Шоманкөл ауылының батыр аналары
Альтаева Дина
1941 жылы туған. Алтын алқа иегері. Алланың берген жақсылығының арқасында сексен жастан асып отырған батыр ана Әлтаева Дина апамыз табиғатынан шынайы, адал, көркем мінезімен елдің мейірімі мен қошеметіне бөленген адам. Қасиетті Шоманкөл ауылына, оның ішінде аузы дуалы, дін қағидаттарын берік ұстанған Әлтай атаның үйіне келін болып түскеннен, алға жүрген сайын, өмірді сүрген сайын мойнындағы жауапкершілігі молайып, салмағы ауырлай түскенімен босағаның шаттығын шарықтатып, ырысын арттыра білді. Өмірінде сезімі сергек, көңілі кең жандардың ісінде береке болады дейді, бұл сөз нақ Дина апамызға арналғандай. Ауыл шаруашылығының қай саласында болсын, мойнына алған жұмыстың бәрін аянбай атқарып, елдің алдыңғы қатарынан көрінді. Атап айтсақ үй шаруасын тындыра жүріп, үкіметтің қойын қырқуға қатысты, ауылдағы шағын жұмыс орындарында еден жуушы болды. Ауылдық жердің қым – қуыт тірлігі құр шаруамен ғана шектеліп қоймақ емес, аналарымыздың өнерлері әр алуан, кезінде мәдениет үйі жүмыс істеп, әжелер ансамблін де осы кісілер үйлестірді. Түрлі мәдени шаралардың бел ортасында жүріп, ән де айтты, би де биледі, қол өнерлері қандай десеңізші, сырмақ сырып, киіз басқан, алаша, термелі алаша тоқыған, құрақ құрап, ою ойған, тоқыма тоқыған да осы кісілер болды. Қазіргі күні Дина апамыз балаларының қызығын қызықтап, немере жиендерінің жетістіктеріне куә болып отырған ақ жаулықты әже.
Омарова Нақый
Көп балалы ана «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегері Омарова Нақый 1932 жылы 23 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Күркелі а\о (бұрынғы Южный), 1-ші мамыр ауылында дүниеге келген. Тоғыз жасқа келгенде соғыс басталып, соның салдарынан 4 класс қана оқу оқыған. 9 жасынан ұйым жұмыстарына араласып, әр түрлі жұмыстарды атқарған. Оның ішінде жер жыртуға соқаға жеккен өгізді айдау, егін егу, егінді жинау, сиыр сауу, қой қырқу, масақ теру т.с.с. сол кездегі қолмен атқарылған жұмыстың барлығын орындаған 1954 жылы Нақый апа Тауекел атты қазіргі жұбайына қосылып, екеуі дүниеге 7 қыз, 1 ұл әкеліп тәрбиелеп, өсірген. ҰОС - дағы жеңістің 50 жылдығынан бастап мерейтойларының медалдарымен марапатталған, тыл ардагері атанды. Кеңес үкіметі кезінде көп жылдар бойы қойшының көмекшісі болған. 1989 жылы зейнетке шыққан. 2021 жылы 19 наурызда дүниеден өтті.
Мәпіш Айдекқызы
1934 жылы наурыз айында туған. 15 құрсақ көтерген батыр анамыз Әйдек әулетінің тұңғышы. Руы – Айдабол - Малқозы. Мәпіш анамыз жаны жайсаң, мейірімді жан болатын. «Алтын алқа» иегері. Бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған батыр ана үй шаруасында болды. 2016 жылы 20 мусымда қасиетті Рамазан айында дүниеден өтті.
Сағынбекова Дамелі
1937 жылы 1-ші сәуірде дүниеге келген. 1955 жылы Болат ағамен отбасын құрды.
Өмірге 10 бала әкеліп, тәрбиелеген. Ауылдың әр маусымда болатын түрлі жұмыстарына қатысып жүріп, үй шаруасын да айналдырып бала шағаның тәрбиесінде болған. Қазіргі таңда зейнеткерліктің рахатын көріп, Баласы Қайролла мен келіні Кенжегүлдің қолында, ардақты әже болып немере, шөбере көріп отыр.
Сапабекова Амина Салыққызы
1941 жылы 19 желтоқсанда Шоман ауылында дүниеге келген. Туғанына 40 күн толғанда әкесі Сапабекұлы Мұхаммедсалық ҰОС – на аттанған. Ал 10 жасқа толғанда анасы Есіркепқызы Маржан Сарыөлең ауылында қайтыс болады. Әкесі соғыстан келгеннен кейін ауылдың түрлі жұмыстарында жүрді. Бастауыш мектепті Сарыөлеңде оқып, одан Шоманда жетіжылдық мектепте оқып, білім алған. Мектеп бітірген соң Қарағанды қаласына барып, кондитерлік училищеге түсіп, бітіріп шығады.
1960 жылдың қыс айында Жанахметов Задамен отбасын құрады. Ол кезде «Октябрьдің 40 жылдығы» аталды, қазіргі Жаңа тілек ауылында тұрған. Сол жерде екеуі өз қолдарымен үй салып алады. Сол салған үйінің орны қазіргі күні Алланың үйі мешіт боп бой көтеріп тұр. Онда екі үш жылдай тұрып, Шоманға көшіп келеді. Колхоз, совхоздың қай жұмысы болсын адал атқарып жүріп, зейнеткерлікке шықты.
Дүниеге 11 бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Ауылдың бетке ұстар сабырлы, салиқалы, ақ дастарханы берекелі, мерекелі әжесі атанды. 2010 жылы 30 қарашада дүниеден өтті.
Сейфуллина Рымтай
1941 жылы Соғыс ардагері Бұланбаев Слан атаның отбасында дүниеге келді. 1957 жылы ауыл азаматы Сейфуллин Ғинаятпен отбасын құрып, 5 ұл, 3 қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген. Ауыл шаруашылығының әртүрлі жұмыстарына араласып, талмай еңбек етті. Сол еңбекпен жүріп балаларды өсіріп, отбасының да шаруасын ұршықтай йіре білді. Күміс және алтын алқа иегері. Қазіргі күні 85 жасқа келіп, келіндеріне үлгі – өнегесімен бөлісіп, немере, шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты асыл әже.
Қожанова Тұрсынбикеш
1941 жылы 19 наурызда Майқайың кентінде дүниеге келген. Әке анасының баскөтерер жалғыз қызы бастауыш мектепте үздік оқушы атанып, мектеп қабырғасында суреті ілініп тұрған. 1948 жылы барып, 1958 жылы мектепті бітіріп шыты. Кейін ученик – продавец болып жұмыс істейді, анасының өтініші бойынша тігінші де болады. Одан соң «Майқайың золотода» (сгустильца) жұмыс атқарды. Осы жұмыста жүргенде кешкі медшкола ашылып, сонда екі жарым жыл оқып бітіріп шығады.
1964 жылы Шоман ауылының тумасы Көбешов Диханмен отбасын құрған. 1969 жылы осы ауылға көшіп келіп «Южный» совхозына , қазіргі «Ж. Шанин» ауылы, дәрігер боп жұмысқа тұрды. Шихова Асия, Шұға, Клара атты дәрігерлермен бірге бір жыл істеп , бір жылдан кейін Шоманға орналасады. Содан зейнетке шыққанша қажырлы еңбек етеді. Сол еңбектің арқасында төңіректе қаншама кіндік балалары бар. Осы төңіректе ғана емес қазіргі күні бір шеті Кавказ, бір шеті Украинада екен. Күн демей, түн демей фермаларға шақырса қыс жаз, ыстыққа күйіп, суықта тоңып жұмысының барысымен жүрген дәрігер ана 9 құрсақ көтеріп, тәрбиелейді. Ақ жаулықты әже атанып, ауылдың әртүрлі мәдени шараларына қатысып, жүлделерге ие болды, Ауылдың ажарын арттырып, көрік келбетін келістірген әдемі әжеміз 2019 жылы 78 жасында 30 наурызда дүниеден өтті.
Шайкенова Забира
14.11.1943 жылы туған. Алтын алқа иегері. Бакирбеков Шаймерден екеуі 8 бала өсіріп, тәрбиелеген. Зәбира әже бар ғұмырын үй тірлігі мен бала тәрбиесіне арнаған адам. Қазіргі таңда немере, шөберелерінің қызығын қызықтап отырған асыл әже. Әлі күнге дейін қолынан ине жібі түспеген.
Жакина Бақыт
1948 жылы туған.
1965 жылы Жакин Қажымұратпен отбасын құрған, колхоз, совхоздың әртүрлі маусымдық жұмыстарында болды. Қазіргі күні зейнеткер әже. Балалары мен немере, шөберенің қызығына ортақ боп, тілеуін тілеп отыр. Ауылда өтетін барлық мәдени іс – шараларға қатысып, бел ортасында жүреді.
12 құрсақ көтерген.
Алькенова Сарқыт
1950 жылы 20 ақпанда Қарағанды облысы, Ульяновка ауданында (қазіргі Ботақара) дүниеге келген. 1963 жылы ата анасы ата қонысы Шоманға көшіп келді. Он жылдық мектепті Шакен Айманов атындағы орта мектепте оқып бітірді. Целиноградтың товаровед оқуын сырттай оқыған. Сырттай оқу оқып жүріп, управлениеде секретарь – машинист болып жұмыс істейді. Кейін аудандағы универмагында сатушы болды. 1970 жылы ауыл азаматы Алькенов Балтабаймен отбасын құрып, сол жылы совхозда кадр бөлімінде қызмет атқарады. Кейін аудандық советтің депутаты болып сайланады. Қазіргі таңда зейнеткер ана мен әке 7 перзент тәрбиелеп өсіріп, 16 немере және екі шөбере сүйіп отырған сүйікті ата әже 55 жыл отасып, бақытты ғұмыр кешуде.