Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын

Түбін ойлап, уайым жеп айтқамын.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып түзеле ме деп айтқамын.

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,

Бірінен бірі шапшаң ұқпас сөзін.

Көздің жасы, жүректің қаныменен

Ерітуге болмайды іште мұзын.

Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,

Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.

Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,

Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.

Адасып алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.