Орта жүз арғынның ішіндегі Сүйіндік қаржас руынан шыққан, өз еліне танымал Сәтиұлы Күшік шешеннің ұлы. Шын есімі – Жұмабай. Қуандық руының Қожы төре бастаған жігіттері қаржастардың жылқысын барымталауға келгенде екі жақ сойылдасып, барымташылардан үш адам (ішінде төренің өзі де бар) қаза тапқан. Мұны естіген Уәли хан қаржастарға қыруар жылқы құн кеседі. Осы даулы, шешімі қиын мәселені өз руының пайдасына шешіп шыққан 15 жасар Жұмабай “Бала би” атанып кеткен. Бұл жөнінде өз еңбектерінде Ш.Уәлиханов та жазған. Осы оқиғаның тағы бір нұсқасы Шоңмен байланысты баяндалады.
Жұмабай ханнан жеңіспен оралған соң Шоң оған Шорман атағын беріп, қаржас руының төбе биі етіп тағайындаған. Ол төрелерге билік бермеу мақсатымен сүйіндік арасынан хан тұқымын аластау жөніндегі Шоң бидің саясатын қолдап, оны іске асыруға көмектескен. Жер дауын шешу, жалпы қазақтарды жерге орналастыру мәселелері бойынша 1822 жылдан бастап Шоңмен бірге Батыс Сібірдегі отарлық әкімшілікке бірнеше рет хат жолдайды. Шоңның тапсыруымен Тобыл, Омбы, Кереку, Қызылжар қалалары мен Ірбіт, Үркіт (Иркутск) жәрмеңкелеріне барады. Архивте Шорманның 1830 ж. Омбыға, 1832 ж. Тобылға барып, губернаторға жолыққаны жөнінде дерек сақталған. Баянауыл округі ашылғанда Шорман би аға сұлтанның орынбасары болып тағайындалды да, Шоң қайтыс болғаннан кейін оның орнын басты. Алайда Шорман би аға сұлтан міндетін бір жылдай ғана атқарып, келесі жазда дүние салды. Мәшїүр Жүсіп Көпейұлының жазуы бойынша Шорман би Ақмырза өзені Сілетіге құяр тұсына жерленген. Шорманның тұңғыш қызы Зейнеп – Ш.Уәлихановтың анасы. Үлкен ұлы Шорманов Мұса белгілі адам болған.