Ауыл тарихы

Ұзынбұлақ ауылдық округі алғаш 1928 жылдары әр жерде қыстауларда отырған халықтар ұжымдастырылып, Ақши қосшылығы ретінде құрылған. Ұжымдастыру кезінде Ақши ауылының негізінде ұжымдық шаруашылық (колхоз)  формасына ауыстырылды. 1938 жылдары Баянауыл ауданда жаңадан  құрылған Шадыра кеңестік шаруашылығының бөлімшесі болды.

  1961 жылы тың игеру кезеңінде  СОКП XXI съезд атындағы кеңестік шаруашылық болып құрылды. Шаруашылықтың құрамында Ақши, Қарабұлақ, №2 бөлімшелер болды. 1984 жылдары жаңадан Ақшадыра бөлімшесі ашылды. Шаруашылық мал және егін шаруашылығымен айналысты. Бұл жылдары жергілікті халық тың игерушілер есебіне толығып  шамамен 1600-дей болды. Кеңшардың шаруашылық жүргізген кезеңінде аудан, облыс көлемінде мал шаруашылығын өркендетуде, егін шаруашылығын игеруде айтарлықтай табысқа жетті. Шаруашылықта 1 орта, 1 орталау және 2 бастауыш мектеп ауыл балаларына білім берді. Сонымен бірге барлық бөлімшелерде мәдени мекемелер мен медициналық пункттер, сауда орындары жұмыс істеп тұрды.


Еселі еңбектері еленген жергілікті еңбеккерлер Социалистік Еңбек Ері мен мемлекеттік орден, медальдердің иегері атанды. Мемлекеттік биліктің форматы ауысып, ұжымдар таратылар алдында шаруашылықта 28 мың гектар егістік, 20 мың бас қой, 9 мың бас сиыр, 1 мыңға тарта жылқы болды. 1999 жылы ұжым таратылғаннан кейін ішкі көш-қонның күшейуіне байланысты ауылдық округ құрамында екі елді мекен, Ұзынбұлақ және Ақши ауылдары қалды. Бүгінгі күні ауылдық округте 965 халық тұрып жатыр. Округте 1 орта мектеп, 1 орталау мектеп, 2 медициналық пункт, 1 мәдениет үйі,  1 байланыс бөлімшесі, 5 сауда орындары ауыл тұрғындарына қызмет жасауда.

  Ауылдық округ тұрғындары қарамағында 18921 бас қара мал, 13910 бас қой, 8271 бас жылқы бар. 55 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен және егін шаруашылығымен айналысуда. Кейінгі жылдары шаруа қожалықтары егін салуға ден қоюда. 2022 жылы шаруа қожалықтары 2705 га жерге бидай, 960 га жерге арпа және 290 га жерге екпе шөп салып, биылғы жылдың қуаңшылығына байланысты орташа деңгейде өнімдерін алды.  Алдағы жылдары егіс көлемін ұлғайту мақсаттары бар.

Келешекте ауылдық аймақты дамытуда алға қойған мақсаттар қомақты. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын көтеруде жол қатынасы ерекше орын алады. Келесі жылы аудан орталығына қатынайтын жолдың 41 шақырымына асфальт жамылғысын орналастыру жоспарда. Ақши ауылындағы апатты жағыдайдағы клуб үйін қайтадан салу, осы ауылға медициналық пункт ғимаратын салу алдымыздағы жылдың жоспарында тұр. Сондай-ақ  ауылдық округтегі елді мекендердің ауылішілік жолдарына жөндеу жұмыстары, ауылдаға кіреберіс жолдарын жарықтандыру  ауылдық округ әкімінің жұмысында басты мақсат болып табылады.