Соғыс ардагерлері

                 Сарбаз Садықтың бір қыры

Сапабектің Садығы деген есім бала күнімізден құлағымызға сіңісті. Ол кісі – Солнечный кентіндегі ардагерлер алқасының төрағасы Әнуарбек Садықовтың әкесі. Ауыл адамдары Садық атаның шежірешілігі, ақындығы туралы ауыздарынан суы құрып айтып отырушы еді. Кейін ұрпақтары ақын мұраларын кітап етіп бастырды, біраз бөлігін Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайына табыстады.

Бүгін біз майданнан аман-есен оралып, өнегелі өмірімен көптің көңілінде қалған Садық атаның басқа бір қыры – жауынгерлік жанкештілігі мен қырағылығына тоқталып өтпекпіз. Жалпы, соғыс десе, біздің көз алдымызға танк, самолет, зеңбіректер елестейтіні заңдылық. Алайда соғыста да күнделікті тіршілік өз ағысымен жүріп жатқаны ақиқат. Ол уақытта да әрбір ұсақ-түйек ескеріліп, жауынгерлердің атқаратын қызметі сан қилы болған. Мәселен, Садық атаның 22-ші олжа жинаушы Армия батальонының құрамында болған кезіндегі әскери қызметі олжа жинаушы болыпты. Майданға 1942 жылғы 12 наурызда кірген ол Брянск, Орталық, Белоруссия майдандарында соғысқан.

Екі рет жараланып, денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, Садық Сапабекұлы аталмыш батальонда болған кезінде үнемі командование тапсырмаларын тиянақты орындаумен ерекшеленеді.

Майданда жау жағынан да, Қызыл Армия жағынан да істен шыққан қару-жарақ аз болмаған. Ал кейбір техниканың құрылысы құпия. Қираса да, жау қолында қалдыруға болмайды. Оның үстіне, жаудан түскен қаруды да ұқсатып, пайдаға жарату керек. Садық атамыз осындай қару-жарақты бұзып, сұрыптаумен және тиеумен айналысқан. Ол түрлі калибрдегі 9600-дей снарядты сұрыптап, штабельдеген екен. Архив жазбаларындағы «металл тиеу нормасын 140-180 пайызға орындады» деген жолдарды оқығанда, атамыздың соғыс кезіндегі жауапкершілігіне сүйсіндік.

Тағы бірде сарбаз Садық азық-түлік қоймасын күзетіпті. Батальондағылардың да, өткен-кеткен командалардың да арасында қоймадағы азықтан дәмелілер аз емес еді. Дегенмен қырағы сарбаз онда ешкімді жақындатпай, өзіне тапсырылған мүлікті көзінің қарашығындай сақтай білді. Осы еңбегі үшін 1945 жылғы 9 сәуірде 48-ші Армия Садық Сапабекұлын «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

«Ленинград түбінде Ақмұқан аяқ баспаған бөлім жоқ»


«Жеңіс» газетінің 1976 жылғы 4 мамырда жарық көрген санында «Жауынгер журналист» деген мақала жарияланыпты. Авторы – А.Березин. Мақалада: «Ақмұқан әскерге аттанар алдында Баянауыл аудандық «Ленин туы» газетінде екі жылдай тілші болып қызмет істеген еді... Журналистің жұмысы қиын-ақ қой. Ал, қоршаудағы Ленинградта газетте қызмет ету екі, үш есе қиын болды. Газет «Отанды қорғауда» деп аталып, қазақша шықты. Жауынгер қазақтар өз тіліндегі газетті сүйіп оқыды. Оның бірінші нөмірі Октябрьдің 25 жылдығы қарсаңында 1942 жылы 6 қарашада шықты... Осы газетте Ақмұқан Сыздықбековтың «Соғыс батыры» деген мақаласы жарияланды. Бұл қолма-қол айқастың ері Сангерей Мұхамедияровқа арналған еді», - деп жазылған. Сонымен бірге, Ақмұқанды редакциядан да, баспаханадан да табу қиынға соғатыны, ол көбінесе майданның алғы шебінде жүретінін баяндалыпты. Осы мақаланы тауып, өзімізге тың арал ашқандай қуандық. Сол қуанышымыз  Екібастұздан жеткен тағы бір мақаламен екі, үш есе еселене түсті. Құрметті оқырман, назарыңызға Жанаргүл Қадырованың «Жеңістің» (қазіргі «Баянтау») журналисі болған Ұлы Отан соғысының ардагері Ақмұқан Сыздықбеков жайлы жазған мақаласын ұсынамыз.

 

Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде соғыс жылдары Ленинградта шығып тұрған «Отанды қорғауда» газетінің бірнеше саны ілулі. Оны мұражайға осы газет тілшілерінің бірі – Ақмұқан Сыздықбековтің отбасы табыстаған. Ақмұқан ағаның қызы Бақыттың қолынан «Отанды қорғауда» газеті тілшілерінің суретін көрдік. Ендігі әңгімені Ленинград құрсауындағы қазақ газеті және онда қызмет жасаған жерлесіміз Ақмұқан Сыздықбекұлы жайлы өрбітелік.

1942 жылдың орта тұсында Ленинград майданындағы өзге ұлт өкілдері ішінде қазақтар басым болды. Осы жайтты ескерген Совет армиясының Бас саяси басқармасы Ленинград майданында қазақ тіліндегі газет ашу туралы шешімге келеді.

Газет қызметіне 55-армиядан арнайы шақырылған Ақмұқан Сыздықбеков Бисен Жұмағалиев, Түймебай Әшімбаевпен бірге жұмысқа кіріседі. Алғашқы саны 1942 жылғы 7 қарашада жарық көрген қазақ тіліндегі газет жайлы хабар майдан даласына жылдам тарайды.

Жаңа жыл қарсаңында редакцияға бастық болып аға политрук – 40 жасар Абдолла Мадалиев келеді. Алматы обкомының жауапты қызметкері, Ленинградтағы жоғары партия мектебінде білім алған адам. Ал Түймебай Әшімбаев басылымда аудармашы, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарады.

«Алғашында  мақалаларымыз орысшадан аударылып, тек қана Ақмұқан жазған жауынгерлердің ерлік хроникалары сол күйінде жарияланып отырды. Бірақ оны редакторға көрсету үшін Түймебай орысшаға аударады.

Ақмұқан бұрын колхозда есепші болған. Соғыстың басынан майданда, ысылған жауынгер, мерген, қажырлы да ыждағатты. Алғы шепке баруды ұнататын. «Өзіне жеке берілген» оптикасы бар мергендік винтовкасын ала кететін. Алғы шеп алыс емес, ол көбінесе жаяу жүретін. Ленинград түбінде Ақмұқан аяқ баспаған әскери бөлім жоқ десек, қателеспейміз. Ақжарқын, қарапайым Ақмұқан майдандағы қазақ жауынгерлерінің ерлігіне қуанатын, біздің ағайындар туралы командирлерден, комиссарлардан, басқа ұлт өкілдерінен жылы сөзден басқа естімегеніне мәз-мейрам болатын», - дейді сол күндер жайлы естелігінде майдангер-журналист Бисен Жұмағалиев («Ленинград майданындағы қазақ газеті», «Егемен Қазақстан», 8.05.2014).

1943 жылдың ортасынан бастап газет бетінде тек ресми материалдар ғана орысшадан аударылып,  қалған материал қазақша шыға бастайды. Тілшілер аударма машақатынан құтылады. «Осының бәріне Түймебайдың еңбекқорлығы мен іскерлігі, жоғары лауазымды адамдар алдында өз пікірін тайсалмай айтатыны, білгірлігі себеп болғаны анық», - деп баға береді Бисен аға әріптесіне «Қазақтар Ленинград майданында» атты кітабында.

...Бұдан кейін газет «Туған Қазақстанда» деген айдар ашып, ел жаңалығының жаршысына айналады. Қазақ ақындарының өлеңдерін, «Ән үйренейік» айдарымен халық әндерін жариялайды.

1944 жылы Абдолла Мадалиев кері шақырылып алынады да, оның міндетін атқару Т.Әшімбаевқа жүктеледі. Кейіннен редакция тағы бір журналиспен – Қостанай облысының тумасы Асылхан Тұрғановпен толықты. 1944 жылдың қарашасында майор Кәрім Османов редакцияның жаңа басшысы болды. Ол бұған дейін «Отан үшін» (1942-1943) атты майдандық газеттің редакторы болған екен. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітов осы газеттің майдандық тілшілері болғанын айта кету керек.

Жалпы, соғыс уақытында тоғыз майданда қазақ тілінде әскери газеттер шығып тұрды. Солардың бәрі 1943 жылдың көктемінде қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хатын жариялайды. «Отанды қорғауда» газеті болса, басылым бетінде майданнан жауап хат жариялап, оған алғы шептегі жауынгерлерге қол қойғызып, елге сәлем жолдайды. Сол жылдары «Социалистік Қазақстан» газеті «Отанды қорғауда» газетіне шолу беріп, «Қаламының желі, сөздерінің уыты, ыстық лебізі бар Т.Әшімбаев, Б.Жұмағалиев, А.Сыздықбеков сияқты қызметкерлері бар» деп жазды. Майданның әскери кеңесі де еңбегін жоғары бағалап, үш тілші бірдей  «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

Соғыс бітуге таяу уақытта редакцияға тағы бір тілші жұмысқа қабылданады. Сол кезде газеттің бірінші бетіне Саяси Бюроның мүшесі А.Андреевтің 50 жасқа толуына байланысты БК(б)П Орталық Комитетінің құттықтауы беріліп, «Андреев» деген сөзде екі әріптің орны ауысып кетеді. Бұл саяси қате деп саналып, редактордың орынбасары Кәрім Османов, жауапты хатшы Түймебай Әшімбаев, тілші Асылхан Тұрғанов түрмеге жабылады. Кейін жаңа тілшінің газет ұжымына «редакцияда қазақ ұлтшылдарының ұйымы құрылған, оны басқарушы  үштік бар» деген сезікпен жіберілгені белгілі болады.

Осылайша, 1945 жылдың аяғында Ленинградта үш жыл шығып тұрған қазақ газеті жабылып, арыстай үш жігіт әскери трибуналмен жеті жылға сотталып кете барды. Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағамбетовтің ерлігін  тұңғыш газет бетіне түсірген майдангер-журналист Түймебай Әшімбаев 1957 жылы ақталып шықты. Ал лагерь азабына шыдай алмаған Кәрім мен Асылхан айдауда жүріп қаза болыпты.

Әскер қатарына 1938 жылы алынған кеңес офицері Ақмұқан Сыздықбеков өңіріне «Қызыл жұлдыз» орденін, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Әскери қызметі үшін» медальдарын тағып, туған жері – Баянауылға қайтты. Бикеш апамен отбасын құрып, «Южный» кеңшарында ғұмыр кешкен Ақмұқан аға 1982 жылы көз жұмды.

Оның «Отанды қорғауда» басылымы беттерінде қалған жазбаларын ерліктің мәңгі өшпес шежіресі деп білеміз.

 

                                                                          Жанаргүл ҚАДЫРОВА.                   

                                                «Баянтау» газетінің 90 жылдығы қарсаңында