Ұқсайтын мінезіне өзгенің,
Ұмытылмас бар ғой Жүке сөздерің.
Сіз көрмеген нұрлы күннің қызығын,
Көріп жатыр ұрпақтарың- көздерің.
Кетушеңіз бойда болмай ірілік,
Баламен де,үлкенмен де бірігіп.
Жай әншейін өлгенсіз ғой өтірік,
Жатқандығың бүгін қайта тіріліп.
Жастай ауған музыкаға құлығың,
Бұл басталған екінші өмір ғұмырың.
Келешектің көз алдынан кетпейтін,
Биіктесін,биік тұрсын тұғырың.
З.Солтанбаев
ЗЕКЕБАЙ СОЛТАНБАЕВ
ТУМА ТАЛАНТ
Мен Жүнісбек Шаймерденді аз да білемін, көп те білемін. Аз білемін дегенім, Баянауыл қазақ орта мектебінде 1946–1948 жылдары, 6–8 сыныптарда осы ұстаздан тәлім алдым. Көп білемін дегенім, Жүкең ауданымыздың өнер аспанында алтын айшықтай жарқырап көз жаздырған жоқ. Тағдыр тауқыметін көтерген күндерінде де,сәлемім мен қол ұшымды үзгем жоқ.
Пай-пай, Жүкең-ай! Мыңның ішінен «Ассалаумалейкум, Жүке!», — дегенде: «Алейкумсалам, Зекебай! Аяқ-қол аман ба? Жақсысың ба?» — деп екі көзі көрмесе де жазбай, тап басып танушы еді. Осы қырағылығына мен әрдайым қайран қаламын! Әлде кімдер: «Таныдыңызба?» — деп сұраса: «Неге танымайын?», — деп ұялтып тастайтын. Әсіресе, мектеп көркем өнерпаздар үйірмесінің кезекті дайындықтарына қанша бала қатынасса, сонша баланы дауысынан танып, әрқайсының айтатын әндерін баянға салып, құйқылжыта жөнелетін еді. Таймасова Любаштың «Қазақ вальсі», Жүменова Мәрәштың «Қазақстаны» сияқты, көптеген әншілердің орындау шеберліктері мен вокал әдістері Жүкеңнің үйретуі мен сүйемелдеуінің арқасында кәсіби әншілердің шеберліктерінен бірде-бір кем түспейтін! Сол кездегі біздің Любашпен Мәрәштың алдында тек қана Күләш Байсеитова мен Жамал Омарова ғана тұратын. Ал қазыргі кәсіби әншілер олардың шаңына да ілесе алмас. Ғадылбек Ералиннің «Сметі» қандай ғажап шығушы еді! Жетпей тұрған жерінде тоқтата қойып, баянның түймелерін құбылжыта қуаттандырып жіберіп: «Тыңда», — дейді де, бір қозғалып ырғала түскен Жүкең, көз алдымызда мөлдіретіп тастай беретін. Ән көнбей бара жатса қайтадын қайталатып, өзі де жалықпай қайталайтын. Қалай ғана үйренбейсің? Еріксіз ырқыңды алып, тұныққа сүйрей жөнеліп, еліктіріп әкетсе! Сегізінші сыныпта оқып жүріп Жүнісбек Шаймерденге әбден еліктеп, орындайтын әндерімді меңгергенім сондай, репетицияларда: «Сенің «Сұржекейің» мен «Бүркітбайыңа» дайындық керегі жоқ», — деп келесі орындаушыны шақыратын. Шәкен Рақышев пен Нұркен Нұрғалиеваның төменгі сыныптардан қосылған кезінде, бір оқиға болыпты. Оны біз балалар білмейміз. Ол кезде осы мешіттің ғимараты мәдениет үйі болатын. Бір үлкен мерекеде оқушылар концерт қояды. Сонда Шәкен «Ахау, Семей» әнін орындайды. Ұмытпасам төртінші сыныпта оқиды ғой деймін. Ертеңінде Жүкеңді КГБ-ның адамы шақырып алып, май шелпектей айналдырыпты: «Шәкен есімді әнші кім? Әнді кім үйретті? Сахнаға шығарған кім?
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып саңқұлдаған, —
деген сөздер кімдікі? Бұл «Алашордашылардың» сөзіне келеді ғой? Мұны концертке қалай енгізіп тұрсыз?» — деп есін шығарған екен. Осыдан кейін Шәкен ән орындарда Жүкең: «Әй, Шұлғаудың Рақышының баласы, сөздері дұрыс па?», — деп күліп алатын. Мұның сырын ұқпай жүретінбіз. Риза болып, жақсы көргені шығар деп түсінуші едік, кейін ғана қанық болдық. Ол кезде КГБ-ға бару деген қорқынышты нәрсе. Бүкіл елге жайылды.
Жүкең марқұм, үлкен өнер иесі еді ғой! Әнші-музыкант, сазгер, тіпті режиссер да еді. 1946–47 оқу жылының бірінші жартысы болу керек, Жамбыл мен Айкүмістің айтысын дайындап мектеп сахнасына шығарды. Әлі есімде, үй-үйді аралап әр түрлі биқасап, дүрия шапандар жинап, сол кездің ақындарының бейнесін шығардық. Режиссер емей немене? Ал, «дирижер еді», — деп қалай айтпайсың? Домбыра оркестрін дайындап, басқарғанда шығарманың басталуы мен аяқталуын, дамуы мен баяулау сәттерін скрипкасының ұшымен және «смычогының» қимылымен беретін. Біздер әр қимылын көз қиығымызбен аңдитынбыз. Нығышев Балташ, Қасенов Балтайлар мықты домбырашылар еді. Біздер кеткен соң жас толқындар ішінде Теміртас Бейсенбаевалар қосылып, мандолинада ойнап жүргендерін көрдім. Ол кезде Баянауылда музыка мектебі жоқ, Жүніс Шаймерден сол музыка мектебінің орынын толтырып, қара басымен атқарды ғой! Егерде тереңірек үңілсек, Ералин Ғадылбек, Сакипов Ғабиден, Рақышев Шәкендердің Алматы консерваториясына ат басын тіреп, арман қуулары — ұстаз ғибраты деп түсінуіміз керек! Бұл Жүкеңнің өнер жолындағы өмірінің бір кішкентай үзігі, көріністері ғана!
Ал, аудан өмірінде, мәдени-көпшілік салтанаттарда Жүкең атқарған еңбектерді атап та, тізіп те айту мүмкін емес. Ұшан теңіз, ұлан қайыр! Бұларды, Жүкеңді тірілтіп өзіне санатса да есебін таппаған болар еді. Бұл күнде, бес кісіге он бастық болып еңбек алып жүрген заманмен салыстырсақ, Жүкеңнің еңбектері әрі арзан, әрі дайын, есепсіз өткен дүниелер ғой! Қазыр ойлап отырсам, Жүкеңнің қадырын тек өнер адамдары ғана білген. Ал, бағалаушы басшылар парықсыз қала берген сияқты.
Қадырыңды білмедік пе, білдік пе?
Пай-пай, Жүке, жүректегі бір нүкте!
Өнер қуған, әнші-күйші жандардың,
Ортасында берік едің бірлікке.
Сынығы емес, бөлшегі едің асылдың,
Күй сандықтай кеудең толған асыл мұң.
Ұлы жиын, үлкен өнер сайыста,
Бұл Баянның даңқын талай асырдың!
Айтқанымыз рас болсын, аудан өмірінде, 70-ші жылдарға дейін, Жүнісбек Шаймерден мен Қазына Субековадан басқа ірі музыка мамандары болмағаны баршаға аян. Қазына апай жарты театр болса, Жүкең бүтін театр емеспе! Қандай ауыр жылдарда Жүкеңде шегіншектеу болмаған! Күндізгі жұмыстан кейін, жастар жалынып кешке таман би алаңына баян ойнауға алып кетеді. Тіпті ән айтпаса тынысы тарылып, кеудесі нотаға толып мазасы кеткендей сәттерге ұшырады білем. Жатақ жақтағы кішкентай тас үйде тұрғанда талай рет шәкірттік сезіммен барып жүргенімде, музыка аспаптарының құрылысына жаңалық әдістер ойлап тауып, нақты шеберлерше іс жасап жатқанын көретінмін. Соның нәтижесінже скрипканың бірінші шегі үзіле бермейтін болды! Жүкең марқұм, керемет қой!
Қызыл-қырғын соғыс жылдар сұрапыл,
Отырған жоқ Жүкең жәрдем сұрап құр.
Ел қайғысын арқалады ән болып,
Желдей ескен домбырамен құрап жыр.
Жүрседағы тұмауратып, жөтеліп,
Музыкамен жазылатын өтеліп.
Айғай салып, басқан кезде «Шамаға»,
Әкететін сахнаны көтеріп.
Жүкеңнің тәжірибесінде әуелі жеңіл-желпі, ұсақ-түйек, әлсіз әндермен тамағын ашып алып, артынан «Ардақ», «Адасқақ», «Шама», «Хаулау» сияқты күрделі де биік әндерге басатын. Естіген ел қандай шаттанушы еді! Ауыл-ауылды аралап, концерттік программалар ұсыну мемлекеттік іске айналды.
Мені толғандыратын бір жәй, Жүкеңе еңбегіне қарай атақ-дәреже де бермеді! Не музыка мектебі, не бір көше аталмады-ау! Осыған қиналамын. Егер рухы сезіп жатса, айтарым мынау:
Жоғарғылар айтпаса да ғаділін,
Асқақ еді туған елге қадырың!
Артта қалған ұрпақтарға мирас боп,
Нұрға толсын жатқан жерің — қабырың.
Ұқсамайтын мінезіне өзгенің,
Ұмытылмас бар ғой, Жүке сөздерің.
Сен көрмеген нұрлы күннің қызығын,
Көріп жатыр ұрпақтарың — көздерің!
Әрқашанда бойда болмай ірілік,
Баламен де, үлкенмен де бірігіп.
Жәй әншейін, өлгенсің ғой өтірік —
Жатқандығың бүгін қайта тіріліп.
Жоғары ұстап музыканың құрығын,
Туған елге сарқ етілді ғұмырың.
Келешектің көз алдынан жоғалмай,
Баяныңда биік тұрсын тұғырың!
1996
ШАШУБАЙ ШАЙМЕРДЕН
ӘКЕ БІЗДЕН МӘҢГІ БИІК ТҰРАДЫ...
(Эссе)
Ақбеттен соққан қоңыр жел Сабындыкөлдің суын баяу толқындатып тұр. Бүгін күн жылы болатын түрі бар. Алыстан мұнарған көгілдір тау сілемдері ұлы суретшінің алып полотносына ұқсайды. Ой желісі самрұқ құстай самғаған бетімен ұстатпай кете барды...
Уақыт деген сәйгүлікке жеткізбес жүйрік болса, адамның ойы сол уақыттың шекарасын сезінбес, бар ғаламды әп-сәтте айналып шығып, өткен шағы мен келер шағына апарып келер тұлпар, жоқ-ау ұшақ тәрізді. Жаһанды қас қағымда аралап шығу мүмкіндігіне ие болып отырған тірі жанның ойлау қабылеті, сана-сезімі табиғаттың адамға ғана берген керемет қасиеті емеспе. Шіркін-ай, қайда ғана бармайсың, кіммен ғана кездеспейсің ойыңда! Бір сәт анаңды есіңе түсірсең — жылылықты, мейірімділікті сезінесің. Тіпті зекіп қалған дауысы құлағыңа келсе жүрегің жылып сала береді-ау! Себебі ана баласын жанымен, жүрегімен сезінеді. Баланың анаға жақын болуының себебі де сол шығар. Бұған келіспейтін жан жоқ, әрине. Енді бір сәт әкеңді еске алар болсаң... Иә, ол да оп-оңай. «Әкем бүйтуші еді, әкем сүйтуші еді», — дегеннен оңай не бар? Ал қолыңа қалам алып, әкеңнің кешкен ғұмырын сараптап, (іс-қимылдарына баға беру былай тұрсын, оған құқымыз да жоқ), қалдырған сөздері мен іздерін, еңбектерін тізіп шығудың өзі қиынның қиыны-ау...
...Әке! Сенің Кішітастың баурайына мәңгіге қоныс тепкеніңнен бері қанша жыл өтті. Бәріміз далада қалғандай күй кешіп ек... Тағдыр — қатыгез, бәріне де көндірсе, уақыт — жұтып қоятын жалмауыз ғана емес, уақыт — жараңды жазар дәрігер де екен. Кімдер келіп, кімдер кетпеген ескі сарай дүниеде, мен үшін сенің орының өмір бойы үңірейіп тұратыны сөзсіз. Қазақтың биік дауысты ұлы әншісі Әсеттің: «Абайдай арт жағына сөз қалдырып, Дариға–ай, жақсы екен ғой өлу деген» сөздерін саған да айтар ем.
Әке, сен де өз әкең Шәймерденді аузыңнан тастамаушы едің. Ашаршылықта отбасын Ноғайсібірге көшіріп, сендерді аман алып қалу оңай дүние болмаса керек. Ол жақты екі жылдай паналап, жағдай түзеліп, елге қайтардың алдында атамыз о дүниелік боп кеткен екен. «Әкемнің үстінен би алаңын салып жібермесе болды» деп жүрегің ауыратын. Барып тауып алайық деген ұсынысымызға, «Балқыбек (ағасы) тірі болса да таба алмайды, ол да кішкентай бала болған» деп қоя салушы едің...
Үш жасында қорасан ауруынан екі көзінен айырылған әкем Жүнісбекті атам Шәймерден мен әжем Тәуірбаланың өсіріп, бағып-қағуы, мұнтаздай киім кигізіп, ештемені жоқтатпай балалардың алғыры қылып тәрбиелеуі, тапшылық кезде домбыра, мандолина, скрипка, баян тағы да басқа музыка аспаптарын табулары былай тұрсын, ақшаға сатып алуларын өз басым қашанда ерлікке теңеймін. Күні мен түні бірдей қара түнек болған сәбиге бұл өте ауыр соққы еді. Тағдырдың тауқыметін асқан төзімділікпен, қасқая қарсы алған әкем, алланың берген асқан шешендік, әншілік, композиторлық талантының арқасында аты шығып, елге танымал болды.
...Адамдарды таң қалдыратын бір ғажайып қасиетің — сезім, еске сақтау және есту қабілетің өте керемет еді, Әке. Жаныңа таяған жанды аяғының дыбысынан танып: «Иә, бәленше, келдің бе?», — дегеніңде, кейбірі құлап қала жаздайтыны біз үшін
2 бет
үйреншікті болатын. Бірде «Шашубай, көрші орыстың үлкен балтасын алып кел», —деп жұмсадың. «Бардым, үйінде жоқ екен» — деп қайтып келдім. Сәлден соң: «Көрші келді барып кел», — дедің. Қайдан біліп қойды, деген оймен барсам шынында есігінің алдында темекі шегіп отыр. Осы сияқты күнделікті күйбіңдерді көзі көретін адамдарша атқаратыныңа тіпті мән бермейтінбіз. Оркестрдің алдында өзің дирижер, өзің скрипкашы болып отырып музыканттарды кенет тоқтатып, бір баланың атын айтып: «Домбыраңның құлағын сәл көтерші, түсіп кетті», — деп соль нотасын беретін ең...
Мектептерде, мәдениет үйлерінде өткізілетін мерекелерге байланысты кейде өлең табылмай қалған жағдайда, сол жерде ән шығарып, сөзін жазып, балаларға айтқыза салатын талантыңды әлі күнге Зекебай аға аузынан тастамайды. Орайы келгенде айта кетейін, Зекебай Солтанбаев ұстаз, ақын, бұл күнде ел ағасы, әкемді ұстаз тұтатын адам.
Әкем екеуміздің үш-төрт күн отырып шежіре жазғанымыз әлі есімде. Сен айтып отырғанда мен жазуға әзер үлгіріп отырушы едім. Құрманғазы құсап (үлкен ұлын айтады, менің ағам, марқұм) суретке айналдырып қысқартып жазбай, толық жаз дейтінсің. Құрекең адам аттарын қысқартып, Жаңбырбайға жаңбырдың суретін, Мылтықбайға мылтықтың, Ақбураның орнына бураның суреттерін салған ғой қаптатып. Жолдастарыңды күлдіруге осыны айтып жүруші едің...
Ол кезде баламыз, жаздық — құтылдық. Ал, берек ойлап отырсам соншама мыңдаған кісінің аттарын шатыстырмай, кім кімнен туғанын жатқа айту, әй білмеймін, ілуде біреудің қолынан келсе жақсы.
Кей басылымдарда Жүнісбек Шәймерденовтің «Шама әнінің шығу тарихы» деген мақаласы шындыққа жақын деген тұжырымдарды өз басым дұрыс деп ойлаймын. Үйткені бұл хикаяны Қали Байжанов Жарылғапбердінің өз аузынан естіп әкеме айтқан екен. Қазақстанның халық әртісі, асқақ дауысты әнші, әкемнің рулас ағасы Қали Байжанов, (Сүйіндік ішінде Ақбура) өмір жолында Жарылғапбердіні кездестіріп, әнін үйреніп ,батасын алса, менің әкем, Жүнісбек Шәймерденов бақытына қарай жас шағында қазақтың махаббат жыршысы атанған, ақын, композитор, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбайұлымен кездеседі. Павлодар қаласында бірнеше рет жанына еріп, достасып, әндерін өз аузынан үйренеді. Ешкім естімеген 11 әнін осы күнге жеткізіп, қызы Құралайдың аузына салып кетеді. Осы үшін ғана әнші Жүнісбек әспеттеуге тұрарлық емеспе!
Өмірінде әйел сұлулығын көзімен көрмеген әкем бір күні Естайдан: «Естай аға, осы Қорланның түрі қандай еді?», — деп сұрапты. Сонда Естай сері бір минуттай ойланған екен. Зағип адамға әйел көркін бірінші рет суреттейін деп тұрса керек: «Қорлан — сымға тартқан күмістей, ажары мақпалдай құлпырып тұрушы еді», — деген екен! Нағыз ғашықтың, нағыз ақынның сөздері емеспе! Әкемнің өмірінде Естай және оның әндері елеулі орын алды. Біз балалары сол әндермен сусындап өсіп, ол кісіні көрмесек те білетінімізге әлі күнге шүбә келтірген жоқпыз. Естай қайтыс болғанда бара алмадым, ағам соғыста болды деп отыратын әкей.
Баянауылдық, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор Садық Кәрімбаевпен әкемнің тағдыры ұқсас болған деп жазылады басылымдарда. Меніңше Алматыда театр, телевизияның ішінде жүрген адам мен ауылдағы кейде электр жарығы болмай қалғанда білте жағып концерт қойып жүрген адамның мүмкіндіктері мен айырмашылықтары жер мен көктей. Иә, ол кісі де зағип болатын. Әкеммен түйдей
3 бет
құрдас екен. Екеуі де 1918 жылы туған. Соғыстан кейін бірнеше рет кездестік деп айтып отыратын. Бірақ, әкемдей тағдыр соққысына ұшыраған адамдар кем де кем шығар.
Сол сұрапыл жылдарда ауыл-ауылды аралап, елдің рухын көтеріп, концерт қойып, суығына тоңып, ыстығына күйіп, тасыған өзендерді белуардан жаяу кешу екі көзі көретін адамдарға да оңай болған жоқ шығар-ау. Соғыстан соң, шешем Бибіғайшамен отау тіккеннен кейін де халыққа еңбек етуден жалықпап еді.
Жүнісбек Шаймерденнің досындай көрген шәкірті Зекебай Солтанбаев естелігінде былай деп жазған екен: —«Жүкең үлкен өнер иесі еді ғой. Әрі әнші, әрі музыкант–композитор, әрі режиссер еді. Ол кісінің шәкірттерінің Алматы консерваториясына ат басын тірегендерін айтпағанда, аудан өмірінде, мәдени-көпшілік салтанат-жиындарда атқарған еңбектерін атап та, тізіп те айту мүмкін емес, ұшан теңіз, ұлан ғайыр. Жүкеңді тірілтіп өзіне санатсада есебін таппаған болар еді. Бұл күндегі «бес кісіге он бастық заманымен» салыстырсаңыз, ол адамның еңбектері әрі арзан, әрі дайын, әрі тегін, есепсіз де және бағаланбай өткен дүниелер ғой.
Қадырыңды білмедік пе, білдік пе?
Пай–пай, Жүке–жүректегі бір нүкте!
Өнер қуған әнші–күйші жандардың,
Ортасында берік едің бірлікке.
Сынығы емес, бөлшегі едің асылдың,
Күй сандықтай кеудең толы асыл мұң.
Ұлы жиын, үлкен өнер сайыста,
Бұл Баянның даңқын талай асырдың!
Аудан өмірінде 1970 жылдарға дейін Жүнісбек Шаймерден жалғыз өзі бір театр еді ғой! Ол кезде ауданда музыка мектебі жоқ, Жүкең қара басы жүріп бір музыка мектебінің қызметін атқарып, орнын толтырды ғой!
Ұмытпайды сені Баян өзгерген,
—«Шамаға» бір салшы»,—дейді өтініп.
Тірідейсің әлі бізге көз көрген,
Жәй, әшейін өлгенсің ғой өтірік!
Сен соқыр емес едің, аудан басшылары соқыр еді. Жалғыз ғана Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Құрмет Грамотасымен» ғана кеттің ғой. Не музыка мектебіне, не бір көшеге есіміңді бұйыртпады ғой»,—деп жазған екен Зекебай ағай.
...Әке, сен облыстық және аудандық жүзге тарта дипломдар мен грамоталардың иегерісің. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен, көптеген медальдармен марапатталдың. Баянның абзал азаматтары мен ақсақалдары сені әлі де ұмытқан жоқ...
1969 жылы мектепте музыкадан сабақ беріп жүріп Баянауыл ауданының оқушыларын Лениннің 100 жылдығына орай өнерпаздар конкурсына Павлодар қаласына бастап шығады. Жолда үш автобустің біреуі жол апатына ұшырады, ішінде әкемізбен бірге балалары біз де бармыз. Әкеміздің денесі жаншылып, төсек тартып
4 бет
қалуға мәжбүр болады. Сол жылдары Жүкеңнің қалын сұрауға келдік деген жұрттың санында шек болған жоқ! Халық Қазақстанның барлық жерінен келді-ау деймін. Әкейдің беделінің қаншалықты екеніне сонда көзім жеткен еді.
Әке...Осы қасіретке де төтеп берген сенің алдыңда басымды иемін! Ал, Анашым, осының бәрін көтеріп, жұбайыңа бір рет қабақ шытпақ түгіл, күні-түні қасында болып, шыр айналып, бізді де жұмылдыра білгенің үшін, саған да иемін басымды! Күйеуін күту жолында сенен асқан әйел жоқ шығар әлемде!
Бір күйзеліп жатқанда: «Менің атымды әкем неге Жүніс қойды екен. Бұл қырық жыл зынданда азап шеккен пайғамбардың аты ғой», — деген екенсің шешеме. «Бір мезетке көзім ашылып сендердің түрлеріңді көрсем ғой, дариға-ай», — деп жүрегің езілетін.
«Жүкеңнің, — деп жазады естелігінде Екібастұз қаласының тұрғыны, 1–ГРЭСті алғаш салушы инженерлердің бірі Мұхаммедкәрім Нұрмағанбет, — екі көзі көрмесе де, төрт көзі бар мына (көзәйнек киетін) біздер шаңына да ілесе алмайтынбыз. Жүз сәйгүліктің ішінен арқан бойы озып келген тұлпардай жүйрік, озық ойлы адам еді. Бұл ғұлама білгір адам бұлжытпай радио тыңдаумен машықтанған. Әдетті ісіне айналған. Төсектің бас жағында өзінің магнитоласы тұрады. Онымен эфирді қабылдап, жаңалықтарман танысса, роман, қисса, әңгіме кассеталарды қаладағы кітапханадан жаздырып ап күніне бір сағат магнитофонмен тыңдайды.
Марксты орысшаға аударған Лопатин мен Лавров жайлы, Мекке мен Мадина туралы, (Египет пен Сауд Аравиясын ауыстырып алып, ол кісі түзеткенде ұялғанымнан күле беріппін) Шәкәрім туралы, оның Абайдан кем еместігін, Торайғыр мен Жапалақ би туралы естіп, Мәшһүр Жүсіп туралы, оны бұрын тек діндар адам ғып қана көрсеткенін, ал Мәшекеңнің шын мәнінде жан-жақты білімді, философ, дипломат, данышпан, өте ғұлама ақын екенін, оны танығың келсе өлеңдерін оқу керек екенін, және өзінің Мәшекеңнің сөзіне шығарған әнін айтып, ақырғы рет түн ауғанға дейін отырып едік. Екі дәуірге бірдей шежіре құра білген Жүкең әңгімесін аяқтағанда бұрын бойымда байқалмаған ерекше ғажайып сезім баурап алып кеткім келмеп еді. Бұған себеп — менің екі дарын иесін бірдей көріп отырғандай әсер алғандығымнан», — депті Мұхаң.
...Бірде анашым төркініне кетіп мен екі ініммен сенің қасыңда қалдым. Ертесінде «Балам тұр, мектептен қаласың, шәй қойып іш», — деп ояттың. Оқуым таңертең басталады. Қыстың күні болатын. Жуынып, киініп, шәйімді ішіп кетейін деп жатқанымда: «Басыңды әкел, иіскейін», — дедің. Төсек тартып жатқан кезің еді. Басымды иіскеген боп, бір қолыңмен шалбарымды ұстап ішінен іш киім киді ме деп тексеріп тұрғаныңды біліп тұрғам сонда, Әке!
...Сол күз есімде қалды. Көзіңнің тірісінде соңғы рет келуім. Қағазға өлеңімді түсірші дедің. Әлі де өлең жазады екен-ау деген ой келгенмен артынан белгілі болды — «Соңғы әнің» екен...
Осыдан оңала алмаған әкейдің 1987 жылдың 12 наурызында жүрегі соғуын тоқтатты.
5 бет
Соңғы ән.
Тағдырдың тауқыметін тартып келген,
Бейнетпен қара жерге кірермін мен.
Дәрмен жоқ тілден басқа мен бір пенде,
Азырақ өз зарымды айтып берем.
Белгілі арғы атам ер Сүйіндік,
Кез болды-ау жас кезімнен көп қиындық.
Той думан жүрген жерім Жүніс едім,
Құным жоқ осы күні бес тиындық.
Кең дүние мен дегенде болдың ба тар,
Басуға екі аяқты жатырмын зар.
Бірінде екі сөздің айтқан еді,
Ден саулық — зор байлық деп бұрынғылар.
Білмейді ауру жайын кей бір пенде,
Ойламай кем болам деп сау жүргенде.
Көз көрген ағайындар, тамыр-таныс,
Келмейді-ау көңіл сұрап кей бір кезде.
Жатырмын таң да атып, күн батпайды,
Басыма қайғы-уайым тым қаптайды.
«Жатқанға жан жуымас» деген рас,
Жоламай кей біреулер сырдақтайды.
Сабырлық, шүкіршілік қылайын да,
Ақырын, қайырын мен сұрайын да.
Қарсы тұрып, қасарысып мен жатырмын,
Жеңгізбей қайғы менен уайымға.
Өлеңге жар бермейді-ау көңіл, шіркін,
Келмейді бұрынғыдай ойын-күлкің.
Туысқан аға, іні, бала шаға,
Сөзіме зар боларсың әлі-ақ бір күн.
Тіршілік тілемеймін рахаты жоқ,
Алданыш балаларым, көңілге тоқ.
Қайырлы ғұмыр менен бақыт берсін,
Артымда солар қалсын мираскер боп.
Биыл күз өте жылы, жауынсыз болды. Таңертең Ақбет жақтан соққан қоңыр жел
басылып, сағат тілдері тал түске өрмелеген сайын күн жылынып, тіпті қыза бастады. Ибада жасап болған соң Баянауылдың асыл да қайталанбас ұл мен қыздары мәңгілік ұйқыға батқан осы бір қасиетті «қалашықтан» Мәшһүр атаның кесенесіне аттанып кеттік.
Павлодар-Баянауыл.
6 бет
Шашубай ШАЙМЕРДЕН
ӘКЕ БІЗДЕН МӘҢГІ БИІК ТҰРАДЫ.
Бала болдық, тау мен таста ойнадық,
Бала болдық, ойынға бір тоймадық.
Сол бір шақта әкеміздің жүрегін,
Естігенмен, сөзін ұға қоймадық.
Кешір әке, қалды бәрі тас-талқан,
Айтқаныңның бәрі бүгін расталған.
Саған деген жүректегі махаббат,
Шынымды айтсам, енді ғана басталған.
Қалдым қазір қара менен ақ танып,
Аңдап басып, жаманынан сақтанып.
Бір әңгімең — бір жылқының құны екен,
Жүрмін іздеп, әр баспаны ақтарып.
Бейнең сенің көзге алыстан ұрады,
Өкініштен жүрек сыздап, бұрады.
Теңесе алмас әкесімен балалар,
Әке бізден мәңгі биік тұрады.