АЛТЫН ҰЯМ – АУЫЛЫМ

Ұзынбұлақ ауылдық округінің іргесі 1928-1929 жылдар қаланған. 1930 жылдағы ашаршылықты, 1941-1945 жылдардығы ұлы отан соғысын және тағы басқа тарихи оқиғаларды бастан кешкен ауыл, 1980 жылдардағы экономикасы дүркіреген ауылдардың бірі болған. Ауылдың әлеуметтік дамуына 1953 жылы тың игеру жұмысы зор ықпал етті. 33 млн гектер жеріміз жыртылып, дәнді – дақылдар, егін шаруашылығы дамыды. Заман талабына сай 1959 жылдары ХХІ – партсъезд атындағы жеке совхоз болып құрылған ауылдар қатарында болған. 1998 жылы бұрынғы совхоз мүлігі таратылып, 10 шаруа қожалығының негізінде «Бұқар жырау» атындағы Ұзынбұлақ ауылдық округі құрылды.

Өңір табиғаты:

Таулары бір-біріне қарауыл болып, төбешіктермен қыраттар оларды жалғастырып, әннің де, жырдың да, аңыздың да сәні мен жаны болған Баянтау айнала төрт құбыласына қанатын кеңінен жайған. Баянтау өзінен жеке бөлініп отау шыққандарына енші бермегендей, барлық табиғат байлығын өзі еншілеп, басқа тау сымақтарды еншісіз, жаланаш жібергендей. Сол еншісіз таулардың өз маңын мекендеген жан-жануар, адамзат баласына сыйлар өзіндік байлығы бар. Сондықтан да Баянауыл халықтары шашырап, Баянтауының жан-жағына орналасқан. Солардың бір тобы Ұзынбұлақ ауылының тұрғындары.

  Баянның көшет асуы арқылы батысқа қарай жол тартсаң, Егіндібұлақ ауылымен Баянтауының сілемі аяқталып, анадайдан қол бұлғағандай «Найзатас тауы», одан «Бериктас тауы» мен мұндалап тұрады, төбекшіктер жалғастырып «Көкдомбақ тауы» басын көрсетеді. Одан әрі «Талпақ тауы», «Қарабұлақ таулары» мұнарланып көзге шалынады. «Көкдомбақтың» солтүстік батысына қарай сапар шексең, бір ауылдың алтын босағасымен дегендей, айналасы көк шалғын, батысқа қарай қасқая ағып «Босаға бұлақ» бір ауылдың кіре беріс босағасындай болып жатады. Кім білсін бабаларымыз осыны еске алып, солай ат қойған шығар.


«Қарабұлақ тауының» солтүстігіне қарай «Күпікүйген тауы», «Тас шоқысымен» тізбектеліп, таулар тізбегі батысқа қарай Ұзынбұлақ ауылдық округі Павлодар облысының және Баянауыл ауданының оңтүстік батысында орналасқан ең шеткі ауылдық округ. Көлемі 16049 гектар. Солтүстікте Павлодар облысының Екібастұз ауданының Қарасуық және Ә.Х.Марғұлан атындағы ауылдық округі, батысында және оңтүстігінде Қарағанды облысының Осакаровка, Бұқар-жырау аудандарымен сәйкесінше Родниковское және Шідерті, Бабаев атындағы ауылдық округтерімен шекаралас. Ауылдық округіміздің жерін екіге бөліп, «Ұзынбұлақ» бұлағы батыстан шығысқа қарай ағып жатыр. Ұзынбұлақ аттас ауылдың солтүстік батысынан басталып, Шідерті өзеніне суын құяды, содан Ертіс – Қарағанды каналына түседі.

Географиялық сипаттамасы:

Округіміз Қазақстан ұсақ шоқысының солтүстік бөлігінде орналасқан, жер бедері Сарыарқаның солтүстік шетінде төбелі – қыратты, геологиялық тұрғысынан біртұтас құрылымдық белдем, ол қатты кристалды плезой дәуірінің жыныстарынан (кварциттер, тақта тастардан, граниттерден, құмтастардан т.б.) құралған. Бұл жыныстар қазіргі кезде теңізбен, құрылықтың жұқа құмдығымен жабылған шөгінді жыныстардың қалдықтарынан полезой дәуірінде пайда болған. Каледон және герцин қатпарлану процесінің нәтижесінде барлық мезозой бойынша континеттік ауа райы сақталды және ұзақ уақыт бұзылу процесінде болды. Үштік дәуірдің (кайназой дәуірінде неоген және палеоген кезінде) теңіз сулары мұнда аңғарлар арқылы кірді. Сарыарқаның жер бедеріндегі ұзақ жылдар бойы жердің ішкі және сыртқы күштердің өзара қақтығысуларынан қалыптасқан, күшті ыдыраулы аласа таулардың жекелеген үйінділері, абсолюттік биіктіктері 400 метрге дейін барады.

Округ жерлерінде көмір және құрылыс материалдарының бірнеше түрлері ашылған. Климаты шұғыл континеттік, орташа температуралы қаңтарда -15, -16 градус, шілдеде +19, +20 градусқа дейін көтеріледі, минимум -43 градусқа дейін төмендейді. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 200-ге жуық. Қар 160 күндей жатады, қалындығы 20 см –ден асады, кейбір жылдары 40 см –дейін болады. Желдің орташа жылдамдығы 4-4,5 м\с дейін өседі. Жылдың төрт мезгілі айқын байқалады.