3-тақырып. ИНТЕРНЕТТЕГІ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ПЛАГИАТ МӘСЕЛЕЛЕРІ
3-тақырып. ИНТЕРНЕТТЕГІ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ПЛАГИАТ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы және интернет желісінің тұрақты ұлғаюы пайдаланушылар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашты. Қазіргі кезде интернетте рұқсатсыз көшірілген фильмдер, компьютерлік ойындар, музыка және компьютер программаларын тарататын сайттар көп. Бұл, әрине, осы өнімдерді жасаған авторлардың құқығын тікелей бұзу деген сөз.
Авторлық құқық – авторлық құқықпен қорғалған автордың туындыларын қайта шығаруға немесе басқалардың пайдалануына рұқсат беру құқығы.
Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға мыналар жатады:
• мақалалар, ғылыми-еңбектер, компьютерлік программалар, әдеби шығармалар;
• көркемөнер туындылары;
• архитектуралық сызбалар;
• әннің сөзі мен музыкасы;
• пьесалар және сценарийлер;
• кинофильм және мультфильмдер;
• дыбыстық жазбалар, фотосуреттер.
Интернетте жарияланған шығармалардың авторлары өз туындыларын жеке пайдаланушылардың қолданғанына қарсы болмайды. Мысалы, пайдаланушы өзінің жеке қажеттілігіне қарай суретті көшіріп пайдаланса, әдетте авторлар оны «авторлық құқықтарын бұзу» деп санамайды. Бірақ суретті пайда табу мақсатында көшіріп алып таратса, бұл «біреудің зияткерлік меншігін рұқсатсыз пайдаланып, пайда тапқан» болып саналады.
Авторлық құқық туралы ескерту сайтта орналасқан туындыларда жазылмаса да, ол авторлық құқық туралы заңдармен қорғалады. Цифрлық технологиялардың даму қарқыны «гиперсілтеме» ұғымын күнделікті қолданыстағы негізгі ұғымдардың біріне айналдырды. Өткен тақырыпта құжаттағы кез келген объектіні интернетте орналасқан сайт адресімен байланыстырып, бірден ашуға болатынын білдік. Автордың сайтына сілтемені бүкіл желіге таратуға қаншалықты құқығымыз бар? Біз осы әрекетіміз арқылы авторлардың құқын бұзып жатқан жоқпыз ба?» деген орынды сұрақ туындайды. Осы күнге дейін интернетте электрондық құжаттар арасындағы байланыс үшін гиперсілтемелерді пайдалану заң жүзінде нақтыланбай келеді. Мысалы, интернеттегі сайтта автордың қызық повесть, роман немесе басқа да туындысы болсын делік. Біз гиперсілтеме беру арқылы басқалардың да осы сайтты көруіне және оқуына мүмкіндік жасаймыз. Бір жағынан, автордың сайтына сілтеме беріп, интернет арқылы автордың туындысын жарнамалаймыз. Әрине, бір қарағанда авторға тиімді сияқты. Ал екінші жағынан қарасақ, біз автордың еңбегін рұқсатсыз таратып, оның авторлық құқығына зиян келтіріп жатқандаймыз. Осының салдарынан авторлардың интернеттегі электрондық еңбектері оның рұқсатынсыз гиперсілтемелер арқылы тарап, авторлық құқық иелерінің электрондық еңбектерінен пайда табуына зиянын тигізуде.
Сурет 1 - Авторлық құқықты қорғау таңбасы
© таңбасы кез келген туындының авторлық құқықпен қорғалғанын көрсетеді (1-сурет). Егер автор өз туындылары орналасқан сайтқа осындай таңбаны қойса, пайдаланушыға сайтта жарияланған электрондық туындылардың авторлық құқықпен қорғалғанынан хабардар етіп отырады. Мысалы, интернеттегі кез келген поэзиялық немесе прозалық шығарманы өз сайтыңа немесе басқа сайтқа өз атыңнан жариялай салу өте оңай. Бірақ мұндайды заң тілімен айтқанда плагиат дейді. Біз 5-сыныпта интернетті қауіпсіз пайдалану тақырыптарында бұл ұғыммен танысқанбыз. Мұндай ұрлық істеген пайдаланушы заң алдында жауап береді.
Біздің елімізде де авторлық құқық мәселесіне ерекше мән беріледі. Қазақстан заңнамасы бойынша интернет желісінде авторлардың құқығын бұзғаны үшін жауапқа тарту көзделген. «Авторлық құқықтар және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы Заңында авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғау көзделген.
Интернет желісінде орналасқан қазақстандық сайттардың (*. kz) кез келген біреуін ашып, онда орналасқан электрондық ресурстарға талдау жүргізіңдер. Назар аударыңдар:
• Сайтта орналасқан деректер авторлық құқықпен қорғалған ба?
• Сайт басқа авторлардың құқықтарын бұзбай ма?
Интернеттегі туындыларды авторлардың құқықтарын бұзбай пайдаланудың ережесін ұсыныңдар.
Авторлық құқықты сақтамаудан қоғамға және жеке адамдарға келетін залалды анықта.
1. Авторлық құқық кімнің мүддесін қорғайды?
2. Интернеттегі авторлық құқығы бар туындыларды дұрыс пайдалану қаншалықты маңызды?
3. Бүгінгі таңда интернетте авторлық құқықты қорғаудың қандай көкейтесті мәселелері бар?
4. «Плагиат» және «авторлық құқық» ұғымдарының қандай өзара байланысы бар?
1-тапсырма
Төменде берілген тақырыптар бойынша шағын зерттеу жұмысын ұсын. Зерттеу жұмысының нәтижесі ретінде 4 слайдтан тұратын презентация жаса.
Зерттеу тақырыбы
Қазақстандағы авторлық құқық мәселелері
Зерттеу сұрақтары мен іздену бағыттары
• Еліміздегі авторлық құқықты қорғау заңнамалары.
• Авторлық құқықпен қорғалмайтын туындылар.
• «Зияткерлік меншік» деген не?
• Авторлық құқықты бұзудан және плагиаттан келетін залалдар қандай?
2-тапсырма
Төменде берілген нтерактивті тапсырманы орындап шық.