Зекебай Солтанбайұлы Баянауыл ауданы №2 ауыл Басшілік елді мекенінде 1931 жылы 15 наурызда дүниеге келген.
1937-1942 жылдары Егіндібұлақ бастауыш мектебінде оқыды.
1942-1945 жылдары қолхозда еңбек етіп, оқуын 1945-1948 жылдары Баянауыл қазақ орта мектебінде жалғастырды. Одан кейін 1948-1949 жылдары Қарағанды қаласындағы № 2 мектеп-пансионатында оқып орта білім алды.
1949-1951 жылдары Қарағандының оқытушылар институтын, 1955-1957 жылдары Семей педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде білім алды.
1951-1955 жылдары Алексанровка орталау мектебінде, 1955-1957 жылдары Егіндібұлақ 7 жылдық мектебінде мұғалім болып істеді.
1958 жылдан бастап екі жыл оқу ісінің меңгерушісі болды. 43 жыл ұстаздық қызметте, оның 34 жылы Егіндібұлақ орта мектебінде директор болып, яғни 1994 жылдың 2 ақпанына дейін қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққан.
Әкесі – Епбаев Солтанбай ескіше сауатты, әнші, домбырашы, колхоз бригадирі, Ұлы Отан соғысы жылдарында 1942-1943 жылдары Сталинград, Дон өзені бағытындағы майданда пулеметшы болып, қан майданда қаза тапты. З.Солтанбайұлының балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен балалықтың бал дәмі ерте үзіліп, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балаға тағдыр тауқыметі өз дегенін көрсетті. Яғни, әкеден ерте жетім қалған балаға анасы мен апасы аманат болып қала берді. Ол сұрапыл соғыс басталғанда он жасар ғана бала еді, соғыс зардабынан болар, еңбекке ерте араласты. Еңбек майданындағы ауыртпалықты үлкендермен бірге тартты. Мұндай жағдай соғыс кезіндегі мыңдаған балалардың тағдырына жазылған деуге болады. Соғыс кезіңдегі қиыншылық, ел ішіндегі қайғы-қасірет жас жүректі жаныштап, жас жанына жара салды. Бірақ, болашаққа деген сенім мен үзілмес үміт жас баланы біршама қайраттандырып, жігер берді. Мұның бәрі бертін келе бейбітшілікті, тыныш еңбекті, әдемі-сұлу өмірді жырлауына әсер етті, арқау болды.
Ол өлең шығаруды 9-10 жасында бастаған. Алғаш өлеңдері туған жер, Отан, мектеп тақырыптарында болған. Одан кейінгі жігіттік кезеңінде де қолынан қаламын тастамаған. Қайта шыңдап, ширықтыра түскен. Оған дәлел: «Қызыл ту» газетінің Баянауыл ауданындағы тілшісі Темірбековтың мақаласында: (25 желтоқсан 1966 жыл) «Самал белі мен саумал көлі жағасы төрт түлік малға қайысып, топырағынан мерует дән тасыған, табиғаты көркем Баянауыл жерінде көк өрім тал шыбықтай көктеп, қаулап өсіп, бой көрсетіп келе жатқан сөз өнерін қуған жас әдеби қауым бар. Баянауылдағы өскелең әдеби қауымның бел ортасында жүріп, шама-шарқынша әдебиетке беріліп, аудан жұртшылығына танылып қалған ақындардың бірі Зекебай Солтанбаев. Зекебайдың өлеңдері соңғы жылдары аудандық, облыстық газеттерде, республиқалық «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Балдырған» журналдарында басылып жүр», -деген сөзінен байқалады.
Қоғамдық қызметі
Ол оқушыларына білім, мен тәрбие беріп қана қоймай, ауыл мәдениетін көтеруді де мақсат етті. Жастардың басын қосып көркемөңерпаздар ұжымын ұйымдастырды. Өзі де өнерден құралақан емес. Жас жігіт домбыра мен мандолиннің құлағында ойнап жүріп, талай әншілер мен күйшілерді өнерге баулыды. «Еңлік – Кебек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Ақан сері – Ақтоқты», «Есірткен Ерке», «Кім менің әкем?», «Мырза жігіт» пьесаларын сахналады. Көбіне басты рөлдерді орындауға тура келді. Мәселен, «Еңлік-Кебек» пьесасын қойғанда қоюшы режиссер де, Кебек рөлін орындаушы да өзі болды. Ал, Еңлік рөлін Нағимаш Айдаркеқызы орындады. (кейін өзінің жары болды).
Егіңдібұлақ ауылының өнерпаздары өздеріне көршілес ауылдарға тіпті аудан орталығына барып концерт, спектакль қоюшы еді. Бұл аудан басшыларының назарынан да тыс қалған жоқ. Олар Зекебай Солтанбайұлын аудандық деңгейдегі іс-шараларға тартып, бар жауапкершілік жүгін соған артуды әдетке айналдырды. Мұның өзі «Баян сұлу» ансамблінің тууына негіз болды. Зекең бастаған бұл ансамбль жетпісінші жылдары астанамыз Алматыға да барып концерт беріп қайтқан еді.
Ол қай қызметті болсын бар ар-ұжданымен атқаратын. Жанашыл басшы еді. Ауданда оқушыларды политехникалық еңбекке баулу ісін де бірінші болып қолға алған осы Егіңдібұлақ мектебі болды. Мектеп оқушылары қоян өсірумен тәжірибелік учаскеде жұмыс істеумен шұғылданды. Қой өсіруші «Қарлығаш» жастар бригадасын құрды. «Жас сауыншылар», «Жас төл өсірушілер» бригадалары құрылып, жұмыс істеді. Зекебай Солтанбайұлы Егіндібұлақ орта мекебін ұзақ жылдар бойы басқарды. Осынау білім ошағында оқып шыққан Әди Әлкебаев, Төлеутай Молдабеков, Баян Тілеубаев, Жұмажан Пәруов, Әнуарбек Кісентаев, Жексенбай Әбсалимов сияқты шәкірттері облыс, республика көлемінде жауапты лауазымды қызметтер атқарып, ұстаз сенімін ақтай білді. Сондай-ақ, Егіндібұлақ мектебінің түлектері – Асығат Тұрғанбеков, Таңат Ахатов сыңды Зекебай Солтанбайұлы шәкірттері әдебиетші, ақын болса, Үсен Жұмагелдин – саулетші, қолөнер шебері, Сәрсенбай Садығазин өнер адамы атаңды. Егіндібұлақ мектебінен Зекебай Солтанбайұлы басшылық еткен жылдары жеті бірдей Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздіктері шықты. Зекебай Солтанбайұлы – КСРО, Қазақ КСР оқу ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров және облыс алдында сіңірген еңбегі үшін медальдарының иегері, Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі. Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы
Шығармашылығы
«Жігітке жеті өнер де аз» дейді дана қазақ халқы. Зекең – ұлағатты ұстаз, арқалы ақын, өрелі өнерпаз болумен қатар сыршыл сазгер. Оның «Әкеме», «Балғабай», «Егіндібұлақ вальсі», «Баян гүлдері», «Қыран туралы жыр», «Ажы вальсі», «Бауырыма», «Милиционерлер маршы» деген сырлы да әсерлі әндері бар. Бұл әндердің мәтіні мен әуені бір-бірімен астасып, жүрекке жылы тиеді. Әсіресе «Әкеме» әні ерекше әсер етеді.
Асқар тау арқалы,
Айбарым, панамсың.
Ақ пейіл, арға- нық
Қамқорым, данамсың.
Әнің боп мақтасам –
Балалық парызым.
Көп екен ақтасам
Әкелік қарызың.
Зекебай Солтанбаев жай ғана ақын емес, эпик ақын екендігін де танытты. Ол қазақтың атақты ғұлама ғалымы, пір тұтар әулиесі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев туралы тамаша дастанды дүниеге әкелді. Дастан «Мәшһүр», «Жүсіп», «Көпеев», «Ғұлама», «Адам» атты 5 кітаптан тұрады. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев сияқты ұлы тұлға туралы дастан жазбақ түгілі қарапайым естелік жазудың өзі асқан жауапкершілікті талап етеді. Оның себебі Мәшһүр-Жүсіп есімі, Қазақстан былай тұрсын бүкіл Орта Азия елдеріне белгілі. Оның әдеби бейнесі, әулиелігі, ғұламалығы, ақындығы, адами асыл қасиеттері ауыздан ауызға тарап кеткен. Қаншама халық өз бағасын беріп, тарихи тұлға ретінде бейнесі сомдалып, әркімнің жүрегінен берік орын тепкен Адам туралы ой толғап, қалам тербеу қайдан оңай болсын. Қашанда қай істі болмасын бастау қиын. Бірақ, Зекең ұзақ жылдар бойы басында пісіріп жүрген тақырып онша қиынға түскен жоқ. «Мәшһүр» атты бірінші кітап бір жылға, жетер-жетпес уақытта жазылып бітті. Екінші кітап «Жүсіп» те сол қарқында жазылды. Жалпы, бір Мәшһүр өмірінен жазылған 5 кітаптың бесеуі де тез жазылды. Оның алғашқы төртеуі Ерлан Арын, Оралбек Қожананов, Асхат Күзеков сынды алаш азаматтарының көмектері арқасында жарық көрді. Ақынның қаламынан бұған дейін «Жыр жиһазы», Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы «Жалынды демократ» атты кітабы дүниеге келген еді. Зекебай ағаның «Егіндібұлақ вальсі», «Баян гүлдері», «Әкеме», «Бауырыма», «Баян деген...» сынды жүрек тебірентерлік сазды әндер жұртшылық сүйіп тыңдайтын әуенге айналды. Бойындағы қаламгерлігі мен сазгерлігі, айтыс ақыны болғандығы сегіз қырлы бір сырлы екендігін көрсетеді.