Батыр аналар

Ауылымызда кеңестік заманынан «Батыр ана» атты атағына ие болғандар:

 

1.     Нығметова Париза

2.     Елубаева Шәрипа

3.     Жұмағұлова Күляйым Білялқызы

4.     Кәлимоллақызы Әсия

5.     Жалпақбасова Күлбарам Мәукеновна

6.     Аубакирова Қоңыр Жәкенқызы

7.     Бекмағамбетова Зейнеш

8.     Жүргімбаева  Нұрғайша

9.      Кәкенова  Күлзира

10.  Сағынов Майдаш

Ермекбаева Шәрипа Елубақызы 

1927 жылы күз айында Павлодар облысының, Баянауыл ауданының, Біріншімай (қазіргі Жарылғап атауы) ауылының маңындағы «Ортауыл» қыстауында  дүниеге келді. Сол қыстауда балалық шағы өтті. 1943-1945 жылдары Ұлы Отан соғыс кездері еді. Ауылда қалған ер адамдар олар мүгедек, үлкен жастағы адамдар мен әйелдері тыл жұмыста жұмыс жасайтын. Ол кезде қатал заман еді, 16 жастағы Шәрипа Елубайқызы  тылдағы жұмысқа кіріседі. Көктемде өгізді жегіп, егін салуға барады. Жазда тракторшылар шөп шауып, әйелдер  өгізді арбаға жебеп шөпті артып ауылдарға апаратын. Күзде егін жинап, қоймаға апарысатын. Солдаттарға шұлық тоқып, қысқы киім тігіп жіберетін.

1945 жылы Ермекбаевтың әулетіне келін болып түседі. Ол әулетте жолдасының Сақи деген әжесі болған, ол кісі көз жанары көрмеген екен. Соның қолында Қайыржан (ол жолдасы) мен інісі Әбілқайыр болған. Сол әулетте келін болып қалады. Әжесін күтісіп, кішкентай інісіне қарасады. Ол кезде нан тапшы болғасын, алақандай бидайды тартып, одан нан пісіретін. Үйдегілерге тамақ істеп, тыным таппай тылдағы жұмысын жалғастырып істейтін. Жолдасы бір айдан кейін соғысқа аттанады. Соғыс біткен соң, Ком.Гвардияда жұмыс жасауға қалады. 1950 жылы жолдасы Қайыржан Ермекбайұлы еліне оралады.

Шәрипа  Елубайқызы 1951 жылында тұңғыш қызын дүниеге әкелді. Кейін тағы 9 бала дүниеге әкелді. Оның ішінде 3 ұл, 7 қыз балалары бар. Жолдасымен бірге балаларын жақсы тәрбие беріп, әр баласын маман иісі қылып, оқытып-тоқытып қызды қияға, ұлды ұяға қондырды. 1963 жылдың 16 шілдесінде 1 дәрежелі «Алтын алқа иегері»  атты медальмен марапатталған. 

Жұмағұлова Күляйым Біләлқызы

1938 жылдың 7 ақпанында Омбы облысында дүниеге келген. 1942 жылы Ұлы Отан соғыстың кезінде өз отбасымен көрші Ресейден, Қазақстанға әуелде Павлодар облысының қаласының, Ақсу ауданына қоныстанады. Кейін Баянауыл ауданының Майқайың кентіне көшіп келеді. Күляйым Жұмағұлова жастайынан шаруаға пысық болады. Еңбекке ерте араласты. Жастайынан 13-14 жасынан қоғамдық жұмыстардың ортасында жүретін. Жас кезінен өнерге жақын болғандықтан, Майқайың мәдениет үйінің сахнасында талай рет әдемі дауысымен тамылжыта ән салып, мың бұрыла би де билейтін.

1957 жылы Әбілқайыр Байтокинмен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Содан бері отағасымен жұбы жазылмай, өмірінің қызығы мен шыжығында бірге болды. Жолдасы Әбілқайыр жазғытұрым жайлауда кеншардың малын бағып, шөбін шапса, Күляйым Біләлқызы қасынан табылып, аспазшы болатын. Өмірге 11 перзент әкеліп, «Батыр ана» медалімен марапатталған.

Жұбайы Әбілқайыр Байтоқұлы 1936 жылдың 14 сәуірінде Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, бұрыңғы 1 Мамыр, қазіргі Жарылғап ауылында дүниеге келген. Пайым-парасаты жоғары, әр нәрсені ақылғы жеңдіріп, шүкіршілік ете білетін, қой аузынан шөп алмас мінезге бай көрікті де, келбетті, ақкөңіл де ақжарқын, әрі діндәр адам болған. Атасы Алтыбай мен Сағи әжесінен тараған  екі ұл: Ермекбайдан-Қайыржан, Байтоқадан-Әбілқайыр туыпты.

Үш жасынан асқанда анасынан айырылып, бір жетім атанса, бес жасында майданда аттанған әкесі Байтоқа мен ағасы Ермекбай қанды шайқастан қайта оралмай, тұл жетімге айналыпты. Асылдың сынығындай болып жалғыз қалған немересін соқыр әжесі Сағи бауырына басып өсірген. Өзінің зағиптығына қарамай, әке орнына әке, шеше орнына шеше болып, аман-есен адам қатарына қосқан нағыз батыр ананың ерлігіне тең келер ерлік болмас сірә.

Әбілқайыр қара жұмыс істеп, ерінбей еңбек етіп, елмен бірге есейді. Егін орып, мал бақты. Кейін бейбіт заманында да көптеген ауылдың қара жұмысын істеді. «Жетімнің жары – Құдай» дегендей, әкеден қалған жалғыз тұяқ өсіп-өніп 6 ұл, 5 қыздан тараған ұрпақтарын көріп сүйді. Адал еңбегінің өтеуіне 1978 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Жолдасы Әбілқайыр зейнеткерлікке шыққан соң, бес уақыт намазын қалт жібермей, 2018 жылы ақпан айында 82 жасында дүниеден озды.

   Жарынан  айырылып, қабырғасы сөгілген Күляйым ана жан дүниесі жабығып, көкірегі қарс айырылса да, өз бойынан күш-қуат тауып, «балаларым-байлығым» деп өзін-өзі жұбатты. «Қуанышым мен қызығым- немере-шөберелерім» деп өзіне басу айтты. Жүрегінде маздаған махаббат мейірім шуағын ұрпақтарына шашты.

Еңбекпен есейген Күлйым Біләлқызы зейнет жасында да тыңбай, ауыл әжелерімен алаша тоқы п, сырмақтарға балалардың есімін жазды, ою ойып, киіз басты. Сол алашалар әлі күнге дейін сақталып келе жатыр.

Ел анасына айналған абзал жан «Үлгілі ана», «Отбасы тәрбиесі»,  «Отбасы бірлігі» сынды ауылда өтетін игі дәстүрлі шаралардың төрінен орын алып, өмірден көргені мен білгенін, жиғаны мен жиғаны мен  түйгенін келіндеріне үйретіп отырды.

Күляйым ана отағасымен 62 жыл отасып, күміс, алтын, тойларын тойлады. Қазақтың бақытты қариялары қатарынан табылды. Отағасы Әбілқайыр Байтоқаұлымен бірге 11 перзент өсіріп, оқытып- тоқытты. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бүгінде осы Қанат (Гауһар), Бибінұр (Қуат), Жанат (Маржан), Маржан (Мервали),  Айжан (Қанат), Марат (Алтынай), Гауһар (Мұхтар), Меруерт (Жұмат), Болатбек (Алтынай) және Самат (Айгүл) есімді перзенттерінен тараған 30 немере мен 34 шөбересінің ортасында тамырын тереңге жайған алып бәйтеректей жайқалған ардақты ана, асыл әже атанып отырды. Күляйым Біләлқызы 2023 жылдың 3 қантарында дүниеден озды.

Нығметова Париза

1947 жылдың 17 ақпанында Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Белағаш ауылында дүниеге келген. Руы Қозған–Сарықыз. Балалық шағы Белағаш ауылында ата-анасымен, ағаларымен бірге өтті. Әкесі тыл жұмысын жасаған екен. Париза Нығметқызы жастайынан шаруаға пысық болатын, әр шаруаны дөңгелетіп алып кететін. 12-14 жасынан қоғамдық жұмыстардың ортасында жүретін. Бес саусағынан бал тамған қыз, тоқыма тоқып, іс тігіп, теріні әкесімен илеп алып, одан малақайлар, тон тігетін. Қолынан түрлі әдемі көрпелер тігіп, тоқырау-жоқшылық кездерінде елге киім, шұлық, бас киім тігіп елге беретін. Ауыл әже-келіншектермен бірге киіз басып сырмақ тігетін. Жастайынан өнерге де жақын болған екен. Сыңғырлаған әдемі дауысымен ән салып бәрін баурап алатын.

   1963 жылы 16 жасында жас қыз жұбайы Төлеутай Жұмабекұлымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Содан бері отағасымен жұбы жазылмай өмірдің қызығын қызықтап, ауыртпашылығын бірге көтерген екен. Жолдасы тракторист болып жұмыс жасаса, Париза Нығметқызы стрижкада қой қырқуда болып жұмыс жасаған. Өмірге 11 перзент әкеліп, І, ІІ, ІІІ дәрежелі  «Батыр ана» медельдарымен марапатталды.

Төлеутай Жұмабекұлы 1938 жылдың 25 қазанында Павлодар облысы, Баянауыл ауданы бұрыңғы 1 Мамыр, қазіргі Жарылғап ауылында дүниеге келген. Балалық шағы 1 Мамырда ата-анасымен бірге, әкесі-Жұмабек, анасы-Зәпирамен өтті. Төлеутай Жұмабекұлы сөзі өткір, тік мінезді, тентек адам болған екен. Бұл кісі Құрама кезінде, механизатор болып жұмыс жасаған. Ерінбей еңбек етіп, елмен бірге есейді. Трактормен жаз уақытында мал азығын дайындап, шөп шауып, ауылдарға апаратын. Қыс мезгілінде қыстаудағы малшыларға көмекші болып қызмет атқарып, көктемде жер жыртып, егін салатын. Адал еңбегінің арқасында 1978 жылдары социалистік жарыстың жеңімпазы «Еңбек ардагері», «Еңбек адамы» медальдарымен марапатталды.

  Төлеутай Жұмабекұлы 1993 жылы зейнеткерлікке шықсада, үйде бос қол отырмады. «Өзіме ермек қой» - деп,  денсаулығы мықты ата, шаңырақтағы  баласына мал шаруашылығын бірге дөңгелетіп, бертінге дейін атқа мініп, мал бағып көмектесетін. Балаларына ақылшы, демеу болып отыр.

Париза жастайынан пысық болғасын үй  шаруашылығын оңай дөңгелетіп, шаңырақтағы мал шаруашылығына араласып жүре берді. Енесі оны қолпаштап, жас қой әлі деп өз баласындай көрді. Париза Нығметқызы қолы ашық, ақпейілді, адамға деген сыйластығы сонша, дастарханы қонақтан арылмайтын. Ақты мол қылып, бауырсағын етін, қымызын бен дастарханын жаятын. Қонақтары бос қол кетпейтін.

Елге де балаларына да, күйеу бала мен келіндеріне, немерелері де «Дана да, дара жан» болған кісі екен. Ел іші әрдайым сый-құрметпен, мақтанышпен қимастықпен әңгіме қылып айтады.

   Париза Нығметқызы жолдасымен әр перзентін бөліп жармай, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған Гүлнар (Бауыржан), Ақмарал , Ғабит(Гауһар), Талғат (Әлия), Сағадат (Аркен), Бағдат (Айман), Дәуренбек (Мейрамгүл), Манарбек (Малике), Саябек (Қырмызы), Ғылымбек (Жұлдыз), Самал (Нұрлан) атты перзенттерінен 29 немере 7 шөбере сүйген екен.

2005 жылдың күзінде Париза Нығметқызы дүниеден озды.

Жалпакбасова Күлбарам Мәукеновна

1950 жылдың 20 шілдесінде Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағы отбасымен ата- анасымен өтті. Отбасында 8 ағайынды болды, әке-шешесі тылдағы жұмыс жасаған екен. Үлкені өзі болғасын  мектепте оқуын оқып келіп, үлкен жауапкершілігімен іні-сіңілеріне қарасты. Жастайынан қоғамдық жұмыс ортасында жұмыс жасады. Колхоз заманында Стрижкада қой қырқып, мектепте еден жуып жұмысын атқарған екен.

1969 жылы 19 желтоқсанында жұбайы Жалпақбасов Жеңіспен бірге көңіл жарасып, шаңырақ көтерді. Жеңіс Жалпақбасұлы өте ақкөңіл, досқа адал, биязы адам болған екен. Өмірге 11 перзент әкеліп, І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Батыр ана» медальдарымен марапатталды.

   Жолдасы Жалпақбасов Жеңіс 1945 жылдың 28 қыркүйегінде Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, бұрыңғы 1 Май ауылы, қазіргі Жарылғап ауылында дүниеге келген. Бейбіт заманында Колхоз құрамада механизатордың бригадирі жұмысын атқарды. Жер жыртып, егін салып, шөп шауып, мал азығын дайындап, қыстауларға трактормен тасып беретін. Күлбарам Мәукеновна бірге тұрмыста болса да, Колхозда Стрижкада қой қырқу жұмысын жасаған екен. Үйдегі ата- енесіне қарасып отырған екен. Адал еңбек еткеннен талай марапаттар алған екен, оның ішінде «Еңбек ардагері», медальдарымен марапатталды.

Жеңіс Жалпақбасұлы 1990 жылдары зейнеткерлікке шықты. 2014 жылы 18 желтоқсанында дүниеден озды.

Күлбарам Мәукеновна өзінің күнделікті шаруа қылып, өзінің қол өнерінен ермегін тауып, іс тігуден түрлі көрпелер,киімдер, тоқыма тоқып рахатын табады екен.

   Қазіргі күнде 11 перзентін ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, одан 16 немере сүйіп отыр. «Ардақты ана», «Үлгілі ене», «Асыл әже» деп балалардың ортасында сый құрметпен отыр.

Кәлимоллақызы  Әсия

1938 жылдың қараша айында Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, бұрыңғы Южный ауылы, қазіргі Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген. Жастайынан өте пысық, мінезі биязы, ақпейіл адам болған екен.

   Әсия Кәлимолла қызы 1957 жылы Темиргаков Теміршот Темірғауұлымен көңілі жарасып, тұрмыс құрды. Теміршот Темірғауұлы тік мінезді, жанашыр жан болатын. Өмірге 14 перзент әкеліп, «Батыр ана» І, ІІ, ІІІ дәрежелерінің медальдарымен марапатталды.

Теміргауков Теміршот Теміргауұлы 1938 жылдың 6 қарашасында Баянауыл ауданы, бұрыңғы 1 Май ауылында, қазіргі Жарылғап ауылында дүниеге келген. 1954-57 жылдары ауылдың учетчигі болып жұмыс жасады.

Колхоз заманында 1958-1990 жылдары бухгалтер жұмысын жасап, кейін зоотехник жұмысын жасады. 1993 жылы зейнеткерлікке шыққан екен.

Адал еңбек еткеннен талай марапаттар алған екен, оның ішінде «Еңбек ардагері», медальдарымен марапатталды. 2022 жылдың желтоқсанында қайтыс болды.

  Әсия Кәлимоллақызы жұбайымен бірге 14 баласын ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, қазір 29 немересін көрері бар, көрмегені бар екен. 1998 жылы қаңтар айында қатты ауырып, қайтыс болды. 

Аубакирова Қоңыр Жәкен қызы

1949 жылдың 25 қыркүйегінде Баянауыл ауданы, бұрыңғы Южный, қазіргі Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген. Балалық шағында отбасымен Лекер қажы ауылына қоныс аударды. Балалық шағы сол ауылда өтті.

1967 жылында жұбайы Аубакиров Айтмұқанмен танысып, көңілдері жарасып, тұрмыс құрды. Жұбайы 1937 жылдың 5 мамырында дүниеге келді. Колхоз кеңестік кезінде поштаның қызметкері болып жұмыс жасаған екен. 25 жыл жұмыс асап, талай мадақтама қағазын алған екен. 1986 жылдың қыс мезгілінде қайтыс болды.

Артынан 11 перзенті қалған. Қоңыр Жәкенқызының қабырғасы қайысып, 26 жаста жесір атанды. 11 баласын өмірге әкелгесін, қиын заман болсада, алланың қолдауымен осы күнге дейін жеткізді. Балалары әрбіреуі бір маман иесі, ұлды ұяға, қызды қияға жеткізді. Қазіргі таңда 11 баласынан, 19 немере сүйіп отыр. І, ІІ,ІІІ дәрежелі «Батыр ана» атты медальдарымен марапатталған.