Тоғандықов Жабай (1889-1978)
Павлодар облысы Баянауыл ауданында 1889 жылы туған. Жабай Тоғандықов - қазақ әншісі, Қаз КСР-інің еңбек сіңірген әртісі (1945). Ата-анасынан ерте айрылған Жабай Тоғандықов жоқшылықты көп көреді. 1903 жылы Арқаның белгілі әншісі Қ.Байжановпен кездеседі, оның жанында жүріп әншілік өнерге ден қояды. Кейіннен Екібастұзда шахтада жұмыс істеп жүргенде 1916 жылы патша жарлығы бойынша әскерге алынып, қара жұмысқа тартылады. 1918 жылы Павлодар қаласына келіп Жұмат Шанин ұйымдастырған көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болады. 1932 жылы Қарағанды облысының радиокомитетіне шақырылып, өмірінің соңына дейін сонда әнші солист кызметін атқарады. Өлең жазып, ән шығарады. Тоғандықовтың репертуарында 100-ден астам халық әндері мен халық композиторлары (Біржан, Ақан сері, Жаяу Мұса, Жарылғапберді, т.б.), сондай-ақ кейінгі қазақ композиторларының әндері болды..З.Солтанбаев өзінің «Әнші Жәкең» атты 2009 жылғы «Сарыарқа самалы» газетіндегі мақаласында былай деп жазған еді: «Жәкең ағай туралы айтар әңгіме, баяндар естелік жетерлік. З.Ақышевтың «Жабай» атты повесті бар. Қарағанды телестудиясының бұрынғы режиссері, зейнеткер Ж. Тоғандықовтың қызы Рабиға апайдың берген анықтамасын ұсынғалы отырмын. Апай хатын былай деп бастапты: Қазақ ССР-на еңбегі сіңген артист Ж.Тоғандықовтың өмір жолдарынан. Менің әкем –Жабай Тоғандықов 1889 жылы Баянауыл ауданы , Біржанкөл деген жерде (Әкесі –Нұржан,шешесі- Қатжа) дүниеге келген. 14 жасынан Баянауыл үй шаруашылығы құрылысында қара жұмыс істеген. 23 жасынан Ертіс пароходында матрос болып еңбек еткен. 1915 жылы Екібастұзда қара жұмыс істеген.
1916 жылдың қысында патша жарлығы бойынша призывқа алынып, Рига қаласында окоп қазу жұмысында болады. Өмірінің осы бір ауыр кезеңін әкем өлең жолдарына түсірген. Ол «Қарағанды жұмысшылары» деген кітапта жан-жақты жақсы жазылған.Бірнеше рет «Өте жақсы орындаушылық шеберлігі үшін» сыйлық, грамоталар алды.
1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндік декадасына қатысып, жоғары, көркем орындаушылық қабілеті үшін сыйлық және грамота алған еді. Кремльдің үлкен сарайына қонақ болуға құрметті шақыру билетіне ие болған. (Шақыру билеттің номері № 50).
1935 жылы Қазақ ССР-нің 15 жылдығына байланысты Грамота және 15 жылдығы значогімен наградталып, Жоғарғы Советтің Құрмет грамотасына ие болған. Бірнеше рет ақшалай, заттай сыйлықтар алған.
1946 жылы Еңбектегі үздігі үшін,1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әр түрлі медальдармен наградталған.
1945 жылы 17 февральда Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Указы бойынша Қазақ ССР-на еңбегі сіңірген артисі атағы берілді.
1950 жылы жасының ұлғаюына байланысты Қазақ ССР-нің дербес зейнеткері болып тағайындалды.