Өмірбаяны

       Қосым Пішенбаев өмірбаяны

 

Қосым Пішенбаев  ұста, зергер, руда танушы. 1844 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Шоқпар ауылында дүниеге келген.

Жасынан үй ішіне қажетті, күнделікті қолданыстағы әр алуан бұйым-заттарды шебер жасауымен көзге түседі. Алғаш рет Майбұлақ деген жерден мыс кенін тауып, оны орыс кәсіпкері С.И.Поповқа хабарлайды. Сол жерге Попов «2 мамыр 1866 жыл, ашқан 22 жасар қырғыз (қазақ) Қосым, С.И.Поповтың меншігі» деген жазулы бағана белгі орнатады. Осыдан кейін ол әр түрлі кәсіппен (ауыл ұстасы, зергер, жер өлшеуші, кен іздеуші, егінші) айналысады. 1904 – 1906 жылдары Майбұлақ кенін екінші рет қайта тауып дәлелдеді, әрі осы жерден қорғасын кені ашылып, Пішенбаев Қосым маркшейдер болып тағайындалады. Баянауыл өңіріндегі (Берікқара, Екібастұз, Жартас, Жосалы, Көктас, Қазанауыз, Майкүбі, Майқайың) мыс, көмір, қорғасын, алтын кендерін алғаш рет ашқан.

    «Косым Пішенбаев 32-нің жазында емес, қысында көз жұмды»

 

Даңқты тұлғаның немере інісі Амантай Ақыш-ұлы тарихи шындық бұрмаланғанына наразы.
Тастың тілін білген Қосым Пішенбаев ез дәуірінде ұста, зергерлігімен аты шықса да, қазіргі ұрпақ оны кентанушы ретінде жақсы біледі. Ол Баянауыл ауданына қарасты Берікқара, Жартас, Жосалы, Кектас, Қазанауыз, Майкүбі, Майқайыңда мыс, кемір, қоргасын, алтын кендерін тапқан. Екібастұз кемір кенін ашқан Қосым Пішенбаев екенін деректерді жинақтап дәлелдеген - майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев.
Қосым Пішенбаевтың өмірі, оның кентану ісіндегі орасан еңбегі жайлы бірнеше кітап жарық көрді.
Қосым Пішенбаевтың өмір-баянына қысқаша тоқталсақ, әкесі Пішенбай екі ұл сүйген: Қосым мен Есімбай. Қосымнан Әбіш, Мұқыш деген ұлдар тарайды. Ал Есімбайдан Ақыш, одан Амантай. Әбіш деген ұлы Павлодар қаласына жақын қазіргі Кенжекөл ауылында тұрып, сол жерде дүниеден өтеді. Мұқышы Қарағанды облысы Молодежный ауылын мекен етіп, кейін сол ауылда мәңгілік тыныс табады. Әбіш пен Мұқыштан ер бала қалмаған, қызынан туған жиеншарлар бар. Пішенбай әулетінен көзі тірісі - Амантай Ақышұлы.
Амантай Есімбаев Қосым атасы туралы жазылған кейбір деректердің бұрмаланғанын айтады. Өз әкесінен және ауыл ақсақалдарынан естігендерін төмендегідей баяндады.
«Қосым атамызды жұрт «Елкезбе» деп атапты. Ол уақытта қазақ малға қарамай, ел аралап жүретін адамды онша жарата қоймаған. Оған қарайтын Қосым атамыз ба? Мініске жайлы деп түйеге мініп, ауыл-ауылды кезіп кетеді екен. Тау-тастың тілін білетін, орысшаға жетік Қосым атамыз геологтарға жалданып, кен орындарын іздеуді кәсіпке айналдырған. Кен барлау-геологиялық экспедицисына қатысып, Балқашқа дейін кен іздеген деседі. Табиғатпен ете-не өскен адам асықпай аяңдап жүріп, кенді жер бедеріне қарап анықтайды екен. Ол отбасына айына бір соғып, тапқан табысына қажетті азық-түлікті жеткізіп беретін көрінеді.
Қосым атамыз Екібастұздағы алғашқы көмірді Ащыкөлдің маңайынан тапқан. Қазір бұл жер «Богатырьдің» аумағында, көмірі баяғыда қазылып алынған. Әкем Ақыштың айтуынша, атам Керекуден келе жатқанда, Екібастұздың маңайында аяқ суытыпты. Жан-жағына зер салып қараса, маңайында қойдың құмалағы секілді ұсақ тастар жатыр екен. Иіскеп көрсе, үйреншікті жапаның емес, көмірдің иісі шығады. Ол әлгіден бірнеше түйірін салып алып, геологтарға апарады. Патша дәуірінде өз еңбегін пұлдай білген атамыз еңбегіне 30 сом ақша алған де-ген әңгіме бар.
Қосымның қазасы жайлы жазылған кейбір деректер шындыққа жанаспайды. Көптеген тарихи еңбектің авторлары Қосым Пішенбаевтың жерлесі Нығмет Жәміновтің берген мәліметіне сілтеме жасап жүр. Біздің аталас ағамыз, Ыбырайдың Әбдірахманы бертін, 84 жасында бақиға озды. Дүние салар алдында «Әбдірахман ата сені іздеп жа-тыр» деген хабар жетті. Мен ауылда зоотехникпін. Ескі «Жигулиіме» отырып ұзатпай жеттім. Мені көргенде ақсақал қуанып кетті. «Амантайға қымыз әкеліңдер», - деді. Балалары тегештегі қымызды кесеге құйып қолыма ұстатты. «Құлыным Амантай, аталарың Қосымды мен өз қолыммен қойған адаммын. Бірақ оның қай жерде жатқанынан сендер хабарсызсыңдар. Әкеңнің де шаруасы болмап еді. Қосым жай адам емес. Ертеңгі күні оны іздейді. Сонда жақыны деп сені табады. Мен мәңгілік емеспін. Көзім тіріде Қосымның Мақаш қыстауындағы қорымын көрсетейін», - деді. Менің көлігіме отырып Сарыөлеңге бет түзедік. Онда Мүрит деген ағамыз әрі жездеміздің үйіне тоқтадық. «Амантайға атасының жатқан жерін көрсетемін», - деді Әбдірахман ата жөн-жосықты айтып. «Мақашта менің де атам жатыр. Сендермен барайын», - деп ол да көлікке отырды. Мақаштағы зиратта Әбіш ата Қосымның жатқан жерін жазбай тапты. «Жарықтық, бәрі де өз орнында», - деп көңілі жайланып, құран оқыды.
«1932 жылы қыста қатты аяз болды. Жұт - жеті ағайынды» демекші, жұрттың тарыққаны аздай, өкімет қолдағы малды тегіс жинап әкетті. Жұрт қалың шілікке ұрланып кіріп, қолдағы малын сойып, етін жұқалап кесіп, ағаштың басына іліп жан сақтады. Бірақ ізді аңдушылар да көбейіп, бір үзім нанға зар болған халық жан-жаққа босып кетті. Қосым қайтқанда біздің әл-дәрменіміз құрыған, аш-арықпыз. Оның денесін шиге орап әкелгенімізбен жер қазуға әліміз келмеді. Әр жерді түртінектеп жүрміз. Күрегіміз сіресіп қатқан жерге батпайды. Бір қарыс жер қаза алмай «Енді не істейміз?» деп Жәмін, Сәлмен бір-бірімізге қарап дағдарып қалдық. «Осы зираттың іргесін бұзайық», деді әлденеден соң бірі. Оның сөзін құп алып, бір қорымның іргесін қопардық. Бетіндегі тасын алып, ары қарай қазсақ, топырағы жұп-жұмсақ. Мұндай қуанбаспыз. Мәйітті ертеңге қалдырмай жерледік. Жақын маңдағы иесіз қалған үйдің есігімен бетін жаптық. Кетерде өзіміз шашқан тасты жинастырып, топырақтың үстіне үйіп кеттік. Қарағым, өтірік айтсам, обал-сауабы менің мойнымда. Ертең сұрағандарға Қосымның жатқан орнын көрсетерсің», -деді Әбдірахман ақсақал аманаттап».
Амантай Ақышұлы өзін мазалап жүрген мәселенің түйінін былай деп тарқатты: «Тастың тілін түсінген қазақ немесе Қосым Пішенбаев деген кім?» деген мақалада Нығмет Жәмінұлы мынадай дерек келтіреді: «Отызыншы жылдардың ашаршылығы басталғасын, Қосекең өлсем сүйегім елде қалсын деп, жаяу-жалпылап осы өңірге жетеді, - дейді Нығмет Жәмінұлы. -Балапан басына дегендей, халық беті ауған жағына босып, қоныс, қыстаулардың иесіз қалып жатқан уақыты. Сол кезде жасы сексеннен асқан Қосым даланы кезіп жүріп, “Төлтай” деген жерде отырған біздің үйге келіпті. Ол кезде қазақшылықтың үзілмеген уақыты. Қосымды ертеден білетін әкей өздері әрең күнін көріп отырса да, үйдің бір бұрышын беріп, қолда бар ырызығын бөліседі. Үйде үш бала, Қосекеңмен төртеу болады. Әкем мен шешем тұзақ құрып, қоян аулап, оларды қалай асырағандарын кейін жыр қылып үнемі айтып отыратын. Қосымның әкеме келу себебі, екеуі қазақ жолымен айтқанда, бажа болып келеді. Менің шешем Күлшария Қаржас
- Тоқсан Мақаш деген адамның қызы. Мақаш он шақты баласы бар, орта дәулетті кісі екен. Ал Қосымның бәйбішесі Айша - Мақаштың қарындасы. Жаңағы «Төлтай» деген жердің бір пұшпағы «Мақаш қыстауы» деп аталады. Бала жасынан табиғатпен сырласып, даланы кезіп, тастың тілін білген Қосым талай құпиясын әкеме де әңгімелеген екен. Бірде Қосекең әкейге:
- Ата баладан безіп, ана сәбиін далаға тастап жатқан мына сұрықсыз заманда сен мені құдай үшін деп үш балаңмен қосып асырап отырсың, қайырымы Алладан қайтсын! Бойымда күш-қуатым барда саған бір жерді көрсетейін, үрім-бұтағыңа жететін алтын бар, -депті.

Әкей тумысынан ондайдан қорқатын адам еді:
- Қосеке, рақмет, байлық кімге жолдас болған, байлардың қандай болғанын көріп отырмыз ғой, мен саған алтын үшін емес, кешегі құдай көрші едік, мына балаларыма батасы тисін деп қайырым жасап отырмын, - деп, оның ұсынысынан бас тартады. Дегенмен Қосым біржола жатып қалуға айналғанда әкеме: «Анау дөңнің астында бір тасты аударып, белгі қойып кеттім, кейіннен қажеті болса барып қарарсың» - депті. Әкей бұл әңгімені үлкен ағам Хамитқа айтады. Одан кейін 30-40 жылға жуық уақыт өтті. Әкеміз айтқан жерді кейін Хамит ағам да ұмытса керек...
- Сөйтіп, 1932 жылы жазға салым Қосым өмірден өтеді. Жалғыз үй отырған әкем мен шешем ғана, көрші-қолаң, ағайын-туыс деген жоқ. Екеуі мүрде мен ортаға шымылдық құрып, бас жағын шешем, белінен төмен қарай әкем жуып, қолдан келгенше кебіндеп, екі аяқ арбаға салып, 3-4 шақырым жердегі “Мақаш қыстауындағы» үлкен қорымға апарады. Ол жерде Қосымға аталас туыс Ыбырайдың Әбдірахманы де-ген кісі жалғыз үй отырса керек. Терең етіп қабірлеуге әл жоқ, екеуі иіндікке дейін қазып, бетіне есік жауып жерлепті, -деп аяқтады Нықаң ақсақал өзінің баянын».
Амантай Ақышұлы бұл дерек шындыққа жанаспайды деген пікірде.
«Біріншіден, Қосым Пішенбаев жазда емес, қыстың сақылдаған сары аязында қайтыс болды. Екіншіден, менің әкем ашаршылық жылдарында іргелес отырған бес әулеттің Қосым Пішенбаевтың арқасында аман қалғанын жыр қып айтатын. Жұрттың қолындағы малын тартып алғаннан кейін халықтың әл-ауқаты күрт нашарлайды. Аштықтан көзі қарауытқан адамдар ағайын-туыс демей, көзіне көрінген малға тірідей пышақ сұғып, етін жұлмалап жей бастаған. Осы жағдайды көзімен көрген Қосым атамыз қоңсы отырған ағайындарын бір тамда күнелтуге шақырған. 5 үйлі жанды үйіне кіргізген атамыз төргі бөлменің терезесін бекітіп, іштен кірпіш қалатқан. Жалғыз сиырды төргі бөлмеде ұстаған. Әйелдер мен балаларды түпкір бөлмелерге жіберіп, ер адамдар қолдарына пышақ, сойыл ұстап кіре берісте жатқан. Жалғыз сиырды жайылымға шығарғанда, 3-4 еркек күзетіп тұрады екен.Қолдағы затты қалаға апарып, 5 қап бидайға айырбастап, оны пештің жалының түбінен шұңқыр қаздырып, сол жерге төккізген. Күніне үш мезгіл бір уыс бидайды қуыртып, Қосым ата өз қолымен үйдегі балашаға демей, барлық жанға қылдай қылып бөліп береді екен. Атам далада өсетін шөптерді де жақсы таныған. Кейбір шөптерді емге пайдаланса, тағы бір шөпті шайдың орнына қолданған. Оған сүт қосқанда, шайдың хош иісі шығып, адамға әл береді екен», - дейді Амантай Ақышұлы Қосым Пішенбаев 32-ші жылы жазға салым қайтыс болды деген деректі жоққа шығарып.
Қосым атамыздың немере інісі әкесінен естіген тағы бір қызықты оқиғаны еске алды.
Ресей патшайымы Екатеринамен келісімшартқа отырып, Майқайыңда қорғасын өндіреміз деп келген ағылшындар 1918 жылы еліне қайтады. Атшана жеккен ағылшындар қазақ даласымен батысқа бет алады. Сол уақытта Қосым Пішенбаев ауылдастарына «Мына ағылшындар қазақтың байлығын артып әкетіп барады. Бұларға көрсетпей іздерінен қуалайық. Сайын далада қапысын тауып, қолға түсірейік те, тыққан алтындарын тартып алайық», - деп ұсыныс жасаған екен. Алайда оның бұл ниетін ешкім қоштай қоймаса керек. Ағайынына назаланған Қосым соңынан жалғыз аттаныпты. Сол кеткеннен хабар-ошар болмайды. Ел оны өлдіге санаған кезде бірер айдан соң Қосым арып-ашып ауылға жетеді. «Әттең, жалғыздың үні шықпас» дегендей, топ адамға қауқарым жетпеді», - деп өкініпті. Сөйтсе, қу ағылшындар алтынды қолдарындағы түйіншекке салмай, шананың табанына тыққан екен. Олардың бұл айласын әбден сыралғы болған Қосағаң білгенімен, жалғыздығы көзсіз батырлыққа жібермесе керек.
Ағылшындардың айлакерлігі жөнінде Амантай ағаның атасы Есімбайдың әңгімесі. Аңшылықты кәсіп еткен Есімбай шиті мылтығымен қоян, қарсақ секілді аңдарды аулайды екен. Шиті мылтыққа оқты қазіргідей оқпантайға емес, аузына нығыздап сала-ды. Ағылшындар қорғасынды бөлке нан пішінінде құяды екен. Бірде аңшы қорғасынды абайсызда жарып қалса, ішінен сау етіп алтын төгіледі. Сөйтсе, салық төлеуден жалтарған ағылшындар қорғасынның ішіне алтынды жасырып салып, еліне жіберіп отырған екен.
Амантай Ақышұлы Әбдірахман қарияның айтуымен бертін өз күшімен «Мақаш қыстауындағы» Қосым атасының басын көтеріп, белгітас орнатыпты. Бүгінде ол жерде еңселі кесене бой көтерген.

                                                                

         Ерғазина Д. Отарқа газеті

      Екібастұз  ОКЖ сайтынан