Ауылда күні бүгінге дейін Лекер қажы құдығы бар. Ол Лекер қажы құдығы деп аталады. Себебі ол құдыққа Меккеден әкелінген зәм-зәм суы құйылған.
1911 жылы Ұлы сапардан оралған Лекер Қажы Ботақора жерінде қажылыққа барып келгенінің құрметіне құдайы садақа асын берді. Асқа Алаштың ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев те келді. Сол уақытта Мәшһүр Жүсіп Көпеев қазіргі Жаяу Мұса ауылында тұрған екен. Лекер Қажыны қатты құрмет тұтып сыйлаған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев асқа арнайы шақыртумен келген еді. Асқа дейін он- он бес күн бұрын Баянауылдағы қажы үйіне де қонақ болып кеткен. Сол кезде Лекер қажы Мәшһүр Жүсіпке:
– Қажыдан әкелген бір құмыра зәм-зәм суы бар еді. Ел дәмін татамыз деп сұрап келеді.. Су кімге жетеді. Біріне берсем, екіншісі ренжиді дейді. Не істесем екен, молдеке,- деп кеңес сұрайды.
– Бұл бір ойланатын жайт екен. Мен жақын арада тағы келемін, сонда ақылдасамыз, әзірге бұны тығып қоя тұрыңыз,- деген екен Мәшекең.
Онда, мен алдағы уақытта ботақорада құдайы садақа ас беремін, - деп қонағын шығарып салады. Енді міне сол күн де келіп, барша жиналып қалған жұрт атадан зәм-зәм суын сұрайды, келгендерге оны Мәшһүр алып кеткен деген болатын. Аста ел Молдекеңнен:
– Зәм-зәм суын алып кетіп аузымызды құрғаттыңыз ғой, - деп назын айтады. Мәшекең сонда: – Лекер, жасырулы тұрған құмыраны алып кел, - дейді.
Ел аң-таң. Қажының бізді алдағаны несі, қалай бұл? - деп күбірлейді. Халқым, сіздер бұған бола Лекерге күнә артпаңыздар, оған мен осылай жасатқам, - дейді Мәшһүр құмырадағы зәм-зәм суын қолына алып.
– Мына тұрған құдық кімдікі? – деп сұрайды.
– Лекердікі деседі жұрт.
Ішіндегі су кімдікі?.
– Жаратқан иеміздікі.
– Ал мына зәм-зәм суы ше?
– Ол да Аллаһ тағаланікі
–Ендеше, судың бәріде жаратушы иеміздікі, - деп Мәшһүр құтыдағы зәм-зәм суын құдыққа құйып жіберген екен. Енді барша жұрт зәм-зәм суының дәмін татып, нәрін бойына сіңіріп, сол құдықтан су ішіп, су бәріне жеткен екен. Сол көк құдық қажы атамыздың көзіндей болып әлі күнге дейін қалқайып тұр.