Этнографиялық және тарихи ескерткіштер, ғимараттар
Этнографиялық және тарихи ескерткіштер, ғимараттар
Петр Михаилович Кузнецовтың үйі - Орал қаласының 18 ғасырдағы казактардың тұрғын үйінің айқын көрінісі. Үй 1751 жылғы өрттен кейін, жаңадан тұрғызылып, ағашпен қапталған. Бұл үйде Кузнецовтың 1774 жылы 1 ақпанда “Петр III” –Емельян Пугачевпен некеге отырған оның 16 жасар қызы Устинья тұрған. Сондықтан бұл үйге шаруалар соғысының басшысы Емельян Пугачев бірнеше рет бас тіреп, дәм татқан. Жас казак қызының жұбайлық өмірі көпке созылмай, 1774 жылы сәуір айында Устинья тұтқындалып, өмірінің соңына дейін ол Кексгольм бекінісінде қамауда болады. 1968 жылы Кузнецовтар үйі қайта қалпына келтіру жөндеуден өтіп, қазір бұл жерде Е.И.Пугачев музейі орналасқан. Оның қабырғасында “бұл үйде 1773-1775 жж. шаруалар көтерілісінің басшысы Емельян Иванович Пугачев болған” деген жазуы бар сынтас орнатылды. Осы шаруалар көтерілісінен кейін II Екатерина жарлығымен Жайық қалашығы Орал қаласы, Жайық өзені - Орал өзені деп өзгертілді.