Көшербай абыз 1797 жылы дүнйеге келіп 1892 жылы 95 жасында бақиға өзды. Бойында емшілік қасиеті мен қатар аса ерекше биоэнергетикалық күш-қуаты да болған. Жерленген жері Сәтбаев ауылдық округіндегі Тендік ауылынын солтүстік батысына қарай 123 шақырым жерде жерленген.
Орналасқан жері: Сәтбаев ауылдық округі, Тендік ауылының солтүстік батысына қарай 12 шақырым, Жыланды Керегетас қыстағы.
Қысқаша анықтама: Руы Қаржас, Алтынторы атасынан. Көшербай абыз 1787 жылы дүниеге келіп, 1892 жылы 95 жасында бақиға озды. Бойында емшілік қасиеті мен қатар аса ерекше биоэнергетикалық күш-қуаты да болған.
1787 жылы Жыланды Керегетасында дүниеге келген. Жас күнінде Бұхара қаласындағы Мір-Ғарап медіресесінде оқыған. Жын-пері оқуы Хасида ілімін меңгерген. Әулие адам. 1882 жылы Ақкелін болысы. Жыланды Керегетасында 95 жасында дүние салған. Көшербай абыз Бақсыбайұлы жөнінде ел аузында аңыз-әңгімелер көп кездеседі. Көкдомбақ деген жерде тұратын дәулетті Белгібай деген кісі бірде Көшербай абыздың кереметін сынамақшы болады. Жазғытұрым Ащы өзені тасып жатқанда, Көшербай абызға сізді бір қысырдың тайын сойып, батаңызды алып, қонақ қылмақ ойым бар еді деп айтса керек. Абыз Белгібайға «қазір өзеннің суы тасып жатыр, кішкене тоссаң етті, бұйырған дәм қайда қашар дейсің?», деп айтады. Белгібай бай жол жүретінін сылтау етіп, Көшербай абызға келуін өтінеді және өткелді өзім көрсетемін деп уәде береді. Уағдалы сәтте келген абызды биік жарқабақта тұрып, Белгібай, тақсыр мына жерден өтіңіз деп шақырса керек. Ол жер түйе бойынан асатын жарқабақ дейді. Көшербай абыз дұғаларын оқып, суға ат-матымен қойып кетіп, өзеннің ар жағынан бірақ шығады. Жағалауда тұрған халық таң қалған екен. Белгібай бай Көшербай абызға ат-шапан айыбын беріп, үйіне үш күн құдайынан қонақ қылып, кешірім сұраған екен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларында Белгібай бай Айдабол-Тайгелтір атасынан деп жазылады. Дәл осыған ұқсас аңыз-әпсаналар елде баршылық. Мысалы: Нескен Мәлікқызының дерегінде Белгібай байдың орнында Қаржас-Нияз атасынан Айдарбектің әкесі Әуез деп жазылады. Жалпы алғанда, жақсы адамдардың төңірегінде кімдер болмады дейсіз...
Мәлімет «Баянтау» газетінің 2006 жылғы 4 тамыздағы №32 санындағы мақала бойынша мұрағаттық №6 папканың 31-32 беттерінен алынды
Қ.И.Сәтбаев ауылының тұрғыны, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, білім саласының үздігі ардагер ұстаз Мәлікова Нескен апайдың әңгімесінен: «Көшербай абыздың басты қасиеті жынның тілін білетін, нәпсісін бағындырған, ауа райын болжайды, нәресте көтермегендерге көмектеседі екен. Көшекең дүние жимаған, дүниені жалған деп түсінген. Бір орында тұрмайтын, дүлей боранда да байыз таппай жүріп кететін қасиеттері көп болған. Мен өзім Бұхар жырау ауданы «Үміткер» ауылындағы Көшербай абыздың немересі Зура апайды көзім көрді (қазір өмірде жоқ). Ауылдастары ол кісіні «дуана кемпір» деп атаушы еді. Көшербай абыздың қасиеттері сол кісінің бойында бар десетін. Ауыл тегіс осы кісінің еміне жүгінетін. Тіпті бір жылы аязды боранда аяғындағы мәсі кебіспен шығып кетіп зиратты паналап түнеген. Зура апайдың еш жері тоңбаған, бұл оқиғаға таң қалған ауылдастары бойында абыздың қасиеті бар десетін. Ол кісінің өзінің екі баласының келешегін болжап айтқаны дәл келеді екен. Зура апай емсектігімен, болашақты болжай білетін қасиетімен қадірлі еді».
Тағы да Нескен Мәлікқызының Қарағанды облысы Нұра станциясында тұратын Сайлау Алдамжаровтан жазып алған әңгімесіне көңіл бөлсек; Онда Көшербай абыз жөнінде әңгіме былай өрбиді. Ол әңгімеде 4 жігіт саятшылық құрып, Көшербай абыздың ауылына келген екен. Абыздың үйінде адам түсінбейтіндей бір оқиға болады. Абыздың өзі үйінде жалғыз екен, келген қонақтарға бір тылсым күш иелері дастархан жайып, шай мәзірлеп береді. Бірақ, 4 жігіттің төртеуі де осыны даярлап жүрген ешбір адамды көре алмайды. Жігіттер Көшеке, біз ешкімді көре алмай отырмыз деп, абызды қолқалаған соң, абыз есік жаққа қарағанда, «бойы тапал, толықша келген, көзі көкшіл (тіпті жасыл) деуге болады, шашы сап-сары, білте-білте бір қыз бала көзге көрініп, тез арада келесі бөлмеге өте шыққан». Бұны көрген жігіттердің тілдері байланып, орындарынан тұра алмай қалған. Күн өткенде жолаушыларға іздеу салынып, келген жоқшылар мән-жайды түсініп, Көшербай абыздан кешірім сұраған екен. Жынның тілін білетін, диуана, бақсылық қасиеті бар абыз 4 жігітке тіл бітіріп, орындарынан тұрғызып, елдеріне аман-сау қайтарған екен.
Сәтбаевтар әулетінің қорымы «Айрық» қыстауының маңында орналасқан. Бұл әулеттен Қазақстанның әйгілі тұлғалары – Әбікей және Қаныш Сәтбаевтар шыққан. Қараащы ауылынан 25 шақырым батысына қарай ата-бабасының зираты орналасқан.
Орналасқан жері: Сәтбаев ауылдық округі, Сәтбаевтар әулетінің қорымы «Айрық» қыстауының маңында, Қараащы ауылынан 25 шақырым батысына қарай ата-бабасының зираты.
Қысқаша анықтама: Бұл қорымда қазақтың әйгілі перзенттері – Әбікей және Қаныш Сәтбаевтардың ата-бабалары жерленген. Әбікей Зейінұлы және Әбдікәрім Жәмінұлы, Ғазиз Имантайұлы Сәтбаевтар көрнекті ағартушылар және «Алаш» қозғалысының белсенді мүшелері. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – Қазақстан ҰҒА-ның негізін қалаған және тұңғыш президенті. Қаныштың әкесі Имантай Шөтікұлы өз заманында ауыл биі болған және сол кезде Омбы қаласынан шыққан қазақ басылымдары атап айтсақ «Дала уалаяты», «Айқап» газет-журналдарына елдің тыныс-тіршілігінен, оған қоса этнографиялық әңгімелер беріп отырған. Имантай ақсақал бауырлары мен балаларының және баянауылдықтардың жаңа заман үрдісінде білім алуына ықпалды адамдардың бірі болған.
Шормановтар әулетінің зираты. Теңдік ауылының маңында орналасқан.
Орналасқан жері: Сәтбаев ауылдық округі, Теңдік ауылының қасы.
Қысқаша анықтама: Шормановтар әулетінің зираты Теңдік ауылының төменгі жағында Ащы өзенінің бойында орналасқан. Осы қорымда өз заманында халыққа танымал болған Баянауыл сыртқы округінің соңғы аға сұлтаны, патша империясының полковнигі Мұса Шорманов жерленген. 1818 жылы Баянаула елі Сабындыкөлдің жағасындағы әкесінің есімімен аталатын «Шоман сызы» қыстауында дүниеге келіп, 1884 жылы 26 желтоқсанда Мұса мырза Омбы қаласында дүниеден өтті. 1885 жылы 1 қаңтарда Ақкеліндегі қыстағына әкеліп жерленді. Сол жылдың жазында Шідерті өзенінің бойында «Шүршітқырған» деген жерде ағайын-туыстары және бүкіл Сүйіндік елі болып ас берді. Баласы Сәдуақас Мұсаұлы ағайын-туыстары бар Шормановтар әулеті Екатеринбург қаласынан 400 патша рубліне мрамордан құлыптас және ұсталарға арнайы түрде қоршау жасатып, сол заманда арбаменен әкеліп қойылған мрамор тас белгі күні бүгінгі күнге дейін тұр. Мұса мырза жерленген зиратта сол әулеттің үлкендері және ақын, қоғам қайраткері, баласы Сәдуақас Шормановта жерленген. Мұса мырзаның өмірі мен халыққа жасаған қызметі жөнінде ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жоқтау өлеңінде, әрі сол кездегі басылым бетіндегі «Қазанамаларда» қамтылған. Жалпы Мұса мырза сол замандағы патша үкіметінің лауазымды қызметінде бола тұра елдің, халықтың мүддесін әсте естен шығарған жоқ. Ол кісінің бір қасиеті көпшілік алдында сөйлегенде қарсыласының аузына сөз түспей, абдырап қалады екен дейді. Тағы да осындай әңгімелер ел арасында, қала берді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында кездеседі.
Үкібай би кесенесі. Көкдомбақ ауылының оңтүстік шығысына қарай жерленген.
Орналасқан жері: Сәтбаев ауылдық округі, Көкдомбақ ауылының оңтүстік шығысына қарай жерленген.
Қысқаша анықтама: Үкібай – атақты би, өзінің замандастары Тұрсынбай би Еламанұлы, Торсықбай би Құсақұлдары сияқты елдің ішкі және сыртқы әлеуметтік-саяси істеріне белсене араласқан тұлға, XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Баянауылдың сыртқы округінің негізін салушы. Атақты Шоң мен Шорман бидің замандасы. Баянауыл округінің құрамына кіретін Сатылған-Алтынторы болысының басшысы болып сайланған. Жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Шоң би» романындағы кейіпкерлерінің бірі болған. Қалмұқан Исабаев XIX ғасырға байланысты Ресей мұрағаттарында сақталған Баянауыл еліне қатысты тұлғаларды әдеби тілмен көркемдеп жазып, елге жеткізген бірден-бір адам. Үкібай би жөнінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында және ел аузында сақталған әңгімелерде өмір сүрген ортасы кеңінен қамтылады.
Қ.И.Сәтбаев ауылының тұрғыны, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, білім саласының үздігі ардагер ұстаз Мәлікова Нескен апайдың әңгімесінен: Үкібай би ел ішіндегі халықтың әлеуметтік жағдайы мен ел арасындағы бітімгершілік,төрелікте өз замандастары арасында атақты би болған. Бұл кісі туралы деректі мағлұматтар бар. Бүгінгі таңда ұрпақтары ескі қорымды кесене етіп көтеріп, бабалар рухына тағзым етті Көкдомбақ ауылының кіре берісіндегі бұл кесене бауыр-туыстық қатынастардың ұлтжандылықтың құндылығын көрсететін өркені биік дәрежесін айшықтап тұр. Елдің шежіресін ұлықтап, өткенімізді түгендеп, келер ұрпақтың еншісіне қалдыру біздің парызымыз. Мен бұл пікірімде аймағымыздың сакралды географиясына киелі жерлер мен қасиетті тұлғалар қатарына енген есімдердің ел жадында сақталып, тарихта қалғаны келер ұрпақтың алтын қазынасы деп білемін.