан соғысының отты күндеріндегі тылдағы еңбек адамдарының жағдайын жеткізе айту оңай емес. Аса қиын жағдайда адамдар бір– бірімен тату, бір нанды бөліп жеп, бірлікпен мемлекеттің қандай тапсырмасы болса да, оны орындауға барлық күші мен жігерін жұмсады.

Техниканың жетімсіздігін елемей жерді кетпенмен, жер ағашпен жер өңдеп, астық өндіріп, оны өгіз арбамен аудан орталығына өткізді. Мал шаруашылығында шөп дайындау, қора соғу, құдық қазу т.б жұмыстарды қарнының аштығына, киімінің жоқтығына, жаздың ыстығы мен қыстың суығына қарамай қайсарлықпен атқарып, барлық күш жеңіс күнін жақындатуға жұмсалды. Ал, өздері еңбекақы алмастан масақ теріп, малдың сүтін сатып күн көрді.

Үкіметіміз тыл еңбеккерлерінің Отанымызға неміс басқыншыларынан қорғап қалу үшін қиындыққа шыдап, төзімділіктен аянбай істеген қажырлы еңбегін жоғары бағалады.

Осы кездердегі ерен еңбектері үшін ұжымшар мүшелері Қожағұлова Дәмелі, Мәмбетова Хадиша, Өтегенов Сарыбала, Өндібаева Аппаз, Тілепов Қоңырша, Таңатарова Алуа, Үрмаханова Баяу, Шағанбаева Шолпан, Ерназарова Жамал, Байсүгірова Мақсума, Ахметова Қази, Дәуімшарова Айдана, Иманбаев Әшірбек, Керуенбаева Сыпайы, Қызылбаева Илаш, Бектасова Алмагүл, Маханбетова Майтан, Қанағатова Күләнда, Бегалиев Төлеп тағы басқа да көптеген адамдарға Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталып, Отан соғысына қатысушыларға теңестірілді.

Соғыс пен тылдағы еңбекті таразыға салса екі жағы да тең болар еді. Өйткені, екі жақта да ел азаматтарының өмірлері сынға түсіп жатты. Кейінгі ұрпақ үшін олардың өмір жолдары өмірлік сабақ болары сөзсіз.

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер

1. Қанағатова К

2. Маханбетва М

3. Бегалиева Ш

Әскер жесірлері

1. Әбішова Ү

2. Іздібаева Ү

3. Жәлиева Ш

Тыл ардагерлері

1. Бленова Х

2. Мысабекова Ж

3. Жәкеева З

4. Жарылқасынов Ж

5. Мәдіров З

6. Мыңжанова Ж

7. Қожабайұлы Б

8. Ұзақбаев М

9. Ерекеева О

10. Жұмабекова С

11. Тоқсанбаев Ж

12. Жеңсікбаева Ш

13. Жолдасбаева Б

14. Талхиева С

Интернациолист – жауынгерлер

1. Пірмантаев Нұраддин

2. Зәріпов Болат

3. Сарыөзенов Айтмағамбет

Алтын алқалы аналар

1. Жұмабекова Сәлима

2. Ақназарова Тұрсынкүл

3. Әзірбекова Жанай

4. Бисенова Ізімкүл

5. Талқиева Сақып

6. Қауысбаева Сырға

7. Оралбаева Нәзи

8. Еспаева Райхан

9. Берманова Раунақ

10. Мәжитова Бақыткүл

11. Кішкентаева Алмагүл

12. Жолдасбаева Бағдагүл

13. Молдахметова Ербосын

14. Алдамұратова Дүриякүл

15. Төребаева Бапатай

16. Әлжанова Рая

17. Иманзадаева Қалима

18. Әбентаева Ұлбосын

19. Дәулетбаева Рысты

20. Дәрімбетова Бибіайша

21. Дүрманова Гүлғази

22. Қанағатова Күләндам

23. Молдабаева Ханым

24. Жәрмедетова Қарлығаш

25. Досболатова Пәуен

26. Дирбисова Гүлхан

27. Әбішова Үміткүл

28. Қошантаева Ақайша

29. Кәрібаева Әсима

30. Піржанова Құралай

31. Әбішбаева Жайшылық

32. Оспанова Мақпал

33. Рахметова Айгүл

34. Базарова Ақжарқын

35. Қалиева Оңайкүл

36. Әбдіқадірова Күлнар

37.Самаева Күлпан

Күміс алқалы аналар

1. Құттыбаева Болған

2. Мұхаева Талжан

3. Қартаңбаева Күлпаштай

4. Наурызбаева Жұлдызай

5. Жүсіпова Күләнда

6. Дәуренбекова Сәуле

7. Тәженова Қалдыгүл

8. Байжанова Базаркүл

9. Бектасова Шырынкүл

10. Ыбашева Бибізада

11. Сыдықова Соня

12. Нұрмаханова Алмагүл

13. Мұсабаева Сапаркүл

14. Кірқабақова Тұрсынкүл

15. Ертаева Сартай

16. Байнаева Мәриямкүл

17. Әбсадықова Роза

18. Көзбергенова Сәуле

19. Жәлиева Шахар

20. Жүсіпбекова Балымкүл

21. Бүркітбаева Дәрікүл

22. Әлібекова Ұлыш

23. Аязбекова Қаншайым

24. Арыстанова Тиішкүл

25. Досанова Роза

26. Жолшараева Шарипа

27. Жарылқапова Күнімай

28. Райымбаева Бердігүл

29. Сейділдаева Айымторы

30. Қойшығараева Дәрікүл

31. Өндібаева Үрліхан

32. Құлназарова Құндызай

33. Әлібаева Балшекер

34. Тәженова Күләнда

35. Прназарова Айнакүл

36. Мұхасова Жаңагүл

37. Қарақасова Мағиза

38. Жеңсікбаева Шарипа

39. Ділмамбетова Злиха

40. Әбуова Күләйша

41. Айдақұлова Айынзал

42. Дәуренбекова Биғанша

43. Сыдықова Құралай

44. Байкеева Элвера

45. Пірімбетова Күләнда

46. Қиясова Бақыт

47. Кенебаева Балташ

Батыр Аналар

Байғұлиева Қойқын Мұқатайқызы

Өзінің тегі Кете, Құлыс аталығының Дуаны. Ақкөбек, Байғұлы келіні. Арғы аталарынан бері шынжыр балақ, ел ауызында жүрген, арқалы азамат Байғұлының баласы Әмзебекпен отау құрған Қойқын осы отбасы мен ағайынның татулығы мен бірлігін сақтауға үлгі көрсете білді.

Жары Әмзебектен жастай жесір қалған ол отбасы мен балаларының тәрбиесімен, үй тіршілігін қоса шаруашылықтың түрлі салаларында еңбек етіп, үнемі озаттар көшін бастап жүрді.

Ел алдындағы ерен еңбегі үшін Қойқын ана «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Еңбек ардагері» медалімен, Қазақстан Республикасының «Озат құрлысшысы» атағымен марапатталса, 10-рет шақырылған ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды.

Он бала тәрбиелеп өсіріп, «Батыр Ана» медалімен марапатталды.

Қойқын Мұхатайқызы ағайынға сыйлы, еңбекте озат, көпшіліктің арасында әділдігімен, еңбеккерлігімен абыройға бөленген жан болды.

Байғұлиева Айжан Бауыржанқызы,

Немересі.

Соғыс және еңбек ардагері Іздібаев Шәрибек

Іздібев Шәрибек 1910 жылы дүниеге келген. 1918 жылдан бастап мешітте діни білім Мұқтасар Быданнан сабақ алып, оқып сауаттанған. 1927 жылы он жылдық мектепті бітіріп, оқуды аяқтайды. 1928 жылы колхоздану науқанына белсене араласып, ауылдық кеңес хатшысы болды.

1929 жылы 1300 үйден құралған колхоз орталығы 12 секцияға бөлініп, соның бір секциясын басқарады. 1930 жылы колхоз шаруашылығы тағы да нашарланып, 12 шағын колхоздарға бөлінеді. Сосын «Шеңгелді» атты колхозында хатшы болады. 1936 жылы «Шеңгелді» колхозы Ақжар колхозы болып бірікті, оның бастығы болып Ерекешов Тілеу, Шәрибек әке есепші болып бекітіледі. 1937 жылы зобалаңда Ерекешов Тілеу «Халық жауы» болып жала жабылды. Ақжар колхозын Шәрибек әке басқарады. 1938 жылы колхоз мол астық алады, сол еңбегіне орай Шәрибек әке Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне (ВДНХ) қатысады. 1942 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Бронмен қалдырылған Шәрибек әке өзі сұранып, 15 маусым күні соғысқа аттанады. Сонан кейін Тоцкий қаласындағы әскери лагерінде дайындықтан өтеді. Шәрибек әке Бугурслан қаласында жасақталып жатқан № 381 дивизияға қосылып, Сталинград майданына аттанады. Майданда жүріп жараланған ардагер әкеміз Қандағаш госпиталында емделіп шығады.

1943 жылы Воронеж облысы, Мецкий деген станциядан түсіп, Харьков қаласы арқылы Полтава облысына жақындағанда біздің армиямен шегініп, көне Белградқа келді. Ол жерде жерлесі Жанаев Нұрмағанбетке кездеседі. Белград қаласын қорғау үшін болған қанды ұрыста әскер құрамында немістер шабуылына төтеп беріп оларды шегіндіріп қуады. 6 маусым күні Белградты немістерден босатып, Петихатк мен Кривой Рог қалаларына жетеді. 1944 жылы қызыл армияны толықтыру үшін алға жіберіледі.

1944 жылдың тамыз айында 11 майдан құрылып, Кишенев-Яссы бағытымен шабуылға шығады. Қалалар мен көптеген селоларды жаудан босатып, Румыния астанасы Бухарестке 25 километр қалғанда Шәрибек әке үш жерінен ауыр жараланып, әр госпиталда жеті ай емделіп шығады. Соңғы емделген жері Ставраполь өлкесінің Железноводск қаласы. Ол 1945 жылы сегізінші наурызда елге аман есен оралады. Ауылға оралған соң ол 1945 жылы 11наурызда Қызыл әскер колхозына төраға етіп жіберіледі. Бір жылдан соң 1946 жылы Ленин колхозына (қазіргі Тұрмағамбет ауылына) тораға болады. 1960 жылы заготскотта, ауыл шаруашылығының әр саласында 1989 жылға дейін қызмет істейді.

Ардагер, асыл әке 1999 жылы дүниеден өтті.

Ұлы Отан соғысының бел ортасынан аман оралған Шәрибек әке жанұясында 3 бала, 12 немере, 5 шөбере бар.

Гвардияшы десантшы

Әке–шешеден жастай айырылып, нағашыларының қолында тәлім–тәрбие алған Байжанұлы Қылышбек өз қатарлары сияқты 20 жасқа толған шағында 1940 жылдың 5 қазаны күні Отан

алдындағы әскери борышын өтеуге аттанады. Ол әскери міндетін өтеп жүрген кезінде әлемнің көптеген еліне азулы тісін батырған неміс фашистері бейбіт өмір кешіп жатқан Кеңестер Одағына да суық қылышын сермей енеді. «Бұл соғыс кімді жылатпады, кімге қайғы әкелмеді. Бесікте жылап сәби, баласынан қара қағаз алып ана, жас жар қалды емес пе? Әсіресе, сұм соғыс ортасында жүргенде орыс еліндегі отқа оранған елді мекендер, жазықсыз құрбан болған бейбіт ел тұрғындары, оның ішінде сәбилер мен жастардың, қарттардың өліктерін көргенде жаныңды қоярға жер таппайсың. Әттең, қолдан келер шара болар ма дегендей бармақ шайнайсың»-деп күрсіне дем алатын еді, соның бәрін өз көзімен көрген марқұм Қылышбек ақсақал.

Жауынгер Қылышбек Байжанов Ұлы Отан соғысы басталғанда өзі қызмет етіп жүрген бөліммен бірге алғаш рет жаумен Воронеж майданында кездесіп, кескілескен қанды ұрысқа қатысады. Еліміздің жүрегі Мәскеу қаласын алуға ұмтылған жауға ол өзінің бөлімімен Уменск қаласы маңында тойтарыс беріп, ерліктері үшін бөлім басшыларынан алғыс алады.

Міне, осындай ұрыс даласындағы шайқастардың бірінде, яғни 1942 жылы Ростов облысының Каменск қаласының маңында жаумен өткен қиян-кескі ұрыста ол жараланып, дала госпиталінде емделіп шыққаннан соң бөлімге, қаруластары қатарына қайта оралды. 1943 жылы 19 қаңтар күні Украина жеріндегі Донбасс қаласын неміс фашистерінен тазарту үшін болған кезекті шабуыл кезінде Қылышбек ата екінші мәрте жараланып, алдымен Каменск қаласындағы гопитальге, содан соң Горький қаласындағы әскери госпитальде ем алып, майдан шебіне қайта оралады.

Госпитальден шыққан соң №218 гвардиялық әуе десанты бригадасының құрамында жаумен ерлікпен шайқаса жүріп, еліміздің көптеген қалаларын жау қолынан босатады. 1944 жылы 16 маусымда Балтық жағалауы майданында жаумен неше күн, неше түн бетпе-бет өткізген шайқаста Қылышбек ата үшінші мәрте, бұл ретте ауыр жараланып, қаруластар көмегімен майдан даласынан аман алып шығарылады да әскери госпитальге жіберіледі. Госпитальде үш айға жуық емделеді. Содан кейін, әскери комиссияның шешімімен ол соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады.

Сөйтіп, төрт жыл бойы туған елден жырақ жерде жүріп, Отанды жаудан қорғауға қатысқан Байжанұлы Қылышбек 1944 жылдың 17 қазаны күні ағайын–туыспен қайта қауышады. Ұлы Жеңісті елде қарсы алады.

Қылышбек ата елге оралғасын «Сталин» каналын қазуға қатысады. 1946 жылы отбасын құрып, өзі туып–өскен ауылында ұжым шаруашылығын көтеруде белсенді еңбек етеді. 1951–1952 жылдары аралығында Қызылорда қаласындағы су плотинасын салуға қатысса, 1952–1963 жылдары Жалағаш ауданында шаруашылық меңгерушісі болып жемісті еңбек ете жүріп, көптеген марапаттарға ие болады. 1963 жылдан 1983 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Тұрмағамбет ауылындағы аэродром бастығы болып қызмет етеді.

Қылышбек ақсақал өзінің елу жылға жуық отасқан жары, Батыр ана, бүгінде марқұм Ақшабақ анамызбен бірге 3 ұл, 7 қыз өсіріп, олардан тараған 30 немере және 20 шөбересінің алақандарынан су ішіп барып, марқұм болған, бақытты да ардақты ата. Омырауында екінші жәрежелі «»Отан соғысы орденімен қоса «Соғыс ардагері», «Еңбек ардагері» және «Ұлы Отан соғысындағы (1941–1945ж) Жеңіске 25, 30, 40, 50, 55, 60 жыл» және «КСРО-ның Қарулы Күштеріне 50, 60, 70 жыл» медальдарымен және де бейбіт күндердегі жемісті еңбектері үшін алған марапаттары ардагердің ел экономикасына сіңірген еңбегінің айғағы.

Қылышбек ақсақал 2010 жылы өмірден озды.

Ауыр күндер елесі

Әкем Өтегенов Мырзабай 1901 жылы Қырға көшіп бара жатқанда Мырзабай мешітінің жанына қонған күні дүниеге келіп, атын Мырзабай қойыпты. Әкем екі ағайынды кісі еді.

Жылқыбай көкем Ұжымшарда төраға болатын. Ол кісі броньмен әскерге алынбай әскерлерге тамақ, киім дайындауға өз үлесін қосты. Менің әкем Мырзабай 1942 жылы қараша айында әскерге шақырылды. Содан Аякөз қаласына апарып, қысқа мерзімде дайындықтан өткен соң артиллерист мамандығы бойынша батысқа соғысқа жіберілген. Әкем елде жүргенде аңшы, егіс бригадирі болып жұмыс атқарған. Көкпары тартып, күреске түсетін қарулы кісі еді. Әскерде зеңбіректің снайпері болып, берілген нысанаға дәл көздеп тигізеді екен. Сондықтан аса жауапты нү.ктені атуға әкемді таңдап алып отырған.Әкем айтады: «бір күні түнде мені штабқа шақырып (жалғыз өзімді) жау жақтан бір дыбыс шығып тұр шамасы мынадай қашықтық» - депті. Әкем айтқан нөмірді белгілеп, екі дүркін атады. Таңертең бөлімше солдаттарын сапқа тұрғызып, «Өтегенов, екі қадам алға» десе. әкем қорқып кеттім дейді. Сөйтсем, түнде мен нысанаға дәл түсірген екенмін. Оны барлаушылар анықтап келіпті. Маған «алғыс жариялады» дейді. Екінші бір ерлігі орман ішінде күш жинап, тынығып жатырған кезде өзеннен су әкелу керек болды. Өзенге барып, ыдысты суға батыра беріп едім, біреу бас салады. Әкем қарулы кісі, оны алып ұрып, байлап бөлімшеге алып келіпті. Сөйтсе жаудың тыңшысы екен. Тексеру барысында анықталып, әкемді жоғарғы наградаға ұсынады. Бірақ, ол награда әкеме тимепті.

Әкем Берлинге дейін барып, Совет Одағының Германияны жеңуіне өз үлесін қосқан кісі. Бір рет жараланған. Германияны жеңгеннен кейін әкемдердің бөлімін Жапонияға жіберген. Біздің Қармақшының үстінен өткен соң әкеме 10 күн демалыс беріп, артынан келуге тапсырған. Бұл 1945 жылдың маусым айы еді. Әкем Жапонияға барып, түске дейін соғысқа қатысып, түстен кейін келісім болып, соғыс біткен.

Сөйтіп, 1946 жылы қыркүйек айында әкем елге келіп, бейбіт еңбекке араласты. 1959 жылы 14 маусымда 59 жасында дүние салды. Бірнеше медаль, наградалары болды. Мен әкемнің жеңіс үшін еңбек еткенін айтып отырмын. Бұған дейін әкем туралы ешқандай деректер айтылмауы себепті 67 жылдық мерекеде бұл кісілердің еңбегі ескеріліп, әруағы риза болсын деп ойлаймын.

1949 жылы туған інім Мырзабаев Сұлтанбек балалы-шағалы, біз Тұрмағамбет ауылының тұрғындарымыз. Інім сонда тұрады. Жылқыбай көкем мен өз әкем айтқан ауыр күндер елесі қай кезде де көңілді қобалжытып өтетін еді.

Әлипа Арапова,

ардагер ұстаз.

Соғыс және еңбек ардагері Мұрынбаев Ақтан

Ұрпаққа үлгі болатындай өнегелі өмір жасы бар, ел тарихына өз еңбегімен елеулі үлес қосқан азамат ағаларымыздың бірі Мұрынбаев Ақтан. Мұрынбаев Ақтан 1926 жылы Ленин атындағы колхозда дүниеге келген. Ауылдық мектепте оқып 6 сыныптық білім алған. 1941 жылдан бастап еңбекке араласқан. Колхозда өгіз арба айдап, Қурайлы, Наурызбай каналдарын қазу жұмыстарына қатысты. 1944 жылы қараша айында соғысқа аттанып, Саратов қаласындағы әскери жүкті тасымалдаушы ерекше батальонға барып түскен. Сол батальон құрамымен майдан шебіндегі жауынгерлерге азық–түлік, жылы киім, қару–жарақ тасып жеткізіп тұрған. 1948 жылы әскер қатарында жүріп, жүргізушілік мамандық алған, бүлінген қалаларды қалыпқа келтіру қызметінде 1950 жылға дейін жүріп, елге оралған. 1950 жылдан бастап елде жүргізуші болып жұмысын жалғастырған. 1950–1954 жылдары аудандық атқару комитетінде жүргізуші, 1957 жылдан бастап совхоз құрылғанда ауылға көшіп келіп, жүргізуші, механик мамандығы бойынша жұмыстар атқарып, 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

«Ұлы Отан соғысы 1941–1945 жыл», «Германияны жеңгені үшін», «Жеңіске 30 жыл», «Жеңіске 40 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

Мұрынбаев Ақтан ақсақал қай жұмысты атқарса да өте ыждағатты, сыпайы, сырбаз жан еді.

Сонымен бірге, Ақтан ағамыздың ағаштан түйін түйетін ұсташылық қасиеті де бар болатын. Домбыра, киіз үйдің кереге–уығы, оюлап ер тоқым т.б заттарды өз қолымен жасайтын. Жұбайы Омарова Нышан екеуі 5 бала тәрбиелеп, өсірген өнегелі отбасы еді. Қазіргі уақытта екеуі де бақилық болған. Шаңырағында баласы Мұрынбаев Айтмағамбет шаруашылықта ұзақ жылдар бойы механизатор–жаткист болып жұмыс жасады. Бірнеше рет аудан, 2007 жылы облыс чемпионы атанып, облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтарын иеленді.

Бегалиева Шұға

Бегалиева Шұға 1919 жылы Қазалы ауданы 2 ауыл Сарыторғай ауылы, Сталин колхозында дүниеге келген. 1934 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп шыққан соң колхозда еңбек етеді. Елге аудан басшылары келіп, Германиямен шарт жасастық, елде бейбіт өмір болады деп елге қуанышты хабар жеткізеді. Бірақ, екі жылға жетпей–ақ Германия тұтқиылдан шабуыл бастайды. 1941 жылы бұл кісі де әскери жұмыстары үшін Россия жеріне аттанады. 1942 жылы қыркүйекте Сталинградқа жіберіліп, санитария бөлімінде 6 ай оқиды. Курс аяқталған соң Шығыс майданынан Гурьевтегі госпиатлға жаралылар тасиды. 1943 жылы Сталинградқа қайта жіберіледі. Онда Украина жерінде Оргада қаласында госпитальде жаралыларға көмектеседі. Кейін дала госпиталінде жауған оқтың астында солдаттардың жараларын таңып, дәрігерлік көмек көрсетіп, сөніп бара жатқан жаралыларға жарық сәуле сыйлайды. Бірде өзі де ауыр жараланады. Емделіп шыққан соң майданға қайта жіберіледі.

1944 жылы бұзылған қалаларды қалпына келтіруге материал дайындалып жатқандарға келіп қосылады. Жеңісті 1945 жылы 8 мамыр күні Маршалскіде қарсы алған әже елге сол жылы тамыз айында елге оралады. Майдангер әже елге оралған соң да еңбек майданына араласып, еңбек ардагері атанған. Бұл күнде балаларының, немере–шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты әже.

Жолбарысқа қарсы шапқан ағайынды жаужүректер

Ертеректе ауыл маңы ну қамысты көл болған көрінеді. Осы нудың арасында жолбарыстар мекендеп, соңғы жолбарыс кешегі ХІХ ғасырдың 20 жылдарына дейін келген көрінеді.

Сол кездегі ауыл тұрғыны Төлес деген ақсақал қайратты, ірі кісі болып, кетпеншілікпен аты шығып, ерен еңбегі үшін Алматы қаласына халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, сыйлыққа алтын сағат, Москва қаласындағы ВДНХ көрмесіне қатысып, сыйлыққа самаурын алған кісі.Ол кісінің 18 жасында ауылдың малына жолбарыс тиісіп, оны соғып алуға Төлес ағасы 21 жастағы Байжан екеуі ауылдың бір топ кісілерімен қаруланып, жолбарыстың ізіне түседі. Төлестің қолында айбалта болған. Байжан қалың қамысқа кірген кезде жолбарыстың үстінен түсіп, ол қарсы атылып Байжанды ұстап қалады. Төлес барса ағасы Байжанды жолбарыс астына басып, талауға бейімделгенмен ол кісі де оның белінен қысып ұстап, бетіне жеткізбей жатыр екен.

Төлес айбалтасымен 7–8 рет ұрғанда жанкештілік болу керек, Байжанды өшігіп талай береді. Содан бабалар әруағына сыйынып, бар күшімен 2 – 3 рет ұрғанда жолбарыс Байжанды босатып, кейін шегінеді. Содан екеулеп жүріп әлгі жолбарысты ұрып алған екен. Кейін Байжан ағасы жағдайларға байланысты інісі Төлеске кейісе «Сені жолбарыстан бекер құтқарып алған екенмін» деп әзілдейтін көрінеді.

Бір жағы бауыры Байжанды құтқару болғанымен қауіпті, қайратты аң жолбарысқа қарсы ұмтылуы Төлестің жау жүрек батырлығы мен қайратын көрсететіндігі мен кейінгі ұрпақтарға туғаны үшін жанын беруге үлгі болатындығы сөзсіз.

Сол Байжаннан соғыс және еңбек ардагері Қылышбек Байжанов туса, Төлестен Ойнарбек туады.

Ойнарбек 1941 жылы осы ауылда дүниеге келіп, осы ауылағы орта мектепте оқып, 1975 жылға дейін жүргізуші, 1975 жылдан Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында жүргізуші, агробизнес техникумында жүргізуші, мастер, аумақтық инспекцияда қойма меңгерушісі болып еңбек еткен. Бұл күнде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ақсақал болып отыр.

Тыл ардагерi Қалия ана

Сыр өңіріне белгілі билер Бекет-Аманның жиені, Аман бидің Балкенже атты қызының баласы Қалия анамыз 1920 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген.

Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұстас келген Қалия анамыз ерте жасынан еңбекке араласты. Жазда ала-жаздай егін егіп, күзде масақ терсе, қыста мал бақты.Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек жүріп, Ұлы жеңістің жақындауына өзінің үлесін қосты. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң ауылға аман-есен оралған Баймұрат ағамен бас қосып, отау құрды. Екеуі де соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты.

Соғыс ардагері Баймұрат ата Ұлы Отан соғысы кезінде фашизмге қарсы соғыста көрсеткен ерліктері үшін “Ерлігі үшін” және басқа да медальдармен марапатталды.

Соғыстан соң бейбір өмірде өңіріміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан ардақты азамат.

Бүгінде 85 жасты алқымдаған тыл ардагері Қалия анамыз ауылдағы үлгілі, өнегелі отбасының отанасы.Жары Баймұрат екеуінің тәрбиелеп өсірген ұрпақтары Әнтай, Сансызбай, Жалғас, Арыстан мен қызы, анамыздың нағашысы Бекет бидің ұрпағы Сайлыбайдың келіні Ділдадан тараған немерелерінің аяулы әжесі, ауыл тұрғындарының ардақты да батагөй қариясы.