5-тақырып.
РЕФЕРАТ
5-тақырып.
РЕФЕРАТ
Қазіргі таңда адам өзін қоршаған әлем жайлы көптеген деректер жинап, компьютерде сақтап, цифрландырды. Компьютердің көмегімен деректер тез іздеп табуға ыңғайлы етіліп жүйеленді. Сонымен қатар компьютердің көмегімен деректердің шексіз көлемін өңдеу, «қатесіз» есептеулер жүргізу сияқты ақпараттық процестермен жұмыс жасау әлдеқайда жеңілдеді. Әрине, компьютер әртүрлі сала мамандарының жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Мысалы, жазушы үшін компьютер кітап жазуға көмектесетін таптырмас көмекші. Инженерлер оны күрделі есептеу және процесті модельдеу үшін қолдана алады. Ал оқушы үшін компьютер деректер көзі, түрлі реферат, мақала, жобалық жұмыс жазуға көмектесетін кітапхана. Енді рефератты қалай жазу керек екеніне тоқталайық.
Реферат (лат. «referat» – «баяндасын», «refero» – «баяндаймын») – кітап мазмұны, ғылыми жұмыс және зерттеу нәтижелері туралы көпшілік алдында қысқаша баяндау, хабарлау. Сонымен қатар реферат белгілі бір тақырыпта әдеби және басқа да материалдарды шолу негізінде жасалатын қысқаша баяндама. Реферат белгілі бір тақырыпта жазылады. Оның нақты құрылымы болады, әдебиеттер тізімі мен басқа да дереккөздерге шолу жасалып, сілтемелер келтіріледі. Рефератпен жұмыс істеу кезеңдері 1-кестеде берілген.
Рефератпен жұмыс істеудің негізгі кезеңі
1. Дайындық кезеңі
– тақырыпты таңдап, танысу;
– рефераттың тақырыбы бойынша ақпарат көздерін іздеу;
– қажет әдебиттерді таңдау, зерттеу;
– жиналған деректерді жүйелеу.
2. Дайындық кезеңі
– рефераттың жоспары (бөлімдер мен тармақтар- ды көрсету керек);
– кіріспе бөлім (тақырыптың өзектілігі, рефератты жазудағы мақсаты);
– негізгі бөлім;
– қорытынды бөлім;
– пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
3. Рефератты рәсімдеуге қойылатын талаптар
– рефераттың А4 пішімді ақ параққа орындалуы;
– реферат мәтіні Microsoft Word мәтіндік редакторында өлшемі 14-ке тең Times New Roman қарпімен, 1.0 интервал арқылы қара түспен теріледі.
Мәтін жолдары көлденеңінен реттеледі. Беттегі ақ шеттердің (жиектердің) өлшемі: сол шет – 2,5 см, оң шет – 1,5 см; жоғарғы және төменгі шеттер – 1,5 см-ге тең.
4. Рефератта дәйексөздерді (цитата) қолдану
Дәйексөздерде автордың ойы бұрмаланбауы керек. Жекелеген сөздер қалдырылып, қысқартылатын болса, орнына көп нүкте қойылады. Дәйексөздер тырнақшаға алып жазылады. Егер бір автордың немесе бірнеше автордың жұмыстарына сілтеме жасалса, онда жақшаның ішінде нөмірлері үтір арқылы көрсетіледі: ... сияқты авторлар [14, 17, 19] «…», – деп есептейді.
5. Қорытынды бөлім
Қорытынды бөлімнің тақырыбы абзацтан бас әріппен жазылады. Қорытынды бөлімнің көлемі 1-2 беттен аспауы тиіс.
6. Рефераттағы әдебиеттер тізімін жазу үлгісі
Ресми-құжаттық басылымдар: 1. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2007 жылғы 27 шілде. 6-бап, 2-бөлім. 6-бет, т.б.
Кітаптар: 1. Ахметова А. Логика. Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 56 бет, т.б.
Мақалалар: 1. Сманова Ж.М. Оқушылардың таным іс-әрекетінің белсенділігін арттырудың педагогикалық процестегі жолдары. «Педагогикалық ғылымдар» топтамасы. – Алматы, 2002. №4. – 55–58-беттер, т.б. Энциклопедиялар мен сөздіктер: Айқап. Энциклопедия. /Құрастырған: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С. – Алматы; Қазақ энциклопедиясы. 1995. – 368 бет.
7. Пайдаланылған әдебиеттер
Әдебиеттер тізімі келесі критерийлер бойынша рәсімделеді:
– алфавиттік тәртіп бойынша;
– тақырыптық-хронологиялық;
– деректемелердің түрі бойынша.
Мысалы, дереккөздерді төмендегі ретпен орналастыруға болады.
1. ҚР Заңдары.
2. Тақырып бойынша нормативтік құжаттар
3. Статистикалық деректер (ресми жинақтар, хабарламалар, шолулар).
4. Оқулықтар, оқу құралдары, монографиялар.
5. Мерзімдік басылым материалдары ( газетжурналдардың мақалалары).
6. Электрондық ресурстар (интернет-сайттардың компакт-дискілердің материалдары) және т.б.
Рефератты қорғауға қатысты кеңестер:
Рефераттың тақырыбымен таныстыр.
Тақырыпты таңдау себептерін түсіндір.
Мақсат пен міндеттеріңді айқындап көрсет.
Пайдаланған құралдарыңды атап шық.
Тақырып бойынша қысқаша шолу жаса.
Рефератты дайындауда үйренген жаңа білім мен дағдың жайлы әңгімеле.
Рефераттың қорытындысымен таныстыр.
Тыңдаушылардың пікірі мен бағасын тыңдап, қабылдай біл.
Рефератты қорғау кезінде ескер!
Рефератты «автордың пікірі бойынша», «ғалымдардың зерттеуі бойынша», «менің пікірімше», «біздің пікірімізше» сияқты сөз тіркестерін қолдана отырып түсіндір.
Рефератты қорғауда шеберлігіңді көрсет!
Көпшілік ортада пікірталас жүргізе біл.
Өз пікіріңді сауатты қорғауға машықтан.
Көпшілікпен ортақ бір пікірге, ымыраға келуге тырыс.
Қойылған сұрақтарға анық әрі нақты жауап беруді үйрен.
Реферат қорғаған кезде көпшілік алдында өзіңді дұрыс ұстай біл!
Сөйлеу мәнеріңді дұрыс қалыптастыр.
Шешендік қабілетіңді шыңда.
Тосын сұрақтарға ойланып жауап беруді үйрен.
1. Рефератты не үшін жазады?
2. Жобалау мен рефераттың қандай айырмашылығы бар?
3. Реферат тақырыбымен оның алдындағы тақырыптардың өзара қандай байланысы бар?
4. Жазған рефератыңның сәтті шығуы неге байланысты?
1-тапсырма
Төменде берілген тақырыптар бойынша реферат жұмысын дайында.
Реферат тақырыптары
Зерттеу бағыттары
Гиперсілтемелердің маңызы
Электрондық оқулықтарды жасауда гиперсілтемелерді қолдану.
Pyhton программалау тілі
Pyhton-ның басқа тілдерден ерекшеліктері. Тілдің танымалдылығының арту себептері.
3D графика
3D графиканың даму бағыттары.
Операциялық жүйелер
Операциялық жүйелердің түрлері. Әлемдегі ең көп тараған Windows операциялық жүйесі жайлы.
2-тапсырма
Төменде берілген интерактивті тапсырманы орында.