Жұмбақтар
Жұмбақтар
Балаларға арналған жұмбақтар - әр бүлдіршіннің дамуының ажырамас элементі. Дәл осы кішкентай және көңілді өлеңдер баланың логикалық ойлау қабілеті мен зейінін дамытуға көмектеседі. Көптеген жылдар бойы белсенді шығармашылық қызмет барысында Мұзафар Әлімбаев көптеген өлеңдер жазды. Біз сізге олардың кейбірімен танысуды ұсынамыз.
Көкала костюм киеді,
Күннің көзін сүйеді (Қарбыз)
Көлігі жоқ – көшеді,
Өзін кезбе деседі (Бұлт)
Жіппен келеді,
Үзсең сөнеді (Электр тогы)
Жүз төрт түйме,
Он бір ине (Есепшот)
Жауып алсам қақпамды,
Орнатамын ақпанды.
Ашық қойсам қақпамды,
Дей бер шілде боп қалды (Тоңазытқыш)
Аузы бар, ішіп-жемейді,
Алайда жұртқа «же!» дейді (Қасық)
Өзі кірден арылмас,
Ізінен кір табылмас (Сыпырғы)
Денесі жоқ, тілі жоқ,
Қайталайтын үні көп (Жаңғырық)
Қаласы бар, үйі жоқ,
Өзені бар, суы жоқ.
Орманы бар, бүрі жоқ,
Бақшасы бар, гүлі жоқ (Географиялық карта)
Қос құлақ тұтас біткен тым көрікті,
Айрылмай бір-бірінен күн көріпті.
Біреуі тыңдап, бірі сөйлейді екен,
Құлақтың тіл қатқанын кім көріпті?! (Телефон трубкасы)
Екеуі басып тұрар,
Екеуі қашып тұрар (Малдың төрт аяғы)
Арқаным бар тым ұзын,
Ала алмайсың бір үзім (Жол)
Жүргізуші қыз:
Су ішінде өскен тау,
Су бетінде көшкен тау (Айсберг)
Түйістіреді көзіңді көзіңе,
Жолықтырады өзіңді-өзіңе (Айна)
Ешкім ілмеген шымылдық,
Көкжиекте көлбейді.
Бүктеуіңе көнбейді,
Сипауға да келмейді (Сағым)
Төңкерілмейтін күбі,
Көтерілмейтін күбі.
Шүпілдеп-ақ тұрса да,
Көрінеді түбі (Құдық)
Тұрады көтеріп
Жеңілі ауырды…
Ғұмыры өтеді
Қарық қып қауымды (Ошақ пен қазан)
Ұзын-ұзын, ұзын жіп,
Ұшына шыққан жан бар ма?
Ілби басқан ыбылжып,
Ұшына шықпас жалғанда (Жол)
Күндіз құшақтайды,
Кешке жырақтайды (Белбеу)
Әмияны ашылады,
Алтын – зері шашылады (Ауыз бен сөз)
Желден жынданады,
Судан жым болады (От)
Өзі селдір,
Өзі желбір (Терезе пердесі)
Он өзі бар
Қобдишам сөзуар.
Тетігін бұрасаң,
Тіл қатар кезі бар (Телефон)
Туған күнгі таңбаң
Ғұмыры өшпей қалған (Кіндік)
Аяғы аттап баспайды,
Тағы сүйрей бастайды (Шалғы)
Инесі жоқ, жібі жоқ
Шілтер тоқыр, міні жоқ (Өрмекші)
Қабырғасыз сөрені,
Халық күнде көреді (Көк күмбезі)
Жаны бар тізбек тебен,
Кім бәрін тізбектеген (Кірпі)
Түрткілейді төбемнен,
Төпелеуге көнем мен
Түрткен сайын сүңгимін:
Бір-ақ шығып тереңнен (Оймақ пен ине)
Кеудесі жоқ-күркірейді,
Қолдары жоқ-сілкілейді (Дауыл)