Жер, тау, су атаулары
Елдің жер шекарасы былай болып бөлінген: жалпы жер көлемінің солтүстік қабырғаларына Найзақара, Сарытау, Саршоқы, Ақшоқы тауларының жоталары тіркесе, жалғасы келіп, әулиелі Қызылтаудың теріскей бетіне тіреледі, ал оңтүстік қабырғалығын Үшбатыр, Желтау, Қарадің тауларының жалғаса біткен жоталары әулиелі Қызылтаудың күнгей бетімен қосады. Күнбатыс жақ шекараны Ырғалы Алтыбай, Күшікбай таулары қоршап тұр, ұзындығы 50-70 шақырым, көлденеңі 40-60 шақырымды құрайтын кең байтақ алқап Ж.Шанин елінің жері болып табылады. Бұл аймақты негізінен ежелгі қазақ ауылдары құрайды. Ата жолымен айтар болсақ, Сүйіндік рулы елінің Құлболды, Қаржас аталарының үрім-бұтақтары және солармен бірге азын-аулақ наймандар, тамалар, қарауылдар мекен етіп және сол жерлер солардың ата қоңысы болып есептелініп келген. Бұл туралы нақты дерек 1897 жылғы жалпыресейлік халықтар санағының құжаттарында толық мәлеметтермен көрсетілген.
Таулар
Желтау – 980м, Қарадің – 965м. Қарауыл тау, Көзберген, Үрпек, Шаншар таулары.
Сәл аласа таулар: Ожар, Ырғайлы, Күшікбай, Алтыбай, Күркелі, Салқынтау, Шәдібек, Төлтай, Майшоқы, Әнет, Бөрікұлаған.
Өзен, көлдер
Сарыөлең өзені - бұл өзенге жеті бұлақтын суы келіп құяды. Дәрілік арналы, суы мол бұлақтар қатарына жатады. Бозай еспесі, Қырғын өзені, мол сулы Майбұлақ ағары.
Тұщы көлдер: Кіші Шалқар, Бозшакөл, Тақыркөл, Қарақоғалы көл, Қатынкөл, Ауызкөл, Қиякөл, Қамысты көл, Қапар көлі, Шоман көлі, Шөптікөл, Бөкет көлі.
Ащы көлдер: Үлкен Шалқар, Кіші Сарытаудағы Ащыкөл.
Павлодар облысы Баянауыл ауданының Күркелі ауылдық округі аумағында Батыртоғай аталатын шағын тоғай бар. Жергілікті қариялар тоғайдың бұлай аталуын 1756 жылы өткен Серектас шайқасына осы өңірден қол бастап барған Сәдірұлы Қараке батырдың есімімен байланыстырады. Яғни шөбі шұрайлы, бұлағы сарқыраған осынау жәннат өлке Сәти мырзаның немересі – Қареке батырдың ата қонысы болыпты. Осы тоғайға қарсы беттегі жақпар тастарға назар салсаңыз, дулыға киген батырдың бейнесі сияқты ерекше тас көзге бірден түседі. Біреулер тоғай атауын осы суретке әкеп тірейді. Бір қызығы, Батыртоғайдың көпшілік біле бермейтін басқа да құпиясы бар болып шықты.
– Жаңылыспасам, 1974 жылдың қыркүйек айының орта кезі болуы керек, – деп әңгіме шертеді бұл туралы күркелілік қария Нығмет Жәмінұлы.
– «Южный» кеңшарында экономист қызметінде едім. Астық орағына дайындық барысын тексере келген адамдарды кеңшар басшылары табиғат аясында күтпек болды. Қонақтар үшін Қарақуыс қойнауындағы көзден таса жер – Батыртоғай таңдап алынды. Тиісті қызметтік міндеттерімді атқарып, уәделі жерге жетем дегенімше уақыт түс мезгілі болып қалыпты. Батыртоғайды жағалап, бұлақ басына апаратын дөңге шыға келгенімде, бұрын көрмеген тамаша көрініске тап болдым. Жанымдағы серігім Риза Нығметов екеуміз әлгі суретті тамашалап, тілсіз тұрып қалыппыз. Қарсы алдымыздағы биіктігі 10 метрдей үлкен жартаста дене тұрқы түгел салынған батырдың суреті күнмен шағылысып жарқырап тұр. Дәл бір қолмен салынғандай, дөңгелек бетті, басында дулыға, үстінде шолақ жең берен, белдігінде қанжар, бір қолы бос, бір қолы белдікте, аяғында қысқа қонышты етік. Сызықтары ақсары бояумен жүргізілген сурет түрлі-түсті, сәулеленіп тұр. Көріністі қызықтап бөгелейік деп едік, етектегі кісілер қол бұлғап шақырған соң кідіре алмадық. «Батырды қайта барып көрерміз» дегелі де 30 жыл өтіпті. Менің айтқаныма қызығып, көрсетуімді өтінген талай адамды әлгі жерге ертіп бардым, сурет біреу көтеріп әкеткендей зым-зия.
Сондықтан «мен мына жерден қарағанымда ана беттен көрініп еді...» дегеннен аса алмай, өтірікші атандым. Сурет сырын сұрап білетін үлкендер де қалмады. Тек екі адам «сіз айтқан көрініс жайында ертеректе үлкендерден естіп едік» деді. Соның бірі Сапабеков Мақсұт: «Суретті өзім көрген жоқпын, бірақ әкем Садықтың дәл сіз көргендей қып айтып бергені есімде», – деді.
Бұл ғажайып құбылысқа мына бір жайттың да ұқсастығы бардай. 1963-1965 жылдары осы өңірдегі Қызылтау елді мекеніндегі ескі қорымда қыз бейнесі бар бір құлпытас болыпты. Сәукеле киген келбетті, қыр мұрынды, бота көз әдемі қыз суреті кеудесіне дейін салынған деседі. Шілде айының орта кезінде екі-үш күн тал түсте құлпытас күн сәулесімен шағылысып жанып тұрады екен. Ал сурет сызықтары жаңажылдық шырша шамдарындай жарқырайды-мыс. Ел бұл қорымды «жанып тұратын бейнелі жер» деп атап кеткен көрінеді. 1964 жылы қорымды Әлкей Марғұлан басқарған экспедиция келіп тексеріп кетіпті. Сонда құлпытас орнынан қозғалған ба, әйтеуір, кейін жанып тұруын доғарыпты.
Кім білсін, орнатқан шебер құлпытасты күн сәулесі белгілі бір нүктеге түскен кезде жанатындай етіп қойды ма екен... Батыртоғайдағы батыр бейнесі мен осы құлпытастың құбылуын ауыл адамдары егіз құбылыс деп есептейді. Олардың айтуынша, екеуінің де жарқырап жанатын шағы жылдың белгілі бір мезгіліне ғана дәл келеді.
Нығмет ақсақалдан бері Батыртоғай жанындағы жартастан жанып тұрған суретті көрдім деген тірі жан жоқ. Қызылтау қойнындағы құлпытас орнында болғанымен, онда да адам баласын селт еткізерлік ерекшелік байқалған емес. Біреулер ерекше тастардағы жоғарыда біз айтқан құбылыстар бір мүшелде, яғни 13 жылда бір қайталанатынын айтады. Оның өзінде күн сәулесінің белгілі бір уақытта тастың ерекше нүктелерін «тірілтуіне» байланысты.
Кім білсін, алдағы уақытта тас батырдың тылсым бейнесі көзге шалынып та қалар... Ал әзірге Батыртоғай жанындағы табиғат қолдан соққан дулығалы бейне батырлар жайлы талай әңгімеге арқау бола бермек.
Лекер әулиенің қорымы
Орналасқан жері: Күркелі ауылдық округі, Ж.Шанин ауылынан 30 шақырым жерде солтүстікке карай «Темірбек», «Қарамұрын» шатқалдары.
Қысқаша анықтама: Лекер әулие Бекболатұлы. Мекке Мәдинаға қажылыққа барғанда бір судың жағасында асатаяғына сүйеніп тұрғанда, бірге барған адамдардың көзінше көзден ғайып болады. Ол кісінің тек қана сүйеніп тұрған асатаяғы қадалған бойында қалыпты. Елге бірге барған адамдар ол кісінің асатаяғын ғана әкелген деседі. Сол асатаяқ баласы Айтмұхамбеттен бастап ұрпақтарына қасиетті мұра болып қалған. Жоғарыдағы қорымда Лекер әулие Бекболатұлының әулеттері жерленген.
«Сәрсенбай бұлағы»
Орналасқан жері: Күркелі ауылдық округі, Ж. Шанин ауылынан 30 шақырым жерде.
Қысқаша анықтама: «Сәрсенбай бұлағы» ерте уақыттан бері ел аузында сақталған және күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған дерек. Судың құрамында емдік, шипалық қасиеті бар элементтер кездеседі. Мысалы: қуықтан ауырған, бала көтермеген әйелдер осы бұлақтың суын ішіп, ем-дом жасаған екен. Сәрсенбай бұлағы аталуының себебіне тоқталсақ, ерте заманда Сәрсенбай есімді мерген аштық жайлаған жылдары халықты жабайы аң аулап аштықтан аман алып қалған. Осындай ізгілікті іс атқарған азаматтың есімімен бұлақты атаған.
Сәрсенбай бұлағындағы үлкен қорымда Сәрсенбай мерген және аталас туыстары Ыбырай қажы, заманында елге ерекше танымал болған Тайпақ әулие сияқты танымал тұлғалар жерленген.
«Әулие бұлақ»
Орналасқан жері: Күркелі ауылдық округі, Жұмат Шанин ауылынан 20 шақырым. Сарыөлеңдегі Әулиебұлақ күн батысқа, құбылаға қарай ағып жатыр. Және 30-40 метрден ары бармай, жердің астына сіңіп жоғалады.
Қысқаша анықтама: Абылай заманында Қызылтау жерінде өткен, ерекше қасиет иесі болған, аттым дегені мал болсын, жан болсын мұрттай ұшыратын Жанақ әулие Жаңабатырұлын білмейміз. Тірісінде әулие атанған Мәшһүр Жүсіпті өз еңбектері арқылы жаңа ғана танып жатырмыз. Баянауыл төңірегінде өмір сүрген Лекер әулиені, оның баласы Исабай қажыны, одан туған Айтмағамбет диуана мен Әліш әулиелерді, күні кеше ғана ортамыздан кеткен Әліпбайдың дуанасы, басқа да керемет қасиет иесі болған адамдар жайлы да хабарымыз шамалы. Осылардың ешқайсы да Мессинг пен Вангадан бірде кем емес. Бірақ біз оларды білгіміз келмейді. Бұлар туралы әңгіме қозғайтын адамдар да бүгінде таусылып біткен. Іздеушісі болмаса, бұдан былай біржола ұмытылады деген сөз.
Төмендегі әңгімелер Құлболдының Ақбура атасынан тарайтын Лекер әулие Бекболатұлы және оның ұрпақтары жайлы болмақ. Лекер әулиенің ата-тегін таратып айтар болсақ:Мейрам-Сүйіндік-Суғыншы-Шұманақ-Құлболды-Ақбура-Аққошқар-Қаралтай-Мұратай-Шәуке-Бекболат болып бөлінеді. Осы Бекболаттан-Лекер, Төлеу туады. Лекерден-Исабайқажы, одан-Айтмұхаммет, Әлмұхаммет (Әліш). Айтмұхаммет пен Әліш те қасиет қонған адамдар болған, оны төменде баяндай жатамыз.
Бұлақтың әулие атануының көпшілік осы өңірді мекендеген жеті әулиемен байланыстырады. Ауылдың құймақұлақ, шежіреші қарттарының бірі Нығмет Жәмінов әулиелердің атын: «Тәшмағанбет, Төлембек пен Жаулыбайды, Дәнсат абыз, әулие Мұратайды, Қажы Лекер баласы Исабаймен – «Жеті әулие» деп Мәшһүр елге жайды», – деп тізеді. Үлкендердің айтуынша, бұлақ басы ертеде әулие аталарымыздың дұға оқып, азан шақыратын мекені болған жер екен. Сол әулиелердің бірі – Меккеде құм бетіне асатаяғын шаншып, көкке ұшқандай ізім-қайым жоғалған Лекер әулие. Бұл күнде Лекер әулиенің Меккеге өзі ұстап барып, сапарластары арқылы елге жеткен асатаяғы – осы Екібастұз қаласында, ата ұрпақтарының қолында.
Ал бұлақтың сипатына келер болсақ, табиғи ерекшелігі: әдеттегідей бір емес, үш көзі бар. Үш көзінен дәмі де, қасиеттері де үш түрлі су ағады. Бұлақ суы қыста қатпайды және күн суықта ішсең де, тамағыңды қарымайды, ішуге жеңіл, жұмсақ. Таңғаларлығы – бұлаққа қаңтардың сақылдаған сары аязында келер болсаңыз, астынан жап-жасыл шөп өсіп тұрғанын көресіз. Бүгінде Әулиебұлаққа арнайы тәу етіп, суынан дәру іздеушілер қатары көбейген.
Аңыз-әңгіме: Енді бірер ауыз сөз Лекер қажының Меккеден келген асатаяғы туралы. Бұл асатаяқ соғыс жылдары Лекердің баласы Айтмағамбетте болады. Асатаяқты көзімен көрген Нығмет ақсқалдың жазуынша, оның көптеген сылдырмақтары, жанатын шырағы болған екен. Егер біреу-міреу ем алуға келе жатса немесе басқадай жайсыз хабар болса, асатаяқ Айтекеңнің өзі ғана түсінетіндей шылдырлап белгі беріп, жаңағы шамы жанады екен. Қазір осы асатаяқ Екібастұз қаласында Жабағының Мүбәрәгі деген адамның ұрпақтарының қолында сақтаулы. Бірақ бұрынғы қоңыраулары, шамдары жоқ. Құр таяқ пен басына кигізген найзаның ұшы секілді үшкір темірі ғана. Ағашының өзі сынып, қайта сапталған секілді. Біздің пайымдауымызша, бұл асатаяқ мұражайда, не басқадай белгілі бір жерде тұруы керек секілді. Бірақ оны ескеріп жатқан ешкім жоқ қазір. Айтмұхаммет әулиенің кереметін оқырмандарға жеткізу үшін, тағы да Нығмет Жәмінұлының «Құтты аймақ» кітабына жүгінелік. «Айтекең молланың қолына су құйып, батасын алып, сарқытын ішкен балалардың бірі мен едім,–деп жазады автор. Себебі, колхоз сиырын баққан ол кісімен ферма басында көрші тұрдық. Айтекеңнің желеп-жебеушісі, хабаршысы – атасы Лекер әулиеден қалған асатаяғы болатын. Төңіректегі босана алмай жатқан әйел, шалықтап ауырған адамдар болса, әманда Айтекең барып, көмек жасайды. Ал, бір жерде ауырған адамның бар екенін, оның қай бағытта тұратынын жаңағы асатаяқ білдіретін. Асатаяқтың қоңырауы шылдырлап, шамы жанса болды, Айтекең жолға жинала бастайды. Тура сол кездің жедел жәрдем қызметі десе де болады.
Лекер әулиенің асатаяғы туралы бір әңгімені бізге Баянауыл ауданындағы Қызылшілік ауылында тұратын Жұмат Құрманов ақсақал айтып еді.
Бұл сексенінші жылдары болған оқиға – дейді Жұмекең қария. Жеңіл машинамен сапарлап Қарағанды жағына кетіп бара жатқанбыз. Жолшыбай бір қойшының ауылының тұсынан өте бергенде, көліктің дөңгелегі жарылып, бөгеліп қалдық. Мен осыны пайдаланып, дөңгелекті жөндеп болғанша, дәрет алып, намаз оқи қояйын деген оймен қойшының үйіне беттедім. Жақындай бергенде, бір әйел адам шығып, менімен амандасқан соң: «Емделуге келіп пе едіңіздер?» – деп сұрады. Мен ол әйелге өтіп бара жатқан жолаушы екенімізді, мүмкіншілік болса, дәрет алып, намаз оқып алайын деп келгенімді айттым. Дегенмен әйелге: «Неге емделуге келіп пе едіңіз деп сұрадыңыз?» – дедім.
Қайдан білейін, атамның асатаяғы өзінен - өзі шылдырлап, шамы жанды, сосын ойлағам біреулер ем іздеп келді ме деп, ара-тұра осында сырқат адамдар келеді, асатаяқпен ұшықтап берем, – деді әлгі әйел.
Бұл кісінің айтып тұрғаны Лекер әулиенің асатаяғы екенін сездім де, көруге бола ма деп сұрадым. Әйел рұхсатын бергесін, үйге кіріп едім, шыбыннан қорғанып, есік - терезенің бәрін жауып, бөлмені қараңғылап тастаған екен. Іргеде ілулі тұрған асатаяқ өзінен өзі қозғалып, шам секілді бірдеңесі өшіп-жанып тұр екен. Бісмілла деп, қолыма алып, ұстап көрдім,–деп әңгімелейді Жұмат ақсақал. Міне, Ақбура бабамыздан тарайтын Бекболат, Лекер
әулиелердің әулеті туралы азғана әңгіме осындай. Сол бір қиын-қыстау замандарда ел мен жұрттан шапағатын аямай, шын мәнінде әулиелік ғұмыр кешкен осы аяулы адамдардың аттары бүгінде ұмытылып барады. Біздер қасиет иесі болған осындай бабалар кейінгі ұрпақтың есінде жүрсін деп, осы мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Мәлімет: Жанаргүл Қадырованың деректерінен алынды.
Қосым Пішенбаевтың мазары
Орналасқан жері: Мазар Күркелі ауылдық округіндегі Ж.Шанин ауылынын оңтүстік шығысында 25 шақырым жерде.
Қысқаша анықтама: Ұстаз, зергер, руда танушы. 1844 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Мақаш қыстағында дүниеге келген. Жасынан үй ішіне қажетті, күнделікті қолданыстағы әр алуан бұйым- заттарды шебер жасаумен көзге түседі. Алғаш рет Майбұлақ деген жерден мыс кеңін тауып, оны орыс кәсіпкері С.И.Поповқа хабарлайды. Сол жерге Попов «2 мамыр 1866 жыл, ашқан 22 жасар қырғыз (қазақ) Қосым, С.И.Поповтың меншігі» деген жазулы бағана белгі орнатады. Осыдан кейін ол әр түрлі кәсіппен (ауыл ұстасы, зергер, жер өлшеуші, кен іздеуші, егінші) айналысады. 1904 – 1906 жылдары Майбұлақ кеңін екінші рет қайта тауып дәлелдеді, әрі осы жерден қорғасын кеңі ашылып, Пішенбаев Қосым маркшейдер болып тағайындалады. Баянауыл өңіріндегі (Берікқара, Екібастұз, Жартас, Жосалы, Көктас, Қазанауыз, Майкүбі, Майқайың) мыс, көмір, қорғасын, алтын кеңдерін алғаш рет ашқан.
Халық кеңтанушысы Қосым Пішенбаев 1932 жылы қайтыс болды. Ол өзі туған ауылына жақын Тоқсанның шілігі деген сайдағы руы Қаржас Мақаштың қыстауындағы зиратқа жерленді.