Жүрегім менің - қырық жамау

Жүрегім менің—қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әрнеден.

Өлді кейі, кейі — жау,

Кімді сүйсе бұл жүрек.

Кімі — қастық, кімі дау,

Сүйенерге жоқ тірек.

Кәрілік те тұр тақау,

Алдымызда айла жоқ.

Қайғысыздың бәрі — асау,

Бізге онан пайда жоқ.

Қанжүректі қайғылы-ау,

Қайырыла кет сен маған.

Қасиетін ойлан-ау

Қам көңілдің тынбаған.