Данаш Санатханқызы Жақсыбаева 

Данаш Санатханқызы Жақсыбаева (31.10.1983 - 31 .08.2020) Павлодар облысында дүниеге келген. Ол қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, «қазақ тілі және әдебиет» мамандығын тәмамдайды. Еңбек жолын мұғалім қызметімен бастап, Баянауыл ауданының ОКЖ-нің Қ.Сәтбаев ауыл кітапханасында кітапханашы болып жалғастырады. Кітапханашы қызметінде 2010 жылдан бастап жұмыс атқарды. Қызмет барысында тапқырлығымен, шапшаңдығымен, өзінің ерекше қаситеттерімен көзге түсе білді. Өзінің міндеттерін абыроймен атқарып, адал қызмет жасай білді. Атап айтсақ, кітапханада «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Тұғыры биік тәуелсіздік», «Жолдаудан Жолдауға дейін», «Абайды білу парыз ойлы жасқа», «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Астана – Отанымыздың жүрегі», тағы басқа тақырыптық кітап көрмелерін жыл бойы жаңартып, қажетті әдебиеттермен толықтырып отырды. Данаш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған өлкенің тарихын, жер-су атауларын зерттеп, ауыл үлкендерімен сұхбаттасып «Менің ауылым» жинақ альбомын шығарды. «Баяным – киелі мекенім», «Тарихы терең мерейлі мекенім» тақырыбы бойынша жас оқырмандар арасында өлкетану кештерін, поэзия сағаттарын өткізген.


    Данаш Санатханқызы кішкентай оқырмандарды кітапханаға тартуды басты мақсат ете отырып, «Кітап – досың, серігің», «Ертегілер еліне саяхат», «Менің сүйікті ертегім», тағы басқа да іс-шараларды жиі өткізіп отырды. «Ұмытыла бастаған кітаптар», «Ойлан, тап», «Тұлғаларды танисың ба?», «Библиошар», «Асық терапиясы» сияқты қызықты викториналық шараларды ұдайы өткізіп, жастардың кітапқа, өнер-білімге деген қызығушылықтарын арттыруға зор үлесін қоса білген ізденгіш маман еді...

    Данаш Жақсыбаева мәдениет қызметкері ретінде атқарған жұмыстарының бірі – тұңғыш Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Киелі Қазақстан» жобасы бойынша сакралды орындар ретінде тіркелген жергілікті қорымдарды зерттеу болатын. Сәтбаевтар әулетінің қорымы, Көшербай абыз Бақсыбайұлы кесенесі, Мұса Шормановтың кесенесі, Үкібай би кесенесі, Сәтбаев ауылының киелі жерлері туралы слайд-шолу, видео-роликтер жасаған.

    Ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, мерейтой иелерін насихаттап отыру, өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық, патриоттық сезімдерді дарытуға күш сала отырып, әрдайым ізденіп қажетті мәліметтерді жинақтау – Данаштың өмірлік ұстанымы болатын. Жалпы өзінің азды - көпті еңбек өтілінде атқарып кеткен жұмыстары жетерлік, жоғарыда аталып өткендер барлығы емес...

    Осынау азды-көпті еңбек еткен жылдары Данаш үшін ізсіз кеткен жоқ. Халқы үшін еткен қызметі лайықты бағаланып, әрдайым мақтау-марапаттарға ие болды. Атап өтсек, 2011 жылы аудан кітапханалары арасында елеулі жетістіктері үшін «Жыл кітапханашысы» атанды. Одан кейінгі жылдары «Ең үздік сценарийлер» байқауында бірінші орын, «Ең үздік библиографиялық әдістемелік құралдар» байқауында екінші орын, «Ең үздік буктрейлер» байқауында бірінші орын, «Менің кітапханам» атты бейнекөрініс арқылы бірінші орынды жеңіп алды. 2017 жылы аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» аудандық фотосурет сайысында екінші орынға ие болған.

    Данаш Санатханқызы әлеуметтік желі арқылы іздене отырып, республикалық «Оқу әлеміндегі оқырман халық» симпозиумына белсене қатысып, Ұлттық академиялық кітапхананың арнайы сертификатына ие болған. Данаш қашанда қол жеткенге тоқмейілсімей, «Мен бәрін істедім» - демей, алда өткізетін іс-шараларының жобасын дайындап жүретін...

    Алайда 2020 жылы Данаш Жаксыбаева тағдыр тәлкегіне түсіп, сұм ажал келіп жұлдыздай жарқ ете қалды. Өзекті жанға өлім хақ. Мәңгілік тек бір Аллаға тән. Әрбір пенде мынау жалған дүниеге келген уақытша қонақ.

    Иә, адам өмірінде белгіленген мөлшер де, қалыптасқан заң да жоқ. Біреулер көп жасап бір кірпіш қаламай өмірден өтсе, енді біреулер аз ғана жасында атан жүгін арқалап, келешек ұрпаққа өнегелі өмір көрсетіп, үнемі ізденісте, талпыныста болып үлгілі із қалдырады. Данаш аз ғана ғұмыр кешсе де артына айтарлықтай із қалдырып кеткен аяулы жан еді...