Сағаттың шықылдағы емес ермек

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Ћәмиша өмір өтпек — ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі — ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.

Өткен өмір белгісі — осы сыбдыр,

Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.

Ақыл анық байқаған қылығыңды,

Қу шыққансып қарасып босқа бұлдыр.

Күн жайылып ай болды, он екі ай — жыл,

Жыл жайылып, қартайтып қылғаны — бұл.

Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл.