Ауыл тарихы

Жарылғап (2011 жылға дейін – Бірінші Май) — Павлодар облысы Баянауыл ауданы, Күркелі ауылдық округі құрамындағы ауыл.

Аудан орталығы — Баянауыл ауылынан оңтүстікке қарай 40 км-дей жерде.

 

Жарылғап ауылы кезінде Баянауыл болыстығы құрамында болған. Ауыл халқының негізі Қаржас-Ақша руының Жиенәлі атасынан таралған ұрпақтардан құралған. Жарылғап ауылы бірнеше рет атауы өзгеріске ұшыраған ауыл. Ауылдың атауының бірі - «Белағаш». Ауылымыз орналасқан өңірде орман жамылғысының молдығына байланысты Белағаш деп атаса керек... Баянауыл Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы картасында, ауыл маңындағы ормандар Белағаш ормандары деп көрсетілген.

Қазіргі Жарылғап ауылында 1932 жылғы зобалаңға дейін, осы жерде ата-бабасы өсіп өнген 14 ауыл болыпты. Колхоз құрылғанша әр ауылдың өз атауы болған.

  Дүйім қазақ көрген қырғын біздің ауылға да жеткен болатын. Белағашты мекендеген ауылдар заманның ауыртпалығына шыдамай, аштық қысып жүдеген ел, жаяу-жалпы жан-жаққа ауып, көшіп кеткен. Жеткендері Омбы, Қарағанды, Кереку сияқты қалаларға барған.  Нәубет жылдары үдере көшкен ел үйін де, дүниесін де тастап кеткен.

Елі кетіп, үй иесіз қалған соң 1932-1933 жылдары бұрыңғы «Қарамола» болысының, кейінгі «Жосалы» совхозына қарасты Қызылтау маңында 19-шы ауыл деген жерде тұрған адамдар, бос тұрған ауыл іздеп біздің Белағаш елді мекеніне қоныс аударған.

Баянауыл ауданында ел аштықтан қырылғаннан кейін 1933-1934 жылдары шаруашылық ұжымдастыру қайта қолға алынған. Бұрыңғы колхоздар қағаз бетінде болмаса, шын мәнінде халқы қалмаған болатын. Көшіп келіп орныққандар колхоз ұйымдастырып, оның атын бұрынғыша «Белағаш» қойған.  Жан – жаққа кеткен туған - туыстарға «Елге келсін, ел боламыз!» - деп хабарлап, ескерткен соң 1936-1938 жылдары ағайындар 10-15 үйден көшіп келе бастады. Ағайын-туыстар жиналып, өз үйлерін қайтып алған соң, мұңдағы отырғандар үйсіз қалды. Енды олар Жарылғап ауылынан көшуге мәжбүр болды. Екі-үш жылда «Белағаштық» болып үйреніп қалған  оларға қайыра көшу де оңай болмады. Ол кезде аштықтың  кесірінен біраз ауыл бос қалған еді. Содан маңайдағы жерді аралағанда Жайма ауылдық округіне қарасты бүгінгі Белағаш, бұрынғыша Едіге би ауылының біраз үйлері бос қалған екен. Кезінде «Сексен үйлі Едіге би ауылы» атанған тоз-тозы шығып, халқы босып кетіп,  басым көпшілігі қайтып оралмаған болатын. Міне осы ауылдарға қоныстануға барған адамдар, біздің ауылдан барғандықтан «Белағаштықтар»  деп атады. Олар бара сала  «Белағаш» деп колхоз атын алып  барды. Ал, енді ғана басы құралып, ел бола бастаған біздерді «Құрама» колхозы      атап жіберді. Оның басшысы Әбіш Әлжанов деген адам болды. Колхозымыздың орталығы ескіше «Жарылғап» ауылының орны, осы орын күні бүгінге дейін бөлімшенің орталығы. Сонымен, 1940 жылдары соғыстың алдында «Құрама» колхозы көктемгі егістікті 1-ші май мерекесіне аяқтайды. Осыған байланысты колхоздың атын  «Бірінші май» колхозы деп аталды.

Міне, осылайша 10-15 жылдың ішінде ауылдың атауы 3 рет өзгереді. 1945 жылы Бірінші май колхозының төрағасы Ә.Бектеміров болды. Үй саны 55-ке жетті. Осылайша Бірінші май колхозы 1957 жылға дейін колхоз деп аталды. 1950-1952 жылдары бірнеше колхоз қосылып үлкейтіліп, Бірінші май колхозына Белағаш колхозы қосылған. Осы  жылы Баянауыл колхоздарының саны 13, ауылдық советтің саны 16 болды. 1957 жылы Белағаш колхозы мен Бірінші май колхозы Белағаш ауыл советінің қамтуында болды. 1957 жылы колхоздарды совхозға бере бастады. Алексеевка совхозының қарамағына өткен «Бірінші май» мен «Белағаш» 4-ші бөлімше атанды. 1959 жылдың маусым айында Алексеевкадан бөлініп, Октябрьдің Қырық  жылдығы совхозына қосылып, 2-ші бөлімшесі болды. Қырық  жылдық совхозынан Жайма совхозы жеке бөлініп ұйымдасқасын Белағашты Жайманың бөлімшесі қылдырды. Бұрын әйтеуір бір жалғанып тұрған «Белағаш» атауынан бір жола айырылғаны да осы жылдар еді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы ауыл шаруашылық саласы құлдырай бастады. 1995-1996 жылдары аудандағы ұжымдық  шаруашылықтардың барлығы өндірістік кооперативтер құрып, басшыларын өздері сайлап, мүлік пен жер үлестерін есептеп, жеке шығам деушілерге есептеп беріле бастады. Содан 1995 жылы «Бірінші май» бөлімшесі Жаяу Мұса атындағы шаруашылықтан өз үлесін алып бөлініп шығып, өз алдына жеке өндірістік кооператив құрып «Күркелі» ауылдық әкімшілігіне қарады. Бірақ 1-2 жыл ішінде нарықтың қиын сәтіне шыдамай, жеке ұжымдық бөлімше құжат түрінде ыдырап, «Күркелі» ауылдық әкімшілігінің бір бөлімшесі есебінде ғана қалды. Енді бұрынғы ортақ ұжымға біріккен мал шаруашылығы бір жола құрдымға кетті. Әркім өзіне тиесілі жеке меншік мал өсірумен шұғылданып қалды.

      Кеңестік кезде құрылған «Бірінші май» атауын қайтсем де өзгертем деп марқұм  Кәрімтай атамыз біраз терін төккен екен. Ауыл атын өзгерту мәселесі 2006 жылдары Күркелі округінде мәжілісте қарастырылып, одан әрі аудан, облыстық ономастикалық комиссияға жіберілді. 2010 жылғы 28 желтоқсандағы «Павлодар облысының кейбір елді мекендерін қайта атау туралы» №304/19 қаулысына сәйкес, Баянауыл ауданы Күркелі ауылдық округі Бірінші май ауылы тұрғындарының пікірін ескере отырып Павлодар облысының әкімдігі «Жарылғап» ауылы деп атауға шешім шығарды. Міне, осылайша ауылымыз тарихи бір атауына ие болды. Кезінде Мұса Шорманов округтік аға сұлтан кезінде Жолшараұлы Жарылғапты үкіметке беретін салық, елдік тәртіп мәселесін шешетін рулық биі сайлаған.  Елдің бетке ұстар адамы болғасын ауыл қонысын  Жарылғап ауылы деп атаған. Бір ғасырдың астам уақыттан кейін Жарылғап атауы  қайыра қайтып келді.

Тың игеру жылдары

Тың жерлерді игеру жылдары қарсаңында бой көтерген ауылымызға бірнеше жылдар болды. Өзінің тарихы бар осы ауылдың іргесін қалап,  қажымай ерен еңбектерімен тер төгіп,  еңбектері арқасында қырмандары астыққа толы болды. Қазақстан Республикасы бойынша жиналған миллиард пұт астыққа біздің ауылымыздың көтерілуіне үлес қосқан ауыл жақсылары бүгін ортамызда.  Кеше олар әр салада еңбек еткен, өз заманының еңбекқор азаматтары болса, бүгін ұрпағын жайған ұлағатты зейнеткер қария.

Кеңестік кезде Бірінші май ауылы егін салып, мал шаруашылығы, оның ішінде қой шаруашылығымен айналысқан ауыл болды. Бірінші май бөлімшісіне Шоқпартас, Бетағаш, Алтыбай, Ортауыл,  Бәлтеш, Қанай, Тоқтықыстау, Майма, Сандыбай, Айнабұлақ, Ожар, Ырғайлы, Жуантөбе сияқты отар қой өргізген шопан қыстаулары қарады. Ал, ауыл халқы егін салып, малшылардың шөбін дайындады. Ұзақ жылдар қыстауда тұрып, қой бағып, қой төлдетуден үлгілі болған шопандар да баршылық. Атап айтар болсақ, Иіс Шумақов, Қуат Кейкин, Мұхамеджан Ахауов,  Қазтай Елубаев, Ертай Мұсабеков, Балтабай Қабирин, Әбілқайыр Байтокин, Нығметолла Сағынов, Алдажар Нұржанов, Қажыбек Теміржанов, Қуан Жүргінбаев және т.б. Ал, трактордың тілін меңгеріп, егіс даласында еңбек еткендер - Төлеутай Жұмабеков, Сейсенбай Сатыбалдин, Сағынтай Жұқашев, Жұматай Сыздықов, Жеңіс Жалпақбасов, Айтқазы Сағынов, Назым Мұқанов, Амангелді Жүргінбаев,  Мәжит Хасанов, Құнанбай Есжанов,  Шапағат Рақымбеков, Махаббат Рақымбеков,  Құлболды Сланбеков, Алтынбек Тайлақов, Серік Ыбышев, Жұмаш Еңсебаев, Адай Құлманов және т.б. Ауыл еңбегінде жүк көліктің тізгінін ұстағандар - Қарабай Бекмағамбетов, Ермек Есебаев, Жасқайрат Кендіров, Мақсұт Өмірбаев, Жанбалта Қожанов. Кезінде ауыл жылқысын арнайы бағатын кәдімгі жылқышылар -   Балтабай Қабирин, Абай Құлманов, Омаш Ермекбаев, Мәнап Тұрғымбаев ағаларымыз болды.

Ауыл еңбегінде Жантемір Нұржанов, Қинаят Сахауов мал қыстауларына жауапты зоотехник, Майтан Құлманов, Теміршот Теміргауков есепші қызметін атқарды. Байжан Қасымов ұзақ жыл бойы мал дәрігері болып қызмет етті. Бүгінде Күркелі округі бойынша Ғылымбек Жұмабеков бас мал дәрігері қызметін атқарып жүр.

Жоңқабай ата соғыстың салдарынан бір қолы істен шығып, қара жұмысқа жарамай қалады. Тіпті, бұл кісі қайтыс болды деген қара қағаз келіп, артынан алты айдан кейін бірақ тірі екендігі белгілі болады. Қолының кемдігіне байланысты ауыр жұмыстан босатылып көп жыл ауылымызда есепші, дүкен меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал, қалған соғыс ардагерінің қай-қайсысы болсын ауылдың көркею үшін адал еңбектерін атқарды.

Мінезі бір тоға, шаруақар Өмірбайұлы Кейкі атамызды жасының ересектігін ескеріп соғысқа алмай, Ресейдің тайгасында соғысқа қажетті ағаш дайындау жмысына алған. Ол кісі соғыс біткенше орыстың орманын отап, екі қолынан балтасы түспей еңбек етті. Елге келгесін ғұмырының соңына дейін шопан болды.

Ауылымыз 40 жылдық совхозына қарап тұрған кезде талай-талай бөлімше басшылары болды, солардың ең кейінгі басшылық  болды, солардың ең кейінгі басшылық еткендері - Қайыржан Ермекбайұлы, Алдамжар Кәрібайұлы, Құнанбай Көшерұлы. Ал, 1995 жылы 40 жылдық совхозынан бөлініп жеке кооперативтік ұжым болғанда Иіс Қайрақбайұлы басқарды.

Біздің ауылдан қоғам қайраткерлері де шықты.  Солардың бірі - Жарылғап бидің ұрпағы Айтыбай Әбішұлы. Ол – мемлекет қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Қазақстанның ауыл шаруашылығының аса ірі ұйымдастырушысы. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің екі шақырылымының депутаты.

Ауылдың көркі, білімнің қара шаңырағы мектеп. Байырғы мектеп орнына 1993 жылда салынған еді. Аядай ғана алтын ұядан талай-талай шәкірттер әліппе үйреніп, тәлім-тәрбие алды. Ауылдағы төрт жылдық бастауыш мектепте ұзақ жылдар бойы қаншама ұстаздар сабақ берді. Шалғайдағы біздің ауылға арнайы жолдамаменн келген ұстаздар да болды.

Сонау соғыс басталар тұста Әбікен Әлмұхаммедов, Әймажан Шайхин, Төкен Әмрин ұстаздық етсе, соғыстан кейінгі жылдары ерлі-зайыпты Балтабай Сейсенбеков пен Зәру Ибраева сабақ берді.

   1970 - жылдары Әйткеш Аяшинов, Бәкіш Аяшинова, Бәзкен Қасенов мұғалімдер осы мектепте бар білгенін үйретіп, ұрпақ тәрбиеленеді. Одан кейін Гүлнар Бәзкенқызы мен Жанар мұғалімдер келді. 1982 жылы Қаратаева Ажар Кәукенқызы мұғалім болып, ұзақ жыл мектепте қызмет етіп, ауыл мектебінен зейнетке шықты. Одан кейін 1995 жылы Ермекбаева Гүлжанат Тоқтарбекқызы мұғалім болып келді. Осы күнгі Гүлжанат Тоқтарбекқызы мектепке ие болып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері ауыл мектебінде қаншама жас мамандар қызмет етті, әлі де қызмет жасауда. Бүгінде Гүлжанат Тоқтарбекқызы, Айгүл мен Назгүл мұғалім ұстаздық етуде. Ұстаздың алдын көрген әр азамат елінің болашағы үшін аянбай еңбек етті. Сексен жылдан астам тарихы бар ауыл мектебі, әлі де ұрпақ тәрбиесіне атсалыса бермек. Ауылдың ұйытқысы мектеп екенін ұмытпаймыз.

    Бұл мектеп Зәрубай Бекішбекұлының қолдауымен байырғы мектеп орнына 1993 жылында салынған жаңа мектеп.

Мәдениет ошағы ауыл кітапханасы.

 

Жарылғап ауылында  2008 жылдың 8 шілде айында ауыл кітапханасы ашылған. Аумағы 42,4 шаршы метрден құрайды. Кітапханада 2366 кітап қоры бар,  оның ішінде қазақшасы 2031 дана кітап бар.


Кезінде совхоздың қой шаруашылығын жүргізіп тұрған қыстаулардың біразы бұзылып, иесіз қорымға айналды. Осы күні тек Орта ауыл, Бәлтеш, Шоқпартас, Ожар қыстауы ғана қалды. Бүгінде Жарылғап ауылында 25 үй бар. Ауыл халқының басым тұрғындары жеке меншік мал ұстап, күн көреді. Ауылымызда арнайы тіркелген шаруа қожалықтарын жүргізіп отырған ел азаматтары да бар. Атап айтар болсақ, Құрмаш Ермекбаев, Назым Мұқанов, Айбалта Қожанов, Жанат Бекмағамбетов, Ербол Ахауов, Сәкен Өмірбаев, Самат Байтокин, Ғылымбек Жумабеков, Қалиасқар Жоңқабаев, Ғалы Жүргінбаев, Манарбек Жұмабеков.

   «Қариялар- ауыл көркі» дейді ғой. Осы ауылдың тарихи соқпақтарының куәгерлері Төлейтай Жұмабекұлы, Балтабай Кәбираұлы ауылдың ардақты қариялары. Балтабай ағамыз-жер-су атауларын жақсы білетін, жады мықты адам. Өмір көрген қариялардың әрқайсысының өз айтары бар. Төлеутай атамыз 80 жастан асса да атқа мініп мал бағады. Алланың берген қуатының арқасында көп адамға үлгі болып тұр.

   Ауылда бастауыш сыныптық мектеп, кітапхана, медпункт жұмыс істейді. Жарылғап ауыл территориясы Баянауыл мемлекеттік табиғи ұлттық саябағы аумағына кіретіндіктен бес адам орман күзету жұмысынан қамтылған. Кезінде Өкпе Дүйсембайұлы бастаған орман күзеті жұмысы әлі жалғасын табуда.

Жарылғап ауылы-жылқы өсіріп, оның қызығын молынан көрген ауыл. Кеңестік кезден аудан көлемінде бие байлайтын ауыл ретінде аты әйгілі болды. Әлі де сол межеден түскен жоқ. Ауылдың 70-80 процент тұрғыны бие байлап, қымыз ішіп, артылғанын Баянауыл, Жасыбай демалыс орындарына саудаға шығарады.

Ауылымыз Жарылғап ауылы болып өзгертілгесін Құрмаш Ермекбаев ағамыздың бастамасымен ауыл кіреберісіне «Жарылғап ауылы» деген стелла орнатылды. Ауыл жастары білім алып, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін әр жерде еңбек етуде.