Отан. Бұл үлкен теңіз. Отанды сүю дегеніміз-үйді де, оның айналасындағы табиғатты да сүю, оның байлығын көбейту. Мұзафар Әлімбаев табиғаттың барлық сұлулығын өз шығармаларында жырлайды.
Отанға деген сезім ақын шығармашылығындағы басты нәрсе. «Мен даланың ұлымын» өлеңінде автор өзінің кішкентай кейіпкерінің өз Отанымен қаншалықты мақтанатынын, оның қандай тәуелсіз, берік мінезі бар екенін алғашқы жолдардан түсіндіреді.
Ақынның поэтикалық жолдары бізге өз жерін жақсы көріп қана қоймай, сыңғырлаған әнсіз, ағынсыз, туған бұлақсыз, жапырақтардың иісінсіз, дала кеңістігінің сұлулығынсыз өмір сүре алмайтын адамның сезімін береді. Оның поэзиясында табиғаттың тыныш, бірақ тартымды сұлулығы айтылады. Ақын туған жерлерінің табиғатының сұлулығын нәзік сезінеді және ол ақынды әдемі өлеңдер жазуға оятады.
Маралды
Маралды көл – тұзды көл,
Жағасынан бізді көр!
Еншіміздей біздің ол,
Емшіміз де біздің ол.
Кіндік қанмен мөр басып,
Үрім –бұтақ өскен жер.
Содан бастап жол басын,
Ұзақ салқар көшкен ел.
Маралды кең атырап:
Қызыл шілік – шымылдық.
Ақ қайың, көк жапырақ –
Тозбас мәңгі туырлық...
Ертіс
Ертіс ағар есіліп,
Сахараға көсіліп.
Ертіс ағар екпіндеп,
«Жезқазғанға жеттім»,-деп.
Ертіс – өзен арынды,
Бірақ ойлы-сабырлы.
«Болыңдар, - деп, - сабырлы!»
Үндегендей бәріңді.
Павлодар
Майра әсем әнімен
Жалт қаратқан қазағын...
Аспандайды әлі де
Сыңғырлаған ғажап үн – Павлодар!
Туып – өскен ұяның
Тұғырыңнан алыстап,
Шыңдап шәкірт қиялын,
Қаныш өскен қарыштап – Павлодар!
Васильев Павел де
Мұнда туып, мұнда өскен.
Үйін қосып дабылға,
Ұлы Отанмен тілдескен – Павлодар!
Алғырлардың мекені –
Арқаның бір қаласы.
Үйіріп ақ кетеді –
Аясы мен саясы – Павлодар!
Баянауыл
Бозторғайдай көгінде
Әндер қағып қанатын,
Күй тамылжып, өрінде
Бұлақ болып ағатын – Баянауыл!
Төскейінде таулардың
Бабам таймай бабынан,
Кеудесіне жаулардың
Көк сүңгісін жаныған – Баянауыл!
Сандық болып тау-тасы,
Аңыздарын сақтаған.
Саңлақтардың Парнасы
Сәйгүлігін баптаған – Баянауыл!
Бүкіл елдің алдында
Жыр жебесін ұштаған,
Бұхар жырау ханды да
Ауыздықтап ұстаған – Баянауыл!
Таулары мен даласын
Жыр кітаптай оқыған.
Қаныштай жас баласы
Көкейіне тоқыған – Баянауыл!
Мен – баласы даланың...
Бес жасынан ат жанында ойнаған,
Ақ шабақша Ертіс бойын бойлаған
Жеті түсте бес жүз қойдың түс-кейпін,
Бес саусақтай түгендейтін, түстейтін,
Мен баласы даланың,
Кең далама тартып туған баламын
Ат үстінде ән шырқасам Алтайдан
Ақ жайықта қуанып ел, марқайған,
Мұздан төсек, қардан көрпе жамылар,
Көк дауылда, ақ жауында жадырар,
Мен – баласы даланың,
Кең далама тартып туған баламын.
Әуейілер әулеті
- Құрманғазы көзінше сен күй шертпе!
- Карповтарды шахмат ойнап, үйретпе!
- Әуезовке әу дей көрме сөз жайлы... -
Бізге уағыз соғасың-ау сөйдеп те...
Біз шіркінге бұйырмаған даналық,
Сен соңда да құлақ түрші бір кепке:
Көзсіздер бар кемелді де үйреткен,
Үйреншікті қалыптарды күйреткен.
Түсіңде де су көрмеген түздердің
Теңіз сыйлап,
шөлін басқан біздей кім?!
Бір-бір бұлақ тартқан да біз әр үйге...
Ғажайыптар жасаушы біз, әрине!
Сөйте тұра әдейі емес, оқыс де!
Қайран қалам талай парадокске.
Қолда барды:
Көл-тоғанды бұлдамай,
Қолдан кейде шөл жасаймыз...
Бұл қалай?!
Кінәліні бере алады кім түстеп?
Көлеңкеге бізсіз қайдан күн түспек?!
Табиғаттың қателерін талайғы
Түзетуді бар адамзат қалайды!
Сөйте тұра, жаңсақ бассақ өзіміз,
Кешіре ме мынау кемел кезіміз...
Түс
Түсіне қомағайдың ет кіреді.
Түсінде қыран бүркіт көк тіледі.
Түсінде орманшының тоғай түлеп,
Ұстаздың қанаттанар көп түлегі...
Түсімде Ай келіндей иіледі,
Көзімді Жерұйығым үйіреді.
Алдында Адамзаттың өлең оқып,
Аялап құшып жүрем Дүниені!
Қандай қымбат
Өтермін... қанша жүрем...- ұзамаспын,
Ажалдың тас құрсауын бұза алмаспын.
Ойласаң қысқа өмірдің қызығы аз ба -
Мен өзім сондай оймен ырзаластым.
Тірліктің тынысынан елтимін де,
Ақындық шабытынан қыза маспын.
Өрнектеп көкейдегі ой мен сөзді,
Шырқаймын қиянына құз-жартастың...
Қадірін уақыттың кім біледі?
Жасында кімдер оған ділгір еді?
Секундтің сыртылы енді бір ғұмырдай,
Сағаттың қандай қымбат күмбірлеуі?!
Қылышсыз қиып түсер қайран қырық
Қылышсыз қиып түсер қайран қырық!
Өкінбес жай түссе де, ойран қылып.
Түссе де аспан құлап төбесінен.
Жалпыны желпіндірер жайраң күліп.
Сүйсініп сары аязда сайран құрып,
Аязда түшкірмейтін айлап жүріп.
Қызуы домна пештей қайран қырық!
Қалтқысыз адам ішін аңдыған кез
Қояды қалай танып, қайдан біліп?!
Ауырдан тартынуды ағат көріп,
Қолдайтын қанатсызға қанат болып.
Қырықтың дәрмені мол, дәурені бал,
Қырықты алдан тосар санат-көрік.
Алпыстың ауласынан тітіркенем,
Қырықтың жәрменкесі тарап болып.
Тал кестім...
Тал кестім, алайын деп таяқ жонып,
Таяқ тал себі тиер, аяқ болып.
Ойдың бір үзігіндей әлгі таяқ,
Аршыдым, күрең түске алдым бояп.
Өмірім, өксітпесін зая кетіп,
Келемін кемел ойды таяқ етіп.
Бастай алмай дағдарсаң өмір кешін,
Астан-кестен бұзылса көңіп қошың.
Аямайды ақылын осындайда
Тірі досың түгілі, өлі досың.
Қиналғанда досыңнан, ақыл сұра,
Жан досыңнан кімің бар жақын, сірә?!
Өзім білем дейтіндер опық жегіш,
Өзің қалай - шындыққа жақынсың ба?!
Көктем...Күз...
Көші-қоны шақтарында
Тал бесік атан қомы, ат жалын да...
Астында ақ жауынның малшынбайды,
Кек мұз бен сызын сезбес ақ қардың да.
Бесігің кең жаһаннан кем көрінбес,
Аяшым, ақ бесікте тербеліп өс.
Ғұмыр бойы жатпайсың бесігіңде,
Жасыңнан жер шолып өс, ел көріп өс!
Туыс тілек
Білетін сыйлата да, сыйласа да
Ақжарқын жақсы жеңге, қимас аға!
Армандай күттік қанша осы күнді,
Күтті оны бізбен бірге бұл босаға!
Қуаныш қорыққанмен шыны бірдей:
Жүрдік пе шын қуаныш сырын білмей?!
"Тіфа!" деп айтайыншы, кез тимесін,
Қарашы келін гүлдей, ұлың дүрдей.
Мүбәрәк көп тілеуін қайталайын,
Тағдыры ұзағынан сүйіндіргей.
Екі жас бақыт құшсын ғүмыр бойы
Тап осы той күнгідей, бүгінгідей.
"Келіннің,- депті қазақ,- аяғынан",
Бұ сөзге нанады қарт, нанады ұлан.
Бір әзіл қосқым келді өлеңіме:
Әзілде оғаштық жоқ баяғыдан!
Қозыдай төгіп берсін көктемдегі
Келіннің ұл сорғалап балағынан.
Жаңылсын ғазиз ата, ардақ әже
Немере, шөберенің санағынан!