Зекебай Солтанбайұлы
Жұмақ тектес иіс бар ауасында,
Жұмақ жер Егіндінің даласында.
Бір сәби дүниеге келген екен,
Отызыншы жылдардың шамасында.
Есімін Мәшһүр Жүсіп қойған екен:
«Дүбірлеп жетеді, -деп – дара шыңға»
Айтқандай, қара өлеңнің ұстасы боп,
Қарашасын семірткен қара суға.
Ең соңғы әулиені зерттеп өтті,
Қасиеті жоқ адам баласында.
Қырық жыл шәкірттерді тәрбиелеп,
Еңбек етті білімнің саласында.
Бесіктен енді шыққан бөбектердің,
Әкесіндей айналған жанашырға.
Гүлдендіріп өсірді Егіндінің
адамдары түгілі ағашында да.
Мәңгілік даңғыл жолы қалатындай,
Жаңғырып ұрпағының санасында.
Баянның жеке байы көп болғанмен
Зекебай жоқ бірақ арасында.
Аспанбек Шұғатай (Айтыскер ақын)
Ерек тұлға
Баянда талай ұлы дана туған,
Жұлдыздай жарқырап дана туған.
Құрметтеп іргелі елдің қауымын,
Ардақтап ағайын, туыс – бауырын.
Құт мекенде бар ғұмырын өткізіп,
Қастерлеген туып – өскен ауылын.
Адал еңбек мұратым деп санаған,
Болашаққа сенімменен қараған.
Ұстаздардың ұстазы атанып,
Атақ – даңқы айналаға тараған.
Шабыт кернеп, таудай болып талабы,
Өлеңдерің қамтыды сан саланы.
«Жыр жиһазы» айналды дастандарға
Ойы терең, қарымды боп қаламы.
Өнерпаз боп сегіз қырлы, бір сырлы,
Сақтай білді ата салтты, дәстүрді
Талай жылдар талмастан ізденіп,
Жырға қосты «Ғұлама» мен «Мәшһүрді»
Қызығы мол таңдар атып арайлы,
«Адамы» да құштар қылды талайды
Ұлылардың рухына тағзым етіп,
Зерттеп жазды Сұлтанмахмұт, Абайды.
Оқырманға ой салып, әр жазғаны,
Әнге айналып, от боп жанып маздады.
Тұлғалардың өмірінен сыр шертіп,
Тарихқа аян ақиқаттан аспады.
Жүрегінде күмбірлеген күй ойнады,
Санасында сөз маржаны қайнады.
Әрбір күнін игілікті іске арнап,
Өмірдегі мақсатынан таймады.
Ақылға сап, өлшеп – пішіп барлығын,
Қайыспады көтерсе де, нар жүгін
Ұлылар мен даналардан дарыған,
Бойында бар сахы мінез, арлы ұғым.
Өмірінің тарқамасын базары,
Жаратқанның жақсылық боп жазары.
Сексен беске толғаны құтты болсын,
Шуағы мол, жарқын болсын ажарың.
Зекең ерек тұлға, тегі асыл,
Бойында буырқанған ғұлама сыр.
Сау – саламат, ғұмыры ұзақ болып,
Ғасыр тойға ұлассын ұлан – ғасыр.
Балтабай Сыздықов,
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының
мүшесі, ҚР – ның Мәдениет қайраткері
«Еске алсам шағын бұлыңғыр таудың Бүркітті».
Бүр жарған сәтін баурайындағы бүршіктің.
Елестер маған Зекеңнің жеті белесі,
Арқауы жібекесілер өзі – ақ жыр тіпті.
Әулие тұтып, бас иер жұртқа құтты адам,
Кезінде жан жоқ, қасиетін оның ұқпаған.
Бір күні келіп, ем тілеп абыз алдына.
Шырылдап бала, қырқынан әлі шықпаған.
Солтекең айтты бөбектің жайын пысықтап,
Сорлатар деген бақыты қолдан ұшып қап.
Тамырын ұстап Мәшекең көріп сәбиді,
Зәмзәм су бүрікті бір дұға оқып, ұшықтап.
- Екі есім ауыр әзірше сәби балаға.
Зекебай болсын ұғымға жайлы балама.
Үш кесіп беріп күпінің бауын тұмарға.
Деп еді «шипа, сабырлық берсе санаға».
Көп жылдар өтті бұл сөзге сонда айтылған
Құндыкөл ұлы жетіліп сана, ой тұлғаң,
Емшінің ісі мойнына мәңгі қарыз боп,
Ақтауға серт қып жүргенше жүрек тоқтаған.
Сол бір серт бүгін орындалар кез келді.
Заманның желі, адамның өңі өзгерді.
Өмірін жазып, кітапты арнап ұстазға.
Топырағын сүйдің жеріне барып Ескелді.
Сөйтіп бір, Зеке, орындалды ғой зор арман,
Тіршілік өмір ізгі армандардан құралған.
«Жыр жиһазы» сөреңнен келіп орын ап,
Жалғаса бергей көп тілектерге жыр – арман.
Зейнел – Ғаби – Зекебайым бүгінгі ер,
Мәшһүр Жүсіп бата берген кемеңгер.
Әулиені батып жазған кітап қып,
Біліп қойсын «Бұл кім сонша?» дегендер.
Балтабай Сыздықов,
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының
мүшесі, ҚР – ның Мәдениет қайраткері