Preface: Бұл Жүнісбек Шаймерденнің Баянауылдың Қызылтау маңын мекен еткен, Арғыннан тараған руы Ақбура, аты шулы Есен батырдың жасөспірім кезіндегі бір ерлігі туралы дастаны. Есен батыр қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан қорғауға үлкен үлес қосқан, тарих бетіне жазылуға әбден лайық батыр. Абылайдың бір қолын басқарғанымен қоса, Кіші жүздің ханына көмек көрсетіп, «Шаңды жорықта» қалмақтарға қарсы күрескен. Есен бала кезінің өзінде дене бітімімен және ерен күшімен ерекшеленген. Шығармада қазақ–жоңғар ірілі–ұсақты қақтығыстары орын алған, аумалы–төкпелі заманда, 1710–1790 жылдар аралығында өмір сүрген адамдардың, әулиелердің, қажылардың, хазырет, билердің есімдері аталады. Ол дәуірді автор:«Екі ұдай қазақ–қалмақ заманында»,— деп суреттеген. Жырда қазіргі замандастарымыз қолданбайтын, ұмыт болған есімдерді көптеп кездестіруге болады. Сол кездегі адамдардың өмірі, дала заңдары, табиғат сұлулығы сипатталады. Қазақ өмірінің малмен тығыз байланыстылығы, жесе тамағы, кисе киімі, саудада ақша орнына жүруі, байлықтың өлшемі болғаны көркем жырланған.
Жүнісбек Шаймерден
ЕСЕН БАТЫР
(дастан)
Баянтау Арқаның бір мұнарасы,
Қызылтау ол егізі жалтақтаған.
Ұсақ таулар қолтықтап тұр арасын,
Сарыарқаны айнала шарбақтаған.
Өткізіп сан ғасырды бастарынан,
Баянтау Қызылтаумен құрған негіз.
Өлең, жыр мөлдірейді астарынан,
Тарихы толқып жатқан ұшан теңіз.
Таңырқап биік аспан тұрса төніп,
Ақ жаға бұлттар таумен сыр сырласқан.
Табиғаттың керемет сәнін көріп,
Сипаттап не бір дастан, жырға қосқан.
Баянның ең биігі Ақбет шыңы,
Қызылтауда Әулие көк тірейді.
Сұлулыққа ешкімнің болмай сыны,
Тәнті болып жүрегі елжірейді.
Әулиені айнала мекен еткен,
Ежелден атам қазақ шүйгін жерді.
Ұнатып Асан қайғы сынап кеткен:
«Тай құлындап, тайлағы бота берді».
Әсем жерге көз тіккен жоңғар–қалмақ,
Отыруға қолайлы, жайлы малға.
Қызылтауды ер Есен алған таңдап,
Бекініске қолайлы, мал қамауға.
2 бет
Мекендеген Қызылтауды Есен тентек,
Тентек деп елі қойған қосар есім.
Айтайын тыңдаушыға сырын мөлтек,
Тарихтағы Есеннің бір әңгімесін.
Құлболды дәл оныншы үлкен баба,
Айдабол, Күлік, Тұлпар бір анадан.
Екінші әйелінен Ақбура ата,
Үшіншіден Қабылан және Абылан.
Құлболды бабаның бар бес баласы,
Дәулеті толған екен бар баланың.
Төрт түлікке ешкімнің жоқ таласы,
Бір бурасы бар екен сол бабаның.
Шудасы жерге түсіп шұбатылған,
Жібектей аппақ жүні болған мата.
Екінші әйел алғанда қалың малдан,
Сұрапты сол бураны қайын ата.
Бураның мінездерін ел білетін,
Малшысыз малды өргізіп бағып жүрген.
Қасиеті елге несіп енгізетін,
Ұры мен ит-құстардың қолын бүрген.
Ақтамақ би, есімі қайын атаның,
Қайта–қайта жіберіп кісі салды.
Қалың малға бермесе ақ бураны,
Қызымды бермеймін деп жатып алды.
Құлболды бұл бураны еткен ырым,
Елімнің тиыштығын көремін деп.
Жануардың мен ғана білем сырын,
Өзге малдан қанша алса беремін деп.
Мақпал еді Құлболды бәйбішесі,
Кемеңгер ана болып аты шыққан.
Берген екен еріне зор кеңесін:
«Бура беріп алыңыз қызды жаққан».
Ақсақалдар жиылып қолқа салды,
Ұл туса өтелер деп әр күнінде.
Бураға қосып беріп қалың малды,
Тілегі орындалды бәрініңде.
3 бет
Қанжығалы руынан Ақтамақ би,
Жібек сұлу кенжесі, ұзатқаны.
Құдаласып берілді кәде мен сый,
Көңілденіп, болған соң өз айтқаны.
Келін түсті, той болды салтанатты,
Құдаларға ат беріп, шапан жауып.
Қариялар айтқандай бір ұл тапты,
Өзінің уақытында айлар ауып.
Той жасалды салтымен, дәстүрімен,
Көкпар тартып, қыз қуып, атып жамбы.
Әнші–күйші, палуан түр–түрімен,
Жеңімпаз топтан шығып келді жалқы.
Тарқады қымыз ішіп, еттерін жеп,
Қыз–келіншек, жігіттер, әже, ата.
Сәбиге ат қойылды Ақбура деп,
Ақсақалдар күбірлеп берді бата.
Ақбура әулет құрды дәулеті мол,
Бәйбіше мен тоқалы бес ұл туды.
Аққошқар, Жетібай мен Тілеулі ол,
Көкен және Кенже де жолын қуды.
Бұл бесеуден көптеген асыл туды,
Халыққа үлгі болды амалында.
Шәуке мен Есен тентек батыр туды,
Екі ұдай қазақ–қалмақ заманында.
Қарқымбай мырза атанды, жомарттығы
Орта жүзде ерекше мәлім болды.
Бөрібай, Қабыланның ақындығы,
Абайға ұнап, сынасып көңіл толды.
Төленбек пен Дансаттай абыз шықты,
Жаулыбайдай көріпкел осылардан.
Алпыс жыл оқуменен болған құқты,
Ташмұхаммед хазірет туды нардан.
Барлығы Ақбурадан жеті әулие,
Шықты деп айтып кеткен Мәшһүр Жүсіп.
Исабай қажы менен Айтмұхаммед,
Әйгілі Лекер қажы әулие де,
Ұшып кеткен Меккеге ғайып болып.
4 бет
Жетібай Ақбураның ортаншы ұлы,
Сегіз қырлы, бір сырлы болған қатты.
Жас кезде опат болып мүшел жылы,
Артында ұл қалады ЕСЕН атты.
Ұлы атасы Ақбура қолына алды,
Тәрбиелеп Есенді елден ерек.
Жеті жаста жауырыны қақпақтайлы,
Жас болсада тұлғасы болды серек,
Бала Есен ойынға да болды бекем,
Алмады жетімдікті мойынына.
Бір қанжар әкесінен қалған екен,
Көрсетпей алды тығып қойынына.
Бұл Есен бала кезден болды тентек,
Шулатып, күжірейтіп желке терін.
Қойынындағы қанжарын сілтейді тек,
Төбелессе өзінен үлкендермен.
Өштескен бала–шаға, қатындардан,
Кек алды, жұдырығы қолағаштай.
Есеннің ашуына кез болғаннан,
Өліп кетті бір бала жағын ашпай.
Күрес, соғыс Есеннің ойыны тек,
Садақ, шоқпар татқаны талайының.
Әке жоқ, жетім бала көрінді жек,
Әбден кетті мазасы маңайының.
Ауыл–аймақ жетімнен мезі болды,
Жиналып ел боп жұрты қылды кеңес.
Тентекті аластатар кезі болды,
Осыған ешбір адам қарсы да емес.
Жиналып ақсақалдар биге барды,
Биде барлық жағдайға қанық екен.
Бір жетім кісі өлтіріп, басты жарды,
Жетімнен құтылу да анық екен.
Би тыңдады, көп екен мұндай арыз,
Көп адамдар тентектен көрді зорлық.
«Кісі өлтірген адамға өлу парыз,
Дарға асыңдар, жоғалсын енді қорлық».
5 бет
Билікті мақұл көрді ақсақалдар,
Кімнің жаны ашысын бұл жетімге.
Ертең алдап, жақындап ұстайсыңдар,
Бес жігіт дайындаңдар бұл бітімге.
Тілеулі үшінші ұлы Ақбураның,
Жетібайды сағынар бір туғасын.
Жетібайдан қалмауы бір тұқымның,
Қайыстырды Тілеулінің қабырғасын.
Жақсы көріп Есенді көрді қызық,
Сезуші еді мұны да Есен біліп.
Айт пен тойда жанына отырғызып,
Әдейлеп ұстататын арнап жілік.
Есенді тауып шапшаң оңашалап:
«Ертең сені өлтіретін болды елің!
Сені алып қашуды тұрмын қалап,
Аман болсын көргенше туған жерің!»
«Атажан, сізге мәлім менің жәйім,
Не істе десең істеймін, өзің баста.
Сізбен бірге өлуге мен де дайын!»,
Деп Есен дайындалды бір жұмысқа.
Аздаған қор жасалды азықпенен,
Қолға түскен бір атқа екеу мінді.
Тілеулі бай жөнелді жазықпенен,
«Қорғап қалу тентекті ісім енді!»
Бір атқа бала мен шал мінгесіп ап,
Елден ұзап кетуге салды күшті.
Бір–екі күн жүрген соң жол кесіп ап,
Бір ойдағы бұлаққа келіп түсті.
Осы жерде дәм татып, демін алды,
Айналаға көз салды дөңес жақтан.
Биіктен екеуінің көзі шалды,
Төрт, бес жүздей қалмақты келе жатқан.
Өзен екен сай бойлап жатқан ағып,
Қалмақтар сол өзенге тоқтасады.
Ауқатына тай сойып дабырласып,
Дем алып, аттарына кісен салды.
6 бет
Жас Есен мұны көріп шала сенді,
Шал сонда:«Бұл қалмақтар, қазақ жауы,
Қамсыз жатқан елімізді шабады енді».
Жүрегі Тілеулінің азаптаулы.
Жас тентек қабақ түйіп бойланады:
«Қамсыз ел не қылады мына әскерге?»
Көзін төмен салып ап ойланады,
Мұны бұрын білмепті құр бекерге!
Сонда Есен көп ойланды қарап тұрып,
Неде болса қалмақты мен көрейін!
Ауылға жібермейін балақ түріп,
Не елімді қорғайын, не өлейін!
Атасына сөз салды жас жауынгер:
«Ашуыма елімді қалай сатам?
Қалмаққа өзім барам, қас қағым жер,
Қабыл болсын Есенге берген батаң!
Әкемнің қанжары бар жауды қуар,
Шамамның келгенінше ойран салам!
Ер жетіп, ел іздейтін заман туар,
Басқа елді, туысқанды қайдан табам!»
Атасы зар жылады:«Баласың»,—деп
«Күшің толып, бұғанаң қатқан да жоқ,
Рақымсыз жау қолында қаласың»,—деп
«Жылдарың жігіттікке толған да жоқ!»
Ауқаттанды жау саспай, күн де батты,
Қалмақ түгел жантайды қатты жерге.
Жіпке тізіп ортаға барлық атты,
Жастанып дәл ортада жатты мерген.
Жас болса да Есеннің істері бап,
Атасының уәжі жоқ айтар үйіп.
Ашуын шақырып тұр, тістеніп ап,
Уқалап алақанын, қабақ түйіп!
Қалмаққа жалғыз өзі кете барды,
Қанжарын асылына жанып алып.
Пана ғып аш арыстандай ұзын жарды,
Таяды қалың жауға танып анық.
7 бет
Ұйқысына жауының көзі жетіп,
Аяғын ептеп басып енді ордаға.
Басынан бір қалмақтың аттап өтіп,
Көп аттардың қасына келді ортаға.
Үрікпеді ешбір ат жолындағы,
Өткізген жорғалаумен өз күндерін.
Қайраулы қанжарымен қолындағы,
Жүздеген аттың кесті тізгіндерін.
Айқастырып байлаған етегіне,
Екі атқа көзі түсті, қос алаға.
Бірін мініп, бірін алмақ жетегіне,
Әп–сәтте ой кеп кірді жас балаға.
Босатып бүкіл атты болды лезде,
Қалмақтың зырылдауығын алды тауып.
Айғай сап зырылдауықты тартқан кезде,
Кісінеп сәйгүліктер кетті шауып.
Түк түсінбей қалмақтар қалды сасып,
Есі шығып, шуласып таппай ерді.
Шошыған мал еліріп шұрқырасып,
Жерде жатқан әскерін таптай берді.
Шуылдасып қалмақтар болды әбігер,
Қараңғыда мінерге бір ат қалмай.
Аз ба, көп пе келген жау оны білер,
Жағдайлары келмеді құр айғайлай.
Аттарды айдап екеуі кетті алысқа,
Мұндайда болмайды ғой дұшпанды аяу.
Жете алмады бұл жолы жау табысқа,
Түк түсінбей қалмақтар қашты жаяу.
Атасы ат айдасты көмектесіп,
Екі арғымақ астарында шауып берді.
«Қарағым аман бол», — деп өзек тесіп,
Шал Тілеулі ішінен бата берді.
Біраздан соң ағарды таң да атып,
Есен қашқан еліне жылдамдатты.
Бес жүз аттың соңында шаңға батып,
Айдап келед олжасын қос салт атты.
8 бет
Екеуі ауылға да кіріп келді,
Тілеулі бай көргенінің бәрін жайып.
«Есенжан, бір қателік болды енді»,—
Десті үлкендер кемсеңдеп, жуып–шайып.
Жас батырдың қайран қап ерлігіне,
Кішігірім тойлап таң ата берді.
«Мәңгі өшпесін есімің ел ішінде!» —
Ақсақалдар Есенге бата берді.
Өліп кетсең қайтер ек, құны толсын,
Бес жүз аттың бәрін де алсын деді.
Халықтың сүйікті бір ұлы болсын,
Есен батыр атанып қалсын деді.
Ол кезде орта жүзде хан Абылай,
Батырлығын естіген созды қолды.
Қамал бұзып жүлде алып Есен талай,
Абылайға сенімді батыр болды.
Жаугершілік көп еді ел арасы,
Сұлу қыз, жердің дауы, көз алалық.
Есен батыр болсымен әскер басы,
Ұсақ соғыс азайды өзаралық.
Нұрәлі хан болыпты кіші жүзде,
Ордасы Орынборда болса керек.
Есеннің даңқын естіп ол да күзде,
Дос болам деп, шақырып берді дерек.
«Шаң жорыққа» түзеді Есен бойды,
Бауыздап қалмақтарды күшініпті.
Мың бас қып айдап барған тұсақ қойды,
Тартуым деп ханға оларды ұсыныпты.
Қонақ боп ханекеңе Есен батыр,
Әр түрлі сый–құрметпен кірді қосқа.
Олжасына жүз кісілік жібек шатыр,
Сыйлапты Нұрәлі хан жаңа досқа.
Жеті әйел алған екен батыр Есен,
Жеті әйелде жеті мекен, жеті қыстақ.
Қызылтауды айнала қонған екен,
Ешқандай жау көрмеген оны қыстап.
9 бет
Кіндігінен он бір ұл туған екен,
Қарамырза, Батырбай, Балта мен Шот,
Есдәулет, Қосдәулет пен Ербай екен.
Асан, Шөгел, Айтқұл жалын мен от.
Малдары көптігінен бағылмаған,
Өз бетімен тауда өсіп болған тағы.
Жылқысын межелеп бір сай қамаған,
Есепсіз болған екен ұсақ малы.
Жеткізем деп жинапты итті жүзге,
Шарбағы иттерінің төскейде екен.
Күнде итке сойғызса да бір өгізді,
Қырылып бір–бірімен өспейді екен.
Екі таудың арасын таспен қалап,
«Есен асу» атайды қазыр оны.
Қорасы «Қара қуыс» деген алап,
Үлгірмепті жабуға қаза болып.
Есеннің зираты тұр осы кезде,
Жер сұлуы Қызылтау бауырында.
Бара қалсаң табасың оны лезде,
«Аяқ шілік» деген жер сауырында.
1949
Preface:Жүнісбек ШАЙМЕРДЕННІҢ бұл поэмасы екінші дүние жүзілік соғыстан кейін, 1947 жылы болған оқиға іздерімен жазылған. Болат пен Марат бала кезден өмірлік достар. Болаттың анасы және Мәмилә есімді жаңа үйленген сұлу жары бар. Марат жетім өскен бойдақ. Екеуі сұранып майданға аттанып, сұрапыл ұрыстарда Болат опат болып, Марат жараланып елге қайтады. Тағдырдың жазуымен досынан айырылған Марат жылдар өткенде марқұм Болаттың әйелі Мәмиләға үйленіп балалы болады. Күндердің күнінде аяқ астынан ауылға аман–есен Болат оралады...
Жүнісбек ШАЙМЕРДЕН
МӘМИЛӘ
(поэма)
Жаз күні еді жадыраған шуақты,
Күннің көзі көкжиектен ауғанда.
«Соғыс» деген саңқылдаған қуатты,
Суық сөздер жеткен сәтте ауданға.
Баянауыл басындамыз ол кезде,
Ел көңілді, ойын–сауық, ақ қымыз.
Сабындының жағасында леп–лезде,
Жиналамыз сауық құрып жігіт, қыз.
Су сепкендей басылды ойын сайраны,
Маусымдарда кенет қаңтар туғандай.
Қамсыз елдің ұйып тұрған айранын,
Төгіп кетті «фашист» атты қу маңдай.
Жауға халық әзірледі ұлдарын,
Ұран қылып батырларын нағыздан.
Есен тентек, Шәуке сынды құндарын,
Олжабай мен Жасыбайды аңыздан.
Жігіттер дайын болды осы замат,
Әскерге ылғи мықты іріктелді.
Қолдарында өтініш екі азамат,
Комиссарлық бөлімге кіріп келді.
Комиссар өтінішті шықты оқып:
«Бізді де қан майданға жіберіңіз.
Бар халықпен бірігіп, күшті қосып,
Кек аламыз, кем емес жігеріміз!»
2 бет
Бұл екі дос, Болат пен Марат еді,
Өтініштер ұзамай ілікті де.
«Екеуі де майданға барад», —деді
Комиссар қосты жұпты еріктіге.
Мектептен бірге өскен екі сырлас,
Өндірісте бір жүрді жұп жазылмай.
Өмірлік бір–біріне мәңгі жолдас,
Ешқашан абыройға кір жағылмай.
Марат жетім, өмірде жалғыз ғана,
Болаттың анасы бар Қадиша атты.
Маратты жақсы көрді, ана дана,
Жалғыздығы әрине жанға батты.
Болат былтыр үйленген, әйелі бар,
Жас науша Мәмилә атты сүйген жары.
Тағатсыздан күтетін, пейілі нар,
Қарсы алады еркелеп үйден жаны.
Қарт ана амандасты екі ұлымен,
Қадиша адам еді сабыры мол.
Қорғаңдар Отаныңды төрт қолыңмен,
Біз болайық тілеуқор айтарым сол.
Мәмилә жұбайының қолын тұтып:
«Қабақ шытпай құшатын жарым едің.
Жеңіспенен оралшы жауды ұтып,
Қарсы алам сағынышпен, жаным ерім!»
Болат, Марат қоштасып кетті жүріп,
Қарасты сұлу тауға тағы да бір.
Баянның жібек желі беттен сүйіп,
Аман жүрші дегендей, баһадүрім.
Балалық шақ доп ойнап, асық атқан,
Замандаспен жарысып таймен шауып.
Талай қызық оқиға елес қаққан,
Тәтті өмірдің біразы ауық–ауық.
Орта жол Майқайыңнан кетті өтіп,
Қоштасты жерлестермен кеншілері.
Қара Ертіс өзеніне келді жетіп,
Кең паром жігіттерді еншіледі.
3 бет
Ертістің ар жағына оң жағаға,
Жеткізді суды қармап үлкен паром.
Сәлден соң отырады вагондарға,
Аттануға жолдармен тарам–тарам.
Болат сергек жігіт еді, өзі сері,
Жүрген жері болатын сауық–сайран.
«Ойнайын жұрт естісін әрі–бері,
Әперші сырнайымды, қылып қайран».
Болатжан ән шырқа деп, жұрт сұрады,
Баянауыл әндеріне бәрі құмар.
Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Мұстафаны,
Құйқылжытып салғызды ойға тұмар.
Шаршатып бес–алты күн өтіп кетті,
Жүйрік поезд жүрісін баяулатты.
Майданның маңайына келіп жетті,
Әрі қарай жігіттер жаяулатты.
Ротаның командирі болды Болат,
Марат жүрді меңгеріп пулеметті.
Борышын өтегенге үш жыл толады,
Екеуі де әскерден білген епті.
Ол кезде соғыс жойқын Москва үшін,
Фашистердің араны қатты ашылды.
Аямай жас қазақтар жұмсап күшін,
«Вермахтың ұлы әскері» күрт ашынды.
Таң алдында майдандық шепке барып,
Ең алдыңғы қатардан орын алды.
Болат, Марат екеуі қатар жатып,
Дұшпанды қарсы алуға ыңғайланды.
Сол сағатта қолбасшы бұйрық етті,
Қорғаймыз бұл қаланы өлгенше деп.
Ротасын Болат бастап алға кетті,
Қоштасып Маратпенен көргенше деп.
Шиеленіс ушықты алғы шепте,
Қалаға кірмек болды жау әскері.
Пулеметпен дәл ұрып Марат шетте,
Көріп тұр мұның бәрін дәл ескеріп.
4 бет
Жекпе–жектер басталды бір мезетте,
Екі жақ кезек төгіп ыстық қанын.
Өмір тұрды ажалмен бір кезекте,
Кезеніп бір–біріне «штыктарын».
Батырлар немістерге атой салды,
Сын сағатта кім тұрсын жанын аяп.
Болат кенет Маратты көріп қалды,
Екі неміс қос қанжар тұрған таяп.
Болат тез автоматтан оқ боратты,
Сұлатты екі жауды ол сұр мерген.
Марат қалып ажалдан құлап жатты,
Сілкіп тастап қос немісті үлгірмеген.
Марат адал досына риза болды,
Тағы бір қырдан көріп дара жанды.
Жаулармен жағаласып жүрген Болат,
Өқ тиіп кенет ауыр жараланды.
Қансырап қайран батыр қалды талып,
Марат жылап өкпесіне қолды басты.
Күрсініп аздап көзін ашып алып,
Досына бір–екі ауыз сөзі асты.
«Марат, — деді,— ажал кеп төнді маған,
Кәрі анам Мәмиләмен не болады?
Тапсырарым сол ғана менің саған,
Көзіңді сал, мен өлем — дос қалады».
Содан кейін әл кетіп, тіл күрмелді,
Әрі қарай айта алмай ақыр сөзді.
Өмірін жан–тәнімен сүйген енді,
Асыл ер арпалыста жұмды көзді.
«Шегін!»—деп, бұйрық келді сол мезетте,
Жерлеуге үлгірмеді Марат досын.
Билеті мен орденін шешіп лезде,
Алтын сүйек көмілмей қалды тосын.
Бір біріне майдандастар ант берісті,
Кек алуға достардың бас–басына.
Көңіл айтып хат жазып жіберісті,
Үйдегі әйелі мен анасына.
5 бет
«Қара қағаз» ол жетті анасына,
Жас жары, енесімен болды шерлі.
Жетпей жүрген олардың санасына,
Мараттан хат келген соң ғана сенді.
Ер Марат жараланып келді ауылға,
Екі шерлі құшақтан аянбады.
Оқиғаны баяндап ел қауымға,
Болатпен айырылғанын баяндады.
Бұдан соң уақыт өтіп жылдан асты,
Әйелдерді әлі де қайғы басып.
«Қажытты–ау»—деп, бұл соғыс қайран жасты,
Қарт ана келінді ойлап кетті жасып.
«Қарағым»,—деп бір күні келініне, —
«Жүдедің қайғыменен гүлдей солып.
Ойлаған ойың болса бердім міне,
Батамды обалыңа қалмайын», —деп.
Енесін құшақтап ап зар еңіреп,
«Құтылғың келіп жүрме менен?»—деді.
Болатым кетерінде тапсырып ед,
Не көрсемде сізбенен көрем», —деді.
Марат бойдақ жігіт қой көз тартатын,
Қызығар Мәмиләнің жастығына.
Кір жаққандай болдым деп ой артатын,
Болатқа, оның сүйген ғашығына.
Мәмилә сыр айтатын жақын санай,
Бір күні әңгімеден көп сөз кетті.
Мәмилаға мақалдай, ишаралай,
Мақсатын жеткізіпті, көркемдепті.
Мәмилә: «Болаттың бар қарт анасы,
Менсіз тіпті күші жоқ үйге енетін.
Ол кісінің ақылынсыз мен шарасыз,
Жалғыз ғана ұлы еді сүйенетін».
Марат бір күн қарияға жүрген алаң,
Әр түрлі жұмбақ мысал келтіріпті:
«Болат балаң болғанда, менде балаң,
Менен ешбір көрмессіз кемшілікті».
6 бет
Бәйбіше айтты: «Табиғат заңы керең,
Өмірдің қиралаңын көрдім талай.
Екеуіңе жүректен бата берем,
Алдарыңнан күн тусын, артыңнан ай».
Үшеуі шаңырақта жалпылдасып,
Бір–біріне жат емес, тұрды бірге.
Сәл нәрсеге апа деп ақылдасып,
Болды екеуі ананың билігінде.
Төрт жыл өтіп, үшеуі өмір сүріп,
Мәмилә мен Мараттан бір ұл туды.
Қарт ана нәрестені ермек қылып,
Қайғысын соныменен үнсіз жуды.
Ойда жоқта почтальон есік қақты:
«Қойлыбаева Қадиша сіз бе?»—деген.
«Телеграмма! Қуаныш келді жақсы!
Анаға үміт жібін үзбе!»—деген.
«Анашым, Мәмиләмен еріп санам,
Сәлем айтам сендерге туғандарым?
Он–он бес күн ішінде келіп қалам,
Болат атты балаң мен туған жарың».
Үшеуі тұрып қалды өшіп үндер,
Мәмилә: «Адастым, — деп, — соқыр–керең!»
Қарт ана: «Хатын жазып жіберіңдер,
Балама жауабымды өзім берем!»
Болаттан тағы бір хат келді аңсар,
«Бір ұрыста қалдым деп есім ауып.
Жау жағында жатыппын шала жансар,
Партизандар сол жерден алды тауып».
Болат келсе көңілі қалады деп,
Мәмиләмен Марат жүр қатты ұялып.
Жатудың жөні келмес үйді ұя қып,
Екеуі басқа үйге кірді барып.
Болат бір күн келді ұшып ауылына,
Көз салып туған жерге тұрды түсіп.
Марат пенен анасы бауырына,
Қатты басып қарсы алды жүгірісіп.
7 бет
Қарт ана құлынымен құшақтасты,
Мауқын басып искеді құшырлана.
Болатпен кезекпенен амандасты,
Үлкен–кіші түгелдей ұшып дала.
Жұрт шулап үйге қарай алып жүрді,
Бөтен ой кіргенде жоқ сөздеріне.
Дүрсілдеп жас жүрегі үйге кірді,
Мәмиләсі көрінбей көздеріне.
Шашуды шәшіп жатыр, құрт пен майын,
Дастарханды жәйіпті орта тұсқа.
«Апа, менің қайда еді күн мен айым?
Мәмилә көрінбейді, ол қай тұста?»
Марат қатты қиналып шықты сыртқа,
«Менің кінәм»,— деп ана аянбады.
Төрт жылғы оқиғаны салып ұртқа,
Қысқаша баласына баяндады.
Болат біраз ой кешіп, атты көзбен,
Өткен шақтың қызығын есіне алып.
Ақсақалдар мәйдалап жатты сөзбен,
Жазықсызын бұлардың еске салып.
Тұрды Болат іздеуге Марат досын,
Еш жерден көрінбеді дос көзіне.
Тәңір қолдап үстінен түсті тосын,
Қол салайын деп жатқанда өз–өзіне.
«Досым!», — деп айғай салды Болат қатты,
Жүгіріп кеп Маратты құшаққа алып.
«Бір мысқал да кінәң жоқ, ақиқатым!
Біріміз бірімізді кештік анық».
«Әрине екі ойлыда болдым біраз,
Екеуің қосылыпсың, тәтті өмір сүр!
Көңілім бұзылғаны әуелде рас,
Жұбайлардың бақытын мәңгіге бұр!»
Өте ақылды азамат Болат біздің,
«Бұл жағдайда кінәлі соғыс өткен.
Жазығыңыз жоқ ана, бұған сіздің,
Гитлерге артамыз, соғыс еткен».
8 бет
Үшеуі достық үшін қол алғанда,
Бүкіл ел ер сабырын үлгі қылды.
Ақылменен көтеріп өте алғанда,
Ешқашан кездеспеген мына сынды.
Болаттың келген тойы әрі ұласты,
Марат пен Мәмиләнің тойларына.
Құттықтап, бақыт тілеп дабырласты,
Енді ғана қан жүрді бойларына.
Қадиша көпті көрген һәм білімді,
Болат, Марат, Мәмилә емес надан.
Ашу, кексіз, кіршіксіз, кешірімді,
Бұл төртеуі ерекше ақылды адам!
Бұл оқиға кездесті елден ерен,
Үлгі алсын деп жыр қылдым тоқығанға.
Ең болмады бір сөзі батса терең,
Ғибратпен ой салып оқығанға.
1947