Ауыл тарихы

Павлодар қаласының оңтүстік батысында 120 шақырым жерде Майқайың кенті орналасқан.

Қойнауы кенге бай өлкенің ашылуы 1895 жылы барлаушы – геолог А.Краснопольскийдің есімімен байланысты. Қазіргі таңда Майқайың кентінің экономикалық, әлеуметтік дамуы қарқын алуда. Майқайың әкімшілігіне қарайтын маңайында Шөптікөл, Майкөбе, Сұлужон, Үшқұлын елді мекендері орналасқан.

Майқайыңнан алты шақырымдай, батыс жағында 60 жылдай тарихы бар «Үшқұлын» ауылы орналасқан.

Бастапқы бетте Үшқұлын теміржолшылар поселкесі ретінде іргетасы 50-ші жылдардың аяғы, 60-шы жылдардың басында қалана  бастады, бұған себеп болған кенге толы өлкенің өндірістік дамуына байланысты теміржолдың  қажеттілігі. Поселкенің алғашқы тұрғындары теміржолшылар мен жұмыскерлер,  Кеңес үкіметі кезінде теміржолшылар поселкесінде бір орыс мектебі, екі орыс балабақшасы, сонымен қатар клуб жұмыс істеп тұрған, онда кинофильмдер көрсетіліп, тұрғындардың демалу орны болған. Кітапхана, монша жұмыс жасады, ал сауда саттыққа келсек Үшқұлын дүкеніне Мәскеуден азық-түлік, киім-кешек теміржол арқылы әкелініп, сонан соң Баянауыл ауданының ауылдарына жеткізілетін, Павлодар – Үшқұлын жолаушы поезде жүріп тұрған.

Үйлерді, мемлекеттік мекемелерді жылумен «Керегетас» руднигі қамтып отырған. Қайта құру кезеңі кішкентай жұмыс поселкесінің өмірін күрт өзгертті. Екі балабақша, ауылдық клуб, дүкендер жабылып, кітапханамен мектеп жұмысын жалғастырған, кітапхананың сақталып  қалуының себебі, мектепте орналасқаны болар.

Қазіргі таңда «Үшқұлын ауылы» статусы беріліп,  екі қабатты 8 үй,  2 пәтерлік 5 үй бар, ауыл тұрғындарының саны – 322  адам.  

Ауыл тұрғындары бірігіп өз қаражатына елдімекенімізге стела қойды 2010 ж.

 

Тұрғындарымыздың арасында, еңбек жолы ауыл тарихымен бірге басталып зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагерлері де аз емес, әрине олардың өміржолының өзі  бір тарих беті.

Тәуелсіздік алғаннан соң орыс мектебі қазақшаға толығымен ауыстырылып, қазақша балабақша, ауылдық клуб ашылып жұмыстарын жалғастыруда. Ауыл тұрғындары Қазақстан темір жолында, «Керегетас» руднигінде, мектепте, ауылдық клубта еңбек етуде.

Екі жеке меншік дүкен тұрғындарды азық-түлікпен қамтиды, жылу жүйесіне келер болсақ отты әр пәтер өзі жағады,  ауыл тұрғындарының көбі мал  ұстап, өсіреді.

 

Жыл сайын 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні «Даңқ» алаңына гүлдер шоғын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза болған ерлер рухына тағзым етуді ауыл тұрғындары, тыл ардагерлері, мектеп оқушылары жалғастырып келеді.