Ақиық ақындар

•Ақын, әдебиетші, журналист Есентай Ерботин 1940 жылы  13 қазанда Ұзынбұлақ ауылының Акши бөлімшесінің Амантау қыстауында, колхозшы шаруаның отбасында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты Ақши ауылында бітіріп, орта мектепті 1959 жылы Төртқұдықтың             Бозшакөл кентінде аяқтады.


Сол жылы әскер қатарына шақырылды. Германияда Кеңес әскерлерінің құрамында азаматтық борышын өтеп жүрген Есентай аудандық,облыстық газеттерге балауса өлең жолдарын жолдап тұрған. Үш жыл әскер қатарында болған Есентай Ерботин Қарағанды қаласындағы педагогикалық институтына филология факультетіне оқуға түсіп, 1967 жылы бітіріп шығады. Біраз уақыт ауылда мұғалім болып істейді. 

Әдебиет мұғалімі Есентай енді журналистика саласында байқап көргісі келеді. Ол облыстық «Қызыл ту» газетінде істейді. Содан-соң облыстық телерадиосына ауысады. 1981 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін Қазақ радиосының Павлодар облысындағы тілшісі болып істейді.

 Өлеңдері облыстық газетте, республикалық «Балдырған» журналында жиі жарияланып тұрды. 1975 жылы «Өрнек» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Арада екі жыл өтпей 1981 жылы «Серік пен Берік», 1984 жылы «Менің досым», 1991 жылы «Далаға саяхат» жинақтары шықты. Бұдан басқа «Кім боламын?» «Жаңылтпаштар», «Балдырған базарлығы», «Айналайын, анашым» секілді өлеңдері жарияланды.

  Қазіргі бастауыш сынып оқулықтарында да Есентай Ерботиннің өлеңдері, жаңылтпаштары жазылған. Атап өтсек , «Ана тілі» оқулықтарына «Байқоныр», «Ұлытау», «Алтай», «Көкшетау», «Бүгінгі заман ойыны», 3- сыныптың «Қазақ тілі» оқулығында «Балбұлақтар ағады» өлеңі бар. Сонымен қатар, Есентай Ерботиннің өлеңдері украин тіліне аударылып, «Перец» атты балалар журналына басылып шыққан.


Киелі Баянауыл өңірі-талай толағай тұлғаларды тудырып, ақындарды түлеткен қастерлі мекен. Жасынан оның жайлауында гүл терген, кейін жыр тұлпарының шоқтығын ұстап, әдебиет әлеміне қанат қаққан қыздары да баршалық. 

Солардың бірі - өңірімізде туып-өскен Баянауланың тума таланттарының бірі педагог-ақын

Мәпіш Шәріпқызы. 

Мәпіш Шәріпқызы 1929 жылы 1 қантарда дүниеге келді. 1936 жылы ауылдағы 4 жылдық бастауыш мектеп түсіп, оқуда үздік оқыды. 1944 жылы ауылдағы сеғіз жылдық мектептің 8-сыныбын бітіріп, сол жылы нағашысы Төлеубаев Балпан Алматыға әкетті. 1944 жылы сәті түсіп Қыздар институтының дайындық курсына қабылданды. 1949 жылы институтты ойдағыдай жақсы аяқтады. Сонда аспирантураға қалды. 1949-1950 жылы Қарағандыдағы № 2 қазақ орта мектеп-интернатына қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болып қызметке кірісті. 1950 және 1953 жылдары Қарағанды облысы, Ленин ауданы бойынша аудандық советке депутат болып сайланды. 1953 жылы жолдасының қызметі Алматыға ауысты да сонда көшті. 1954-1958 жылдары жас сәбилердің дүниеге келуіне байланысты декреттік демалыста болды. 1957 жылы Қарағандыға көшіп келді де, 1959 жылы мұғалімдік қызметін жалғастырды. 

1965 жылы «Қазақ ССР халық оқу-ағарту  ісінің озық қызметкері» атағы берілді. 1965 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті», «Қызыл Ту», «Замандас», «Қазақстан әйелдері», «Орталық Қазақстан», «Баян Тау», «Азия Транзит», «Сыр мен сымбат» сияқты газет-журналға шығармалары - өлең, әңгіме, мақала, очерктері жиі жарияланып тұрды. 1992 жылы Алматыда «Жалын» баспасынан шыққан «Мерейлі мекен» деген жинаққа бір топ өлеңдері шықты.