2-тақырып. ГИПЕРСІЛТЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ОНЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ҚОЛДАНУ
2-тақырып. ГИПЕРСІЛТЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ОНЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ҚОЛДАНУ
Құжаттың көлемі үлкейген сайын, оның ішінен қажетті ақпаратты жылдам табу керек болады. Мұндай жағдайда құжаттағы қажетті бөлімге жылдам өтіп, оның қатесін түзетуге көп уақыт кетеді. Word мәтіндік редакторында осындай мәселені шешу үшін гиперсілтеме қолданылады.
Гиперсілтеме – құжаттың өзіндегі әріп, сөз, сөйлем, абзац немесе графикалық объектілердің біріне сілтеме беретін гипермәтіндік құжаттың бөлігі. Сонымен бірге жергілікті дискідегі файлдарға, компьютерлік желіде файл, бума, қосымша, веб-беттерге сілтеме беріледі.
Электрондық мәтіндер мен құжаттарда сілтеме беру оңай орындалады. Құрылымы гиперсілтемелер көмегімен ұсынылатын құжаттар мәтіні гипермәтін деп аталады.
Word-та гиперсілтемені іске қосу үшін гиперсілтеме қойғымыз келетін әріп, сөз, сөйлем, абзац немесе графикалық объектілердің бірін ерекшелеп аламыз. Вставка (Кірістіру) – Гиперссылка (Гиперсілтеме) командаларын орындаймыз (1-сурет).
Сурет 1 - Гиперсілтемені кірістіру
Командалар орындалғанда Вставка гиперссылки (Гиперсілтемелерді кірістіру) сұхбат терезесі пайда болады (3-сурет). Гиперсілтемені құжатқа кірістірудің 4 түрі бар.
Сурет 2 - Гиперсілтеме кірістіретін сұхбат терезесі
Гиперсілтеме кірістіру
1. Ерекшеленген объектіні сыртқы файл немесе веб-бетпен байланыстыру.
2. Ерекшеленген объектіні құжаттың ішіндегі екінші бір орынмен байланыстыру.
3. Ерекшеленген объектіні жаңадан құрылатын құжатпен байланыстыру.
4. Ерекшеленген объектіні электронды поштамен байланыстыру.
Ерекшеленген объектіні құжат ішіндегі екінші бір орынмен байланыстыру үшін құжатқа алдын ала Закладка (Бетбелгі) кірістіруіміз керек. Ол үшін 2-суреттегі Закладка (Бетбелгі) командасын орындасақ, оның сұхбат терезесі пайда болады (3-сурет). Сұхбат терезесінен көріп тұрғандай, мәтіндік құжаттың 3 жерінде А, Б және С бетбелгілері қойылған. Енді құжаттың бір бөлігінен екінші бетбелгі қойылған тұсына жылдам өту үшін гиперсілтеме беретін тиісті объектіні таңдаймыз. Гиперсілтеме кірістіру терезесіндегі (2-сурет) 2-әдіс арқылы А, Б, С бетбелгілерінің бірімен байланыстырамыз. Демек, осылайша гиперсілтемелер көмегімен парақтары көп құжаттың бір бөлігінен екінші бір бөлігіне ауысуға болады
Сурет 3 - Бетбелгі терезесі
«Гипермәтін» ұғымын 1965 жылы Тед Нельсон енгізген. Оның тұжырымы бойынша, «Гипермәтін – мәтінді тармақтау немесе сұраныс бойынша әрекетті орындау». Әдетте, гипермәтін – оқылатын ақпаратты немесе оқылым тізбегін таңдауға мүмкіндік беретін, олардың арасында өту түйіндерін қамтитын мәтіндер жиынтығы.
Гиперсілтемені құжаттан алып тастаудың бірінші тәсілі – контекстік мәзірден Удалить гиперссылку (Гиперсілтемені алып тастау) командасын таңдау. Екінші тәсілі – гиперсілтеме берілген объектіні ерекшелеп, Вставка гиперссылки (Гиперсілтемелерді кірістіру) сұхбат терезесінен адрес жолағындағы сілтемені Удалить ссылку (Сілтемені алып тастау) батырмасы көмегімен орындау.
Гиперсілтемелер электрондық қосымшалар, веб-сайттар, электрондық кітапхана және тағы басқаларды құрғанда өте қолайлы.
«Қызыл кітап» электрондық жобасы
Еліміздегі Қызыл кітапқа енген екі жануар мен екі өсімдікті таңда. Солар жайлы қысқаша ақпарат беріп, қарапайым электрондық кітап дайында. Ол үшін төмендегі әрекеттерді орында:
1. Компьютердің Жұмыс үстеліне Қызыл кітап атауымен бума жаса.
2. Word-та Ақбөкен, Арқар, Қызғалдақ, Түпті жуа атауларымен төрт мәтіндік файл құр. Жұмыс үстеліндегі Қызыл кітап бумасына сақта (4-сурет).
3. Өзің таңдаған жануарлар мен өсімдіктер жайлы әр файлға сәйкесінше қысқаша деректер жаз.
4. Электрондық кітаптың негізгі беті болатын Қызыл кітап.docx файлын ашып, таңдаған жануарлар мен өсімдіктердің тізімін жаз. 4-суретте нұсқасы берілген.
5. Келесі қадамда гиперсілтеменің 1-әдісі арқылы (2-сурет) Қызыл кітап.docx файлындағы жануарлар мен өсімдіктер атауын өз атауларына сәйкес файлдармен байланыстыр. Құжатты сақта. Міне, бұл сенің ең алғашқы қарапайым электрондық кітабың
Сурет 4 - «Қызыл кітап» электрондық жобасы
Сілтеме мен гиперсілтеменің ұқсастығы мен айырмашылығына Венн диаграммасы арқылы талдау жасаңдар.
Практикалық тапсырманы негізге ала отырып, қазақ тілі мен әдебиетіне, математика немесе тарихқа қатысты электрондық кітаптың жобасын ұсыныңдар.
Гиперсілтемелердің веб-беттер мен электрондық кітап құрудағы рөлін бағала.
1. Гиперсілтемелерді қандай құжаттарда кездестіреміз? Мысалдар келтір.
2. Гиперсілтеме мәтіндік редактордың жұмысына қалай әсер етеді?
3. Гиперсілтеме құралы мәтіндік редактор үшін қаншалықты маңызды?
4. Закладка (Бетбелгі) құжатқа не үшін қояды?
5. Гиперсілтемені кірістірудің 4 түрінің арасынан ең маңыздысын ата. Таңдауының себебін түсіндір.
1-тапсырма
Жеңіс күні қарсаңында «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды!» айдарымен қазақстандық Кеңес Одағы батырларының ерлігін сипаттайтын электрондық журнал дайында.
2-тапсырма.
https://kitap.kz/ сайтындағы қазақтың классик жазушысы, майдангер Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романынан үш беттік үзіндіні көшіріп ал. Әр беттегі бірінші кездесетін сын есімге Закладка (Бетбелгі) қойып, құжат ішінде бір беттен екінші бетке жылдам ауысатын гиперсілтеме кірістір.
1-тапсырма
Төмендегі суреттерде қазақ халқы мен Қазақстанда тұратын этностардың ертегілері бейнеленген. «Қазақстан халықтарының ертегілері» тақырыбында электрондық кітап құрастыр.
2-тапсырма
Төмендегі интерактивті тапсырманы орындап шық.