Зекебай Солтанбайұлының шығармашылығы
Ақынның өз көзі тірісінде халықтың ауызданған атауы, үлкен-кішінің құрметі болып танылған бұл сөз жеке тұлғаның дара қасиетін өмірбойы танытып тұрғандықтан бірінші кітаптың иесі етіп алуды ақын ағамыз жөн көрген екен. Оқырманға неғұрлым танымал, түсінікті куәгерлер аузынан мәлімдеу, айқындау, оқиға желісін дамыту, кейіпкер бейнесін ашу, тарихи шындықты дәлелдеу, шығарманың құрылымы мен жасалу сипатын жүйеге келтіру, әдеби көркемдік дәрежесін сақтау жағдайында оқиғаға қатысушы жандардың сөз тұрпатын, ой мағынасын ауытқытпай арнаға түсіру бірінші кезекке қойылған екен. Басты бағдарлама – адам тәрбиесі, жас ұрпақтың танымдық білім деңгейін дамыту үшін дидактикалық принцип: жақыннан алысқа, жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге, оңайдан қиынға, аздан көпке, деректіден дерексізге, тәжірибеден ғылымға қарай меңгеру әдістерін ақынаға басшылыққа алған. Кітаптың сюжеттік желісінде кездесетін адамдардың өзі Мәшһүр өміріне қатысты туыстық, ұстаздық, жолдастық, таныстық, беймәлім, т.б. байланыста айқындалып, уақиғаның бірден-бірге сабақтасып отыруы жүзеге асырылған.
Бұл кітапта оқиға желісі, өмір парасаты, жеке бастың әрекеті әлеуметтік саясатқа ауысып күрделене түседі. Шын мәнінде жігіттік кезеңнің құштарлық көңілі мен ниетті арманы, оның жүрген-тұрған ортасының ықпалы, отбасының тағдыр талайы Мәшһүр бала емес, көп Жүсіптердің бірі емес, Мәшһүр-Жүсіптің ел-жұртқа танымал, азаматтық салмағы бар беделді тұлға болып қалыптасуын көрсетеді. Білсем, көрсем, үйренсем, меңгерсем деген жан құмарлығын баптау, баулу, бәйге аттай өзін-өзі жарату, жақсылыққа ұмтылу, дұрыстыққа талпыну, әділеттілік жолға ықпал ету, қателікті тию сияқты сезім қазынасын ойшыл жан бойына жияды.Бұл кітап Жүсіп атаулы жандардың ішіндегі ерекше ер, дара тұлға, озат ой, қасиет иесі – Мәшһүр-Жүсіптің қоғамдық өмірге араласуы мен қалыптасуын мадақтайды да, оқырман қауымға айқындай түседі.
Патша үкіметі орыс үлгісі – басқару жүйесінде әке аты фамилиялық аталым болып жаппай қолданысқа кіруіне байланысты кітап атауы осылай алыныпты. Уақиға желісі қазіргі жағдайда нақ пар бере отырып өткенге ой жіберу, бүгінгіге көз жеткізу, Көпеев Мәшһүр-Жүсіптің тіршілік дүниесінде алған орнын, жаулары мен достарының ара-жігін ажырату, қоғамдықтар тыс, үстемдік үшін күрес, ел басқарудағы саясат, тосын туған қарсылық, ішкі алакөз наразылық, бұхара тыныштығының кетуі сөз болады. Отарлау саясатының бір түрден екінші түрге ауысуы, жер дауының мемлекеттік билікке ауыса бастауы, халық тұрмысының жан-жақты қысымға ұшырауы, патша үкіметін советтік құрылыстың алмастыруы ел ішінде көзі көрген, басынан кешкен, жасырын жыр, құпия сыр болған оқиғалар арқылы Көпеев екі үкіметтің бақылауына бірдей ұшыраған сенімсіз адам ретінде шеттеледі. Көпеев басына айналған қайғының қара бұлты жан-жақты торлайды. Халық тағдырымен қатар астасады, асқынады.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің осы, соңғы өмір кезеңі ел аузында көбірек айтылуына байланысты халық аңызының шындық көрінісін солқалпында оқырманға жеткізу – тарихи мұраның таза, құнды түрі болатындығы ескеріледі.
Бұл – өзі әлі күнге дейін толық зерттеліп, ғылыми негізін таппаған ерекше құбылыс. Тарихта талай тұлғалар осы тақырыпты қаузап көрген, өз байлам-пікірлерін айтып, жазып кеткен. Бұл кітапта да автор күрделі тақырыпты сөз етеді. Тарихи тұлғалардың пікірлерін негізге ала отырып, Адам, адамгершілік туралы ой толғайды. Өз ойларын Мәшһүр-Жүсіп, Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан, т.б. тұлғалардың пікірлері, адамгершілік іс-әрекеттері арқылы түсіндіреді. Кітап қалың оқырман қауымға арналған.
Жалынды демократ
Ұзақ жылғы ұстаздық еңбек нәтижесінен, өмірлік тәжірибеден автор төл әдебиетімізге шалып Абай, Мәшһүр, Сұлтанмахмұт еңбектеріндегі үндестік пен ерекшеліктерді анықтап, салыстыра отырып, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа деген жас ұрпақтың – сүйіспеншілігін, таным-ізденушілігін арттырып, үлгі өнеге алуға үндейді. Кітапқа қойылған негізгі жүктеме: Ақынның шығармаларын жан-жақты сипаттаулар арқылы оның демократиялық ағым қуатын таныту, ұлтына, еліне деген патриотизмін дәлелдеу, ақынның қазақ әдебиетіне қосқан қазынасы мен жаналықтарын, қоғамдық көзқарасын айқындау.
Алғашқы асу.
Зекебай Солтанбаев өз шығармаларында халықтың ауыз әдебиеті мен ұлттық құндылықтарын жан-жақты талдап, оларды бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен байланыстырады. «Алғашқы асу» кітабы да осы дәстүрді жалғастыра отырып, қазақ тілінің байлығын, оның өміршеңдігін және терең мазмұнын сипаттайды. Автор мақал-мәтелдер арқылы түрлі тақырыптарды қозғайды. Олар тек халықтың өмір сүру қағидаттары мен тіршілігін ғана емес, сонымен қатар қазақ қоғамының даму жолындағы толғаныстарды да қамтиды.
Біздің гұмыр.
Автор шығармасында қалыптасу кезеңі, сұрапыл соғыс жылдары ел тіршілігі, тәуелсіздік заманы, жанұя ұйытқысы батыр ана өмірі баяндалады.
Егіндібұлақ вальсі.
Ақын, әуесқой сазгер, ардагер ұстаз Зекебай Солтанбайұлының өнегелі ұрпақ тәрбиесінде сіңірген еңбегі зор. «Егіндібұлақ вальсі» – халық өнерпаздарына патриоттық жігер ұялатуда жазылған әдеби-музыкалық үлгідегі әндер жинағы.
Наз.
Бұл шығармада халқымыздың басынан кешкен, көзім көріп, құлағым естіген, жастық күндерімдегі қуаныш, реніш, ауыр күндерді өкпе ғып айтпай, сыпайы наз ретінде баяндадым. Ондағы ойым заманның, қоғамның, ел басқарушылардың артық істерін сыпайы ғана түсіндіру болды. Бұл жерде менің бойымдағы халық педагогикасы дарыған касиет тұрды. Артық-кемдігіне кешіріммен қарадым.
Жыр жиһазы
Ақын шығармашылығынан туған мол мұраның әркезде жазылған лирикалық, азаматтық тақырыптағы жырлары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғұламаларға арнаулары, балбөбек балаларға шақталған бірқақпайлары мен жаңылтпаштары оқырмандарға ұсынылған жинаққа іріктеліп берілді.
Жыр жақұт.
Ұлы ұстаз Зекебай Солтанбайұлы бұл кітабында киелі топырақ, қасиетті мекен Баянаула өңірінің сұлу табиғаты, Отанға деген сүйіспеншілік, өмірден көрген-түйгендері, өскен орта, туған жердің өркендеуіне үлес қосқан азаматтар мен ағайын-туыстар, құда-жекжаттар, бауырлар жайлы өсиет, арнау өлендері аманат етіп беріліп отыр. Оның кейінгі ұрпақты толғандырып, айтар тәлімі кімге болса да ой салары сөзсіз. Кітап жыр сүйер қалың оқырман көңілінен шығады деп сенеміз.
Айшуақ
Зекебай Солтанбайұлы «Айшуақ» атты кітабында қазақ үшін қатерлі мүшел 24 жасында қыршыннан қиылған жастың өмірі баяндалады. Өмір додасына ілігер-ілікпестен, жігіттік сайран саларында соңғы сапарға аттанған апталдай азаматтың қазасы кім-кімді де қайғыртпай қоймайды. Кітапта тек басты кейіпкердің өмірі ғана емес сол кездегі кеңестік өмір салты, ауыл тынысы, еңбектегі жетістіктер, сол ұстанымдағы бала тәрбиесінің жағымды жақтарымен қатар социалистік өмір салтының ұлттық санамызға тигізген кері әсерлері де суреттеледі. «Жоқтау», «Күйініш күйлері» деген тараулары ұлттық салтымыз бен дәстүріміздің бұл күнде сиреп, ұмытыла бастаған қазаға көңіл айтудың ел ішіндегі үлгілерін көрсетсе, жоқтау жырлары жан жүрегіңді босатып, сай-сүйегіңді сырқыратар өкініш пен күйініштің запыраны оқырман жанарына жас үйіреді. Жалпы Зекебай Солтанбайұлы «Айшуақ» атты кітабы бір үйдің, бір әулеттің ғана емес, сіз-біз өмір сүріп отырған қоғамның басындағы маңызды жайлардан сыр шертеді. Әсерлі тілмен жазылған шығарма көпшіліктің көңілінен шығып, өз оқырманын табатынына сенімдіміз.
Ало-о, Айтыш Маликович!
Әр өңірдің өзіндік өткен жолы мен шежірелі тарихы бар. Ендеше сол өңірдің тарихын көзімен көрген, жанымен түйсінген қариясы қағазға түсірсе нұр үстіне нұр. Алаштың абызы, Баянауланың бүгінгі Бұхары, ұлтының ұлы ұстазы Зекебай Солтанбаевтың бұл кітабында Алланың айрықша назары түскен киелі топырақ, қасиетті мекен Баянаула өңірінің арғы-бергі тарихы сөз болады. Кеңес үкіметі орнағанға дейінгі Баянауыл мен Тәуелсіздіктің туы көтерілгеңге дейінгі аралықтағы Баянауылдың тұтастай галереясы жасалған. Ғасырға таяу аралықтағы дәуір, Баянауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қаншама адамдардың өмір жолы, тағдыр талайы тамаша суреттелген. Кітаптың тілі жеңіл, оқиғалары орамды, танымдық материалдары толыққанды өмірмен ұштастырыла берілген. Тарих пен мәдениет, этнография мен этнология, кеңестік кезендегі қуғын-сүргін, ашаршылық, колхоздастыру, тың игеру, партияның жетістіктері мен жетесіздіктері, барлығы осы кітаптың бойынан табылды. Жалпы жұртшылық пен туған жер тарихын танып білгісі келетін көпшілікке, тарихшылар мен тіл-әдебиет мамандарына арналған.