Зекебай ағайдың «Мәшһүр» дастанын оқып отырып, қазақ даналығының асыл көріністерін, ой маржандары мен таным үлгілерін кездестіреміз. Мәшһүрдің өмірі мен тіршілігі дастан мазмұнының нақ ортасынан орын алған, көк аспанды құс жолы ортасынан аппақ қылып жарып өтсе, бұл да солай. Сонымен бірге Зекең Мәшһүр өмірін, Мәшһүр күресін мысалға алып, қазақ зиялы қауымының көкірегінде жүрген көптеген мәселелерді көтереді. Бұл біздің ұрпақ үшін тіршілік эталоны, болашақ үшін еліктеуге тұратын жарқын үлгі. Ел қайраткерлерінің тіршілігі елге қызмет істеуге арналады, олар тірі кезінде де бақи дүниеге аттанғанда да өзінің ұлы өнегесін еліне шашудай шашып кетеді. Бұл адамзат баласының ілуде біреуіне ғана бұйыратын бақ.
Профессор, тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев
Ақынның шығармаларын оқығанда байқағаным, қай өлеңінде болса да, қасаң сөз, тілге түрпі боп тие жай кездесе қоймайды. Отаншыл ақынның отбасынан басталған отты жырларының қай қайсысында да ауыл тілімен, оралымды оймен айтылған шындықтан ауыл исі бұрқырап тұрғандай болады.Осылармен танысқан оқырман бейтарап қалмас деп ойлаймын.
Мұхмеджан Дәуренбек
Иса Байзақов атындағы облыстық
әдебиет бірлестігінің секция меңгерушісі
Зекебай Солтанбаевтың шығармашылығы тек әдебиетпен шектелмей, қоғамның өзекті мәселелеріне де терең көзқарас ұсынады. Кітапты оқыған әрбір адам сол арқылы өз ұлтына, оның мәдениетіне деген құрметін арттырады. Мұндай туындылар жиі басылып тұруы тиіс.
Айбек ОРАЛХАН.
.... З. Солтанбайұлының Мәшһүр Жүсіп туралы еңбектері ерекше назарымды аударды. Мәшһүр Жүсіп - қазақтың кесек тұлғаларның бірі. Әулие туралы кітап жазу былай тұрсын, оның еңбектерін түсініп оқу үшін де үлкен дайындық керек. Ал Зекебай ағамыздың ғұламаға арналған 5 томдық эпопеясы – қазақ әдебиетінің олжасы.
Ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі Ғалым Жайлыбай