Осы web- ресурсты құруға
отбасылық мұрағат материалдарын ұсынғаны үшін
Шаймерден Шашубайға
шынайы алғысымызды білдіреміз.
ЖҮНІСБЕК ШАЙМЕРДЕН
(1918–1987)
Арқаның ән өнерінде айтулы із қалдырып, Баянауыл әншілік мектебінің атын асқақтатқан, Естайдың жолдасы және шәкірті, әнші–композитор Жүнісбек Шаймерден, кәрі дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Қазан төңкерісінен бір жылдан соң, 1918 жылы 5 желтоқсанда, қазақтың алтын алқасы Баянауылдың әулиелі Қызылтау бөктерінде дүниеге келген.
Бала кезінде шешек ауруынан екі көзінен айрылып қалған Жүнісбек жастайынан ән–күйге құмар болып өседі. Өнерге деген ересен талпыныс оны Естайға шәкірт қылады. Естайға дос, әрі шәкірт бола жүріп, Арқаның атақты әнші–композиторлары Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Иманжүсіп өнерлерімен танысып, әндерін үйренеді. Домбыра, баян, мандолина, скрипка, фортепианоны кәсіптік деңгейде меңгереді. Әр композитордың өмірбаянын, әр әннің шығу тарихын жадына тоқи береді. Тәңірі оның көретін көздерін алсада, оған таңғажайып есте сақтау қабылеті мен даңғыл көкірек береді. Оның алтын сандық кеудесінде сақталған жыр, қисса, дастан, шежіренің молдығы соншалықты, Жүкеңнің осы байлығын өз ауызынан естуге, әнін тыңдауға, ата–бабаларының шежіресін тиянақты жазып алуға қазақ даласының түпкір–түкпірінен, тіпті сонау Ресейдің қазақтары да ағылып келіп жатады екен. Мәшһүр Жүсіптің еңбектерін түгел дерлік жатқа білген. Брайльша хат танып, еркін жазған. Жүнісбек Шаймерденнің әр түрлі тақырыпқа жазған мақалалары Ресейдің «Советский школьник», Қазақстанның «Еңбек таңы-Заря труда» (брайль әдісімен зағиптарға арналған) журналдарында, және республикалық, облыстық және аудандық баспаларда жарияланып тұрды. Өзінің мағыналы ғұмырында Естай ақын, Нұрлыбек Баймұратов, ағасы Қали Байжанов, Садық Кәрімбаевтармен шығармашылық қарым–қатынаста болған. Сәбит Мұқанов,Иса Байзақов, Әмина Нұғыманова сияқты біртуар, ардақты адамдармен дәмдес, пікірлес болған. Солардың ішінде Естаймен арадағы жолдастық, шәкірттік жарасымы көп әндердің аман–есен кейінгі ұрпаққа жетуіне себепші болады. Естай Беркімбаевтің жанына концерттермен үш рет ереді. Естай ақынның өз ауызынан үйренген 11 әнін кейін қызы Құралай Шаймерденоваға аманат етіп кеткен.
Жүнісбек Шаймерден Баянауыл қазақ мектеп–интернатында көп жылдар еңбек етті. Еңбек еткен жылдары сол кездегі мектептің директоры әрі жолдасы, «Ленин» орденінің иегері Бәкір Қазыхановтың еңбек жылдарымен тұспа–тұс келеді. Ән сабақтары мен үйірмелерін, домбыра оркестрін, хор топтарымен театр қойылымдарын жүргізген. Сол жылдары Баянауыл мектеп–интернатының көркем өнерпаздары аудан, облыс байқауларында тек жеңімпаздар қатарынан көрінген.
Жүнісбектің зайыбы Бибіғайша былай деп еске алады:—«Соғыс жылдары, ауыр жылдар болды ғой. Колхоз—совхоздарға, өндіріс орындарына, шалғайдағы ауылдарға жиі шығып, концерт қойып, спектакль қойып, ойын көрсетіп, жұрттың рухын көтеріп, апталап, айлап жүріп, көбіне шаршап–шалдығып оралатын. Өзен тасыған лайсаң кездерде өткел таба алмай өзен жағалап сан рет сандалып, ақыры мұздай суды кешіп өтіуге тура
келген кездер болған. Малмандай су боп, шаршап ауылға жеткенде, көбіне баласынан айырылған ана мен жарын жоқтаған жесірдің күңіренген үні қарсы алатын. Су боп тонғанын ұмытып, жұбату айтып, қайғысына ортақтасуына тура келетін».
Өнер жолымен Москва, Алматы, Омбы, Новосибирск, Орынбор, Семей, Қарағанды, Екібастұз, Қарқаралы жерлерінде болған. Омбыда Игнатьев деген баян жасаудың шеберімен достасып, одан «Игнатьев» атты алты қатар баян сыйға алған екен. Баян салмақты, дыбысы колоритті, түймелерінің қатары дәстүрлі баяндардан өзгеше болғандықтан өзінен басқа адам ойнай алмаған.
Жүнісбек Шаймерден облыстық және аудандық жүзге тарта дипломдар мен грамоталардың иегері. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен, көптеген медальдармен марапатталған.
1969 жылы Жүнісбек Шаймерден көркемөнерпаз оқушыларды Павлодар қаласына конкурсқа апара жатқанда жол апатына түсіп, содан оңала алмады. Көп жыл бейнет тартып, 1987 жылы 12 наурызда, өзіне ыстық Баянауылында дүние салды. Дүниеден өтер алдында төрдегі ілулі домбырасын алдырып, құшақтап отырып:—«Балаларым сені жерде қалдырмас»,—деп аттанған екен. Баянауылдың ардақты да аяулы ұрпақтары жатқан Кіші тастың баурайында жерленген.
Жүнісбек Шаймерденнің сақталған еңбектері:
-«Мәмилә» - поэма
-«Есен батыр» - поэма
-«Сабындыкөл вальсі» - ән
-«Батыр қыз» - ән
-«Амангелді туралы жыр» - ән
-«Соңғы ән» - ән
-«Шежіре жинағы» - шежіре
-«Әсем дауысты әнші» - Тоқпай Смағұлов туралы мақала
-«Шама әнінің тарихы» - Шама Нұрұлы жәйлі мақала
Жүнісбек Шаймерденнің іздеуді қажет ететін, әр түрлі баспа бетінде жарық көрген еңбектері (тізімі ғана сақталған):
Әндері:
-«Баянауыл баурайы»
-«Әлия қыз»
-«Мәшһүр Жүсіп»
Мақалалары:
-«Айдарбек қу туралы»
-«Майдангер азамат»
-«Ат тергеу»
-«Бала жүректің жемісі»
-«Әттеген-ай»
-«Ақбеттау ақиқаты»
-«Әуелбек Әбусеитов»
-«Менің тағдырластарым: «Садық Кәрімбаев»
-«Естай ақын»
-«Қорлан әнінің тарихы»
-«Бетім-ау, құдағи»
-«Домбыра үйренуші зағиптарға кеңес»
-«Зағип Байдалы бидің шешендік сөздері»
-«Ыбырай серінің шығармасы « Аңшының әні»
-«Қаратоқаның толғауы»
-«Тобықты Есенбайдың толғауы»
-«Мәшһүр Жүсіптің келіндеріне шығарғаны»
-«Әке көрген оқ жонар»
-«Зағип Ажардың сіңлісі»
-Тонтай қу туралы әңгімелер»
-«Айтулы ақын Нұрлыбек Баймұратов»
-«Ақтайлақ шешен туралы»
Жүнісбек Шаймерденнің инструменттері: домбырасы, «Игнатьев» атты баяны, скрипкасы, қобызы, біршама жеке заттары және өз орындауындағы бес әні Павлодар облыстық «Бұһар Жырау атындағы өнер музейінде» сақтаулы. Бұл әндер:
1. Абай. Құлақтан кіріп бойды алар. 1965 жылы жазылған.
2. Біржан сал. Сырғақты. 1965 жыл
3. Ақан сері. Құлагер. 1965 жыл
4. Мәди. Қарқаралы. 1965 жыл
5. Шама Нұрұлы. Шама. 1965 жыл
Шашубай Шаймерден.